Ұлт киносының тұғыры биік тұлғасы Сұлтан-Ахмет Қоңырқожаұлы Қожықовтың туғанына 100 жыл толып отыр. Қазақ жерінде қолына кинокамера ұстаған алғашқы адамдар 1925 жылы Түрксіб темір жолының салыну барысын түсіруге келген екен. Ол кезде Сұлтан ағамыз екі жаста ғана болатын.
«Қыз Жібек» фильмін түсіру «Қазақфильм» киностудиясы үшін өте маңызды кезең болды. Бұған дейін қазақ өмірінің өткен заманда қандай ауыр да азапты болғанын, халықтың тұрмысы жоқтық пен тарлықта өткенін фильм жасауды қолға алған Сұлтан-Ахмет Қожықов бастаған топ жақсы білді
Басқа туындыларын былай қойып, тек «Қыз Жібек» фильмін еске алғанның өзінде Сұлтан Қожықов қазақ кино өнерінің жарық жұлдызы болып есептелетіні әмбеге аян. Ағамыз туралы осы естелігімізді ел мәдениетінің алтын қорына енген «Қыз Жібек» фильмінің түсірілу тарихына арнағанды жөн көрдік. Себебі жаңа буын жастар өсті және мұндай орасан зор тарихи оқиғалар туралы, өкінішке қарай, көп айтыла бермейтіні де жасырын емес.
Қазақ «Қыз Жібек» жырын «махаббат гимні» деп атайды. Ғасырлар бойы ауыз әдебиетінің дамуында эпос өзгерістерге ұшырап, жетілдіріліп, нағыз көркем туындыға айналғаны анық. Солай болса да қазақ қоғамында жеке бастың бостандығы, сезім мен махаббат еркіндігі туралы пайымдар ашық айтыла бермеген. Ескі рулық заманның неке мен отбасына қатысты салттары үстем болғаны да белгілі. Солай бола тұрса да «Қыз Жібектің» шығуы сол дәуірдің өзінде-ақ халықтың эстетикалық пайым-түсінігіне белгілі бір дәрежеде жаңалық болғаны уақыт талабын білдіреді. Төлегеннің де, Жібектің де өзіне лайық жар іздеуі, сүйіспеншілікпен үйленуді көздеуі – сол кезеңдегі жастардың ойында, көкірегінде жүрген арманын, мұңын, тілегін аңғартады. Жырдың ел арасында кең тарауының басты себебі де осында. Википедияны ақтарып отырған әр қазақ «Қыз Жібек – қазақтың ең көне мұраларының бірі, лиро-эпостық дастан» екенін біледі. «Қыз Жібек» жыры – аңыз емес, тарихи оқиға, кейіпкерлері өмірде болған адамдар. Жырдың негізгі кейіпкерлері – Төлеген мен Жібек бірін-бірі шын сүйген ғашықтар, бірақ әке батасынан аттап кеткен Төлегеннің өлімі мен Жібектің қайғылы тағдыры заманында талай жанарға жас үйірілткені айтпаса да түсінікті. Жібек бейнесін сұлулық пен әсемдіктің нышаны, жырды қазақ халқының рухани құндылығына қосылған баға жетпес асыл мұра десек, қателеспейміз.
Қазақтың ұлттық лиро-эпикалық «Қыз Жібек» дастанының кинонұсқасы 1972 жылдың қыркүйек айында әлемдік экранға жолдама алған. Жоғарыда атап өткеніміздей, 1969-1971 жылдары «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген бұл екі сериялы көркем фильмнің кинорежиссері Сұлтан-Ахмет Қожықовтың туғанына бүгін 100 жыл толып отырғаны тілге тиек болып отыр.
