Өркениетке ұмтылған бүгінгі Орталық Азия республикалары мен Қазақстанның жұртшылығы аса күрделі саяси кезеңді бастан кешіп отыр. Күн өткен сайын шиеленісіп бара жатқан халықаралық жағдай мен алпауыт мемлекеттер арасындағы саяси ойындар еліміздің келешегі үшін алаңдамасқа амал қалдырмайды.
Мәжіліс сайлауы жақындап келеді. Мәжілісті ойлаған сайын менің есіме Шерағаң оралады. Қайран Шерағаң, Шерхан Мұртаза. Көзін ашқалы күрескерлік рухпен сусындаған қайсар тұлға қайбір жылдары депутаттыққа кандидат ретінде сайлаушылармен кездескенде жүрекжарды сөзін айта келіп: «Бұл лауазымға жабысып қалады десеңіздер, қателесесіздер. Мен үшін ең маңыздысы – менің қаламым. Қаламымды Құдайдан басқа ешкім тартып ала алмайды. Қолымда қалам тұрғанда, жұмыссыз қалмаймын», деп түйіндегенін дүйім ел біледі
Әлемнің әр тарапында территориялық жанжалдар мен ақпараттық соғыстың үдей түсуі бейбіт халықтарды үреймен матап, жалпақ дүниенің дегбірін қашырып, апшысын қуырып барады. Адамзат баласы бүгінде ақпарат жүгін толық арқалаған интернеттің жетістіктерін барынша бейбіт өмірдің игілігіне қолданса керек еді. Олай болмай тұр. Керісінше, ақпараттық кеңістіктің соңғы техникалық мүмкіндіктері соғысқұмар басқыншылардың зұлымдық ойларын орындауға қызмет етуде. Бұқаралық коммуникация құралдарын жаһанға қауіпті саяси технологияларды іске асыруға пайдалану үрдісі белең алды. Алпауыт елдер арасындағы ақпараттық соғыстың ақыры не болары белгісіз. Сол зұлматтың ұшқыны ертең бізге де жетпей ме?
Былтыр көктеме Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаржы-экономикалық мәселелер жөнінде келелі кеңес өткізген еді. Сол отырыста әлемдегі геосаяси жағдайдың құбылмалы болып тұрғанын тілге тиек еткен Мемлекет басшысы: «Жағдай күн сайын өзгеруде, өте құбылмалы кезең. Сондықтан біз барлық сын-қатер мен мүмкіндікті нақты әрі тез анықтап, әр қадамымызды нық басуымыз керек. Қабылданатын шешімдер барынша салмақты болғаны жөн. Бірақ созбалаңға салмай, шұғыл шараларды қолға алуымыз керек», деп байсалды тұжырым жасады. Келер күннің қабағын алыстан байқайтын аса тәжірибелі дипломат ретінде ол уақыттың тамырын дәл басып отыр. Сыртқы саясаттың қыр-сырын жақсы білетін басшының көкірек көзімен сезіп, терең түйсікпен танып отырған шындығы осы.
Жаһанды жарға сүйреп бара жатқан осындай факторлар саяси қайраткерлерден әлем болашағына асқан жауапкершілікпен қарауды талап етеді. Әрине, әр елдің өз мүддесі, өз саясаты бар. Әйтсе де, «География – бұл тағдыр» деген ақиқатты ешкім жоққа шығара алмайды. Тағдыр талайымызға бұйырған теріскейдегі және күнгейдегі көршілерімізді ойласақ, осы екі алпауыт империяның арасынан аман шығудың өзі бір арман. Сондықтан еліміздің саясаткерлер күндіз-түні ұлт мүддесін күзетіп, кірпік ілмей, жан аямай қызмет етуге тиіс. Саяси қырағылық – тек саясаткерлерге емес, бүкіл қазақ қауымына ортақ міндет. Айналада қырғиқабақ соғыстардың өрті басылмай тұрған аласапыран заманда елдің тізгінін ұстаған бірінші басшыға қандай салмақ түсіп отырғаны айтпаса да түсінікті.
Биік мінберлерден сөйлегенде біз әдетте: «Еліміздің сырты жаудан, іші даудан аман болсын», деп тілеп жатамыз. Сыртқы саясат орнықты болуы үшін елдің ішіндегі саяси өзгерістер мен реформалар да көрегендікпен жүргізілуге тиіс. Бұл тұрғыдан алғанда Президент аянып жатқан жоқ. Қазақстан халқына жолдаған Жолдаулары мен Президенттің сайлауалды бағдарламасында ішкі дамудың негізгі бағыттары мен қағидаттары нақты айқындалды. Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты бағдарламалық мақаласында: «Қазір әлем күн сайын емес, сағат сайын өзгеруде. Барлық салада жаңа міндеттер мен тың талаптар қойылуда. Ғылымдағы жаңалықтар адамды алға жетелейді. Ақыл-оймен ғана озатын кезең келді. Заман көшіне ілесіп, ілгері жылжу үшін біз сананың ашықтығын қамтамасыз етуіміз керек. Бұл қадам өркениеттің озық тұстарын ұлттық мүддемен үйлестіре білуді талап етеді», деп болашаққа бағдар жасады. Сонымен қатар қоғамдық сананы қайта түлетудің маңыздылығы туралы айтты. «Ұлттық сананы сақтау және оны заман талабына бейімдеу мемлекеттік маңызы бар мәселеге айналды. Өйткені сананы жаңғырту арқылы ХХІ ғасырда еліміздің тың серпінмен дамуына жол ашамыз», деді ол.
Осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын ұлтты жаңғыруға, жаңаруға, жаңа өмірге бейім болуға шақырған Абайдай ұлы данышпан сөзінің бүгінгі заманымыз үшін көкейкестілігі, ақын шығармаларынан халқымыз қандай тағылым алуға тиіс екендігі айтылды. Ұлтымызды жаңғырту ісінде Абайдың еңбектерін басшылыққа алып, ұтымды пайдалану жайын сөз етті. «Абайдың шығармаларына зер салсақ, оның үнемі елдің алға жылжуына, өсіп-өркендеуіне шын ниетімен тілеулес болғанын, осы идеяны барынша дәріптегенін байқаймыз, – деп жазды ол. – Ал ілгерілеудің негізі білім мен ғылымда екенін анық білеміз. Абай қазақтың дамылсыз оқып-үйренгенін бар жан-тәнімен қалады. «Ғылым таппай мақтанба» деп, білімді игермейінше, биіктердің бағына қоймайтынын айтты. Бұл тұжырымдар қазір де аса өзекті. Тіпті бұрынғыдан да зор маңызға ие болып отыр. Себебі ХХІ ғасырдағы ғылымның мақсаты биікке ұмтылу, алысқа құлаш сермеу екенін көріп отырмыз. Ал біздің міндетіміз – осы ілгері көшке ілесіп қана қоймай, алдыңғы қатардан орын алу».
Соңғы екі-үш жыл көлемінде мемлекеттік саясат стратегиясы жаңа бағытқа көше бастады. Президенттің «еститін Үкімет» тұжырымдамасы біртіндеп іске асып жатыр. Қазақстандағы саяси реформаларды іске асыру бағытында «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» атты басты формула айқындалды. Президенттің: «Енді, әділдік идеясы мемлекеттік саясатымызда ең басты идея болады. Біздің барлық ұлттық идеологиямыз Әділдік идеясына негізделеді», «...Елімізді саяси жаңғырту үдерісінде парламентаризмді дамыту ісі айрықша орын алады. Жаңарған Ата Заңымыз әділ әрі ашық ережелері бар саяси жүйенің мүлде жаңа стандарттарын енгізеді. Саяси партияларды тіркеу рәсімі айтарлықтай жеңілдетілді. Парламент пен мәслихаттарды партиялық тізім және бір мандатты округ бойынша жасақтаудың тың тәсілдері іске қосылады» деген сөздері көңілге үміт сыйлайды.
Мәжіліс сайлауы жақындап келеді. Мәжілісті ойлаған сайын менің есіме Шерағаң оралады. Қайран Шерағаң, Шерхан Мұртаза. Көзін ашқалы күрескерлік рухпен сусындаған қайсар тұлға қайбір жылдары депутаттыққа кандидат ретінде сайлаушылармен кездескенде жүрекжарды сөзін айта келіп: «Бұл лауазымға жабысып қалады десеңіздер, қателесесіздер. Мен үшін ең маңыздысы – менің қаламым. Қаламымды Құдайдан басқа ешкім тартып ала алмайды. Қолымда қалам тұрғанда, жұмыссыз қалмаймын», деп түйіндегенін дүйім ел біледі. Тереңірек үңілсек, осы сөздердің астарында: «Мен Парламентке кресло үшін емес, Ақиқаттың сөзін айту үшін бара жатырмын» деген үлкен жүректің аңсары жатқанын аңғарамыз. Бүгінгі таңда зәру болып отырған Рухтың тәуелсіздігі, Ойдың еркіндігі осы сөздерден көрінетін. Шерағаң әуелі Жоғарғы Кеңестің, кейін Мәжілістің депутаты болды. Қай кезде де ақиқаттың ақ жолынан тайған жоқ. Шерағаң тағы біраз уақыт жер басып жүре тұрғанда өзі аңсаған жаңару мен жаңғырудың самалын сезіне бастар еді-ау. Ол Қазақстанның Президенті ауысқанын көрмей кетті. Саяси реформалардың Шерағаң көрмеген жақсылықтары мен жаңашылдықтары енді Мәжіліске ұсынылып жатқан кандидаттардың маңдайына бұйырсын. Ендігі депутаттардың сөзі айтылған жерде қалмайтын сияқты. Өйткені сайлау тәртібіне және депутаттық статусқа қатысты қабылданып жатқан жаңа заңдар халық аманатын арқалаған азаматтарға көп мүмкіндіктер береді.
Оның үстіне «еститін Үкімет» тұжырымдамасы іске қосылды. «Біз көпшіліктің мүддесін білдіретін депутаттардың жаңа құрамын жасақтаймыз. Бұл қадам мәслихаттар мен Парламент жұмысының тиімділігін арттырары сөзсіз. Болашақта Үкімет құрамына сайлаушылардың басым көпшілігінің дауысын алған саяси күштердің ғана емес, Парламенттегі басқа да партиялардың өкілдері кіруі мүмкін. Мұндай тәсіл атқарушы билікке бүкіл қоғамның талап-тілегін ескеретін тиімді шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді», деді Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлауалды бағдарламасында. Конституциялық реформалардың нәтижесінде қолданысқа енген пропорционалды-мажоритарлы үлгіде сайлаушылардың мүддесі ұлттық және өңірлік деңгейде толық көрініс табады. Мәжілістің депутаттық корпусының 70 пайызы пропорционалдық, 30 пайызы мажоритарлық тәсілмен жасақталатын болды. Бұдан былай мажоритарлық жүйе бойынша әрбір аймақ Парламенттің төменгі палатасына өзінің кемінде бір депутатын сайлай алады. Жаңа үлгі көзқарасы әртүрлі азаматтардың Мәжіліске келуіне мүмкіндік береді.
