ХVІІ ғасырдың соңғы ширегі мен XVІІІ ғасырдың бірінші жартысында қазақ халқы тағдырының қыл үстінде тұрған ауыр кезеңінде әскербасы, қазақ хандығының бізге жеткен тұңғыш мемлекеттік заңдар жинағы “Жеті жарғының” авторларының бірі, қиын уақытта көрші мемлекеттермен дипломатиялық қатынас жүргізген мемле-кет қайраткері, тарихта “ақтабан шұбырынды” жылдар деп аталып, ұлтымыздың ауыр да азалы кезеңін жырлайтын “Елім-ай” жырының авторы болған, қазақ ұлтының, хандығының, қазақ тілінің қалыптасу тарихы жайлы жазып кеткен ғұлама Қожаберген жырау екені соңғы кезде айтылып та, жазылып та жүр (“Қожаберген жырау”. Құрастырушылар: С.Жұ-мабаев, Қ.Биғожин. Алматы, “Жас Улан и К” баспа үйі. 2007 ж. “Әз Тәукеге қызмет қып, жаздым “Жеті жарғыны” Бекет Тұрғараев. “Егемен Қазақстан”, 17.10.2009 ж.)
Байтақ жатқан жерімізді, бытырай қонған елімізді ғасырлар бойы қорғап келген ел бастаған көсемдеріміз, сөз бастаған шешендеріміз, “егеулі найза қолға алған” батырларымыз аз болған жоқ. Тәуелсіздік туы желбірегеннен бері осы біртуар алыптарымызды халқымен қайта қауыштырған игілікті шаралардың атқарылып жатқаны рас.
ХVІІІ ғасырдағы қазақ әдебиетінің ең көрнекті өкілі Бұқар жыраудың Қожаберген жырауды ұстаз тұтқанын,
Өсиет айт деп сұрасаң
Бұқар деген ағаңнан
Үлгі алыңдар, балалар,
Қожаберген бабаңнан, – деп жырына қосқанын да еске алу керек.
2000 жылдың 19-20 желтоқсанында Қызылжар қаласында өткен ҚР Ұлттық Ғылым академиясының кеңейтілген отырысы мен “Қожаберген жыраудың қазақ тарихындағы орны мен рөлі” деген тақырыпқа арналған ғылыми-теориялық конференциясы жырауды жұртшылыққа танытудағы алғашқы қадам болған. Осы конференцияда академик Манаш Қозыбаев Қожаберген жыраудың өмірі мен шығармашылығы туралы “Дауылпаз баба – Қожаберген” атты баяндама жасаған. Бұл баяндама Қожаберген жыраудың қазақ тарихындағы алатын орнын анықтаған тұңғыш ғылыми еңбек болатын. Өкінішке орай, академиктің бұл еңбегі кезінде жұртшылыққа тарамай қалды. Сондықтан ғылыми айналымға түспей келеді. Осыны ескеріп Қожаберген жайлы ойымызды атақты тарихшы Манаш Қозыбаевтың сөзімен жалғастырайық, дерек қылайық. “Ендеше Қожаберген жырау – батыр, қолбасшы, ел тағдырын ойлаған реформатор, стратег, – мемлекет қайраткері. Қожаберген бабамыз осымен қатар атақты ақын, жырау еді. Ол тек қана бір “Елім-айда” ғана бір ғасырдың сырын, мұңын ашты. Ол – тек жырау ғана емес, заманның ұлы шежірешісі”, – деп бағаласа Қожаберген бабаны, оның “Елім-ай” дастаны туралы: “Елім-ай” – ұлтымызда “Илиада” мен “Одиссея” сынды эпикалық өміршең трагедия”, – деді.
Осы еңбегінде Манаш Қозыбаев Қожаберген жыраудың қазақ тарихындағы алатын орны туралы былай деп жазды:
“Қожаберген есімі Әз-Тәуке хан, Абылай хан, Әбілхайыр хан, Бұқар жырау, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би сияқты ұлтымыздың ұлыларының қатарында Отан тарихында хатталады”.
Атақты тарихшымыздың бұл еңбекті жазғанына он жылдай болып қалған екен. Алайда, содан бері Үкімет назарынан тыс қалып, бабамыздың есімін республикалық дәрежеде ұлықтау ісі қолға алынбай келеді.