Сұлтан-Ақмет Қожықов 1923 жылдың 10 наурызында Жамбыл қаласында Алаш қайраткері – Қоңырқожа Қожықовтың (1880-1938) отбасында дүниеге келген. Анасы Ләтипа Мұңайтпасова-Қожықова (1893-1960). Олардың Сұлтан-Ахметтен үлкен үш ұлы Қожа-Ахмет, Құлахмет, Нұрахмет өсе келе қылқаламынан тамаша дүниелер туған дарынды суретшілер болды. Оларға еліктеген Сұлтан-Ахмет те суретке қабілеті бар eкeнін ерте көрсете бастады. Оған себеп балалардың анасы Ләтипа қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш театр суретшісі, сахна безендірушісі еді. Сұлтан-Ахмет дүниетанымының қалыптасуында негізінен әкесінің ықпалы зор болды. Ол қазақ мектептерінің мұғалімдері мен шәкірттері үшін әр дыбысты жеке әріппен таңбалайтын «Әліппе» жазған адам. Ағартушылықпен қатар ұлттық қозғалысқа қатысып, қоғамдық-саяси жұмыстарға белсене араласқан. Тіпті Түркістан Орталық атқару комитеті мен оның төралқасының мүшесі, бірнеше рет ТүркЦИК мүшесі, Қосшы ОК басшыларының бірі болған. Мәдениет саласына да үлкен үлес қосқан тұлғалардың бірі, 1935-1936 жылдары профессор С.Асфендияровтың жетекшілігімен жарық көрген «Қазақтың өткендегі тарихы туралы деректер мен материалдар» атты екі томдық құнды еңбекті құрастырушылардың бірі. Ұлттық көне ескерткіштерді қорғау комитетін ұйымдастырып, Қазақстандағы бағзы ескерткіштердің атлас-картасын жасаған қайраткeр.
Сұлтан-Ахмет мектеп қабырғасында жүргеннің өзінде сурет салуға машықтана бастаған. Оның алғашқы суреттері «Ара» журналы, «Известия» газеті сияқты басылымдарда жарық көрген.
1941 жылдың маусымында Ұлы Отан соғысы басталғаннан-ақ он сегіз жасар С.Қожықов әйгілі 8-ші гвардиялық панфиловшылар дивизиясы жауынгерлері қатарында неміс-фашистеріне қарсы соғысқан. Майданнан жеңіспен оралған Сұлтан-Ахмет ағасы Құлахметтің кеңесімен Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтының режиссерлік бөліміне кеңес одағының танымал кино шебері Александр Довженконың шеберханасына оқуға түседі. Институтты 1953 жылы бітірген ол Алматы көркемсуретті және деректі фильмдер киностудиясында еңбек ете бастайды. Жас режиссерге оның тәжірибелі ленинградтық кинорежиссер Павел Боголюбовпен бірге екінші режиссер дәрежесінде жұмыс атқарған «Шабандоз қыз» атты фильмі өте қолайлы тәжірибелік әсер береді. «Ана мен бала» деп аталған алғашқы режиссерлік дебютін өзінің сценарийі бойынша түсіреді. Фильм жастар тәрбиесіне арналған маңызды тақырыпты көтереді. Режиссер кино өнерінің көркемдік мүмкіндіктерін игеруді қоршаған орта мен өмірдің қызық сәттерін бастан кешудегі жас тұлғаның орны және оның іс-әрекеттерін киноның бейнелеу әдістемелерімен сәйкестендіру арқылы ұтымды жолдарға бағыттайды. Сөйтіп, жаңа экрандық шешімдерге жетуді меңзейді, кино тіліне өзіндік жаңалық енгізгісі келеді. Осындай ізденістер мен талпыныстар Сұлтан-Ахмет Қожықовтың келесі фильмдері «Біз Жетісуданбыз», «Егер біз әрқайсымыз...», «Жартас үстіндегі Шынарда» молынан байқалады. Адам өмірінің қоғам дамуымен тығыз байланысы туралы философиялық концепция адамның жан дүниесінің жарасымды дамуына жол іздеуді талап ететіні анық. Әрине, әр тақырыптың өзіндік қайталанбас экрандық шешімі болатыны даусыз. Әр шығарманың авторы өзіндік үлгі не болмаса стиль қарастыратыны да белгілі. Сондықтан Сұлтан-Ахмет Қожықовтың режиссерлік қолтаңбасының ерекшелігін, шығармашылығының шарықтаған шыңын өзге туындыларынан гөрі «Қыз Жібек» фильмінен іздеген дұрыс деп есептеймін. «Қыз Жібек» фильмі десек Сұлтан Қожықовты, Сұлтан Қожықов десек «Қыз Жібек» фильмін елестетеміз. Бұл Сұлтан ағамыздың жұлдызды сәті. Басқаша ойлау да мүмкін емес!
