Солтүстіктің далаларында қар әлі сіресіп жатыр. Таза ауа жұтқысы келген, шаңғы тебуге құмар адамдарға бұл – нағыз тамаша уақыт. Шақырайған күнге шағылған аппақ қар, ашық аспан, жылымық ауа, кең дала тынысыңды ашып, кеудеңе саф ауаның нұры құйылып береді.
Дала осындай болғанда қала мен басқа да елді мекендерде шақырайған көктем күні жұқа қарларды жібітіп, көшелерде күндіз көлкіген суды да көріп қаласыз. «Түске дейін мүйіз, түстен кейін киіз» демекші, кешегі еріген қар түске дейін қатып, көктайғақ қылып жатады, ал түстен кейін қайта жібіп, күннен-күнге қызған сәуле қарды жеміріп, әкетіп жатыр.
Жекеменшік үйлердің иелеріне күрт еріген қардан қарғын судың астында қалмас үшін аулаларындағы қарды көшеге шығару мәселесі көптен бері айтылып келеді. Коммуналдық қызметтердің айтуына қарағанда биылғы көктем басталғалы 320 мың тонна қар сыртқа тасылыпты. Бұл жұмыстар әсіресе үйлерін қарғын су басу қаупі басым қаланың «Жұмысшы кенті» ауданында қызу жүргізіліп жатыр. Соның ішінде «Благоустройство Север» ЖШС бастығы Анар Бұрхановтың айтуына қарағанда, 9 наурыздан бері күн сайын 11 мың текше метр қар шығарылады екен. «Бұл іске әзірге 110 арнаулы техника жұмылдырылды», дейді ол. Бірақ бұл ауданнан басқа шеткері аймақтарға әлі қар тасу келе қойған жоқ.
Қазір Төтенше жағдайлар департаменті даладағы мол қардың шағын өзендердің жағалауындағы елді мекендерге зардабын тигізбеу жайын ойластыруда. Жазды күндері көзге ілінбей, көбі құрғап қалатын осы шағын өзендердің де зардабы кей көктемдерге сойқан болады. Өйткені қары жұқа жерлердің мұзы тез еріп ағады да қалың мұзға келгенде суы кептеліп, ағыс таба алмай айналаның бәріне жайылады. Сондықтан департамент қызметкерлері қалың мұзды алдын ала жарып, судың бөгелмей, ағыспен ағуын қамтамасыз етуге тырысады. Осы жұмыспен айналысатын «Көкше-Бур» ЖШС жуырда ғана Қулыкөл селосының маңында Сілеті өзенінің мұзын жарылғыш заттармен бөлшектеп тастады. Ұзын саны төрт учаскеде жасалған жарылыс 1 мың шаршы метр аумақты қамтыды. «Бұл да – апатты жағдайдың алдын алуға арналған жұмыстар. Осы әдіспен сірескен қалың мұзды талқандасақ, ағын су бөгелмей, өзінің арнасымен кете береді. Өзеннің суы арнасынан аспайды. Сөйтіп, жағалаудағы елді мекендерді су басу қаупін азайтамыз», дейді ТЖ ескерту бөлімінің бастығы Сәкен Ағзамов.
Құтқарушылар елді мекен тұрғындарына жарылыстың мәнісін алдын ала айтып, хабарландырған. Әйтпесе жақын маңнан шыққан гүрсілдің қуаты осал емес, жүрегі осал адамдарға зиян шектіруі әбден мүмкін. Сонымен бірге жарылыс болмаған жерлерде де мұздың жарылуы байқалуы мүмкін. Сондықтан балықшы қауымға да алдын ала ескертулер жасалған.
Синоптиктердің хабарлауына қарағанда, биылғы көктем жылдағыдан 5-7 күнге ерте шығатын түрі бар. Наурыздың соңғы онкүндігінде ауаның температурасы күрт көтерілуі мүмкін.
Солтүстік Қазақстан облыстық ТЖД бастығы, полковник Рамил Камалов те осы күндері тыным таппай су басу қаупі басым аудандарды аралап, тасқынға қарсы тосқын жұмыстарының сапасын тікелей өзі бақылауға алды. Жуырда ол Ғ.Мүсірепов ауданына барып, аудан әкімі Серік Мұхамедиевтің алдында барлық ауылдық округ әкімдері, мекеме-ұйымдар өкілдері мен төтенше жағдай қызметкерлері қатысқан кеңеске қатысты. Кеңесте көктемгі тасқынның қауіпсіз өту мәселелері талқыланды. Сонымен бірге қандай шаралардың жасалу керектігі пысықталды. 2021-2022 жылғы маусымда бұл ауданда қатерлі жағдай болмаған, алайда сақтықта қорлық жоқ екендігі ескертілді. Сол күні Р.Камалов пен аудан әкімі С.Мұхамадиев Рузаев, Сивков, және Чистополь ауылдарына барып, Шарық, Жембарақ, Ақан-Бұрлық сияқты шағын өзендердің арналарын, ондағы қардың қалыңдығын, қаупін және осы өзендердің жағасындағы елді мекендердің тасқынның алдын алуға тиісті инженерлік жабдықтарының жай-күйін бағалады. Сонымен бірге аудандағы жедел әрекет етуші топтың дайындығы да тексеріліп, құтқарушылардың өз міндеттерін білуі сыналды.
Солтүстік Қазақстан облысы