Нұрлан Әбдіровтің төрағалығымен Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтті. Жиында сайлау комиссияларына сайлаушылар тізімдерін ұсыну, дауыс беруге арналған сайлау бюллетеньдері, дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәліктері, сайлау алдындағы телевизиялық пікірсайыстарды ұйымдастыру мен өткізу және шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеу мәселелері қаралды.
Отырысқа облыстар, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары мен мүшелері, сондай-ақ осы өңірлер әкімдері аппараттарының (БКБ режімінде) басшылары, саяси партиялар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Сондай-ақ Ақпарат және қоғамдық даму, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлерінің орынбасарлары мен «Хабар» Агенттігі» АҚ басшылығы шақырылды. Дәстүр бойынша отырысқа ЕҚЫҰ ДИАҚБ сайлауды байқау жөніндегі Миссиясының өкілі қатысты.
Отырыстың трансляциясы сурдоаударманы қамтамасыз ете отырып, интернет-ресурс және Youtube арқылы өтті. Отырысты ашқан Нұрлан Әбдіров осы сайлау науқаны аясында 21 ақпан мен 14 наурыз аралығында ОСК мүшелері барлық өңірге инспекциялық сапарлармен және аумақтық сайлау комиссияларына әдістемелік және практикалық көмек көрсету үшін шыға бастағанын хабарлады.
Бүгінгі таңда олар 6 өңірге – Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Алматы, Маңғыстау, Жетісу облыстарына, Алматы қаласына барып, сайлауды өткізуге дайындық барысымен, аумақтық сайлау комиссиялары жүргізетін шаралармен танысты, сайлау үдерісіне қатысушыларда туындайтын мәселелер бойынша түсініктемелер берді, сондай-ақ практикалық кейстерді талдады.
Ортсайлауком төрағасы сайлаушылар тізімімен жұмысты ұйымдастыру сайлауға дайындық кезіндегі маңызды бағыттардың бірі екенін атап өтті. Сайлау комиссиялары бекіткен Парламент Мәжілісі және мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарларына сәйкес 26 ақпанда әкімдіктер әрбір сайлау учаскесі бойынша сайлаушылар тізімін тиісті аумақтық сайлау комиссияларына ұсынды.
Нұрлан Әбдіров бұл мәселенің маңыздылығын атай отырып, дауыс беру күні сайлауды сапалы ұйымдастыру сайлаушылар тізімдерінің толықтығы мен дұрыстығына тікелей байланысты екенін айтты. Себебі сайлаушылар тізімін қалыптастыру – сайлау үдерісінің маңызды ұйымдастырушылық элементтерінің бірі.
Осы мәселе бойынша баяндама жасаған комиссия төрағасының орынбасары Константин Петров науқан басталғаннан бері азаматтарды республикалық телеарналар, радиостансалар және баспа басылымдары арқылы сайлаушылар тізіміне енгізу тәртібі туралы кеңінен хабардар етілгенін хабарлады.
Әрбір азамат сайлау тағайындалған сәттен бастап және сайлауға дейін 30 күннен кешіктірмей, яғни 17 ақпанға дейін тиісті жергілікті атқарушы органда сайлаушы ретінде тіркелу мүмкіндігіне ие. Жергілікті атқарушы органдарға азаматтарды сайлаушылар тізіміне енгізу мүмкіндіктері туралы хабардар етуді және сайлаушылар тізімдерінде, оның ішінде олардың интернет-ресурстарында орналасқан онлайн сервистер және Call-орталықтар арқылы өздерін нақтылауды қамтамасыз ету тапсырылды. Азаматтардың жазбаша өтініштерінің негізінде жергілікті атқарушы органдар 48 мыңнан астам адамды тізімге енгізді.
Республиканың барлық өңірлерінде сайлау науқаны басталғаннан бері 230 Call-орталық жұмыс істейді, оған 17 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Жұмыс дауыс беру күніне дейін жалғасады.
Константин Петровтің мәлімдеуінше, жергілікті атқарушы органдар учаскелерге берген сайлаушылар тізімінде 26 ақпандағы жағдай бойынша 12 млн 32 мың 550 азамат енгізілген. «Сайлаушылар туралы мәліметтер цифрлық қорғалған түрде азаматтарды SMS арқылы нақты сайлау учаскесіндегі сайлаушылар тізіміне енгізу туралы хабардар ету үшін оларды ұйымдастыру үшін ЦДИАӨМ-ге беріледі», деп мәлімдеді комиссия өкілі.