Рас, жерлестері қол қусырып отырған жоқ, облыстық деңгейде есімін ел есінде қалдыру шаралары жүріп жатыр деуге болады. Қабірі басына кесене тұрғызылды, мектепке, кіндік қаны тамған жердегі аудан орталығының көшесіне есімі берілді. Жыраудың таңдамалы шығармаларының жинағы шығарылды. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген заңгері, – құрметті судьясы, ұлтжанды азамат Бекет Тұрғараевтың бастамашылығымен “Жеті жарғы және Қожаберген жырау” қоғамдық қайырымдылық қоры құрылды. Қор алдағы уақытта облыс орталығында жыраудың ескерткішін орнату, шығармаларын баспадан шығару ісін қарастыруда.
Жыраудың қазақ тарихындағы орнын өзінің “Үш би” атты өлеңінен байқауға болады.
Үш жүзде болса да олар
басты кісі,
Қазыбек, Төле, Әйтеке
менен кіші.
Соларға жол көрсеткен ұстаз едім,
Сардар деп құрметтейтін
үлкен-кіші.
Жеңіс жоқ соғыстарда
шабандарға,
Жағдай жоқ тағат қылып
амалдарға.
Жеңіске жету үшін қайрат қылып,
Ат қойдым, ғаскер бастап
қамалдарға.
Мәлім ғой, елге ғаскер
басқарғаным,
Болдым деп ордабасы
мастанбадым.
Мылтығы көп болса да
кәпір жаудың,
Қалмақтың ғаскерінен жасқанбадым.
Басқарып үш жүз қолын
жиырма бес жыл
Орнымды Бөгенбайға бердім биыл.
Еш сардар жарлығымды
мүлт қылған жоқ
Кезінде ұзақ соғыс күндер қиын.
Жыраудың осы төрт шумақ өлеңінен оның өзі туралы көп мәлімет алуға болады. Жыраудың үш биден жасы үлкен, оларға ұстаз болғанын, 25 жыл ордабасы болып, өзінің орнына шәкірті Бөгенбайды сайлатқанын байқауға болады.
Жыраудың бұл өлең шумақтарын Бұқар жырау өзінің “Ғадыл ер” атты толғауында анықтай, толықтыра түседі. Үзінді келтірейік:
Көшебе Керей ағасы,
Толыбай сыншы баласы,
Қол бастаған Қожекең
Үш жүздің болды-ау данасы.
Қожаберген ғадыл ер,
Қадірін білген қалың ел.
Бөгенбайдай батырға
Билігін берген ардагер.
Қожекеме Бөгенбай
Шәкірт болған жан еді.
Сайлатқан оны ұстазым
Қарадан шыққан хан еді.
* * *
Бөгенбайдың шәкірті
Қаракерей Қабанбай.
Қожекеңнен бата алды,
Қатарынан қала алмай, – деп жырлаған екен Бұқар жырау.
Қос жыраудың жоғарыдағы өлең шумақтары төмендегідей ойға жетелейді. Қазақтың атақты үш биі: Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, қазақ батырлары: Бөгенбай мен Қабанбай рухтарына бағыштап ескерткіш орнатып жатқанда олардың ұстазы Қожаберген жырауды ұмыт қалдыруымыз жөн болмас.
Алдымызда тәуелсіздігіміздің жиырма жылдығы келеді. Сұранып тұрған уақыт. Еліміздің орталығы Астананың көрнекті жерінде
Жырыма құлағың сал, азаматым,
Ұнаса менің айтқан насихатым.
Кеудеңде шыбын жаның
болса егер,
Жоғалтпа жер бетінен қазақ атын, – деп тұрған Қожаберген жыраудың ескерткіші салынса, тарихи әділдік болар еді, қазақ ұлтының рухы биіктей түсер еді. Егер мемлекет тарапынан мүмкіндік болмаса, Солтүстік Қазақстан облысының жұртшылығы осы істі қолға алуға дайын екендігін айтуымыз керек.
Петропавл қаласының тұрғындары атынан: Жұмабаев, Қ.Мұқанов, Т.Сүгірбаев, О.Қали,
З.Олжабаев.