• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
26 Маусым, 2014

Анық із

496 рет
көрсетілді

Монолог Журналистің бес қаруының біріндей тылсымы мен тынысының тұңғиығына тартып, алдыңдағы жұмбақ кейіпкеріңнің ішкі сырына дендей енудің сиқырлы әрі әмбебап кілтіндей болған, сөйтіп, әлгі адамның «өзіндік» күбір не дыбыссыз ишаралы сөзінің оймен өрнектеліп, санада салтанат құруын діттейтін, сонысымен де жан терберлік жасырын бүкпесін жаһанға жеткізуге себесіні тиетін осынау байырғы шығармашылық тәсіл – монолог көмегіне тағы жүгінуге аса зәру күйде отырмын. Бөгде біреудің монологы арқылы да қаһар­ман тұлғасын сомдауға болатыны немесе лирикалық монологтың өмірге деген әнұран­дай естілетіндігі әлмисақтан белгілі емес пе? Қайт­кенде де ниет түзу, мақсат біреу, осы ұтым­ды да ұтқыр жолмен бүгінгі сырласымның – жалпақ жұртқа есімі етене таныс ұстаз, ға­лым,­ журналист Сағымбай Қабашұлы Қозы­баев­­тың­ тамаша тағдырын тамсанып емес, таби­ғи­лығымен таратып беру еді... «...Өмір шіркін, дабылдатқан достарыңмен, жаны елжіреп езілгіш жақын-жуықтарыңмен, әзіл-қалжыңға бөктіретін құрдастарыңмен қымбат қой! Мені сондай мейірбандарым: «Сағы сынбайтын Сағымбай», деп алақандарына салып, еркелетіп жүретіні бар. Олар бірдемені біліп айтатын шығар. Өйткені, осы жетпіс жастың желмаясын желдіртіп мініп алған кезеңде мен дара дарақтай емес, ну орманда жайқалып, жарысып өскен мәуелі бәйтеректей тамырымды тереңге жібергенімді, сол тілеулестерімнің періште көңілінің дарқандығынан төгілген нұрлы шуақтың шапағатына балар едім! О, тоба, о тәубе деймін, кейде тамағыма өксік тығы­лып, демім тарылып... Келмеске кеткен кейбірі еске түседі сағындырып, енді біреулері таяқ тастам жерден-ақ қым-қуыт тірліктің құйынымен алыс­тап кеткендей жүрек шымырлатады бір көруге аңса­­рыңды қоздырып... Кім болар едім, оларсыз мен?! Қысқасы, қаламсап табыстырған тағдырыма разымын шексіз. Журналистика әлемінің әмбебап шеберлерімен әр материктің абыройлы басқосуларында – мейлі ол халықаралық симпозиум ба, дүниежүзілік конференция ма, әлде қазақ төрінде жыл сайын жалауын желбірететін медиа-форум ба, әйтеуір, кәсіби тұрғыластарыммен терезем теңдей сұхбат құра алатыным, көкейкесті проблемалар қозғауға ысылғаным, өзімнің ұлттық ұстанымымның әділдігі мен түзулігі үшін тайталасып беріспей, шекісіп те қалатыным... жырғай берсем, пұшпағы жыртылып айырылатындай. Осының бәрі қызыл сөз емес, қызық өмірдің қат-қабат болмыс-бітіміне өз қолтаңбаммен басылған ап-анық мөрім дер едім. Білімді адамның бақытты екендігіне көзім жеткелі қашан. Олармен сырласу да, мұңдасу да ғанибет қой. Шақырсам, даусым жетпейді-ау, сендерге: е-ей-ее-ей, Әнуарым (Әлімжанов), Маратым (Барманқұлов), Дүкешім (Бәйімбетов), т.