Әу бастан қыз баласына құрметі бөлек халықпыз. Қызда кие бар, қызда құт бар деп қастерлейтінбіз. Қыз бала дүниеге келгенде ырыс пен береке босағаңнан бірге аттайды деп ырымдайтынбыз. «Шаңыраққа шыр етіп келген шақалақ, шаттығын шақыра туады» деген ұғым осындай шынайы ниеттерден кейін қалыптасса керек қой. Қалай десек те, қазақ «Қызы бар үйдің құты бар» деп бекерден-бекер айтпайды. Ал адамзаттың асыл діні Исламда «Кімнің үйінде қыз бар болса, ол үйге күн сайын көктен он екі береке түседі. Ол үйге періштелер тынбай келіп тұрады. Әрбір күн, әрбір түн сайын олар сол қыздың ата-анасына бір жылдық құлшылықпен тең сауап жазып отырады» деп ғибрат етеді.
Ендеше, қызыңыз болса, қуаныңыз! Алла қыз берген сайын жұбаныңыз! Өйткені бәрі еселенеді. Құт та, кие де, ырыс та, сауабыңыз да... бәрі-бәрі... Қаншасын беремін десе де жасағанның жомарттығында шек жоқ қой. Екеу берсе де, бесеу берсе де, тіпті жетеу берсе де... Бізді осы ой қанаттандырды. Бір шаңырақ астында өсіп-өнген апалы-сіңлілілер туралы індетіп жазбаққа ниеттендік. Іле-шала іздестіру қамына кірістік. Көп ұзамай Ақтөбе қаласынан біз іздеген бұрымды бауырлардың бір хабары шықты.
Расында да, сол өңірге сыйлы, өз еңбегімен аты танылған Қажымұқан Демеуов ағамыздың шаңырағында үйелмелі-сүйелмелі жеті қыз жарық дүние есігін ашқан екен. Сонау 1975 жылы сүйіп қосылған жары Бибатпа Тажиданқызымен көңіл жарастырып, Ойылда отау көтеріп, шаңырақ тіктейді. Міне, жеті ханшайымның көрер жарығы да дәл осы кезеңдерден бастау алады...
Келін болып түскеннен бастап Бибатпа апамыз ерін піріне балап, үнемі қас-қабағына қарайлапты. Жақсы жар, өнегелі келін болуды өмірлік мақсат тұтса керек. Иә, жақсы жар болып өту оңай шаруа емес. Оның үстіне, азаматы бір әулеттің үлкені мен кішісінің қамын күйттеген қамқор жан болса, оның бұл қызметіне алдымен қосағы қолдау көрсету керек. Түскен шаңырағына тез-ақ сіңісіп кеткен ибалы келін еш именбестен парасатты енесінің тәлім-тәрбиесін басшылыққа алды.
«Қызылды-жасыл дүниеден биік тұрып, қызғаныштан ада, кең болсаң, кем болмайсың, әуелі еріңнің жағдайын жасап, төріңнің керегін қамдасаң, бір асым етіңнің берекетін келтіріп, үйіңе келген мейманмен бөліп жесең, қонағың тамаққа емес, көңіліңе тояды. Жақынның кемшілігін кешіре біл. Ашуыңа жол берме, кірбің тартқан қабағың мен көз жасыңды бала-шағаға көрсете көрме, сонда келген жеріңде қадірің болып, балдай батып, судай сіңесің. Қонағыңа демдейтін жақсы шайың мен дастарқаныңа қоятын дәміңді бөлек сақтап қой...», дейтін Жәния әжейдің мәнді әңгімесі жеті қыздың өмірлік жолында да үлкен тәрбие мектебіне айнала білді.
Бірден айта кетейік, бір үйдің бұрала өскен жеті қызын жазар алдында, көз алдымда жазиралы қазақ даласында жайқала өскен жеті түйір жауқазын келе қалмасы бар ма? Күн қызып, көктем шығысымен қауызын жарып, жапырағын жайып, дала төсінде самал желмен тербеле жайқалатын жаратылыс түрі көрер көзге ерекше бір көрініс сыйлайды екен. Расында да, жауқазын – ерте көктемнің гүлі. Көз жауын алатын көрікті өсімдіктің сабағы нәзік болғанмен, жер астындағы тамыры жуандау келеді деседі. Арғы тарихында елге сөзі өткен айбарлы аталары бар шаңырақ үшін бұл да көп нәрсені аңғартса керек. Бүгінге жеткен кейбір наным-сенімдерде жауқазынның қауызында байлық пен бақыт жасырынып отырады-мыс деп те айтылып жатады. Мүмкін рас та шығар...
Қажекең мен Бибатпа анамыз да жеті қызды жұрттан кем қылмай жеткіземін деп жарғақ құлақтары жастыққа тимей күні-түні еңбектенді. Сол еңбектің өтеуі шығар, жетеуі де білімді әрі тәрбиелі, инабатты да ибалы болып бой жетті. Тек тағдыр жолында аналарынан сәл ертеректеу ажырап қалғандары болмаса, өңгесінің бәрі өз кезегімен болып жатты. Бұл тұрғыда Қажымұқан ағамыз былайша бір ойын білдірді:
«Заты қыз бала демесең, ер баладан еш кемдігі жоқ. Шынтуайтына келгенде, жетеуін жетпіс ұлға айырбастай алмас едім. Менің тағдырым олардың әрқайсымен тікелей байланысып, тамырласып жатыр. Оны үзу әсте мүмкін еместей. Алла берді, алғысымызды айтып жұбайымыз екеуміз қал-қадірімізше оларды жеткізуге күш салдық. Әр қызым дүниеге келген сайын ерекше бір сезімде болғаным рас. «Үш қызы бар әке жұмаққа барады» деп жатады ғой жұрттар. Шүкір деймін. Осы тұста ойыма Шернияз ақынның мына бір шумақтары орала кеткені:
«Жердің тайғақ болғанын, мұздан көрдім,
Еттің ащы болғанын, тұздан көрдім.
Жас күнімде қыз бала деп менсінбеп ем,
Қартайғанда рахатты қыздан көрдім».
Біздің ұлтымыздың бар болмысын, тілі мен дінін, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, бойына дарытатын да әйел-аналар. Сондықтан ертеңгі ана, бүгінгі қыздарымызды дәстүрге сүйеніп, уақыт талабына сай тәрбие алуы – ата-ананың ғана емес, бүкіл қоғамның алдында тұрған жауапкершілік. Аналары аман жүргенде бұдан да жақсы болар ма еді деп армандайсың ғой адам болған соң. Бірақ шешелері дүниеден өткенде қыздарымның бәрі естерін біліп қалған болатын. Олар үшін өте ауыр соққы осы болды», дейді Қажекең. Бұл жайында қыздардың өзі де былайынан ағынан жарылады:
«Түн ұйқысын төрт бөліп, біз үшін өле-өлгенше жанын беретін ананың балаға деген махаббаты мәңгілік әрі шексіз. Алғаш көзіңді ашқан кезде бауырына басып, «балам» деп өбектеген аналық әлдиі, бүтінін беріп жартысын алған, барын беріп жоғына қанағат танытқан да сол аяулы анаң ғой.
Ал бірақ та анаң бұл дүниеден өтіп кеткенде ол туралы айту қиынның қиыны екен. Жақын жанның жанымызда жоқтығы бізге өте ауыр тиді. Тіпті неден бастарымызды да білмей дел-сал болдық. Оны сағынып, зарығып жүргеніміз тағы бар. Өмірден озғалы қаншама уақыт өтсе де, оның жарқын бейнесі санамызда, жүрегіміздің төрінде әлі күнге дейін сақтаулы тұр. Оның мейірімді көздері, сұлу ажары сол қалпында көз алдымызда».
Қазақ қашан да қыз баласын қымбат қазынасына балап, қонақ деп төрін ұсынып, құрметтен әсте кенде қылып көрген емес. Орайы келген осы тұста Қажекеңнің «жеті қазынасын» жеке-жеке таныстырып өтуді жөн деп санадық.
Әуелгісі – Әдемі. Қажекеңнің төлбасы тұңғышы. Бүгінде білікті маман, антына адал болып, дертіне дауа іздеген жанға ем-шипасын жасап, қаншама жылдан бері күн-түнмен санаспай, өзінің емделушілеріне барынша көмектесіп келе жатқан ақ халатты абзал жан. Әдемінің шипагерлік шеберлік өтілі ширек ғасырдан асып барады. Жуырда туған қаласының төрінен ауырып-сырқаған балаларға ауадай қажетті жеке клиникасының есігін айқара ашты.
Текті әулеттің тағы бір қызы – Гүлназ Қажымұқанқызы. Қаршадайынан ілім-білімге құштар болып өскен Гүлназ өсе келе қаржы саласын таңдады. Біліктілігі жоғары маман қызмет пен ғылымды да қатар алып жүрді. 2009 жылы экономика саласы бойынша кандидаттық диссертациясын қорғады. Бұл күнде Ақтөбе қаласындағы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе аймақтық университетінде оқытушылық қызметте.
Келесі бұрымдымыз – Беріштің айдай сұлуы Бұлбұлы. Ол әжелері мен анасынан дарыған жан-жақты қасиеттерін мектепте жүріп-ақ дамытты. Жоғары білімді Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе аймақтық университетінде алып, заманға сай ағылшын тілінен аудармашы болуға талаптанды. Шұғыл шешім қабылдай білу қабілеті Түркияға қарай жетелеп, отбасымен сонда қоныс аударды.
Апалы-сіңлілілердің арасынан алғаш болып Астанаға қарай бет түзегені Нұргүл Қажымұқанқызы. Таңдаған мамандығы тарих болатын. Ақтөбедегі жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін, ұстаздық жолы басталды. Тарих ғылымдарының кандидаты. 2016 жылдан бастап С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде Қазақстан тарихы кафедрасында аға оқытушы қызметін атқарып келеді.
Демеу атасының дара қыз, дана қызы, ол – Гүлдана. Ол Ақтөбе қаласындағы үздік білім ордаларының бірі №32 мектеп гимназиясында оқып жүргенде-ақ, экономика саласына қызықты. Асқақ арман Қазақ ұлттық техникалық университетінің экономика мамандығына қарай жетелеп, оны 2007 жылы үздік дипломмен тәмамдады. Магистратураға көптің қолы жете бермейтін КИМЭП-ке түсті. Шетелдік оқытушылардан дәріс алып, көптеген тың жоба жасап, мол тәжірибе жинап, MBA магистратурасын аяқтады. Осындай қомақты білім қорымен қаруланған ару бүгінде белгілі банк қызметкері.
Ал Гүлзат пен Гүлшат, ата-анасының мейірімі мен махаббатына ерекше бөленген үйдің кенжелері. Ата-анасымен кеңесе келе қыздар екі түрлі мамандық таңдады. Гүлзат химиялық инженерия бағытында «Болашақ» бағдарламасымен Ұлыбританияның Бат университетінде бакалавриатты, кейіннен сол елдегі Лидс университетінде магистратураны жалғастырды. Анасының ғалымға деген құлшынысы берілген болар, «Болашақтан» кейін елге оралып Назарбаев университетінде ғылым жолын қуып, қазіргі таңда ғылыми қызметкер болып нанотехнология саласында жаңалықтар ашуға талпынып жүр. Ағылшын тілін мектеп оқушыларына жеңіл үйренуге бағытталған бірнеше кітаптың авторы.
Гүлшат болса, алдымен Алматы қаласының Қазақ-Британ техникалық университетінің «Қаржы және есеп» мамандығының бакалавриатын, «Болашақ» бағдарламасымен Ұлыбританияның Бат университетінде магистратурасын жалғастырды. Бүгінде білім саласында сұранысқа ие мұғалім қызметін атқарып жүр.
Жайқала өскен жеті қыз бүгінде өз алдарына жеке-жеке бір-бір отау иелері. Қажекең мен Бибатпа анамызға да күйеу балалардың келісті, кереметтерін таңдап бергенін қарасаңызшы...
Жеті қыз жаққан от жан-жағын жылытуға жеткілікті екен деп ой түйдік. Ошақтарыңыздың оты өшпесін, апалы-сіңлілілер!
P.S. Сөзіміз аяқталар тұста ойымызға заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің: «Қыз тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейміз» деген ұлағатты сөзі оралды. Расында, жалпы қоғамның басты байлығы адам деп есептелсе, парасатты да тәрбиелі қыздар – қоғамның ортаймайтын ең құнды қазынасы болып қай ғасырда да қала береді.