Каспий теңізін мекен ететін балық түрлерін сақтау – маңызды мәселе. Зерттеулер бойынша Каспий теңізін қазір итбалық, Каспий тілтісі, Каспий албырты, ақбалық, Волга көп аталықты майшабағы сынды Қазақстанның Қызыл кітабына енген су жануарлары мекендейді.
Жойылып кету қаупі туындағандықтан, бұл балықтарды аулауға заңмен тыйым салынған. Тек Маңғыстау облысының табиғат пайдаланушыларына «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» заңға сәйкес арнайы құжаттарды жинап, рұқсат қағаздарын алған соң, балық аулауға рұқсат беріледі. Ал ихтиологиялық бақылау жұмыстары балықтардың саулығын білу үшін және аумақтағы көптүрлілікті анықтау үшін маңызды.
«Жайық-Каспий» облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы Маңғыстау облыстық басқармасы қызметкерлерінің айтуынша, қолданыстағы заңнама шеңберінде Каспий теңізінде ихтиологиялық зерттеу жыл сайын жүргізіледі. Мысалы, былтыр облыс көлемінде 8 табиғат пайдаланушының учаскесінде бақылап-аулау жұмыстары нәтижесінде жағалауда құрылған ау-құралдарға бекіре, күтім, кефаль, көксерке, ақбалық және майшабақтар түскен.
– Ұсталған балықтардың салмағы өлшенген соң тірі күйде теңізге қайта жіберілді. Осылайша, Каспийдегі биоресурстардың қай учаскеде қандай көлемде бар екені анықталады. Жинақталған мәліметтер мен фотосуреттер қазақстандық ғылыми-зерттеу институттарына жіберіледі. Ихтиологиялық бақылау жұмыстарының нәтижесі балық аулауға мемлекеттен квота бөлінуіне ықпал етеді. Алдағы уақытта табиғат пайдаланушылардың сұранысы бойынша осы квота көлемін ұлғайту үшін тиісті жұмыстар атқарылып жатыр, дейді Маңғыстау облыстық балық инспекциясы басқармасының басшысы Жақсығали Іздібаев.
Бұған дейін жасалған ихтиологиялық бақылау жұмыстарының нәтижесінде күтім балығы 2022 жылдың 16 қыркүйегінде министрліктің қаулысына сәйкес Қазақстанның Қызыл кітабынан шығарылды, яғни аулауға рұқсат берілді. Сондай-ақ табиғат пайдаланушылардың сұранысы бойынша Ауыл шаруашылығы министрінің №18-04/17 бұйрығына былтыр өзгеріс енгізіліп, балықтарды диаметрі 0,3 миллиметрлік ау-құралымен аулауға рұқсат етілді.
Теңіз жануарларының саулығы және молдығы – теңіз күтімінің кепілі. Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда Каспий теңізінің тартылуы, итбалықтар өлімі сынды экологиялық жағдайлар орын алып тұрған кезде су айдынындағы балықтардың бабын жасап жүрген ихтиологтардың еңбегі елеуге тұрарлық.
Маңғыстау облысы