• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Ауыл 12 Наурыз, 2023

Ауыл әкімінің абыройы қайтсе артады?

202 рет
көрсетілді

Қазір әкім болу, әсіресе ауылға басшылық жасау – жылы кабинет, жұмсақ орындықта отыру емес екені анық білініп келеді. Ауылдың қым-қуыт тіршілігінің бел ортасынан табылып, халықтың мұң-мұқтажына құлақ асатын әрі тұрмыстық проблемаларының түйінін тарқатуға білім-білігі мен іс-тәжірибесін жұмылдыратын адамды тұрғындар өздері таңдап алатын күнге жеттік.

Бүгінде алыс ауылдарды айт­па­­ғанда Алматыдан таяқ тас­там жердегі Талғар ауданының Кең­­да­ла ауылдық округінде ше­шімін күткен қыруар шаруа барын жасы­ру­ға болмайды. Ауыз су, жол мен жарық, саяжай мәселелері кейде «мәңгілік» тақырып тәрізді сезі­леді. Себебі бүгін бірінің ше­ші­мі табылса, ертең екіншісі бас көт­ерері хақ. Мұндағы саяжай тұр­ғын­да­рының мұң-зары да түй­дек-түйдек. Тақырыпқа арқау болып отырған Кеңдала ауылдық округінің құрамына Кеңдала, Ақдала, Ақтас және Еңбекші ауыл­дары кіреді. Сондай-ақ ауыл­дық округ аумағында 77 сая­жай серіктестігі орналасқан. Статис­тикалық мәліметтерге сәй­кес, 2023 жылдың 1 қаң­та­рын­дағы округ халқының саны – 16 363. Округтің жалпы жер көлемі – 14 954 гектар. Ауылдық округке жыл басында бюджеттен бөлінген қаражат көлемі – 94 млн 634 мың теңге. Оның ішінде облыстық бюджеттен трансферт арқылы 19 млн 433 мың, жергілікті бюджеттен 75 млн 201 мың теңге бөлінген. Оның ішінде аппаратты ұстап тұруға 50 млн 016 мың, елді мекендерді абаттандыру мен көгалдандыруға 8 млн 334 мың, елді мекендердің санитариясын қамтамасыз етуге 4 млн 740 мың, көшелерді жарықтандыруға 12 млн, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында 7 млн 952 мың, ауылдық округтерде жолдардың жұмыс істеуін қамтамасыз етуге 3 млн теңге бөлініп, қаражат жыл соңына дейін 100 пайыз игерілген. Салық түсімдері де 100 па­йыздан артық орындалса, жеке тұлғалардың жеке табыс салығы 2 млн 692 мың теңге, яғни жоспардың орындалу пайызы 77,1 пайызды құрағандығын Кең­дала ауылдық округінің әкімі Алмас Өмірзақов өзінің қоры­тын­ды есептерінде атап көр­сеткен.

Ауылдық округ әкімінің кес­теге сәйкес өтетін әр есептік жи­­­на­лысына аталған ауыл тұр­ғын­­дары, ақсақалдары мен қо­ғам белсенділері түгел қаты­сып, өздерін толғандырып жүр­ген ұсыныс-пікірін тізіп, ой бөлісуде үнемі белсенділік танытады. Оған әкімді бес сау­сақ­тай білетіндіктері де себеп. Тұрғындар есігін еркін ашып, мәселені көсіле айтады. Сон­дықтан болар 2018-2022 жыл­дар аралығында Кеңдала ауыл­дық округінде әкім болған Алмас Өмірзақовты өткен жылы тұр­ғын­дар өздері таңдау жасап, ауыл әкімі қызметіне 85 пайыз дауыс­пен қайта сайлап алған.

– Бұл ауылдық округтің проб­ле­малары маған таңсық емес. Оларды тізіп, алдыңғы төрт жылда шешілгені бар, шешімін күт­кені бар, зерделедім. Осы себеп­ті, өзімнің сайлауалды бағ­дар­ламамды 10 пунктке орайлас­тырдым. Үйіп-төгіп уәде берген жоқпын. Ауыл әкімі ретінде қолдан келетін, нақты шешімін табатын жұмыстар сайлауалды бағдарламаға енді. Олардың бас­тысы – Кеңдала, Ақтас ауыл­да­рындағы көпқабатты үйлердің жылу жүйесін газға қосу, ойын алаңдарын қалпына келтіріп, абаттандыру. Осы ауылдың жаңа құрылысындағы 10 көшеге жа­рық­тандыру шамдарын орна­ту­ға және асфальт төсеуге, Ақдала ауылына жаңа дәрігерлік амбулатория құрылысын салуға және қосымша трансформатор орнатуға күш саламын. Сон­дай-ақ Еңбекші ауылына бала­лар ойын алаңын, балабақша құрылысын салуға атсалысуды өзімнің басты міндетіме алдым. Жасыратыны жоқ, қордаланған бұл мәселелерді түгел қамтуға бюд­жет жетіспейді. Оған бюд­жеттің ескі есеппен қалуы себеп, – дейді ауыл әкімі Алмас Өмірзақов.

– Мысалға айтар болсам, жыл басындағы халық саны 16363 деп берілгенімен, саяжай тұр­ғындарын қосқанда 35 мың­нан асады. Жыл сайын жаңа құрылыстар өсіп келеді. Соған сай жарықтандыру мен жол жасау жұмыстары еселене түсе­ді. Ақтас пен Кеңдаладағы көп­қа­бат­ты үйлердің кәріз жүйелері мен электр желілері тозған. Айта берсек, күнделікті кезігетін тұр­мыс­тық мәселелер өте көп. Соған қарамастан бюджеттен бөлек, кәсіпорындардың көмегімен жол жасауға, басқа да проблемаларды шешуге күш салып келеміз, – дейді ол.