«Қыз Жібек» жырында қазақ халқының өмірі мен тұрмысы, кәсіп-тіршіліктері мен салт-санасы, елдігі мен ерлік істері, ар-ожданы мен арман-мақсаты жан-жақты, терең әрі көркем жырланғаны қызығушылық пен көңіл күйдің сүйсінуі мен шарықтауына жол ашады. Жырды оқыған оқырманға, фильмді көрген көрерменге небір әсерлі әсем сезімдер сыйлайды. Ертеректе өзіміздің тыңдармандар мен оқырмандарға тамаша көңіл күй тарту ететін «Қыз Жібек» жыры кейінгі жарты ғасырда әлемнің миллиондаған көрерменіне «Қыз Жібек» (1970 жылы) фильмі арқылы Ұлы Даланың аңызға айналған ақ махаббатының сыр-сипаты толыққанды жеткізілгені талассыз.
Сол кездегі «Қазақфильм» киностудиясының директоры Камал Смайылов өзінің естелігінде былай дейді: «... 1967 жылғы 7 қыркүйекте фильмді бастау туралы бұйрық алып, Сұлтан екеуміз Ғабит Мүсіреповтің таудағы саяжайына барған болатынбыз. Сөйлестік, келістік. Ол кісі іске кірісті. Содан жемісті жұмыс істеп, сценарийді бітіріп, араб әрпімен жазған күйінде студияға алып келді. Ғабеңнің сценарийді көркемдік кеңесте шабыттана, толғана оқып шыққаны бәріміздің есімізде. Фильмнің басты идеясы мен пікірі – Төлегеннің «Сыймай жүрсек екен-ау, сыйыса алмай жүрміз ғой!» деген сөздерінде берілген. Сондықтан да фильмнің басында руара, өзара болған шайқастан жеңсе де, жеңілгеннен жаман зардап шегіп, қара жамылған елдің қайта-қайта жүректі тітіркендіретін «Жау-жау... жау Алтайға... Арқаға... келіп қалды» деп өне бойы аттанның астына түсе беруі де заманның рухы мен заңы! Осының бәрі сценарийде жазылған...».
Фильм Дінмұхамед Қонаевтың көмегімен Одақтық Кино комитетінің рұқсатымен екі серия болып ұзартылып жұртқа алғаш рет көрсетілгенде, Ғабит Мүсірепов тебірене сөйлеген екен: «Бүгін мен осы фильмді қойған Сұлтан Қожықов алдында тізе бүгем. Ол ғана емес, бәріңе де рахмет айтамын. Бүгін осы фильмді көруге мына жазушылардың бәрін әдейі ертіп келдім. Оларға алдын ала «Егер фильм орташа шыққан болса, қабылдамаңдар, екі қолдарыңды көтеріп, қарсы болыңдар» деген едім. Енді мен фильм шықты, фильм ұнады деп ашық айтамын. Сіздер Сұлтанға менің құттықтау алғысымды жеткізесіздер деп ойлаймын. (Фильм тапсырылған күні Сұлтан ауырып, келе алмаған екен – автор). Мен онымен үш жыл бойы айтысып келген едім. Дегенмен осы үш жыл екеуміздің арамызда шығармашылық ынтымақ болып келді ғой. Бар ұжымға алғыс айтамын. Әуел баста риза болмай, көңілім толмаған еді. Енді мен бәріңе ризамын, бәріңе рахмет айтамын!..» (К.Смайылов, 3 томдық шығармалар жинағы, «Қазығұрт» баспасы, 2004 ж. 127-бет).
