• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
26 Маусым, 2014

Тажалды тежеу талабы

785 рет
көрсетілді

Есі кіргеннің де, есі әлі кірмегеннің де есін алатын есірткіге салыну әдеті бүгінде адамзат баласын алаңдатып отырған ең қатерлі кеселдің біріне айналды. Сондықтан, бұл дертке бой алдырмаудың, мүмкін болса одан хал-қадерінше арылудың жолын іздемеген ел кемде-кем. Бірақ өмірдегі шындықты жұрттың бәрі көріп отыр. Есірткіге еліктеу де, одан арыла алмай нашақорлыққа салыну да, сөйтіп, ақыр аяғында іріп-шіріп өлу де үйреншікті жағдайға айналғандай. Бұдан кейін кесірлі кеселден құтылар еш амал қалмағандай көрінеді. Әйтседе, «Сақтансаң сақтайды» дегендей, есірткіден сақтану мен нашақорлыққа қарсы түрлі шараларды ұйымдастыра білген ұтатыны анық. Соған қарағанда, әрі ресми статистикалық деректерге көз жүгіртсек нашақорлардың саны елімізде соңғы бес-алты жылдың көлемінде біраз азайған көрінеді. Бұл деректерге сүйеніп, бір сәт көңілімізді демесек те, нашақорлық қайдан шыға береді, жастарымыз есірткінің арбауына неге түсе береді деген сауал маза бермейді. Сондықтан да, есірткіден қорғау амалы қандай, жалпы, есірткі сатып, пайда табуды көздегендерге қарсы күрес қалай жүргізіліп жатыр деген сұрақтарға жауап іздеп, Ішкі істер министрлігі Есірткі бизнесіне қарсы күрес комитеті төрағасының орынбасары, полиция полковнигі Ардақ Ерсейітовке жолыққан едік. – Ардақ Жайдақұлы, егемен­дігімізді алдық, етек-жеңіміз­ді жидық, шекарамызды шеген­дедік дегендей, барлық жағдай жақсы, алайда, осы бір аяқтан шалар есірткі елімізге қайдан, қалай келе береді? – Иә, дұрыс айтасыз, қауіп қайдан демеңіз. Алайда, елімізде барлық мемлекеттік органдардың бірлесе қабылдап отырған кешенді іс-шаралары арқасында есірткі жағдайының өршуіне, есірткінің заңсыз айналымына қарсы тегеу­рінді тосқауыл қойылуда. Бірақ, Ауғанстандағы халықаралық қылмыстық топтар біздің еліміздің аумағын Ресей мен Еуропаға есірткі жеткізуге пайдалануға тырысып бағуда. Оны да жасыра алмаймыз. Сонда біздің еліміздің аумағынан есірткі транзиті «солтүстік маршрут» деп аталатын бағыт арқылы Ресейге, одан әрі Еуропа елдеріне өтеді. Көрдіңіз ғой, осы бағыттар арқылы кетіп жатқан есірткі бөлігі белгілі бір мөлшерде өткен жолдарында да қалып жатыр. Дегенмен, халықаралық сарап­шылардың бағалаулары бойынша соңғы жылдары Ауғанстанның солтүстігінде апиын көкнәрі ала­ңының бұрынғысынан қысқар­ғанын, есесіне оның оңтүстік елді мекендерінде бел алғанын атап көрсетуде. Мұны шетелдік сарапшылар Таяу Шығыстағы және Солтүстік Африка елдеріндегі қоғамдық-саяси жағдайлардың ушығу ошақтарының туындауымен және соған орай есірткі трафигінің өзгеруімен байланыстырады. Сонымен қатар, Ауғанстанның оңтүстік елді мекендеріне героин өндіруге қажетті прекурсорлардың Үнді мен Пәкістаннан тікелей жеткізілуі есірткі өндіретін орта­лық­тардың орын ауыстыруына үлкен ықпал етіп отыр. – Ендеше, Біріккен Ұлттар Ұйымының баяндамасында Ауғанстаннан шығатын героин трафигінің Пәкістан, Иран, Түркия, одан әрі Еуропа мен Ресейге тікелей шығуын қамта­масыз ететін Балқан түбегі арқы­лы өтетін жаңа маршруты бар екені айтылғандығында шындық бар-ау. Демек, бұл жағ­дайға назар аударар болсақ, Қазақ­­стан аумағы арқылы өтетін героин трафигі көлемінің қысқар­ғанын