Меніңше, Мәжілістің жаңа құрамында зиялы қауым өкілдерінің үлесі басымдау болғаны дұрыс. Зиялы қауым – қай кезде де елді тығырықтан шығарудың, ілгері бастырудың жолын байсалды бағамдап, дұрыс айқындай алатын ақыл-ой иелері. Бүгінгі қазақ қоғамы үшін зиялылардың белсенділігі ауадай қажет болып тұр. Бүкіл қоғам ойсыздыққа бой алдырып, рухани тоқырауға ұшырап, құндылық атаулы көз алдымызда шыңырауға құлдырап бара жатқан аумалы-төкпелі кезеңде зиялы қауымға аса үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр.
Президенттің Жолдауында айтылған төмендегі жүрекжарды сөздер дәл қазақ зиялыларына арналғандай әсер қалдырады: «Бәріміз халық алдында жауаптымыз. Бұл – біздің бірегей мүмкіндігіміз. Түбегейлі өзгерістер мен батыл шешімдер қабылдайтын уақыт жетті. Енді басқа мүмкіндік болмайды. Біз елімізді дамытудың және ілгерілетудің даңғыл жолына шығарып, Әділетті Қазақстанды құруға міндеттіміз. Біздің бүгінгі бастамаларымыз Қазақстанның болашағын айқындайды. Біз күн сайын ескі мен жаңаның, тоқырау мен дамудың арасынан таңдау жасаймыз. Баршаңызды ұлт мүддесі үшін ұйысуға шақырамын. Бәріміз бірлігімізді бекемдей білсек, ешқашан әділдіктен аттамасақ, берекелі ел боламыз. Әділетті Қазақстанды құру ісі енді ғана басталды. Алдағы жолдың қиындығы көп. Бұл бағдарымыз ешқашан өзгермейді, ішкі және сыртқы ахуал қандай болса да жалғаса береді. Қол қусырып отыратындар мен қасақана кедергі жасайтындарға орын жоқ». Президенттің әр сөзі орнықты. «Күшіміз – бірлікте!» деп отыр. Зиялы қауым осы сөздерге ыждағатпен құлақ асып, ел басшысының жаңа бастамаларын бір кісідей жұмыла қолдаса, жылдар бойғы бұйығылықтан арылып, мемлекеттік мәселелерге белсене араласса қоғамдық ой-сана қайта серпіліп, сергек сезімдер қайта тірілер. Ұлтқа деген сүйіспеншілік, елдің болашағына деген сенім қасат қардың астынан қылтиып шыққан бәйшешектей болып әр көкіректе қайта бүр жарар.
Мәжіліс сайлауы жақындап келеді. Депутаттықтан үміткерлер арасында руханият пен мәдениет, білім саласының өкілдері қалың нөпір болмаса да, баршылық екен. Бұл көңіл қуантарлық жайт. Парламенттегі белсенді қызметімен Президент саясатының бойына қан жүгіртіп отыратын Шерағаң сияқты депутаттар керек-ақ. Таяуда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Таразда жазушы Шерхан Мұртазаның ескерткішіне гүл шоғын қою рәсімінен кейін зиялы қауым өкілдерімен әңгімелесті. Мемлекет басшысы еліміз дамып, өркендеуі үшін алдағы саяси науқандар кезінде де, ең алдымен, ауызбіршілік қажет екеніне назар аударды. «Ең басты мәселе – сайлау әділ, ашық болуы керек. Біздің Парламентке лайықты адамдар келсе, еліміздің дамуына шынайы үлес қосады деп үміттенемін. Дүние жүзінде болып жатқан жағдайды өздеріңіз жақсы білесіздер. Ішкі саясат та, сыртқы саясат та сындарлы, салмақты болуы керек. Ең басты міндетіміз – мемлекеттілігімізді сақтап қалу. Сын-қатерлер аз емес. Сондықтан бәріміз бір ел, бір халық, бір ұлт болып ұйысып, ел үшін қызмет етейік», деді Қ.Тоқаев.
Президенттің бұл сөзін елін сүйген басшының жүректен шыққан ақжарма тілегі деп қабылдадық.
Темірғали КӨПБАЙ,
ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты