Еуропа Ресей көміріне эмбарго жариялағаннан кейін Қазақстан Еуропалық одақ нарығындағы үлесін арттырып жатыр. Eurostat статистикалық қызметінің мәлімдеуінше, 2022 жылдың 11 айында ЕО елдері Қазақстаннан көмір импортын ұлғайтты. 2021 жылдың сәйкес кезеңінде 780 мың тонна болса, былтыр 4,9 млн тоннаға дейін көбейген.
Қазақстан Ресей арқылы алыс шетелге көмір транзитін 11,2%-ға, 9,9 млн тоннаға дейін арттырды. Қазбаның негізгі бөлігі теңіз порттары бағытында жөнелтілген. Жеткізілімдердің өсуінен ең алдымен Латвия порттары ұтып отыр, олар арқылы қазақстандық көмірді жөнелту бірнеше есе өсті. Көмірдің ірі көлемін жөнелту бұрынғысынша Ресейдің Тамань және Усть-Луга порттары арқылы жүзеге асырылғанымен, Вентспилс және Рига порттары өсудің ең жоғары динамикасын көрсетті.
Вентспилс еркін порты басқармасы Ресейге қарсы санкциялар транзиттік салаға, әсіресе Вентспилс портына үлкен соққы болғанын мәлім етті. Өйткені онда дәстүрлі түрде жүктердің ең көп көлемі Ресейден келетін транзиттік жүктерге тиесілі болатын.
Осылайша, 2022 жылдың қорытындысы бойынша ресейлік көмірді шетелге жеткізу көлемі жылдық мәнде 7 пайызға қысқарған. Жыл соңына қарай Ресей үкіметі жергілікті компаниялар санкцияларға байланысты көмірді экспортқа 50-60 пайыздық жеңілдікпен жеткізіп жатқанын хабарлады. Жаңа шектеулерге байланысты Ресей экспорты премиумдық Еуропа нарығынан бұрылып, Үндістанға бет алды. Тамыз айында күшіне енген Еуроодақ эмбаргосының аясында компаниялар көмірді Оңтүстік Африка мен Аустралиядан жеткізушілерге қарағанда арзанырақ ұсынып, бұл жеткізілімнің 3,6 есе өсуіне әсер етті. Дегенмен Халықаралық энергетикалық агенттіктің (ХЭА) болжамына сәйкес, алдағы үш жылда Үндістан мен Қытайда өндірістің ұлғаюына байланысты ресейлік көмір экспортының төмендеуі жалғасады.
Алайда уақыт шындығына, геосаяси жағдайға бейімделуге тура келеді. Өз кезегінде Вентспилс портында кәсіпкерлер Қазақстаннан келген көмір жүктерінің иелерімен ынтымақтастықты бастады. Бұл 2022 жылды жақсы нәтижелермен аяқтауға мүмкіндік берді. Сөйтіп, былтыр Вентспилс портында көмірді ауыстырып тиеу көлемі 5,2 есе немесе 2,6 млн тоннаға өсті.
Argus халықаралық баға агенттігі биыл бірінші тоқсанда Ресей аумағы бойынша теміржол транзитіне жеңілдіктерге байланысты Қазақстаннан Балтық жағалауы мен Польша порттарына жөнелтілімдердің ұлғаюы мүмкін деп есептейді. Бірақ сарапшылар Еуропада энергетикалық көмір бағасының төмендеуіне байланысты экспорттың одан әрі өсуі қиынырақ болады деген пікірде. Альфа-Банк сарапшысы Борис Красноженов атап өткендей, Қазақстандағы ең ірі көмір өндірушілер «Богатырь көмір» және «Шұбаркөл көмір» нарықтың 50%-дан астамын алып жатыр. Өндірістің тағы 16%-ы «Богатырьмен» көршілес шығыс бөлікте энергетикалық көмір өндіретін «ЕЭК» АҚ-қа тиесілі.
Қазір Қазақстан Еуроодаққа бұрын Ресей жеткізген көлемнің 20%-ын алмастырады. Экспорттың одан әрі өсуі байыту қуаттарын дамытумен және қазақ көмірінің сапасын арттырумен байланысты болады.