Дауыс беру күніне он бес күн қалғанда, 4 наурыздан бастап сайлау учаскелері бойынша сайлаушылардың тізімдері сайлаушыларға танысу үшін ұсынылады. Сайлау комиссияларының үй-жайларында сайлаушылардың тізімдерімен танысу, сондай-ақ оларға енгізілген деректердің дұрыстығын тексеру мүмкіндігі қамтамасыз етіледі.
Отырыс барысында жергілікті атқарушы органдардың сайлаушылар тізімін қалыптастыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы есептері тыңдалды.
Нұрлан Әбдіров сайлау комиссиялары түрлі ақпараттық ресурстар арқылы сайлаушылар тізімінде өз мәртебесін нақтылау үшін адамдарға мүмкіндіктер жасау бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті. Бұл жұмысқа Ақпарат және қоғамдық даму, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктері де қатысты.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысов 6 наурызда МО ИРБП мен еGov-та «ЖСН арқылы сайлау учаскесін іздеу» сервистері, сондай-ақ ұялы байланыс операторлары арқылы СМС-тарату іске қосылатынын хабарлады.
Мобильді банкингтің қосымшаларында тиісті хабарламаларды іске қосу жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта «Электрондық үкімет» порталында – азаматтарды тіркеу және азаматтарды тіркеу орны бойынша мәліметтерді тексеру онлайн-сервистерін іске асыру мәселелері пысықталуда.
Нұрлан Әбдіров отырыста сондай-ақ сайлау үдерісін құжаттамалық қамтамасыз етуде сайлау бюллетеніне үлкен рөл бөлінетінін атап өтті. Бюллетень арқылы дауыс берген әрбір сайлаушының ерік-жігеріне заңды күш беріледі, өйткені бюллетень ؘ ең маңызды сайлау құжаттарының бірі. Бұл бюллетеньдердің нысанын, мәтінін, шығарылымын бекітуге байланысты барлық аспектілерді мұқият құқықтық реттеу қажеттілігін тудырады.
Осы мәселеге қатысты жан-жақты тоқталған ОСК мүшесі Сәбила Мұстафина дауыс беруге арналған бюллетеньдердің нысаны мен мәтінін, оларды дайындау тәртібін, қорғалу дәрежесін сайлау бюллетеньдерінің саны және оларды аумақтық сайлау комиссияларына жеткізуді белгілейтінін атап өтті.
Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарын сайлау жөніндегі бірлескен науқанның ерекшеліктерін, сондай-ақ жекелеген сайлау округтері бойынша жоғары бәсекелестікті ескере отырып, осы науқанға сайлау бюллетеньдерінің түрлері бойынша ОСК-ның жеке шешімін қабылдау ұсынылды.
Отырыста дауыс беруге арналған 5 бюллетень нысандары мен бланкілеріне қойылатын талаптар, оның ішінде екі жақты формат, бюллетень бланкісінің түсі мен мөлшері бекітілді:
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің партиялық тізімдер бойынша сайланатын депутаттарын сайлау бойынша: түсі – көк, форматы – А5; Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайланатын депутаттарын сайлау бойынша: түсі – жасыл, А5 форматы – 16 үміткерге дейін, қиылған формат – 16-дан астам; Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың мәслихаттарының депутаттарын сайлау бойынша: түсі – қызыл күрең, A5 форматы; Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайланатын мәслихаттарының депутаттарын сайлау бойынша: түсі – қызғылт сары, A5 форматы – 16 үміткерге дейін, қиылған формат – 16-дан астам; Облыстық маңызы бар қалалар, аудандар мәслихаттарының бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайланатын депутаттарын сайлау бойынша: түсі – сұр, A5 форматы – 16 үміткерге дейін, қиылған формат – 16-дан астам.Осылайша, 17 облыстың аумағында орналасқан әрбір сайлау учаскесінде бюллетеньдердің 5 түрі, ал 3 мегаполисте – 4 бюллетень беріледі.
Орталық сайлау комиссиясы партиялық тізімдер бойынша және бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайланатын, Қазақстан Республикасындағы сайлаушылардың жалпы санының бір пайызын қоса алғанда, өңірлерге дайындауға және жеткізуге жататын Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлау жөніндегі сайлау бюллетеньдерінің саны 12 152 876 дананы құрайтынын анықтады.
Мәслихат депутаттарын сайлау жөніндегі сайлау бюллетеньдерінің санын өңірлердің тиісті сайлау комиссиялары белгілейді, олардың дайындалуын және сайлау учаскелеріне уақтылы жеткізілуін қамтамасыз етеді.
