• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Өнер 06 Наурыз, 2023

Меруерттің моншақтары

497 рет
көрсетілді

«Құралай көз, қолаң шаш,Алма мойын, қиғаш қас». Иә, әдемілік – әйелге тән. Көктемнің қызғалдағындай құлпырып кететін қыз-келіншектердің ажарын ашатын алқа, жүзік, сыңғырлы сырғасын жасауда өзіндік өрнегін қалыптастырған, бәсекелестікте бәсі жоғары қолөнер шебері Меруерт Ермекованың «Алтын тас» аталатын брендтік бұйымдары әрдайым сұранысқа ие.

Табиғаты көркем Талғар қала­сында тұратын Меруерттің көрер көз қызығарлық сәу­келеден бастап, білезік, шекелік, өңіржиек, алқа, шашбау сынды әшекей бұйымдары еліміздің әр түкпіріне жөнелтіледі. Сондай-ақ моншақтан жа­салған әдемі әшекейлері жыл сайын кітапханалар мен жо­ғары оқу орындарында, мек­тептер мен музейлерде ұйым­­дастырылатын қолөнер шеберлерінің көрмелерінен орын алып, көрермен ықы­ласына бөленіп жүр.

– Дүниеге келгенімде ата-анам Меруерт Өтеке­шо­вадай актриса болсын деген ырыммен есімімді Меруерт қойыпты. Бірақ актриса емес, ұстаздық жолды таңдадым. Уақыт өте келе жүрек түк­пі­рімдегі қолөнерге деген қы­зығушылығым артып, бір­жола осы кәсіпті дөңгелетуге бет бұрдым. Әйелдердің әше­кей бұйымдарын жасаумен айналысқаныма да он жылға жуықтапты, – деген қолөнер ше­берінің осы жылдарда жа­са­ған жүздеген бұйымы өз тұты­нушыларын тапқан.

«Саусақ бірікпей – ине ілік­пейді». Шеберқол ана­ла­ры­мыздың игі мұраларын ұр­пақтан ұрпаққа жібін үзбей жеткізуде ұлағатты іс тынды­рып жүрген Меруерт Үсен­бек­қызы іске икемді қыздарға ақыл-кеңес беруден аянбайды.

– Бұрымдыларымыз уа­қытты бекер өткізбей, көненің көзіндей болған кәсіпті замануи үлгіде жаңғыртып, жал­ғастыруға ниет­тенсе неге қуан­­басқа? Көп бол­мағанмен ара-тұра қызыққан қыздар келіп, тастарды тізіп, моншақ, білезік, басқа да бұйым­дарды жасаудың жолдарын үйрене жүріп, қолғабысын тигізгенде «үйренгенің өзіңе жақсы, іс­тегенің маған жақсы» дейтін аналарымыздың ақы­лы еске түседі. Жалпы, тас­тар­­дың қа­сиетіне сенетін ырым­­шыл ха­лықпыз ғой. Сол се­­бепті таст­ардан түзілетін тәспі, білезік, тұ­марға сұраныс жоғары. Көбіне нефрит, шунгит, янтарь, маржан тастарды пайдала­намын. Нефриттің түсі жасыл болғандықтан «мұсылман тасы» деп аталады. Мысалы, ян­тарьды зоб ауруына пайдалы деп есептесе, шунгитке ер адам­дардың қызығушылығы жоғары, – дейді өз ісінің шебері.

Нәзік саусақтарына ілінген әр тасты жоғары талғаммен үйлестіре отырып тізіп, бүтін бір бұйым құрап шығару үшін аса төзімділік пен ептілік қа­жет-ақ. Ал бұл өз ісін ай­рық­ша сүйетін Меруерттің ең асыл қасиеттері десек асыра айт­қандық емес.

 

Ұлбосын ИСАБЕК,

журналист

 

Алматы облысы,

Талғар ауданы