• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
25 Маусым, 2014

Жуков – Вережников

417 рет
көрсетілді

1945 жылы Арал маңындағы оба індетінің бетін қайтарған дәрігер туралы не білеміз? Сонау 1945 жылдың қыркүйек айында, Арал қаласынан 200-250 шақырымдай шалғайдағы іргелес жатқан Ақбасты мен Ауан ауылынан: «Адамдар өліп жатыр», деген жантүршігерлік хабар жан-жаққа тарайды. Апыр-ай, 500-дей үй қожалығы бар үлкен мекенде не болды екен?» – деп жұрт таңырқасады. Ауданнан, облыстан, республикадан дәрі-дәрмегін арқалап ақ халаттылар жетеді. Алғашқыда түйнеме деп диагноз қойылып ем-дом жасалады. Бірақ өлім тоқтамайды. Аурудың шығу себебін анықтағанда, әңгіме былай өріледі. Ақбастыдан бір әйел түйеге мініп Сексеуіл стансасына қыдырыстап барады. Қайтып оралғасын түйе өледі. Ешбір тексеруден өткізбей 12 жілікке бөліп алып, қауқылдасып қазан қайнатады. Төбе-төбе ет алғандар көрші-қолаңдарын қонақ етеді. Ертеңіне-ақ түйені союға қатысқандар және жанында болғандар бірінен кейін бірі о дүниеге аттанып жатады... Соғыс және еңбек ардагері, сол ауылдың тумасы, есімі елге танымал Құдайберген Жасекенов деген ағамыз болды. Бір кездесуде ел басына төнген сол ауру туралы сыр тартқанымда: «Иә, иә... Бәрі бүгінгідей есімде, – деді Құдекең сәл ойланып барып». Соғыстан жаралы болып келгесін қалада емделіп жатқан едім. Досберген інімнің қайтыс болғанын және анам Хадишаның халі нашар дегенді естіп, кемеге мінгелі портқа келдім. Ақбасты мен Ауанға сумен де, қара жермен де қатынас тоқтаған. «Орел» деген кеме Құланды түбегіне жүргелі тұр екен. Соған отырдым. 15-20 шақырымдық Құландыдан жаяулап Ақбастыға жетсем, ауылды әскерлер қоршап алыпты. Сыртпен де, ішпен де еш байланыс жоқ. Анамның Қиюша Жылқыбаев деген інісі соғысқа кеткен-ді. Қиюшаның Аққан және Ләти атты екі қызы да ауырыпты. Бұларға күтім жасаған анам да солармен бірге мерт болды. Көбісі бір-біріне көмектесемін деп шейіт кетті. Өлім көбейгесін оларды жерлеуге бес адамнан арнайы команда құрылады. Бұлар үстеріне комбинезон, противогаз киіп алады. Команданы Құсбеков Тоқмырза басқарады. Сөйтіп, 139 адам белгісіз індеттен өліп, қара жер томпаяды. Жеті-сегіз үйдің отбасы түгел кетеді. Өз әкем Жасекеннің де қолтығы іседі. Осы тұста Саратов қаласынан бір профессор – дәрігер келіп, менің әкемді және Тілеужан деген шалдың әйелін өлім аузынан алып қалады... Ол дәрігер кім еді? Бұл адам Саратов қаласындағы микробиология және эпидемиология ғылыми-зерттеу институтының қызметкері Николай Николаевич Жуков – Вережников болатын. Сол кезде ол осы мекеменің оба індетіне қарсы күресу бөлімінің меңгерушісі екен. Әрине, оның жанында өзге де айтулы дәрігерлер болған деседі. Бұған дейін оба ошағын емі жоқ індет ретінде өртеп жіберу арқылы жойып келген көрінеді. Осындай қауіп қоныстас Ақбасты мен Ауан ауылына да төнеді. Сол жылдары 37-38 жас шама­сын­дағы Жуков – Вережниковтың командасы індеттің, мән-жайын күні-түні зерттеп, ақыры түйеге бүргеден жұққан оба ауруы деген қорытынды жасайды. Оба дегеніңіз теріге жара, қолтық пен шапқа без боп шығып, өкпеге түсетін аса ауыр сырқат екен. Госпиталь ашылып, індетті жұқтырғандар, қарым-қатынаста болғандар сонда жатқызылады. 1945 жылдың маусым айында пеницилин, стрептомицин деген дәрілер шықса да әлі өндіріске енгізілмей сынақта тұр екен. Жуков – Вережников әлденеше дәлелдеме келтіріп, осы дәріні пайдалануға жоғарыдан рұқсат алады. Бұл – оба індетіне қарсы алғаш рет қолданылған антибиотиктер-тұғын. Осы дәрілер бірсыпыра тұрғындардың тірі қалуына себепші болады. Және Арал ауданынан тікелей одаққа қарайтын обаға қарсы күресу стансасы ашылады. Бұл мекеме 1990 жылға дейін өмір сүрді. Жуков – Вережниковпен қатар Алматыдан келген медицина қыз­меткерлері Бағдагүл Шолақова мен Айнаш Мұхамбетжанованың да 7-8 ай бойы халықпен араласып, уақытпен санаспай еңбек еткенін жұртшылық әлі күнге дейін ұмытпай еске алып, жақсы істерін айтып отырады. Сондай-ақ, ақ халаттыларға Сталин ұжымшарының (Ақбасты ауылы осы ұжымшардың қамтуында болған) төрағасы Шәріп Ранов пен Ауан балық зауытының директоры Жазықбай Байбазаров не қажеттің бәрін дайын етіп отырады. Осы еңбегі үшін кейін Шәріп Ранов «КСРО денсаулық ісінің үздігі» атағымен марапатталады. Ал Жуков – Вережников медицина ғылымдарының докторы, академик лауазымдарына көтеріліп, 1950 жылы КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанады. Ол сондай-ақ Ресейдің, Өзбекстан мен Қарақалпақ АССР-ның да ғылымына еңбегі сіңген қайраткері болады. Екі бірдей Ленин және Еңбек Қызыл Ту ордендерін омырауына тағады. Жуков – Вережников әлемге танымал ғалымдар тізіміне енген адам. Бұл туралы 2004 жылы жарық көрген Е.П.Ковалеваның «Н.Н.Жуков – Вережников әйгілі ғалым әрі дәрігер» атты кітабында жақсы айтылған. 1945 жылдың қыркүйегіндегі сұмдық оқиғадан бері де 70 жылға таяу уақыт зулап өтіпті. Кезінде іргелі бір ауылдың тұтас жойылып кету қаупіне жең сыбанып қарсы тұрған білікті ғалым-дәрігер Жуков – Вережниковты есте қалдыру шаралары жергілікті жердегі әкім-қараларды ойландырар деп сенгіміз келеді. Шәкірт Дәрмағамбетұлы, дербес зейнеткер. Қызылорда облысы, Арал қаласы. Суретте: Шәріп Ранов пен Жуков – Вережников.