• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 05 Наурыз, 2023

Жаңа компания өзара сауданы жандандырады

170 рет
көрсетілді

Жуырда Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы өзара тауар айналымын ұлғайту үшін «УзКазТрейд» ЖШҚ сыртқы сауда компаниясы құрылды. Экспорттық-импорттық кәсіпорынның құрылтайшылары – «QazTrade» сау­да саясатын дамыту орталығы» АҚ және «УзТрейд» АҚ.

Қазақстан мен Өзбекстан мем­лекеттері басшыларының уағ­да­лас­тықтарын дамыту үшін елдеріміз арасында логис­тикалық маршруттарды, сондай-ақ экспорттық-импорт­тық операцияларға арналған қыз­мет­тер­ді кеңейту жөніндегі жобалар белсенді түрде іске асырылуда. Өзара сауданы ұлғайту – екі тарап та жүзеге асыруға мүдделі бірінші кезектегі міндеттердің бірі.

Сыртқы сауда компа­ния­сы­ның қызметі екі елдің ірі кәсіп­орындарының өнімдеріне нарықтық зерттеулер мен бәсекелестік талдау жүргізуге, дайын өнімді өндіруге тапсырыстарды орналастыру, өзара сауда процестерін оңтайландыру және үйлестіру жөнінде ұсыныстар әзірлеуге, бизнесті серти­фи­каттауға және өнімді экспорт­тауға ілгерілетуге, сондай-ақ олардың тапсырыстары бойынша технологиялық жаб­дықтарды, қосалқы бөлшек­терді, жинақ­тауыш­тарды жеткізуге жәр­дем­десуге, Өзбекстан мен Қазақс­тан­да үшінші елдерден импортты алмастыру үшін өндірілген шикізат пен материалдар, жаңа сатып алушылар мен тұтынушыларды іздеуге бағытталатын болады.

«QazTrade» АҚ Бас директоры Нұралы Бөкейханов атап өткендей, бір­лес­кен компания құру қазақстандық кәсіпорындарға екі елдің нарықтарына тауарларды жеткізу көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді, өзара саудадағы шектеу­лер мен кедергілерді алып тас­тау бойынша ұсыныстар әзірлеуге жәрдемдесетін болады.

«Бастапқы кезеңде біздің ішкі нарық­тың қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін Өзбекстаннан жеміс-көкөніс өнім­де­рін сатып алу жоспарлануда. Бұдан басқа, Ауғанстанға одан әрі экспорттау мүмкіндігімен Өзбекстан аума­ғын­­­да қазақстандық ұн тарту өнім­де­рін сатуға көмектесетін боламыз. Біз өзбек тарапымен логистикалық шы­ғыстарға преференциялар беру туралы уағдаластық», деді Сауда саясатын дамыту орталығының басшысы.

Бұдан басқа, жобаны іске асыру қазақстандық нарықтың үшінші елдер­ден келетін импортқа тәуелділігін қыс­­қарту жөніндегі мемлекеттік ша­ра­лар­дың тиім­­ді­лігін арттыруға ық­пал ететін болады.

2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 5,0 млрд долларға жетті, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 29,8%-ға жоғары (3,8 млрд доллар). Қазақстандық тауарларды экспорттық жеткізу көлемі 33%-ға өсіп, 3,7 млрд долларды құрады. Экспорттың өсуі негізінен кенді және мыс концентраттарын (өсімі 4,8 есе), бидайды (32,3%-ға), жеңіл автомобильдерді (83,7%-ға), күнбағыс майын (97,2%-ға), жаңа және салқындатылған сиыр еті (өсімі 4,1 есе), өңделмеген алюминийді (70,4%-ға) жеткізудің ұлғаюына байланысты болды).

Өткен жылы Өзбекстаннан Қазақ­станға импорты 21,4%-ға өсіп, 1,3 млрд долларды құрады. Негізінен Қазақстан автомобильдерге арналған шанақтарды, ұшқынмен тұтанатын іштен жану қоз­ғалтқыштарын, жүзімді, қоспасыз болаттан жасалған жалпақ жалатылған илемді, қорғасын кендері мен концентраттарын, құрылыс кірпіштерін, еденге арналған блоктарды және керамикадан жасалған ұқсас бұйымдарды, автомобильдер мен тракторларға арналған бөлшектер мен керек-жарақтарды, этилен полимерлерін сатып алады.