Жалпы алғанда, Еуропада да, әлемде де көмір бағасының төмендейтіні болжанып отыр. Еуропада CIF ARA негізіндегі 6000 ккал энергетикалық көмірдің бағасы 2022 жылдың қыркүйегіндегі тоннасына 380-400 доллар бағасымен салыстырғанда қазір тоннасына 130 долларға дейін төмендеген.
«Қазіргі баға деңгейінде және инвестициялар көлемінде ресейлік көлемді еуропалық нарықта қазақ көмірімен алмастыру бойынша белгілі бір шектеулер байқалады», дейді сарапшы.
Сондай-ақ «Шұбаркөл премиум» АҚ басшысы Фарит Азизовтің айтуынша, компания 2021 жылы еуропалық нарыққа барынша шоғырланған. Бұл 2019 жылы көмір бағасының төмендеуінен және пандемиядан кейін рекордты пайда табуға жол ашты. Оның бағалауынша, 2022 жыл одан да өнімді болды, өйткені экспортқа тасымалдау қиындықтарын жеңуге мүмкіндік туды. Дегенмен Еуропаға барлық көмір Ресей арқылы өтеді, ал Каспий арқылы баламалы маршруттар бүгінде Қазақстан экспортқа жөнелтетін көлемді «қорытуға» дайын емес. Бұл көмір саласына қатты әсер етті.
Осылайша, 2022 жылдың қорытындысы бойынша экспорттық кірістің негізгі өсімі Еуропа елдеріне жеткізудің арқасында мүмкін болды. Статистикалық деректерге сәйкес, өткен жылдың қаңтар-желтоқсанында елімізде қоңыр көмір мен көмір концентратын қосқанда 118 млн тонна тас көмір өндірілді, бұл бір жыл бұрынғыдан 2%-ға артық. Өндірістің жалпы көлемінің 90,5%-ын дәстүрлі түрде екі негізгі өңір – Павлодар және Қарағанды облыстары қамтамасыз етті.
Тас көмір өндірісі 108,1 млн тоннаға жетіп, 2021 жылғы қаңтар-желтоқсанмен салыстырғанда 1,3%-ға артық болды. Оның ішінде кокстелетін көмір өндіру 7,6 млн тоннаны құрап, бір жылда 16,4%-ға азайды, энергетикалық көмір – 17,9 млн тонна, бір жылда 14,9%-ға көбейді. Қоңыр көмір (лигнит) өндірісі 16,9% өсіп, 5,8 млн тоннаға жетсе, көмір концентраты өндірісі 2,5%-ға көбейіп, 4,1 млн тоннаға теңесті. 2022 жылдың қаңтар-қараша айларының қорытындысы бойынша, Қазақстан 836,9 млн долларға 27,2 млн тонна тас көмір экспорттады. Өсім физикалық мәнде небәрі 2,2% болғанымен, ақшалай түрде 87,6%-ға көбейді.
ТМД елдеріне 18,7 млн тонна көмір жөнелтілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 11,9%-ға аз. Мұнда Қазақстаннан экспорттың негізгі бағыты Ресей болды, ол 17,2 млн тонна көмір импорттады – бұл өткен жылмен шамалас (оның үстіне ақшалай есептегенде жеткізу 3,7%-ға азайды). Қазақстандық көмірдің негізгі үш импорттаушысына Қырғызстан мен Өзбекстан да кірді.
Қалған елдерге 8,5 мың тонна көмір экспортталған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 58,1%-ға көп. Ақшалай есептегенде экспорт көлемі 6,3 есе өсіп, 572,4 млн долларға жетті. Бұл ретте Швейцария, Польша және Кипр қазақстандық көмірдің негізгі импорттаушыларына айналды.
Ішкі нарыққа келсек, жыл аяғында көмір бағасы былтырғымен салыстырғанда 9,3% өсім көрсеткен. Бағаның өсуі Ұлытау облысында ең көп байқалды ‒ бір жылда 59,6%-ға қымбаттады. Одан кейінгі кезекте ‒ 23,5% қымбаттаған Солтүстік Қазақстан және 22,8% қымбаттаған Ақтөбе облыстары болды. Бағаның елеусіз өсуі (1,3%) Қызылорда облысында тіркелсе, Батыс Қазақстан өңірінде баға 2021 жылдың желтоқсан айындағы деңгейде қалды.