Осы ретте «Қыз Жібек» фильміне қатысты айта кететін тағы бір мәселе бар, ол Сұлтан-Ахмет Қожықовтың «Қыз Жібек» фильмін түсіруіне оның туған ағасы Құлахмет негізгі себепкер болды делінеді көп жерде. Жоғарыда айтып кеткендей, Сұлтан-Ахмет Қоңырқожа отбасының кенжесі, оның үш ағасы да суретші болған, олардың ішіндегі Сұлтан ағаға етенесі, әрине, Құлахмет, ол театр мен киноға жақын адам. Сұлтан-Ахметтің кино институтына түсуіне негізгі себепкер болған да сол ағасы. Құлахмет ағамыз қазақ кино өнеріне елеулі үлес қосқан суретші, бірнеше фильмнің қоюшы суретшісі болған, Шәкен Аймановпен, тіпті Сергей Эйзенштейнмен жұмыс істеген. Қазақта құланның қасынуы мен мылтықтың басылуы туралы түсінік бар ғой. Сол сияқты Құлахмет аға Сұлтаннан он жастай үлкендігі болса да, інісін сол кездегі кеңес одағындағы кино өнерінің шебері Александр Довженконың шәкірті ретінде жоғары бағалап, оның режиссуралық жоспарлары туралы ақылдасып жүретіндігі мәлім. Оның үстіне Құлахмет аға суретші ретінде «Қыз Жібек» лирикалық эпосына өз қалауымен көптеген эскиз бен графикалық ізденістер жасаған адам. Жоғарыда Камал ағаның Мәскеу арқылы «Қазақфильм» киностудиясының жоспарына «Қыз Жібек» фильмін түсіру қажеттігі туралы әңгіме қозғалғанда, ағайындылардың арасында да ондай әңгіме болуы әбден ықтимал. Тіпті заңдылық десек те болады. Фильмнің режиссерлігіне Сұлтан аға бірден ұсынылған. Себебі оның бұл фильмге он алты жыл дайындалғанын киностудия басшылары жақсы білетін. Айта кету керек, Құлахмет фильмнің алғашқы кезеңдерінде қоюшы-суретші міндетін де атқарған. Ол жұмысты әрі қарай не себепті жалғастырмағаны ағайынды екеудің арасында ғана шешілген әңгіме. Құлахмет Қожықов бар эскиздері мен дайындалған графикалық жұмыстарын режиссер бауырының қолына тапсырған. Фильмнің бас суретшісі Гүлфайрус Ысмайылова да эскиздерді өз жұмысында толық пайдаланғаны бүкіл түсіру тобына белгілі. Сұлтекең «Қыз Жібек» фильміне дейін 28 гвардияшыл-панфиловшылар туралы тақырыпқа іштей дайындалып жүрген екен. Ал мұндай фильмді панфиловшы жауынгер Сұлтан-Ахмет Қожықов түсірмегенде кім түсіруі керек еді?! «Қыз Жібек» біткеннен кейін де аталған тақырып көп жыл Сұлтан ағаның жоспарында, сценарлық редакциялық алқаның құжаттарында болғаны да даусыз.
«Қыз Жібек» фильмін түсіру «Қазақфильм» киностудиясы үшін өте маңызды кезең болды. Бұған дейін қазақ өмірінің өткен заманда қандай ауыр да азапты болғанын, халықтың тұрмысы жоқтық пен тарлықта өткенін фильм жасауды қолға алған Сұлтан-Ахмет Қожықов бастаған топ жақсы білді. Сонымен қатар эпопеяда жыр болып айтылатын қуанышты тойлар (әрине, азалы астар да болды), небір ғажап салтанатты кештер – осының бәрі фильм оқиғасының өрбитін ортасы, бәрін экранда көрсету керек. Сырлыбай мен Базарбайдың әсемдікке бөленген бай ауылдары, халықтың сән-салтанатқа негізделген әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлері төрт, алты қанаттан бастап жиырма төрт қанатқа дейін бой түзейтін ақ шаңқан сәулетті киіз үйлер. Асыл тасты әшекейлер, оқалы сәнді киімдер, ат әбзелдері – күміс ертоқымдар, алтын алқалар, қымбат аң терілерінен тігілген киімдер халықтың тұрмыста қолданған бұйымдары. Қазақтың кең даласының ана шеті мен мына шетін жақындастырған, жаумен айқасқанда жаның сақтаған ер жігіттің қанаты – қазақтың қазанаты. Қазақ сахарасының көркем табиғаты – күміс көлдері, мұнарлы таулары, гүл жайнаған кең даласы, қара ормандары бәрі-бәрі бұл фильмде орнын табуы керек. Міне, осының бәрін ұйымдастырып, әзірлеп, дайындау қажет болған. Осының бәрін режиссер Сұлтан-Ахмет Қожықов бастаған түсіру тобы іске асырды. Жарты ғасыр әлем жұртшылығының назарындағы «Қыз Жібек» фильмі халқымыздың мақтанышы мен рухани құндылығына айналды. Кейін сыншылар, өнер зерттеушілері бұл фильмді «қазақ тіршілік-тұрмысының киноэнциклопедиясы, қазақ халқының кино төлқұжаты» деп те атады (К.Смайылов).
Фильмде Қыз Жібек болып ойнаған актриса Меруерт Өтекешеваның бүкіл Қазақстанның сұлу қыздарының ішінен қалай іріктеуден өтіп, рөлге қалай бекітілгені туралы талай аңызды естідік. Ол туралы Камал Смайылов ағамыздың жазып кеткен естелігінен тағы бір үзінді келтірейік: «Актерлерді іріктейтін сәт те келіп жетті. Ең алдымен, әрине, Жібекті дұрыс, дәл таңдап-тауып алу қажет. Бірақ алыстан іздеп жүрген Жібек студияның дәл қасынан, Алматыдан табылды. Бір күні режиссер Мағауина Ғазел Меруерт Өтекешеваны алып келді. Ол Алматының №66 мектебінде, 10 сыныпта оқиды екен. «Келбетті, аққұба, жұқа өңді, көзі қара, сүмбіл шашты – қалай қараса да экранда өте сүйкімді көрінеді. Әрі жас, сондықтан да өте ұяң, қысылып ойнайды. Осы жағы алаңдатады. Ертең драмалық, трагедиялық сәттерде өзін-өзі көрсете ала ма? Ертең «жеңдік» деген хабарды естігенде «сүйіншілеп, ат үстінде екі қолын екі жаққа жайып жіберіп, аққудай қанат жая ұшатын Жібекті көрсете ала ма?» деп Ғабит Махмұдұлы орынды сұрақ қойды. «Қазір ат та олай зулай алмайды. Бірақ кино түсіру басталғанға дейін үйретеміз, жаттықтырамыз. Оған ынтасы да, ыңғайы да бар», деді Сұлтан. Ақыры Сұлтан дегеніне жетті. Меруерт Жібек рөліне бекітілді». Дәл солай Төлеген рөліне Құман Тастамбеков таңдалды.
Рас, Сұлтан аға дегеніне жетті. Қазақ актерлерінің таңдаулы өкілдерін жинады: Бекежан – Асанәлі Әшімов, Шеге – Әнуар Молдабеков, Кербез –Фарида Шәріпова, Қаршыға – Ыдырыс Ноғайбаев, Базарбай – Кәукен Кенжетаев, Қамқа – Сәбира Майқанова. Бәрі де өте дарынды, беткеұстар актерлер. Айта кету керек, түсіру тобының құрамы да өте белгілі суреткерлерден құралған-ды: операторы – Асхат Ашрапов, бас суретші – Гүлфайруз Ысмайылова, композиторы әрі дирижері – Нұрғиса Тілендиев, редакторы – Асқар Сүлейменов.
Уақыт өте келе бұл жұмыстың біз, бүгінгі киногерлер үшін маңыздылығы арта түсті. Әлі де шығармашылық және өндірістік жағынан арнайы кинотану еңбектері жазылатыны анық. Әрине, белгілі себептермен бұл қазақтың ұлттық фильмі болғандықтан, әлемдік фестивальдар мен байқауларға кеңес одағы кезінде қатыса алмағанын, ал қазір уақыт өтіп кетті – кеш, қандай жүлделер мен атақтардан тысқары қалғанын өкінішпен сезінеміз. Бірақ қайталап айтсақ та «Қыз Жібек» – қазақ кино өнерінің ең ғажап үлгілерінің бірегейі. Себебі ол өзінің халықтық фильм екенін, қазақтың ұлттық фильмі екенін жарты ғасырдан бері дәлелдеп келеді, әлі де сол құрметінен айырылмайды деп сенеміз. Фильммен бірге оны өмірге келтірген кино өнерінің хас шебері Сұлтан-Ахмет Қожықов бастаған түсіру тобы мен Жібек – Меруерт Өтекешеваның, Төлеген – Құман Тастамбековтің, Бекежан – Асанәлі Әшімовтың, тағы басқа шеберлердің есімдері қазақ кино тарихынан алтын әріппен жазылды.
Қазақ кино өнерінің осы бір кезеңі (1964-1971 жылдары) айрықша атап өтуді талап етеді. «Қазақфильм» киностудиясының осы жылдарда шыққан туындылардың ішінде «Тұлпардың ізі», «Қараш-Қараш оқиғасы», «Қилы заман», «Артымызда Москва», «Атамекен», «Мәншүк туралы ән», «Тақиялы періште», «Атаманның ақыры» және тағы басқа киноэкран үлгілерінің болуы тарихи заңдылық. Себебі кино саласына жан-тәнімен беріліп жұмыс істегендердің қатарында Ғабит Мүсірепов, Шәкен Айманов, Камал Смайылов, Олжас Сүлейменов, Әкім Әшімов (Тарази), Мәжит Бегалин, Абдолла Қарсақбаев, Асқар Сүлейменов, Қалихан Ысқақов, Тельман Жанұзақов, Ольга Бондаренко және кинорежиссер Сұлтан-Ахмет Қожықовтың есімі ерекше аталады.
Сламбек ТӘУЕКЕЛ,
кинорежиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері