Бүгінде мектеп оқушылары жаңартылған оқу бағдарламасына сай жазылған оқулықтар негізінде білім алып жатыр. Оқу үрдісін еңбекпен, шығармашылық және өмірлік құндылықтарды игерумен ұштастырған білімнің жаңа мазмұны озық ойлы ұрпақ тәрбиелеуге бағытталған. Алайда көп ұзамай заман талабына сай білім беруге бағытталған бағдарламаға да, оқулық сапасына да қатысты сын айтыла бастады.
Жақында Білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес отырысында оқулықтардың сапасына және білім беру мазмұнына қатысты мәселелер қаралып, баспаларға қойылатын талаптардың күшейетіні айтылды. Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығының мәліметіне сүйенсек, елімізде оқулықтарды әзірлеу және басып шығару ісі 2004 жылдан бері қолға алынып, бәсекелі ортаға берілген. Бүгінде оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді әзірлеумен 20-дан астам жеке баспа айналысып келеді. Ал оқу әдебиеттері сараптау орталығында мемлекеттік сараптамадан өтеді.
Аталған орталықтың директоры Елдос Нұрлановтың айтуынша, қазақ тіліндегі оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендердің бірқатары орыс тілінде дайындалып, кейіннен мемлекеттік тілге аударылып, сараптамаға ұсынылып келген. Авторлардың оқулық теориясы бойынша жүйелі түрде дайындығы бол- маған. Сондай-ақ заңнамаларда баспаханалардың жауапкершілігі нақтыланбаған. Орталықтың дерегінше, былтырдан бастап оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешеннің мазмұнына қойылатын талаптар бекітілді. Осы құжатқа сәйкес оқулықтар мен оқу құралдарын қазақ тілінде дайындау талабы күшейтіліп отыр.
– Ендігі кезекте оқулық шығару ісіне қойылатын талаптар қатаң қадағаланады. Ал оқулық авторларының құрамында кемінде үш маманның (сала бойынша ғалым, практик-мұғалім және әдіскердің) болуы міндетті. Оқулықты дайындауда бір ғалым мен екі практик-педагог пән мазмұнын толық игеруге тиіс. Баспалар авторлар ұжымын өңірлердегі әдіскерлік кабинеттердің, мұғалімдердің біліктілігін арттыру институттарының мамандарын және өзінің жаңашылдығымен, іскерлігімен танылған, «Жыл мұғалімі», «Үздік педагог» сияқты байқаулардың жеңімпаздары арасынан іріктейді. Еңбек өтілі, санаты, шығармашылықпен жұмыс істеу қабілеті ескеріледі. Бүгінге дейін мыңнан астам оқулық авторы Педагогикалық ғылымдар академиясы, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университет базасындағы курстардан өткен. Кейбір баспаларда «Оқулық авторларының мектебі» ғылыми-әдістемелік орталықтары жұмыс істеп келеді. Авторлар мектебінің әдіскерлері семинар-тренингтер өткізіп, авторлардың мектеп оқулықтарын әзірлеудегі отандық және шетелдік озық тәжірибелермен танысуы сияқты жүйелі жұмыстар жолға қойылған, – деді Елдос Нұрланов.
Қазір оқулық сапасын жақсарту, білім мазмұнын оқушы талабына сәйкес икемдеу бағытында кәсіби мамандар жұмыс істеп жатыр. Жаңартылған бағдарламаға өзгертулер мен толықтырулар енгізілу үстінде. Оқулық сапасын жақсартуға бағытталған кешенді іс-шараларға қатысты мамандардың да айтар пікірі бар. Білім беру ісінің құрметті қызметкері, республиканың үздік ұстазы, математика ғылымының магистрі Күшай Тердікбай оқулық әлем тәжірибесін ескере отырып, балаларға жеңіл түрде жазылуы керек деген пікірді алға тартты.
– Бүгінгі оқулықтарда балалар түсінбейтін тақырыптар бар, ал оқулық дұрыс болуы үшін мазмұны да жөнге келуі қажет. Оқулықтарда әсіресе, жоғары сыныптардың түсінуіне қиын тақырыптар кездеседі. Жоғары сыныптарда бұрынғы теориялық мазмұн сол қалпында қалып қойып отыр. Ал 5-6-сыныптарға арналған оқулықтар жөнге келіп қалды деуге негіз бар. Сондықтан қоғам қажетіне, оқушының деңгейіне сай оқулық жазылса игі. Жалпы, оқулықты жақсарту үшін оқушылардың білім деңгейіне қорытынды жасап, қандай тақырыпты қай деңгейде игере алатындығы сарапталуға тиіс. Қазіргі кезде оқушылардан әртүрлі сынақтар алынып жатады, бірақ олардың көпшілігі көзбояушылықпен алынатындығын несіне жасырамыз. Сондықтан білім қорытындысының ашық жүргізілуіне мән беріліп, бағдарламада оқулықтың ғылыми деңгейі жеңілдетіліп, берілген тапсырма оқушылардың ой-қабілетін дамытатындай деңгейге бағытталуға тиіс, – дейді ғалым-ұстаз.
К.Тердікбайдың айтуынша, бүгінде мектептердегі білім сапасы 50 пайыз деңгейінде, мұғалімдер 5-ке бағалайтын оқушылардың саны 20 пайызбен ғана шектеліп отыр.
– Бұл қазіргі білім мазмұнын оқушылардың көпшілігінің игеруі мүмкін емесін көрсетеді. Саладағы қандай да реформаның түпкілікті нәтижесі айналып келгенде білім сапасы арқылы өлшенетіні сөзсіз. Дәл осы тұрғыда нақты нәтижеге қол жетізуге кесірін тигізіп келген басты фактор – білім мазмұнын заман талабына сай жаңарту ісін қолға алу уақыт күттірмейді. Бүгінгі білім мазмұны жасөспірімдердің мүмкіндігі мен қызығушылығын, қажеттілігін ескермей, қоғамға деген теріс көзқарасты қалыптастыруға ықпал етіп отырған мазмұнда жазылғанын мойындауымыз қажет. Оған қазіргі білім сапасының сандық көрсеткіштері дәлел бола алады, – дейді К.Тердікбай.
«Зерделі» ақыл-ой дамыту орталығының директоры Ырысбек Мәуіттің айтуынша, жаңартылған бағдарлама мазмұнында оқу мақсаттары күрделеніп кеткен. Осы орайда оқулық әзірлеу ісіне жас авторларды тарту, авторлар құрамын өзгерту маңызды.
– Сонымен қатар орыс тілінен аударылып жазылып жүрген оқулықтар мәселесіне де мән беру керек. Әлі күнге бұл жағдаймен бетпе-бет келіп отырмыз. Бүгінде көптеген жекеменшік мектеп Сингапур мен Ресейдің логикалық оқытуға арналған оқулықтарын қосымша пайдаланып жүр. Осы орайда оқулық жазу ісінде шетелдердің де озық тәжірибесі ескерілгені дұрыс. Қазір баспалар да сапалы оқулық жазуға тырысады. Оқулық жазу кезінде ұлттық құндылықтарға басымдық беру басты мәселе екенін алға тарту керек. Сондықтан бағдарлама мен оқулық жазу ісі ортақ болуы қажет. Белгіленген ережеге сәйкес, оқулық шығару ісінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында оқулық жазған және сараптаған маман байланыста болмауы керек. Бірақ керісінше, автор мен сарапшы оқулықты бірге отырып талдағанда, оның дұрыс-бұрысын бірлесе анықтап жазғанда ғана сапалы оқулық туады, – дейді Ы.Мәуіт.
Оқулықтар мен дидактикалық материалдардың авторы, сарапшы Нұргүл Мырқасымова баспалардың, авторлардың оқулық ісіне қатысуы бәсекелестікті туғызады деген пікірде.
– Алайда қалыптасып қалған авторлар бағдарлама өзгергенмен, оқулықты өзгерткісі келмейді. Бәсеке даму үшін мұғалімдерге де баспаны таңдау еркін беру керек. Бұл шетелдік тәжірибеде де бар. Бізде керісінше, оқулық басылғаннан кейін мектептерге белгілі бір баспаның кітаптарын мәжбүрлеу жағы басым. Технология дамыған заманда оқулық балаларға қызықты болуы керек. Орыс тілінен аударылатын бастауыштың математика оқулығында балалардың түсінуіне, қабылдауына ауыр тапсырмалар бар. Сондықтан баланың қабылдауына ыңғайлы оқулық жазылуы қажет. Ғалымдар ғылыми бағдар берсе, әдіскерлер әдістемесіне мән береді. Сабақ жоспарының құрылымын, технологияларын ұсынады. Бұл жерде әр сыныптың жас ерекшеліктерінің нормасы қатаң сақталуға тиіс. Оқушылар көбіне ғылыми-танымдық мәтіндерге қызығады. Ондай мысалдар жаратылыстану мен дүниетануда бар десек, бастауыш сынып балаларының қабылдауына ауыр тиетін Ж.Аймауытовтың «Қартқожа» романынан мысалдар да кездесіп жатады. Ал қазақ тілін түсінбейтін қала балалары үшін бұл тапсырмалар мүлде қиындық туғызып келеді. Бұл жерде басты мәселе тілге келіп тіреледі. Отбасында ана тілін меңгермеген бала материалды да игере алмайды. Жай өрнектерді шығарғанмен, мысал есептерде қиналады. Өз ойын жеткізе алмайды. Сондықтан отбасында, қоғамда қазақ тілін оқытуға басымдық берілуі керек. Олимпиада кезінде де логикалық тапсырмалар болады. Көптеген оқушы тілді түсінбегендіктен, тапсырманы орындауға қиналады. Ал мұғалімнің уақыты осыны түсіндіруге жұмсалады, – дейді Н.Мырқасымова.