б. Сендерсіз көп қырлы қазақ журналистикасын көзге елестету мүмкін емес қой. Әнуар Пайғамбар жасында дүниеден өтті. Оны Әуезовтің өзі шәкірт тұтты, мақтан етті. Оның афро-азиялық жазушылар қозғалысындағы ерен табысын былай қойғанда, газеттің өміріндегі өшпес өрімді тағылымдары тамсандыра бермек... Маратсыз қазақ телевидениесі дәл бүгінгі биігіне көтеріле алар ма еді деген ой мазалайтыны рас. Ал Дүкеш досым да сондай таланттар шоғырынан еді. Өмірінің кейінгі мағыналы жылдарында еліміз Президентінің шетелдік сапарларына бірге шығып, әлемдік деңгейге бой ұра бастаған жаңа Қазақстан туралы тартымды хабарлар, реңкті репортаждар әзірлегені – тарих қойнауына қымбат қазына ретінде қосылғаны қуантады. Қайсыбірін айтарсыз, достар көп қой менде. Үкілеп сыйлай білдім тіршілікте. Үйрендім. Ұқсап бақтым. Шексіз білімдарлықтың бұлағына бірге бас қойыстым. Қандай тосын мезеттерде де сағымды сындырмауды, түңілмеуді сондай мэтрлерден – нағыз хас шеберлерден бойыма дарытыппын. Сол жайсаңдарым түсімде жиі көрінеді десем асылық болар, ал қызықта не шыжықта қасымда тірі жүргендей болып ауызба-ауыз «сырласып» қалатыным тіпті де әсірелегенім еместігін түсін, замандас. Мықты рухтылардың талмас тегеуріні тыншымайтын қасиетке ие екенін ұққандаймын. Жүрек жылулары сол ыстық табымен ысындыра түседі, жазғандары мен айтқандары сол айна-қатесіз күйінде өмір күйін шертіп жатады. «Аһ, дәурен-ай, соларға ұқсап бақсам-ау!» дейсің өзегің жалынға шарпылып... Үміт еткен кейінгі ұрпақтарым, сендер неткен бақытты едіңдер, алда­­­­рыңда сондай-сондай ағысы қатты, терең иірімді бұлақ-өзендерің бар, шәрбат суын мейір қанғанша сіміруге болады. Бірде жұмбақ, бірде ашық сол тұлғалардың еңбектеріне ықыласың түсіп жүрсе, өрісің кеңге салар... Сөйтіңдерші, құлындарым! Бүгінгінің бетті де берекелі берен-біртуарлары бір бүйрімді түрткілеп жүреді әман. Жиі кездесе алмасам, жүнжіп кетем, ауа қармап, аласұрып қалам. Кездесе қалсам ше, Гера ағаммен – Герольд Бельгермен. Бар дүниені ұмытам. Болашақ күнге ұмтылам. Оның әр мақамы, ойлануы, түйсінуі, тебіренісі – тіршілік түйткілдерін аяусыз түйрейтін теңдессіз әрі тылсым тәсіл іспетті. Журналистік, жазушылық жағын қамтып жатқаным да. Мен, егер, қысқа жазуды кімнен үйренгенімді еске алсам, әрине, Чеховқа табынғанымды, поэзиясында қазақ қара сөзінің құдіреті сан құбылып, еліктіріп тұратын Олжас Сүлейменовтің ойлылығына еліктейтінімді, түптің-түбінде осы Герағамның «Плетенье чепухи» немесе «Шкрябанье пером» секілді ойнақы-опырмалы, қоламтадан қола қыздырғандай қуатты жазбаларына ден қоятынымды мақтанышпен айта алам. Оқырман бәрін сезіп, біліп отырады ғой. Кейде тап-тұйнақтай, мөп-мөлдір етіп сезімге малындырған шап-шағын эсселерімді тұшынып қабылдағандарын жасырмай, мерейімді асырып тастайды. Айталық, «Лики времени», «Взгляд», «Там, за горизонтом», «Имя в истории», «Этюды на полях» циклдарындағы көлемі шағын дүниелерім шынында да көптің көкейін дөп басуы­мен ерекшеленеді екен. Соны сезгенде жүрегім бұлқынып кетеді, қаламсабымды сүйіп-сүйіп алғанымды аңғармай қалам-ау. Көлемде емес екен, маңызы жазғаныңның. Не айта білгеніңде екен. Сығымдап, сыр тереңіне сүңгігенге не жетуші еді?! Менің бір құдай орайластырған жан досым – Ғаділбек Шалахметов. Екеуміз де соғыс жылдары дүниеге келіппіз. Ол