Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен «Astana Clinic» ЖШС ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Компания басшысы Борис Чен ENU Endowment Fund қорына қаржы аударды және университет студенттеріне ай сайынғы шәкіртақы тағайындады.
Ынтымақтастық және өзара түсіністік туралы меморандумға Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов және «Astana Clinic» ЖШС директоры Борис Чен қол қойды. Тараптар бірлесе жоғары оқу орнының студенттері мен оқытушыларына сапалы медициналық қызмет көрсету үшін қолайлы жағдай жасауды жоспарлап отыр.
Кездесу аясында бизнесмен Борис Чен Еуразия ұлттық университетінің белсенді студенттеріне 50 000 теңге көлемінде ай сайынғы шәкіртақы тағайындады. Сонымен бірге кәсіпкер әлеуметтік жауапкершілік танытып, ENU Endowment Fund қорына 10 млн теңге көлемінде қаржы аударды. Ректор Ерлан Сыдықов Борис Ченге алғыс білдіріп, оған меценаттардың университет дамуына қосқан үлесіне арналған Даңқ ағашының жапырағын табыс етті.
«Еуразия ұлттық университетінде студенттердің арасында сабақтастық сақталып, жақсы дәстүрлер көбейіп келеді. Біздің кәсіпкерлер мен түлектер оқу ордасының өміріне белсенді қатысады және адами әлеуетті дамытуға ғана емес, бүкіл елдің болашағына өз үлесін қосып жатыр. Еуразия ұлттық университетінің негізгі міндеті – студентке бағытталған білім. Сондықтан біз студенттердің әлеуметтік қамсыздандырылуына, оның ішінде денсаулығына ерекше мән береміз. Жаңа студенттік үйдің құрылысын бастау жоспарланып отыр. Оның бірінші қабатында емхана орналасады. Серіктестерімізге университет өміріне қатысқаны және оның өркендеуіне қосқан үлесі үшін алғысымды білдіремін», деді Ерлан Сыдықов.
«Astana Clinic» ЖШС директоры Борис Чен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің маңыздылығын атап өтті.
«Жасыратыны жоқ, Еуразия ұлттық университеті – еліміздегі жетекші оқу ордаларының бірі. Ұлттың жетістігі екі негізгі факторға – денсаулық пен білімге байланысты. Біз университет студенттері мен қызметкерлеріне 6 жыл бойы қызмет көрсетеміз. Бүгін білім беру саласына өз үлесімізді қосуды жөн көрдік – студенттерге біздің емхананың шәкіртақысын беру арқылы қолдау көрсетіп, университеттің эндаумент қорына үлес қостық. Біз университеттің білім алушылары мен қызметкерлеріне қызмет көрсететін еуропалық стандарттар бойынша клиника саламыз», деді кәсіпкер.
Университеттің стратегиялық даму жөніндегі проректоры Думан Айтмағамбетов жоғары білім беру саласындағы әлеуметтік жауапты инвестициялардың және эндаумент қорлардың маңыздылығына тоқталды.
«Эндаумент қордың мақсатты капиталына қол сұғылмайды және оның жинақтау сипаты бар. Одан түскен инвестициялық табыс есебінен ғана жобаларды қаржыландыруды жүзеге асыру жоспарланып отыр. ENU Endowment Fund құрылтайшылары ЕҰУ түлектері мұқтаж студенттерге гранттар мен шәкіртақылар тағайындау арқылы қолдау көрсетуді, білім алушылардың ғылыми-инновациялық және кәсіпкерлік қызметіне жәрдемдесуді және талантты жастарға қолғабыс етуді жоспарлап отыр. ENU Endowment Fund қазір қалыптасу кезеңінде және түлектермен мен кәсіпкерлерді әріптестікке шақырамын», деді проректор.
Университеттің 2 курс студенті Назерке Ұлан білім ордасының қоғамдық өміріне белсенді қатысады. Ол «ENU volunteers» қатарында мұқтаж адамдарға көмектесіп, қоғамның дамуына өз үлесін қосып келеді.
«Ай сайын шәкіртақы алып тұру мен үшін күтпеген жағдай болды. Бұл – ең бақытты сәттерімнің бірі. Мұндай мүмкіндік бәріне бірдей берілмейді. Мен өз университетіме және «Astana Clinic» компаниясына студенттерге қомақты қолдау көрсеткені үшін алғысымды білдіремін. Бірінші курстан бастап волонтерлікпен белсенді түрде айналысып келемін. Біз балалар үйлеріне, мереке күндері қарттар үйлеріне барамыз, оларға жақсы көңіл күй сыйлауға тырысамыз. Елімізде волонтерлер қозғалысының дамуына үлес қосқым келеді», дейді Назерке.
Айта кету керек, өткен жылдың сәуір айында университет түлектерінің бастамасымен ENU Endowment Fund қоры құрылған болатын. Қорға 10 млн теңге көлемінде алғашқы жарнаны ENU Endowment Fund құрылтайшыларының бірі, оқу ордасының түлегі Дмитрий Инютин аударды.