Осы орайда сарапшы жоғары оқу орындарында болашақ мамандарды «оқулықты тек қосымша құрал ретінде, тапсырмаларды өз қалауларыңа қарай өзгертулеріңе болады. Ең бастысы бағдарламадан ауытқымау керек», деген түсінікпен оқытып жатқанын жеткізді. Сарапшының айтуынша, болашақ мамандарға мұндай бағыт-бағдар берген дұрыс емес. Осының салдарынан оқулықтың беделі төмендейді. Ал оқулық ұлтқа тән сипатпен әрі оқушылардың жас ерекшеліктеріне сай заманауи деңгейде жазылғанда ғана көңілден шығады.
География оқулықтарының авторы, білім саласының сарапшысы Руслан Қаратабанов оқулық сапасына әсер етіп отырған бірқатар факторды атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі кезде білім беру мазмұнының жаңаруына байланысты сабақ берудің де әдістемесі өзгерді. Жаңа оқулықтар жаңа бағдарламаға негізделіп жазылды. Осы кезге дейін білімге бағытталған тәсілді қолданып келсек, енді оқушылар коммуникативті дағдыларды игеруде. Білім мазмұны, оқулық сапасына қатысты айтылған сындарға біржақты қарауға болмайды.
– Жаңартылған білім мазмұны негізінде дайындалған оқулықтар кейбір мұғалімдер үшін сапасыз болып көрінуі мүмкін. Себебі олардың білім беру тәжірибесі бұрынғы әдістемеге негізделген. Тиісінше, жаңа әдістерге сай тәжірибесі жоқ әрі бейтаныс нәрсені қабылдауы басқаша болуы мүмкін. Сондықтан оқытудың жаңаша тәсілін барлық пән бойынша игеруде мұғалімдерге жаңартылған бағдарламаны, оқулықта берілген тапсырмалар нені көздейтінін түсіндіру керек. Мысалы, бұрын географиялық білім берумен шектелсек, ендігі кезекте оқушылар географиямен қоса стандартта көрсетілген ауқымы кең дағдыларды игеруі тиіс. Мұндағы басты кемшілігіміз бағдарламаны игерудегі әдістемелік тәжірибеміздің жоқтығына байланысты. Оны үйрену үшін уақыт керек, ал білмегеніне бола мұғалімді де кінәлай алмаймыз. Еліміздегі жеті мың мектептің мұғалімін бір мезгілде оқытып шығу да мүмкін емес. Бағдарлама инновациялық болғандықтан, шыдамдылық таныту керек, – дейді Руслан Қаратабанов.
Осы орайда бастауыш сынып оқулықтарын толыққанды сапалы деуге негіз бар екенін атап өткен сарапшы «жаңартылған білім мазмұнын енгізу реформасы шұғыл түрде іске асқандықтан, 5-11-сынып оқулықтарын апробациядан толықтай өткізіп үлгермегендігіміз де сынға себеп болды», дейді.
– Дегенмен жаңартылған бағдарламада ұлттық білім корпусының талаптары сақталған. Қазақ тілін тереңдетіп үйрену үшін географияда әр тарауға жаңа мазмұн қосылды. Мәселен, «ақ су, қара су» деген нені білдіреді, климатты өткен кезде метеонимдерді ескере отырып, «Құралайдың салқыны» сияқты табиғат құбылыстарына байланысты халықтық қағидаларда бар амалдар ескерілді. Қазақтың дәстүрлі географиялық білімі бұрыннан қалыптасқан деген ойды жеткізу және қазақ тілін үйрету мақсатында Қ.Сәтбаев пен Ш.Уәлихановтай ғалымдарымызбен қатар бұрын аты-жөні сирек аталып келген Ғ.Қоңқашбаев сынды қазақтан шыққан мықты географтарды «Қазақ ғалымдарының географияға қосқан үлесі» деген тарауға қостық. Халықаралық сарапшылар да жаңа бағдарламаны құптап отыр. Осы орайда жаңа бағдараламаға сәйкес халықаралық өлшемдерде қолданылатын тапсырмалар форматын дұрыс пайдалана білген жөн. Мысалы, тапсырмаға сәйкес ойды эссе түрінде жеткізуге болады немесе мәтін арқылы берілген тапсырма визуалды, схема түрінде берілуі мүмкін. Осы арқылы оқушы пәндік білім алып қана қоймай, өмірге керек дағдыларды да игереді. Көптеген авторлар, мұғалімдер өзінің жастық шағына қатысты ойларымен шатасып жататын жағдайлар да кездеседі. Ал біз керісінше, ойлауы өзгеше қазіргі заман балаларына бағыттап жұмыс істеуге тиіспіз, – дейді ол.
Р.Қаратабанов оқулық авторларының шығармашылығын шектемеу керегін айтты. «Оларды баспалар өздері іріктеп, таңдауы қажет. Егер канондық оқулықтарға сүйеніп қалсақ, балалардың білімін де шектеп қаламыз. Білім берудің мақсаты – балаларды өмірге даярлау. Сондықтан баспаларға білім беру стандарты, пән бағдарламасына қатысты техникалық специфика берілуі тиіс. Өміршең әрі жалпыға түсінікті тапсырманың үлгілерін беріп, мазмұн осы мәселені қамтуы керек деген сияқты талаптары болуы керек. Сонда ғана ісіміз ілгері басады. Көптеген баспа профессор, доктор деген атағы бар авторларға қызығушылық танытып жатады. Осыған сәйкес кей жағдайда ескі білім бағдарламасы көзқарасымен оқулық жаза бастайды. Бұл жағын да ескеру керек, дейді сарапшы.
Жаңартылған бағдарлама мазмұнына өзгерістер енгізу мәселесіне орай жолдаған журналистік сауалымызға Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ білім академиясының баспасөз қызметінен мынандай жауап алдық: «Оқулықтарда берілетін (авторлық ұжымымен) оқу материалы оқу бағдарламасындағы белгіленген базалық мазмұнымен сәйкес болуы – қазіргі таңда оқулықтарға қойылатын негізгі талаптың бірі. Сондықтан оқулықтардың мазмұны оқу бағдарламасына тікелей тәуелді. Демек оқулықтардың сапасын арттыру және олардың мазмұнын жақсарту үшін оқу бағдарламаларының мазмұнын түзету қажет. Ал жетілдірілген оқу бағдарламалары негізінде әзірленген оқулықтардың міндетті түрде сапасы артады».
Академия мамандарының дерегіне сүйенсек, бүгінде көптеген елде оқу бағдарламаларының мазмұнын өзгерту – стандартты, циклдік үдеріс. Бағдарламалар уақыт талабына, ғылыми зерттеулердің нәтижелеріне, педагогикалық тәсілдердің өзгеруіне, цифрлық технологиялардың дамуына және тағы да басқа себептерге орай түзетіліп отыруы қалыпты жағдай. Оқу бағдарламаларының мазмұны функционалдық сауаттылық пен ақпараттық-коммуникациялық технологиялар құзыреттілігін дамытуға, білім алушылардың пәнге деген қызығушылығын арттыруға және заманауи технологияларды қолдана отырып, білім беруді дамытуға бағытталуы керек. Республикада білім мазмұнына қатысты мәселелер үнемі қарастырылып келеді. Осы орайда сараптамалық талдау нәтижесінде барлық оқу пәні бойынша оқу бағдарламаларының мазмұнында елеулі қиындықтар бар екені анықталды. Ал мектептегі оқу пәндерінің білім мазмұнын жетілдіру пән курсының бағдарламасын қиындату емес, алған білімді әртүрлі өмірлік жағдайларда қолдануына, мектеп түлегінің болашақ кәсіби қызметіне бағдар болуына, жеке тұлғаның технологиялық мәдениетінің деңгейін көтеруге ықпал етуі тиіс. Осыған орай, оқу бағдарламаларын жетілдіру қажеттігі туындады.
Қазіргі кезде еліміздің барлық өңірінен білім беру саласының білікті мамандары жұмыс тобының құрамына тартылған. Олардың арасында практик-ғалымдар, білім берудің барлық деңгейі мен санатындағы педагогтер, тәжірибелі әдіскерлер, «Үздік педагог» атағының иегерлері бар. Олай болса, жаңартылған білім бағдарламасының мазмұны оқушы үдесінен шығатын сапалы оқулықтар жазуға ықпал етеді деп сенейік.
АЛМАТЫ