Астрахань қазағы. Ақын, сая­саткер, журналист. Арманмен өмір сүреді... Және арманы орындалған үстіне орындалады. Ешқашан місе тұтпайды, тек алға... Оның жанының нәзіктігіне сүйсінем. Түсін суытып, қатқылдау кететін тұстары да бар. Бірақ жан баласын ренжітуден ада. «Ұлым, біз Ресейде тұрғанымызбен, тамырымыз қазақ жерінде, Алматыға барып оқы», – деген әке өсиетін орындаған ол, білімді, тұлғалы азамат боп қалыптасты. Мемлекеттік телерадио төрағасы болды. Оған Қонаев үлкен сенім артты. Назарбаев өзінің баспасөз хатшысы етіп, қасынан тастамады. Ғаділбектің ғұмырлық бір тындырған аса маңызды шаруасы – ТМД және Балтық елдері аймағын қамтитын «Мир» мамандандырылған телеарнасын ұйымдастырып, басшылық етуі еді. «Біз бір-бірімізді қандай деңгейде де толықтырып тұратын әріптестерміз ғой», дейді ол оңаша сырласқанда. Демек, жан досымның осы бір сырынан да біраз жайт аңғарылар деп кеуде керіп қалатыным бар. Мүмкін, қайсыбір оқырманым менің осы әріптес, үзеңгілес достарымды шетінен мадақ етіп, асқақ сөйлеп, тамсана әңгімелеп ағымнан жарылғаныма тосын күдікпен, әлдебір түсініксіздікпен қарауы да мүмкін-ау деген екіұдай ой туындайтынын күнібұрын сезе отырып, бұл баяндау тәсілімді әдейі тежемеген едім. Оқырмандарым кейін ескертердей, мен олардың тасасында қалмай, қайта, бәрімен қанаттасып, бірге ойлап, есейіп, ертеңге сеніммен қадам басатыныма сенетін едім. Мәселен, әлгілерге тағы қосып қойсам ше: Жанай Омаров пен Сауытбек Абдрахмановты, Сейдахмет Құттықадамов пен Валерий Жандәулетовті, Сейітқазы Матаев пен Александр Тараковты, т.б. тәуелсіз еліміздің мықты журналист тұлғаларын, несі артық?! Осылармен-ақ өрісімнің кеңейе түсетінін аңдатуға болар еді деп ойлаймын. Бірімізсіз-біріміз олқы соғып жататындаймыз ғой. Тәубе, бірімізді-біріміз толықтырғанға не жетуші еді... Ұстазым, Ресей журналистикасының ардагері Василий Песковты есімнен үнемі шығармай, ардақтап жүремін десем, мұным күпірлік болмас. Осы бір аса қарапайым әрі талапшыл қаламгермен ұзақ жыл достық қарым-қатынаста болғанымды тағдыр сыйы деп есептеймін. «Әр сөзің мен сөйлемдерің ойға малынып тұруы тиіс», деп ескертетін еді марқұм. Шағын эсселер жазудың қайталанбас шеберінің қолтаңбасын өз үдерісімде де ажарландырып, байытуға тырысқанмын, дамыта бермекпін деп те ойлаймын. Асылы, журналистика саласындағы үздік табыстары үшін Лениндік сыйлықтың лауреаты атанған Песков әманда маған: «Сен, тек жақсы жазуға міндеттісің», деп үстімнен үнемі төніп тұратындай хал кешіп жүретінімді несіне жасырайын. Нәтижесі де біршама көрініп жүргендей. Оған республикалық БАҚ-тағы жарияланымдарым, телерадио новеллаларым, жеке кітаптарым куә секілді. Мұны әсіре сөз емес, ұстазым алдындағы есебім деп түсініңіздер. ...