Арманға толы шақты аңсататын, оралмас күндерді көз алдыңа келтіретін құдірет өнерде ғана болса керек. Жаныңның шырақтарын шұғылаға бөлейтін беймәлім тылсым мен көңілге сәуле түсіретін есті ән қай кезде де ұмытылмақ емес. Өйткені шымыр шумақтардан құралған ғажайып туынды жаныңды рахатқа бөлейді.
Құланның құба белін шаңдатып жүрген шақтан өнерге аңсары ауған Жаңбыршы Үсейінов қоңыр әуенді бойына дарытып, талай тамаша әндерді дүниеге әкелді. Талғампаз композитор арамыздан ерте кеткенімен, өлместей болып өнері артында қалды. Композитордың барлық әні жүрек қылын шерткенімен, «Құдашасының» жөні бөлек.
Әкесінің әндерін ел арасында насихаттап, альбомын жарыққа шығарып жүрген журналист Ардақ Үсейінова аталған әннің дүниеге келу тарихымен бөлісті.
«Ол кезде ауыл-аймақта той жасайтын үй жаздың келгенін немесе күздің басталар уақытын күтетін. Әкемнің нағашы жұрты той өткізгелі жатқанын 2-3 ай бұрын хабарлаған екен. Алайда жұрт жиналып, ағайын-туыстың бәрі дастарқан басына отырғанда той басқаратын асаба келмей қалады. Осылайша, жұрттың көңілі астаң-кестең болады.
Ел күткен думанның сиқы қашып, жұрт не істерін білмей дал болып тұрғанда ортаға бір бойжеткен шығады. Өзі той иелеріне құдаша болып келеді екен. Ағайын-туысты үстел басына жайғастырып, тойды шырқ үйіріп басқара жөнеледі. Ән де шырқайды, кезегімен тілеулес жекжат-жұратқа құттықтау сөз беріп, той жоралғысының біреуін шашау шығармай үйлестіріп әкетеді.
Той тарқап ауылға жеткенше әкемнің кеудесін ән кернеп тұрған. Үйге келген соң анама «қағаз-қаламыңды дайындашы, бір ән туып тұр. Соны жазып тастайық», дейді алабұртып. Әкемнің құдашасына аңсары ауғанын шешем бірден түсінген. Бірақ қызбалыққа салынбай, өнер иесін қолдаған. «Құдаша» әні осылайша әкемнің ілкі сәттік шабыты арқылы дүниеге келген», дейді композитордың қызы жамбылдық өнерсүйер қауым жоғары бағалаған туынды тарихымен бөлісіп.
«Дидарың тұрған күліп,
Жанымды нұрландырып.
Құдаша жолықтырдым
Аулыңды сұрап жүріп»,
деген әннің қайырмасы жүрекке жылы тиетін әуен арқылы жаныңды баурай түседі. Аталған туындыны бүгінде жас әншілер Дінмұхамедәлі Сәмбет пен Ерасыл Битанов нәшіне келтіре шырқап жүр.
«Өткен жылы Меркі ауылына тойға бардым, бір әнші «Құдаша» әнін шырқады. «Осы әннің алғашқы орындаушыларының бірі әкем Сапар Битанов болатын», деп едім, бір апай: «Ал бұл ән маған арналған. Сол құдаша менмін», деді.
Тойдан кейін атын сұрап, телефон нөмірін жазып алмақ болғанмын. Бірақ ол кісілер ертерек кетіп қалыпты», дейді жамбылдық жас әнші, актер Ерасыл Битанов аталған әнге қатысты пікірімен бөлісіп.
Ескі де есті әнді тірілткен жас әнші Дінмұхамедәли Сәмбеттің еңбегін ерекше атап өткен жөн. Лирикалық туындының ішкі қалтарыс-бұлтарысын жан тәнімен сезінген ол әнді жаңаша өңдеуде жарыққа шығарды. Әрине, шығарманың жаңа бағытта жаңғыруына композитордың қызы Ардақ Үсейінова ерекше үлес қосқаны рас. Ал тың нұсқада Ұлттық арнаның «Таңшолпан» бағдарламасында қайта тұсауы кесілген туынды мамандар тарапынан жоғары бағаланды.
Жаңбыршы Үсейінов осыдан жарты ғасырға жуық уақыт бұрын Құлан топырағында «Таң самалы» ансамблін құрған. Өзі де жастарға ұстаздық ете жүріп, тамаша әндер жазды. Сол кезде ауданда жүрген ансамбльдің республикалық телеарнаға шақырту алып, Алматы төрінде өнер көрсеткенін ел ұмытқан жоқ.
Композитордың досы Тәліпбек Шақбаев сол бір күндерді толқыныспен еске алады. «Мэлс аға мен Жаңбыршы досымның өнеріне талай рет куә болдым. Мэлс ағаның әндерін бала кезімнен білемін. Оның шығармалары елімен бірге жасайды», дейді ол.
Тұрар Рысқұлов ауданында Көкдөнен деген ауыл бар. «Келші, айым!», «Тобылғы сай», «Келші, Құланға» секілді ғажап әндерімен өнер әлемінде өшпес із қалдырған Мэлс Өзбеков, сатира саңлағы Басқар Битанов, композитор Жаңбыршы Үсейінов үшеуі де осы ауылдың тумасы. Жергілікті халық осы үш өнер иесін «Біздің өнердегі үш бәйтерегіміз» деп жиі айтып жүреді. Олар бүгінде ортамызда жоқ.
«Көкдөнен ауылынан шыққан композитор Жаңбыршы Үсейіновтің әндері тек жерлестері арасында ғана емес, республика көлемінде де танымал. «Соғыстан қайтқан әкелер» әні Қазақ радиосының эфирінен беріліп тұрады. Лиризмге толы «Құдаша» талай думанның сәніне айналған ән деуге болады. Сол сияқты композитордың өзге де әндері ел ішіне кең тарап, тыңдаушының ықыласына бөленген шығармалар.
Ән өлеңдерінің жатықтығы мен тыңдағанда тез есте қалар әуендерінің сыршылдығы оның жеке қолтаңбасын аңғартады. Музыкант мамандар қазіргі қазақ эстрадасына сыналап кірген сөзі түсініксіз, қай елдің әуені екені белгісіз әндерден жоғары тұрғанын бірден байқайды. Үш-төрт нотадан әрі аспайтын жеңіл әуен емес, бір әніндегі нақыш екіншісінде қайталанбайды, бір сөзбен айтқанда, Жаңбыршы Үсейіновтің әндері ұлттық әуендік иірімдерден бастау алған, қазақы бояуға толы», дейді белгілі әнші Гаухар Мырзахметова композитор шығармашылығы туралы пікірін білдіріп.
Иә, Жаңбыршының өзі ортамыздан ерте кетсе де, әндері халықтың мұрасы болып қалды. Ал отағасының құдашаға деген ынтызарлық сезімін байқаса да, Жаңбыршы Үсейіновтің аталған әнді жазуына тікелей себепші болған жан жары Бақыттың қолдауын қазақ әйеліне тән тектілік демеске амал жоқ. Қысқасы, тыңдарманы барда Жаңбыршының «Құдашасы» өлмек емес.
Жамбыл облысы,
Тұрар Рысқұлов ауданы,
Көкдөнен ауылы