• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Саясат 11 Наурыз, 2023

Салық кодексі жобасы талқыланды

336 рет
көрсетілді

Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшелері салық саясатының өзекті мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Астанада Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров ПЖКР мүшелерімен кездесу өткізді. Жиында жаңа Салық кодексінің жобасы талқыланды. Сондай-ақ кездесуге Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин, ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Ж. Нұржанов, ҚР ҰЭМ Салық және кеден саясаты департаментінің директоры Ерлан Сағынаев қатысты. 

ҰЭМ басшысы атап өткендей, осы құжатты әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының құрамына мемлекеттік органдардың өкілдері, салық салу саласындағы сарапшылар және кәсіпкерлер кірді.

«Министрлікте жаңа жылдан бастап жаңа Салық кодексінің жобасын талқылау басталды. Ол салықтық әкімшілендіруді түбегейлі қайта қарауды, цифрландыруды, сән-салтанат салығын енгізуді көздейді. Бұдан бөлек, салық мөлшерлемелерін саралау, үдемелі табыс салығының тетіктерін қарастыру бойынша жұмыс жүргізілетін болады», деді Ә.Қуантыров.  

Кездесу барысында қатысушылар салықтық әкімшілендіруді жеңілдету - бизнес субъектілерінің басты сұраныстарының бірі болып табылатынын атап өтті. Жұмыс берушілерге жүктемені азайту мақсатында еңбекақы төлеу қорынан төлемдер санын жеңілдету және қысқарту бойынша жұмысты жалғастыру қажет.

Сондай-ақ көрші елдерге экспорттай алмайтын жер қойнауын пайдаланушыларға преференциялар беру және ЖТС (жеке табыс салығы) прогрессивті шкаласын енгізу бойынша ұсыныстар айтылды. Сонымен қатар бизнес субъектілерін тарту үшін табыс шегін алып тастау және бөлшек салық режимі бойынша қызметті кеңейту ұсынылды.

Сән-салтанат салығы жылжымайтын мүлік объектілерінің санымен емес, олардың құнымен есептелуі керек дейді қатысушылар. Сонымен қатар олар бағалы қағаздар нарығы бойынша салық салу кезінде пайдалы мәмілелермен қатар, жыл қорытындысы бойынша сальдоны есептеу үшін теріс мәмілелерді де ескеруді сұрайды. 

Кездесу қорытындысы бойынша министр барлық қатысушыларға белсенділігі үшін алғысын білдіріп, айтылған ұсыныстар қосымша зерделенетінін жеткізді.