байқаймыз ба? – Соңғы жылдары ел аумағы арқылы өтетін героин трафигі көлемінің қысқарып отырғанын нақты айта аламыз. Бұл тек сіз айтқан себептерге ғана байланыс­ты емес. Нақты дәлел, Қазақстанда оңтүстік шекараларды нығайту бойынша бірегей шаралар қабыл­данды: шекаралар заманауи тексеру құрал-жабдықтарымен, яғни, тек өткізу пункттерінде ғана емес, оның периметрі бойын­ша қор­ғаныс және бақылау құрал­дарымен жабдықталды. Осы мақ­сатқа елі­міздің бюджетінен 232 млн. АҚШ доллары көлемінде қара­жат бө­лініп, игерілді. Орталық Азия бо­й­ын­ша мұндай шаралар көп­­­­­­­теген елдерде қабылданған емес. Еліміздің оңтүстік өңірлерінде ұйымдасқан есірткі топтарын, ірі есірткі саудагерлерін және контрабандашыларды құрықтауды қамтамасыз ететін ішкі істер орган­дарының мамандандырылған есірт­кіге қарсы бөліністері мате­риалдық-техникалық тараптан күшейтілді. Жоғарыда атап өткен шараларды іске асырудың пәрменділігіне әрі профилактикалық тиімділігіне қол жеткізу мақсатында отандық және шетелдік бұқаралық ақпа­рат құралдарында кеңінен ақпа­раттық науқандар жүргізілуде. Осының есебінен, бірінші кезекте заңсыз есірткі тасымалдау үшін Қазақстан аумағын пайдалануға ниетті ұйымдасқан қылмыстық есірткі топтары үшін қолайлы жағдайларды жою көзделді. – Демек, қазіргі күні осы шаралар салдарынан героин тапшылығы «отандық» есірткі нарығында байқалған жайы бар дейсіз ғой? – Бұл, жоғарыда айтқаным­дай, есірткі нарығындағы жағ­дайды біздің бақылауда ұстап отыр­ғандығымыз. Соның салдарынан қара базардағы героин тапшылығынан оның көтерме саудадағы және жеке саудадағы бағасы 6 есе өсті. Бұдан мәселенің екінші жағы көрінді. Енді есірткіге тәуелді жастар қатары синтетикалық есірткілерге әуестене бастады. Бұл синтетикалық есірткілер (ЛСД, экстази, амфетамин) Ресейден және Батыс Еуропа елдерінен әкелінеді. Әрине, қабылданып жат­қан нақты шаралардың нәти­жесінде нашақорлықтың бұл түрінің тереңдеп таралуына да жол берілмеуде. Жастардың демалыс­ орындары, оқу орындары жан-жақты жіті бақылауда тұр. Мәселен, өткен жылдың соңында Ресейден синтетикалық есірткіні жеткізумен айналыса бастаған ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды. Сонымен қатар, бұл героин­ тапшылығы нашақорларды есірт­кіге елітудің жаңа жолдарын іздете бастады. Бұл ретте қолжетімді дәрілік препараттардың қосындыларынан жасалатын «дәрілік» немесе «дәріханалық» нашақорлықты айта аламыз. Мәселен, жантүршігерлік «дезоморфин», оның халық аузындағы атауы «қолтырауын». Мұндай есірткіге бас қойған нашақордың денесі қысқа мерзім ішінде-ақ іріп-шіріп кетеді. Әрі оны шығарумен әуестене бастаған зертханалар Солтүстік Қазақстан облысында және Павлодарда анықталып, дер кезінде жойылды. Дәріханалар бойынша да жедел іс-шаралар жүргізілуде, құрамында кодеині бар тыйым салынған препараттарды рецептісіз сатуға жол берілмейді. Есірткі бизнесі үшін Қазақстан ауған героинін тарататын елдер қатарына жатпайды, тек жоғарыда айтқанымыздай, ел аумағы транзит ретінде пайдаланылуда. Героин халықаралық ережелер бойынша жүгі ақтарып, тексеруге жатпайтын «TIR» режіміндегі сүргі салынған (пломбыланған) автокөліктермен, теміржол вагондарымен контейнерлерде тасымалданады. – Қазіргі кезде жастар арасында шылымға араластырып шегуге арналған қоспалар түріндегі