Қостанай облысы Меңдіғара өңірінің түлегі ретінде мен туған жеріме деген сағынышымды әрдайым қалам көмегімен басып, перзенттік парызымды өтеп келемін. Әсіресе, Қабаш әкемнің замандастары туралы кейінгі ұрпаққа әңгімелеп беруге құштармын. Иә, әке туралы кім сағынышпен естелік айтып, сарылып отырып жазғысы келмейді дейсіз? Ондайда көңіл әуені сан-саққа шарықтап, асқар тау – әкенің асыл да абзал, қымбат та ұмытылмас мінез-қасиеттерімен, ақыл-кеңестерімен, елдік намыс-мүдделерімен қайта табыстырып, тарих қойнауына оралмастай боп сіңген сонау бір қызық та шыжық күндерді нақпа-нақ жауһар күйінде жәудіретіп еске салып, еңселендіретіні таңырқарлық құбылыс қой. Сондай баланың әкеге деген іңкәрлігін, саумал сезімін, сарғайған махаббатын, таусылмайтын табынысын жүрекпен сезіп-білгіңіз келсе, 2013 жылы Алматыдағы «Эдельвейс» баспа үйі жарыққа шығарған «Звезды в небе» кітабын қолыңызға алыңызшы, оқырманым. Бұл еңбегімде Қазақстандағы колхоз қозға­­­лысын ұйымдастырушылардың алғашқы­ларының бірі – әкем Қабаш Қозыбаевтың (1898-1973) өмірі арқау болып, ұрпақтарға өшпес өнегесі үлгі болып тартылғандай. Мұның да өзіндік себебі бар. Маған әке тағылымы еріксіз қалам алғызған еді. Ұлы Отан соғысының қиын-қыстау кезеңінде Меңдіғара ауданының «Жаңа тұрмыс» колхозын басқарған әкем «Қабаш Қозыбаев» деп аталатын жауынгерлік ұшақтардың звеносын майданға сыйға тартып, жөнелткені үшін Сталиннен алғыс алған дара тұлға болып, халық жүрегінде қалғанын ел-жұрт жақсы біледі. Бұл жерде «ұшақтардың звеносын» деген сөзді жайдан-жай айтып отырғаным жоқ. Қабаш әкемнің өзінің жазып кеткен түсіндірмесін дәлме-дәл келтірейінші: «...Бір айдан кейін мемлекеттік банкке 190 мың сом өткіздім. Украиндық досым Я.И. Верещенко екеуміз бірігіп (ол 180 мың сом берді), Чкалов қаласына барып 3 әскери самолет сатып алдық. Екі самолеттің қанатына екеуміздің аты-жөніміз жазылды. Екеумізге ортақ үшінші самолеттің бір қанатына оның, екінші қанатына менің аты-жөнімді жазды. Бұл самолеттерімізді болат сұңқарларымызға өз қолымыздан табыс еттік». Иә, қарапайым қазақ ұлының мұндай патриоттық қадамы тарихымыздан өшпестей боп орын алары кәдік. Өшпес өнеге деп осыны айт! Белгілі ақын Ғаббас Жұмабаев «Қозыбай самолеті» деректі поэ­масында: «Қабаш тұрды шаттық жасы тамшылап, Сатыр-сұтыр болып кетті қарсы жақ. Сұңқар кенет көк аспанға атылды, Самолетін қара бұлтқа шаншып ап», деп, Қабаш Қозыбаев сыйлаған самолеттің алғашқы айқасын жан терберлік етіп суреттеп берген еді. Әкесіз уақыт та сынаптай жылжып өте береді екен... Бірақ әке ақылы, өсиеті, аманаты жүректен еш өшпейтінін осы кітабымнан айқын аңғарарсыз. Әкем елінің адал ұлы болыпты. Бүгінде өніп-өскен ұрпақтары бар. Бәрі де Тәуелсіздігіміздің берік уығы боп шаншылып, хал-қадерінше жемісті еңбек етіп жүр. Сол себепті де мен әке әулетімен мақтана аламын. Туған ағам Манаш академик, ел тарихын терең таңбалап, бедерлі із қалдырып кеткен ғұлама ғалым еді... Қозыбайдың бір баласы Әбілден туған Оразалы көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері болған, Социалистік Еңбек Ері. Бұл тұлғалар жөнінде де кітабымда кеңінен орын берілген. Жалғыз ағаш орман болмайтыны секілді, Қозыбаевтар әулеті қосақталып, қосарланғанда ғана, олардың өшпес іздерінің өнегесі жалпыұлттық үлгіге айналарын айқын сезінерсіз осы кітаптан. Еліміздің осы секілді ордалы да абыройлы отбасылары көп болса, Тәуелсіздігіміздің шаңырағы шайқалмайтынына, нығайып, болаттай берік бола түсетініне бек сенімдімін». Диалог Кейіпкерім журналистика жілігінің майын шағып ішкен майталман әрі ауызекі сөздің тайпалған жорғасы болған соң, осы диалогтық тәсілге қайыра жүгінуге тура келді. Есіме талай сөз тарланбоздарының айтқандары, қысылғанда қыспақтан шығарар емеуріндері түседі. Соның өзі демеу екен. Маужыратып, қалғытпайды. Мақаланы бастар алдында түңілдірмейді. Түлете түседі. Сөз күзеттіреді. Қайырылғандай қанатыңды қайыра бір қайраттана қағып, алға ұмсынасың. Бәлі, сол айтқыштарға құлақ түрелік. Диалог – екі немесе бірнеше адамның арасындағы әңгіме екеніне тоқтала келіп, Қ.Жұмалиев: «Диалог драмалық шығармалардың негізгі құралы», деп мойындаса, «Театр өнерін тым жақын санайтындықтан, әңгімені диалог арқылы беруді мақұл көрдім», деп Б.Тәжібаев сыр бөліседі. Ал классик Б.Майлин диалог жасаудағы асқан шеберлігін шағын пьесаларында танытып, дәлелдегені бесенеден белгілі ғой. Әмсе, әңгімешіл-жазғыш Ә.Нұршайықовтың роман-диалогынсыз Б.Момышұлы тұтастай тұлғаланар ма еді?! Сонымен, маған енді диалогтың жәрдемі керек боп тұрғаны... Осы тәсілді аттай қалап, ғаламат құзыретін тағы бір мойындадым енді. Сағымбай Қабашұлының кейбір қамтылмаған қасиет-қадірін, өмір-өрнегін, ұстаным-ұлағатын, жоғалтқаны-тапқанын, сүйіп-сүймегенін, емініп тұрып елемей кеткенін, т.б. азаматтық асқақтығын дәл осы диалог көмегімен көмкере, көркейте түссем-ау! Әй, арманшыл, әсершіл, жүрек-ай десеңші! Күпті бола бермей, көмбенің бетін ашуға кіріссеңші, сол!.. Көп күткеннің, босқа зарықтырғаннан басқа берері шамалы емес пе, тәйірі! Автор: Сұр пиджагінің ойма омырауынан мойнын білеулей жапқан қара футболкасының жағасыз жиегі әсем көрініп, жалпы тұрпатын ашаңдау етіп көлбеткен, жетпіске жетсе де жүзі бозбаладай нұрлы, әжімсіз, жұп-жұмсақ бетінен жастықтың жалыны, ойлы көзінен өмірге деген отты құмарлық, қомағай құштарлық есіп тұрған Сағымбай Қабашұлына сүйсініп қараймын. Шашы селдірленген. Кереқарыс маңдайы сергек, сезімтал сипатын одан әрі байыта, байыптандыра түскендей. Кең мінез, терең ақыл, көп білім иесі, ақжарқын да жайлы кісі екендігі аңғарылады. Ұстазға тән сабырлылығы сөзінен де, бітім-болмысынан да байқалады. Ленинград мемлекеттік университетінің журналистика факультетін үздік бітірген, ең бір елеулісі, осы мамандықтағы алғашқы қазақ біраз жыл баспасөз, телерадио саласында жемісті еңбек етіп, міне, 40 жыл бойы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де еңбек етіп келеді. Ғылыми-педагогикалық қызметтің барлық сатыларынан өтті, факультет деканы болды, ширек ғасыр бедерінде – кафедра меңгерушісі. Әңгімені неден бастасам, алғашқы сұрақты қалай қойсам екен деп недәуір әлгіндей ойларға беріліп отырдым да сұхбаттасымның кісіге жұғысқыш жайлы мінезіне қанық қалпыммен еркінси түсіп, іле сөз-тамырын бастым. – Құрметті Сәке! Қолпаш сөзім емес, көп нәрсе тындырып үлгердіңіз ғой! Барлық еңбектеріңізді көңіл сүзгісінен өткізуге тырысамыз, әманда. Отыздан астам тарихи-танымдық, көсемсөз кітаптарының авторы ретінде де танымалсыз. Отандық журналистикаға қосып жүрген айрықша үлесіңізді ел біледі. Тарих ғылымдарының докторы, профессор, бірнеше мәртебелі атақтар мен Президент сыйлығының иегерісіз. Әсіресе, Қазақстан журналистика академиясының негізін қалаушы әрі президенті ретінде атқарып жатқан жұмыстарыңыз бір төбе. Айтыңызшы, осы салалық академияны құруға қандай ой түрткі, себеп болды? С.Қ.: – Тәуелсіздіктің аңсатып атқан алтын таңы рухани құндылықтарымыздың түлеп, түрленіп өз кәдемізге бұрынғыдан да бетер бар ажар-көркімен, нәрлі дәмімен жарай бастағанына куә болдық қой. Тек, түйінін айтсам, Алаш қайраткерлерінің ортамызға «қайта оралып», мәдениетіміз бен әдебие­тімізді, өнерімізді күрт байытып, күрделі бетбұрыс­тарға бастаған сәті небір идеяларға мұрындық болғаны белгілі. Міне, сондай ел егемен­­­дігі әсерімен қанаттанған кезеңде жылдар бойы көкейде пісіп жүрген ойларымыздың тұмылды­­рығын біртіндеп ағыта бастаған едік. Дәлірек айтқанда, 2001 жылдың мау­сым айында журналис­­­тика, БАҚ және жарнама саласындағы жетекші беделділерді біріктіретін қоғамдық ұйым – Қазақстан Республикасының журналистика академиясы құрылды. Бұл – ел өміріндегі ерекше жаңа­лық ретінде қабылданды. Содан... Арманшыл Арман­­жан Байтасов 1994 жылдан бері («31 канал» ТРК көмегімен) тапсырылып келген «Алтын жұлдыз» сыйлығына үміткерлерді анықтап, марапаттауды бізге – Академия құзырына икемдеген еді. Бұл идеяны іле Дариға Назарбаева да қолдады. Сөйтіп, «Алтын жұлдыз» (2001 ж.) бен «Алтын самұрық» (2002 ж.) сыйлықтары ұжымдармен қатар жеке тұлғаларға жүйелі тапсырылып келеді. Әрине, сый-марапат жүрген жерде сыпайылап айтқанда, іштей бәсекелік, тартыс, дау-дамай да қылаң бермей қалмайды. Сағымбайдың сөзден сәл кідірісінен, жеңіл кірбің жүгірген жүзінен біраз бүкпе сыры кіреукеленгендей еді... Иә, шақшадай басы шарадай болған сәттер де кездесіп тұрады. Үміткерлер сыйлыққа ілікпей қалса, бар кінәні бұған артады. Ал шындығында бұл мәселе жариялы түрде шешілетін еді. Кейде биік дәрежелі лауазым иелері де пендешілікке салынып, дәметіп жатады. Негізгі, басты ережеге сәйкестенбесе де белден басқысы келеді. Әрине, мұндай тығырықтан президент ретінде Сағымбайдың талапшылдығы құтқарып кетіп жүреді. Автор: Сіздің әзіл-қалжыңға шебер, ұтқыр сөйлейтініңізді білеміз. Қасыңызға жанаса қалған адам жан жылуына кенеліп, әсерлі әңгімеңізге елітіп, кәдімгідей бір жасап қалатыны құпия емес. Сондай ежіл-қожыл еміреністі сәттерде жөнімен, тауып айтқан қанатты сөздеріңіздің өзі не тұрады десейші. Және де ой тереңінен, ағысты иірімінен суырылып шыққан сөз болса, уақыт тезінде құрыштай шыңдалып, болаттай беріктене түспей ме? Мысалы, «Бас ауырғанда – дәрігерге көрінесің, жан ауырғанда журналиске жүгінесің» депсіз. Ап-анық, тұп-тұнық тіркес! Сосын... Осы тұста Сағымбай рахаттана күле түсіп: «Если нет искры в мозгу, не помогут и Гарвард, и КазГУ», – деген афоризмімді естіп пе едің, деді аң­та­рылып. Біз басымызды изедік. Жүлгелей тү­сер ме едік, өзі қос саусағын ерніне тигізе тежеп, әрі қарай жал­ғастыруға құлықсыздығын аңғарт­ты... Біз енді оның жүйелі ізденісінің нәтижесінде өмірге келген «Отандық журналистика» авторлық сериясымен жарық көріп жатқан кітаптарының оқырмандардың үнемі ықыласына бөленіп жүргені туралы айта бастадық. Мәселенки, 2013 жылы «Атамұра» баспасынан «Когда болит душа...» деген атпен осы серияның сегізінші кітабы жарық көрген еді. Мұның алдыңғыларының бәрі де оқырмандарынан жоғары баға алғанын білеміз. С.Қ.: – Тоғызыншы кітабы да жуырда оқырмандармен табысып қалар... Автор: – Біз әзірге қолымызға тиген сегізінші кітаптың қамтыған мәселелерінің ауқымы кең екендігін айтпақпыз. Онымен танысып шыққанда журналистика саласының әрлі-бері тарихынан молынан хабардар болдық. Бұл авторлық ғылыми-оқулық әрі көсемсөздік серия қоғам өміріндегі журналист пен БАҚ-тың, дүниежүзілік ақпарат кеңістігіндегі Қазақстан баспасөзінің орны мен міндеттеріне, өзгермелі әлемдегі көсемсөзшінің кәсіби рөлінің жоғары ұстанымды миссиясына арналыпты. Мұның алдындағы барлық серия кітаптары сияқты бұл жолғысы да анықтамалық-энциклопедиялық ерекшелігімен сипатталады. Кітап «Тамырлар», «Өлшеусіз сүйіспеншілік­пен өрілген», «Өмір үзеңгісінде», «Кітаптың да тағдыры бар», «Журналист патриот болуы керек», «Уақыт желімен» және «Ай жарығы» деп аталатын жеті бөлімнен тұрады. Әрқайсысына топтастырылған түрлі жанрдағы жарияланымдардың өзі шағын айдарлармен айқындалып, салмақты жүк көтеріп тұруымен құнды екен. Мысалы, «Тарихтағы есім» деп қазақ журналистикасының жарқын өкілі Қасым Шәріпов туралы тың деректер баяндалса, «Уақыт тылсымында» отандық баспасөздің қалыптасу кезеңдерінен сыр тарқатылады. Ал түрлі БАҚ мерейтойларының салиқалы сабақтары, радио-телевидениенің қалыптасуынан өрлеуге дейінгі тағылымды сатылары жайлы ой қозғалуы бұл кітаптың маңызын тіптен арттырып тұр. С.Қ.: – Мақтау кімге жақпайды дейсің, Қайсар. Бірақ көзімше... жұмсартыңқырасаң қайтеді? Өтінемін... Автор: – Сәке, осы екпінім өзіме ұнап тұрғаны... (Кейіпкерім қарқылдап күліп алды). Кітаптың анықтамалық сипатына үңілсек, біраз тың мағлұматтарға кенелеміз. «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналының араға біраз жылдарғы үзілістен соң қайта жарық көре бас­тауы тұрғысында түсінік, талдамалы мақалалар Алаш арыстарының мұрасына деген адалдық пен сүйіспеншілікті орнықтыра түсіпті. Ал «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда» газеттерінің мерейтойлық немесе қоғам, заман өзгерісіндегі атқарған жылнамалы, тарихи тағылымдық тұрғыдағы түрлі жарияланымдарынан үлгі-үзінділер берілуі де құптарлық іс. Мұндай мақалаларды терең зерделегенде қазақ баспасөзінің жүріп өткен қиын да берекелі жолдарынан бай мазмұн түзіледі екен. С.