• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 06 Наурыз, 2023

Балыққа да бап керек

162 рет
көрсетілді

Күміс көлдерді омырауына жақұт моншақтай жарқырата тағып, көркімен көрген жанның таңдайын қақтыратын Көкшетау мен Қорғалжынның арасындағы су айдындарының басым көп­шілігі – далалық көлдер есебінде. Тайыз бол­ғандықтан қақаған қыста балыққа да қауіп көп.

Биыл қыс қатты болды. Са­қыл­даған сары аяз су тү­бін­дегі табиғат байлығына да қа­терін төндіріп жатыр. Кейбір көлдердегі мұздың қалыңдығы – бір метрге жуықтады. Солтүстікке көктем келіп, көл біткен мұз құрсауынан құтылғанша әлі де табандатқан ай жарымға жуық уақыт бар. Мамандардың айтуына қарағанда, мұздың ас-т­ың­ғы қабатында оттегінің толайым сарқылып, көп балықтың қы­на­дай қырылатыны да – осы мезгіл. Қазір өңірде бұл тарап­тағы қыруар жұмыс қызу қолға алынған. Айталық, Зеренді ауда­нының көлдерінде мұз ою жұмыстары ұйымшылдықпен жүр­гізіліп жатыр. Далалық көлдер санатындағы Құркөлдің де мұ­зы қалың. Бір айта кетерлігі, балық та көп көрінеді. Балықты сақтап қалу үшін күн сайын мұз ойылады.

– Біз мұндай жұмыстарды қыс бойы жүргізіп келеміз. Басты мақсат табиғаттың иен байлығын сақтап қалу ғой. Дәл осындай игілікті іс «Есіл» бассейнінің аума­­ғында да ұйымдастырылып жатыр, – дейді облыстық балық инспекциясының бас маманы Ерлан Қосмағанбетов.

Облыста балық шаруа­шы­лығын дамытуға әбден жарамды 600-ге жуық су айдыны бар. Осы жылы осынау көл­дердің 132-сінде аэрация жүр­гізілді. Мамандар 7 мыңнан аса ойық ойыпты. Оған қоса ба­лық «патшалығын» оттегімен қам­тамасыз ету үшін 400-ден аса тұсын кесіп, ауа өткізетін орын әзірлеген.

– Мұз астына оттегін жі­берумен қатар, көл беті қоқыс пен қамыстан да тазартылады. Тамаша табиғатымызды аялап, қамқорлық көрсетіп отыратын болсақ, жүдемес еді. Келер ұрпаққа қалдыратын мұрамыз да осы емес пе? – дейді балық инспекциясының бас маманы Ақан Сыздық.

Көлдерді тазартуға жүзге жуы­­қ адам күші тартылыпты, арнайы техника да бөлінген. Дәл осылай жанашырлықпен күш біріктірілсе, балықтың да бағы таймайтын шығар.

 

Ақмола облысы