ОСК төрағасы ұсынылған бюллетень форматы бекітілген бюллетень мәтінін сурет сапасы мен оқылымдылығына нұқсан келтірмей орналастыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Ол сондай-ақ көру қабілеті нашар адамдар үшін сайлау учаскелері барлық қажетті жағдайлармен, соның ішінде қосымша жарықтандырумен және үлкейткіштермен жабдықталатынын атап өтті.
Мәселені қарау қорытындылары бойынша Нұрлан Әбдіров ОСК аппараты мен аумақтық сайлау комиссияларына сайлау бюллетеньдерін дайындау және сайлау учаскелеріне уақтылы жеткізу жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды.
Үшінші мәселе бойынша ОСК төрағасының орынбасары Константин Петров баяндама жасады. Ол сайлау туралы заңнамаға сәйкес сайлаушылардың тізімдерін көпшіліктің назарына ұсыну мен сайлау күні арасындағы кезеңде сайлаушы өзінің тұрған жерін ауыстырған кезде учаскелік сайлау комиссиясы сайлаушының өтініші бойынша және оның жеке басын куәландыратын құжатты ұсынғаннан кейін сайлаушыға дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәлігін беретінін хабарлады.
Есептен шығару куәліктерін беру 4 наурыздан басталады және дауыс беру күнінің алдындағы күннің жергілікті уақыты бойынша сағат 18.00-де, яғни 18 наурызда тоқтатылады. Бірлескен сайлау науқанын және оның ерекшеліктерін ескере отырып, сайлаудың әрбір түрі бойынша бюллетеньдердің түсіне сәйкес дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәліктерінің 5 түрі әзірленді.
Дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәлігін көрсеткен кезде учаскелік сайлау комиссиясы дауыс беру күні сайлаушыны өзі тұрған жердегі сайлау учаскесіндегі сайлаушылар тізіміне енгізеді.
Бұл ретте дауыс беру құқығына есептен шығару куәлігі бір елді мекен шегінде басқа сайлау округінде немесе басқа сайлау учаскесінде дауыс беруге қатысқысы келетін сайлаушыларға берілмейді. Яғни басқа өңірлерден, оның ішінде есептен шығару куәліктерімен келген, сондай-ақ Қазақстаннан тыс жерлерде дауыс беретін азаматтар тиісті округ шегінде ғана дауыс береді.
Комиссия төрағасы «Сайлау туралы» Конституциялық заңның нормаларына сәйкес Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялар сайлау алдындағы пікірсайыстарға қатысуға құқылы екенін хабарлады. Оларды өткізудің тәртібі мен шарттарын Орталық сайлау комиссиясы айқындайды.
Ал сайлау алдындағы телевизиялық пікірсайыстарды ұйымдастыру және өткізу туралы ОСК мүшесі Анастасия Щегорцова баяндама жасап, пікірсайысты ұйымдастыру үшін Орталық сайлау комиссиясы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен тиісті телеарнаны анықтау бойынша консультация өткізгенін хабарлады. Телеарнаның функционалдық және техникалық мүмкіндіктері, сондай-ақ аудиторияны барынша қамту маңызды факторлар болды. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Хабар» мемлекеттік жалпыұлттық телеарнасының эфирінде сайлау алдындағы телевизиялық пікірсайыстар өткізуді ұсынды. Арна бүкіл ел бойынша телехабарлардың кең спектрінде хабар таратады. Сайлау алдындағы телевизиялық пікірсайыстарды өткізу күні 16 наурыз болып белгіленді.
Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауында шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардан байқауға қатысуға аккредиттеу жөніндегі қорытынды мәселе бойынша ОСК хатшысы Мұхтар Ерман сөз сөйледі. Ол бүгінгі күнге дейін 11 шет мемлекет пен 3 халықаралық ұйымнан 111 байқаушы аккредиттелгенін хабарлады. Бүгін аккредиттеуге 2 шет мемлекет пен 3 халықаралық ұйымнан 52 байқаушының кандидатурасы ұсынылды: Үндістаннан – 3 кандидатура, Молдовадан – 2 кандидатура, ТМД-дан байқаушылар Миссиясынан – 17 кандидатура, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Парламентаралық ассамблеясынан – 28 кандидатура және Шанхай ынтымақтастық ұйымынан – 2 кандидатура.
Отырыстан кейін БАҚ үшін дәстүрлі түрде брифинг өткізіп, онда комиссия мүшелері журналистердің сұрақтарына жауап берді.