Қ.: – Кітап түгілі, бір проблемалық мақалада көтерілген батпандай жүктің соңыра оңды шешімі табылып жатса, оны автор бақыты деп есептер едім. Ондай жайттар басымыздан жиі өтіп келеді ғой. Есіме 1991 жылы Курчатовтан жазған «Прощание с полигоном» деген репортаждық еңбегім түсіп отыр. Күрделі тақырып қозғалған еді. Атом полигонын жабудың бүкілхалықтық толқынының тобықтай түйіні – тажал сынағын құрдымға жіберу болған! Ал айтайын ба, сол материал араға екі жыл салып, сарғайтып барып баспасөзде жарияланды ғой... Бұдан әрі Сағымбайдың ойына тағы бір өзекті мәселе түскенін, оның маңдайдағы ұсақ әжімдерін жиілетіп, жанарын қысыңқырап қойып сөзін жалғауға бекінгенінен аңғарып едік. Ішкі ой қажауының түп-төркіні – қазақ баспасөзінің туған күніне қатысты айтып, жазып жүрген өзінің бағалы ұсыныстары хақында боп шықты. Патша билігінің әділетсіз ұзын құрығы қыл мойынды қылғындырып, отарлық жүйенің аяққа таптаған езгісі өңештен тұншықтырып тұрған сонау 1870 жылдың 10 мамырында «Түркістан уәлаяты» газетінің алғашқы саны жарық көргені аян... Ойланарлық, құп аларлық белес секілді-ау! Журналистердің төл мерекесінің төбесі де осы тұстан қылтиып тұрғандай екен. Әрине, тарихи мықты негіз ғана ғасырларға солқылдақсыз, мығым күйде апара алатыны белгілі ғой. Тарих пен журналистика тізгінін мығым ұстаған Сағымбай бұл орайдағы пікірлерінің түптің түбінде ескерілетінінен де дәмелі. Автор: – Осындай мәйекті сөздерді ести отырып, біздің ойымызда да ой тамызығы тұтанып жүре берген... Әрине бәрі-бәрі кейіпкеріміз туралы ғой. Оның журналистік жолынан бедерленген біраз деректер де қазақ баспасөзінің жылнамалық тәжірибесінен тұғырлы ой толғауымен әсерлі екендігіне қанықпыз. Сағымбайдың әртүрлі жанрдағы өзекті мақалаларын былай қойғанда, эпиграф ретінде берілген нұсқалы да түйінді сөздері ойға шым батырады. «Шындықты жазам десең жолға шық. Ол пойызда, автобуста, жол үстінде, алыстағы қойшының қараша үйінде, дала қосында, қонақ болған бейтаныс жанның дастарқанының басында кездесуі мүмкін. Тек көре білсең болғаны»,– дейді автор. Сондай-ақ, «Қоғам өзгерген кезде халықтың қамын жейтін, қорғайтын бірінші – журналистер. Оны уақыт дәлелдеп отыр», – деуінде де шымыр шындық жатқан жоқ па? ...Естимісің, журналист?! Жасың бар, жасамы­сың бар, жүрекпен жазатын күндерің күтіп тұр ғой алда! Қамдан, қапы қалма!.. Сағымбайға теңелсеңші!.. Оның кезінде кемел қанаттандырған шәкірттерінің өзі тегеурінді жасақтай боп, еліміздің әр өңірінде қаламсап буымен желпініп жүр емес пе? Бақытты жан екен Сағымбай! Келешекке хат қалдырған ғалым, журналист, ұстаз ретінде осы қастерлі ұғымды ыстық жүрегінде аялап, мәпелей білген оның тағдырына қызыға, құмарта қараймыз. ...Өзі айтпақшы, оның несібі – жолда! Өзі айтпақшы, әлі қырыққа ілінбеген «жас қатыны» Салтанаты мен қызы Аружанын ертіп Жапонияға аттанар сәтті асыға күтуде саяхатшы Сағымбай! Әлемнің түкпір-түкпіріне жиі жолы түсетін оның үйде қол қусырып отырғысы жоқ. Уақыт тар, мақсаты ұшан-теңіз!.. Әп, бәрекелді, жорытқанда жолыңыз болсын, жолдасыңыз Қыдыр болсын! ...Сағымбайдың өмірдегі ізі айқын әрі ажарлы екен! Нағыз анық із десекші! Қайсар ӘЛІМ, «Егемен Қазақстан».