Тұрғындар тарапынан түсетін ұсыныстың дені жол мен ауыз су­ға тіреледі. Округке қарасты Ақ­дала ауылында жалпы 26 көше бар болса, соның 22-сі жаңа құ­ры­лыс көшелері. Олардың жалпы ұзындығы 8,4 шақырым, оның ішінде 6 шақырымы жаңа құрылысқа жатады. Соның 3-еуі ғана асфальтталған, қалған 23 көшеге, яғни 6,5 шақырым жолға қиыршық тас төселген.

Ауылдық округте құрылыс материалдарын өндіретін «Вектор Строй Монтаж», «Салбен групп», «Асфаль­табитон», «Өзентас», «Бе­реке тарту», «Сырат», «Жел­дортранс Ақтөбе», «Омега» жауап­кершілігі шектеулі серік­тес­тік зауыттары жұмысын і­с­тейді. Осы жылы «Гурман» асха­насы, «BIG -market» сауда кешені және «Кеңдала» қоғамдық моншасы жұмыстарын бастаған. Нәтижесінде, жаңа жұмыс орындары ашылған.

Ауылдық округте 1415 көпба­лалы отбасы бар. Оның ішін­де 637-сі атаулы әлеуметтік көмек алады. Көпбалалы және аз қам­тылған отбасыларға қайы­рым­ды­лық іс-шаралары ұйымдас­ты­ры­лып, азық-түлік, көмір, отын, сондай-ақ ақшалай да көмек түрлерін көрсету дәстүрлі түрде жалғасын тауып келеді.

Былтыр Ақдала және Ақтас ауыл­дарында мемлекет-жеке­меншік әріптестік аясында жүр­гі­­зілген газдандыру жұмыс­та­ры аяқ­талып, бүгінгі күні або­нент­­терді газға қосу жұмыс­тары жалғасуда. Ауыл тұрғын­да­ры отын тасып, күл шығару машақатынан арылар күн жа­қын. Тұрғындар тарапынан қаң­ғы­бас иттер жайында шағым аз түспейді. Соған орай өткен жыл ішінде округ бойынша 242 қаң­ғы­бас ит ауланған. Аудандық ветеринарлық қызметкерлермен құрылған ит аулау бригадасының жұмыстары биыл да жалғасады.

Бұл ауданның бір ауы­лын­да­ғы әкімнің жұмысы ғана. Бірақ біздің сөзімізден соң Ал­ма­ты облысындағы ауылдық округ әкімдерінің барлығын мақ­­таулы шенеуніктердің қата­ры­на жатқызуға болмас. Әлі де әкімдік орынтақты мансап мекені деп танып, жұрттың мұңын жүре тыңдайтындар жеткілікті. Мы­салы, бұған дейін әлеуметтік желіде Іле ауданы Ащыбұлақ ауылдық округіндегі «Алмагүл» саяжайында болған оқиға қызу тал­қыға түскен еді. Мәселе былай болған: ауылдағы кәріз желісінің жарылуына байланыс­ты ашуланған тұрғындар округ әкімі Жасұлан Оңалбаевқа талап қойған еді. Сөз арасында «Сіз халықпен бірге болуыңыз керек, сізді халық сайлады» деген ауыл тұрғынына әкім «Қателесесіз, мені депутаттар сайлады. Келесі жолы мен сайлауға қатыссам, халық таңдайды», деп дөрекі жауап берген еді. Осы жағдайға орай Мемлекеттік қызмет іс­тері агенттігінің Алматы об­лыс­тық департаменті ауыл бас­шы­сы­ның іс-әрекетіне баға бере келе: «Округ әкімі Жасұлан Оңал­баев­тың «мені халық емес, депутаттар сайлады» деген сөзі қате болды. Бұл оқиға қоғамның ашу-ызасын тудырды. Департаменттің ұсы­нысы негізінде Ащыбұлақ ауыл­дық округінің әкімі мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексін бұзғаны үшін тәр­тіптік жа­уап­кер­шілікке тартыл­ды. Оған сөгіс берілді» деп хабар­лады.

Жалпы, аймақтарда ауылдық округ әкімдерінің жұмысына қа­тысты жүйелі өзгеріс бастал­ға­нын айтуымыз керек. Бұл Прези­дент­тің жергілікті жер­дегі билік өкілдерінің жауапкершілігін арт­тыруға қатысты қойып отыр­ған талабына сай келеді. «Қазіргі кезде ауылдық округтер жоғары тұрған әкімдерге толығымен тәуелді. Сондықтан мардымсыз қолдауға ие болуда. Әкімдер сайланатынын ескеріп, халықаралық озық тәжірибеге сәйкес, жергі­лік­ті өзін-өзі басқару органдарын тікелей қаржыландыру тәсілін енгізген дұрыс болар еді...», деген еді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында.

Президент Жолдауындағы мәселе шешімін тауып жатса, ел ішіндегі әкімдердің қолы ұза­ра­тыны сөзсіз. Сонда халық сай­лаған басшының құзыреті артып, ауыл­ды көркейтуге деген ынтасы да өсе түсетіні сөзсіз. Қазірдің өзін­де сайланған әкімдер қолда бар мүмкіндікті пайдалана отырып жұмыс істеуде. Біз оны жо­ға­рыда Кеңдала ауылдық округі әкімі Алмас Өмірзақовтың ең­бе­гінен көргенімізді баян­да­дық.

 

Ұлбосын ИСАБЕК,

журналист

 

Алматы облысы