есірткілік заттар тарай бастады дейді. Олар қайдан келіп жатыр? – Уақыт бір орында тұрмайды, есірткіні тасымалдаушылар мен­ оның түрін жасаушылар да қарап жатпайды. Сондықтан есірткілердің жаңа түрлерінің пайда болып жататыны жасырын емес. Соның бірі – шегуге арналған шөп қоспалары (микстер, спайстар). Олар туралы ақпарат елімізде алғаш рет 2009 жылы пайда болды. Бірнеше рет мақсатты жедел іс-шара өткізіліп, олардың құрамында есірткі немесе психотроптық зат­тар бары анықталды. Осы микс­­терді («Genie»,«Sen Cati­on»,­ «Da­miana chocolate», «Jan Rush»,«Spice»,«Effie») сату­дың алғаш­қы фак­тілері Алма­ты­ қала­сын­да тіркеліп, олар­дың құра­мынан тетрагидро­кан­на­бинолдың аналогы – синте­тика­лық каннабиноид (JWH) бары анықталды. Шегуге арналған бұл қоспа­лардың адам ағзасына елеулі зиян тигізетінін ескеріп, шұғыл шара қолдану үшін еліміздің аумағында аталған заттарды сатуға және тұтынуға тыйым салынды. Мұны заңнамалық тұрғыдан нығайту мақсатында «Есірткі, психотроптық заттар, прекурсорлар және олардың заңсыз айналымы мен теріс пайдаланылуына қарсы іс-қимыл шаралары туралы» Заңға аталған шөп қоспаларының құрамында кездесетін 28 синтетикалық каннабиноидт шектеу енгізілді. Яғни, осы заттардың заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік белгіленді. – Ардақ Жайдақұлы, айтып жатқандарыңыздың бәрі түсінікті, енді есірткі бизнесіне қарсы күрестегі жұмыстың нақты нәтижесі бар ма, сол туралы айтсаңыз? – Неге болмасын, әрине, бар. Мәселен, жылдық қорытындылар бойынша сөз етсек, өткен жылы 3639 есірткі қылмысы, оның ішінде 2155 есірткі сату фактісі, 228 есірткі контрабандасы анықталды. Заңсыз айналымнан 25,8 тонна әртүрлі есірткі, оның ішінде 735 кг. героин алынды. Нәтижесінде есірткі тұтынушыларға бағытталған есірт­кінің 35 млн. біржолғы мөл­шерінің жолы кесілді, ал оларды сатудан есірткі саудагерлері алуы мүмкін 5 млрд. теңге (31 млн. АҚШ доллары) көлеңкелі айналымға жіберілмеді. Жоғарыда айтып өттім, есірткі бизнесіне қарсы күресте барлық мемлекеттік органдар бірлесе күрес жүргізеді. Есірткі қылмыстарының ұйымдасқан нысандарына қарсы іс-қимыл бойынша кешенді шаралар ведомстволық және ведом­ствоаралық бірлескен жедел-іздес­тіру іс-шаралары шеңберінде жүзеге асырылады. Оларды іске асыруға Ұлттық қауіпсіздік коми­те­тінің, ҰҚК Шекара қызме­ті­нің, Қаржы министрлігі Кеден­дік ба­­қылау комитетінің, Эконо­мика­лық қылмысқа және сыбай­лас жем­қорлыққа қарсы күрес агенттігінің бөліністері жұмыл­дырылады. Іс-шаралар жоспары есірткі контрабандасы саласындағы ҰҚТ әрекеттерін анықтау мен жолын кесуге, есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл жасау, есірткі кірістерін заңдастыру фактілерінің жолын кесу бойынша құқық қорғау органдарының өзара іс-қимылын қамтамасыз етуге бағытталды. Бұл орайда, ішкі істер органдарының жедел және тергеу бөліністері қыз­­меткерлері құрамынан тұрақ­ты жұмыс істейтін арнайы бөлім­дер құрылып, олар есірткі бизне­сі саласындағы ұйымдасқан қылмыс­тық топтарды анықтап құжат­тан­дыру әрекеттерінің жолын кесуде. Өткен жылы 62 есірткі қыл­мысын жасаған 12 ұйымдасқан қылмыстық топ әшкереленді. Олардың 12 басшысы мен 44 қаты­сушы қылмыстық жауап­кер­­шілікке тартылды. Есірткі кіріс­­терін заңдастыру бойынша 8 қылмыстық іс қозғалды, олардың шеңберінде 18 млн. теңгеден астам қа­ражат алынып, мүлікке тыйым­ салынды. Жалпы, есірткі қыл­мыс­тарының басым бөлігі есірткі сату және есірткі контрабандасы фактілерінен құралатыны белгілі. Мәселен, үстіміздегі жылдың өткен мерзімінде бір мыңнан астам есірткі сату фактісі анықталды. Шекарадан заңсыз есірткі алып өтудің (контрабанда) 50 фактісі анықталды. Заңсыз айналымнан 2 тоннадан астам есірткі, оның ішінде 90 кг. героин тәркіленді. Әрине, бұл шекара қызметімен, кедендік органдармен бірлесе оты­рып кешенді шараларды қабыл­даудың нәтижесінде жеткен жетістік дейміз. Мемлекеттік шекара­дан өту пункттері, шекара бойы нығайтылып, тексеру құ­рал-жабдықтарымен, қызметтік-іздес­тіру иттерімен қамтамасыз етілуде. Сол сияқты көпшілікке аты мәлім қарасораның өнім беретін кезеңінде жалпы республика­ бойынша «Көкнәр» жедел-профи­лактикалық іс-шарасы өткізіледі. Биылғы жылы 2 маусым күні осы шара бастау алды. Оның мақсаты – Шу алқабында өсетін қарасорадан дайындалатын есірткіні тасу жолдарын анықтау, оның жолын кесу. Барлық аймақтарда ауған есірткісін тасымалдау арналарын жабу, есірткі бизнесімен айналысатын ұйымдасқан қылмыстық топтарды анықтап, олардың қылмыстық әрекеттерін жою, сонымен қоса ведомствоаралық есірткі бизнесімен күрес бойынша өзара іс-қимыл жасасу тиімділігін арттыру үшін мақсатты іс-шаралар жүргізіледі. Шу алқабын жіті бақылау мақсатында Жамбыл облысы ІІД есірткі бизнесімен күрес жөніндегі «Дельта-Долина» аймақаралық арнайы бөлім қызмет атқарады. Жамбыл облысының басты тас жолдарында қосымша бекеттер құрылып, жергілікті автожолдарда, құмды өңірлерде мобилдік топтар күзет атқарады. Еліміздің өзге де аймақтарында белсенді жұмыс атқарылуда. «Көкнәр-2014» операциясын жүр­гізу өзге де ауқымды жедел және профилактикалық шаралармен қоса, соның ішінде алдын алу жұмысын күшейту, көші-қон легін төмендету елдегі есірткі жағдайына оң әсерін тигізері сөзсіз. Мүдделі органдармен бірлесе отырып, «Допинг», «Шеп» жедел іс-шаралары, ал Шанхай ынтымақтастық ұйымы және Тәуелсіз елдер достастығы шеңберінде де бірқатар арнайы шаралар жүзеге асырылуда. Оңтүстік шекара арқылы елі­мізге енген есірткінің ірі партиялары бірден жойылады. Наурыз айының соңында Жамбыл облысындағы аумақтық есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының қызмет­кер­лері Мемлекеттік шекараны бұзып өтіп, 12 кг-ға жуық героин тасымалдаған Қырғыз елінің азаматын қолға түсірді. Сон­дай-ақ, Қарағанды қаласында тіке­лей комитет қызметкерлерінің жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде тағы бір қырғыз елінің азаматы 6 кг. героинмен ұсталды. Жедел жұмыстарды жалғастыру барысында әлгі азаматтан қосымша 18 килограмнан астам героин тәркіленді. Сөйтіп, бұл жолы жалпы салмағы 24 кг. героин құртылды. Егер героиннің бір жолғы мөл­шері орташа алғанда 0,1-0,2 грамм екенін ескерсек, қаншама өмір­дің­ есірткіге тартылуынан құт­қа­­рылғанын білуге болады. Бұл Ес­ірт­кі бизнесіне қарсы күрес коми­тетінің атқарып отырған жұ­мы­сының бір бөлігі ғана. Жұ­мыла көтер­ген жүк жеңіл дейді. Бұл рет­­те мүдделі мемлекеттік орган­дар­­дың ғасыр қасіретіне қарсы же­дел-про­филактикалық шаралары кеңі­нен жүргізіле бермек. Әңгімелескен Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан».