• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Денсаулық 09 Наурыз, 2023

Нәрестеге жасалған шұғыл операция

392 рет
көрсетілді

Тараздық нейрохирургтер үш айлық нәрестеге жедел операция жасады. Науқастың жағдайымен жіті танысқан соң ақ желеңді абзал жандар уақытты сағызша созбай, нәрестенің өмірін сақтап қалу үшін жұдырықтай жұмылып, шұғыл шешім қабылдады.

Бұған дейін де бірнеше мәрте сә­би­лерге күрделі операция жасаған дәрі­герлер бұл жолы үш айлық нә­рес­теге өмір сыйлау үшін аянып қалған жоқ. Гиппократ антына берік азаматтар сәбидің ата-анасымен келісе отырып, сәбиді толық тексерді.

Мидың қалыпты дамуына кедергі келтіретін бас сүйегінің туабітті ассиметриясы бар періштенің жағдайы мәз еместігі анық. Облыстық көп­сала­лы балалар ауруханасының нейро­хирургтеріне үш айлық сәбидің ата-анасы шағымданғаннан кейін періште­нің жағдайы ауыр екенін дәрігерлер де түсінген.

Әбігерге түскен дәрігерлер сәби­дің жағдайын толықтай тексерді. Нәти­жесінде, аспаптық диагностикадан кейін, соның ішінде миға жа­салған КТ-дан соң дәрігерлер балаға сагиттальды краниосиностоз диагнозын қойған. Бұл – бір немесе бірнеше бас сүйек тігістері мерзімінен бұрын өсіп, бас сүйегінің деформацияла­нуына және мидың қалыпты дамуы­на кедергі келтіретін ауру. Дәрігерлердің айтуынша, мұн­дай диагноз мың баланың біріне ғана қойы­лады екен. Сондықтан да мұны сирек кездесетін жағдай деуге де болады.

Дерттің күрделілігін ескере отырып, баланы операцияға мұқият дайын­даған соң нейрохирургтер Саят Жұмабаев, Мирдас Мурадов, Мир­саид Байматов және реаниматолог Равшан Пулатовтың қатысуымен эндоскопиялық патч – краниотомия жасалды.

Нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Саят Жұмабаевтың айтуынша, краниостенозға арналған эндоскопиялық реконструктивті операциялар алты айға дейінгі балаларға жасалады екен. Ол мұндай кішкентай балаға операция жасау өте маңызды деп есептейді. Сондықтан дәрігерлер эндоскопияны қолданған.

«Бұл – арнайы педиатриялық нейроэндоскоптарды, басқа да эндоско­пиялық құралдардың зақымдануын болдырмайтын арнайы конструкция­лы бор мен жоғары жылдамдықты бұрғыларды қолдана отырып шамамен 3 сағатқа созылатын күрделі операция. Дәрігерлер мұндай опе­рацияға тыңғылықты дайындалады. Барлық манипуляция 4-5 сантиметрден аспайтын кесу жолымен бейнебақылау арқылы жүзеге асырылатынын айта кеткен жөн. Мұндай операциялар аз қан жоғалтумен және қысқа мерзімді оңалту кезеңімен сипатталады. Операциядан соң және бақылау компьютерлік томографиясынан кейін 3-4 күн өткен соң балалар стационардан шығарылады», дейді С.Жұмабаев.

Қазіргі уақытта нәрестенің жағ­да­йы жақсарған. Дәрігерлердің сөзіне сен­сек, басындағы шағын тыртықтар көп ұза­май мүлде көрінбей қалады екен.

 

Жамбыл облысы