• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Театр 16 Наурыз, 2023

«Үйлену»: Күлеміз бе, жылаймыз ба?

364 рет
көрсетілді

«Үйлену оңай, үй болу қиын» дейміз. Алайда жаңа заманда үй болу тұрмақ, үйленудің өзі тым күрделеніп кеткендей. Оны қиындатып жүрген – заман емес, тағы да адамның өзі. Неге? Себебі адамға адамның жағуы үшін төрт құбылаң түгел, қоғамнан ойып тұрып алар өз орның, әлеуметтік мәртебең, қалта толы ақшаң, зәулім сарайың болмаса, бәрі бекер. Сонда қалай болғаны? Бақыттың кілті байлықта ма, әлде шын сүйгеннің риясыз сезімінде ме? Ал арманға жету жолында жағымпаздық пен жалғандықтың жетегіне еріп, ардан аттап кете беру қалыпты құбылыс па? Құрдымға кеткен құндылықтардың қадіріне кім жетеді?..

Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрын­да Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Жұманиязовтың режиссерлік қолтаңбасында қойылып, жақында премьерасы көрермен назарына ұсынылған Еркін Жуасбектің «Үйлену» музыкалық комедиясының өзегі негізінен осы идея тамырынан тарқатылады.

Үй болу керек, үйлену керек... Кім­ге? Жоғары білімді, төрт түлігі сай, тәр­биелі жігітке кімді айттырамыз? Әлде қалыңдықтар күйеуді өздері таңдай ма? Қайсысы дұрыс? Таңдау кімге түседі?.. Осы сауалдарға жауап іздеп сарсаңға түс­кен әр кейіпкердің өз мақсаты мен ақиқаты бар. Көздегеніне жету үшін тіпті адами қалыптан аттап, ар-намысты аяқ асты етуге әзір кейбірінің әрекеті шын ойландырады. Өйткені бүгінгі қоғам көрінісі де, сиқы да осы екенін ерік­сіз мойындайсыз. Спектакль ішінде қа­зіргі уақыттағы байлық пен мансапқа деген қызығушылық, адалдық пен сат­қындық, жақыбайлық пен іштарлық сынды адам бойындағы түрлі мінез-құлық ерек­шеліктері айрықша ашылып, оқиға бойы ол сатира мен юмор арқылы өз сыбағасын алып отырады. Ал қойылымға арнайы жазылып, Мәдениет саласының үздігі Маралжан Мырзақұлованың дири­жерлігінде театрдың халық аспаптар ансамблінің сүйемелдеуімен орындалған композитор Серікжан Әбдінұровтың тамаша музыкасы комедия табиғатымен сәтті қабысқанын һәм соның арқасында спек­такльдің атмосферасын жандандырып, екпін қуатын ерекше құлпыртып, тұшымды толықтырғанын да ерекше атап өткіміз келеді.

Комедияда автордың ұтымды та­былған драматургиялық шешімінің бірі – мұндағы кейіпкерлердің ныспысы әйгілі «гогольдік сарынмен» арнайы аллегорияға құрылған. Яғни Керек Әй­теуірұлы мен Дерекгүл Ерекшеқызы, Бөлек, Көмек, Зерек, Терек, Мерек, Ерек, Желек деп жалғасып кете беретін тұл­ғалар тізбегі қойылымның көркемдік һәм мазмұндық идеясымен сәтті қабысып қана қоймай, сондай-ақ бүгінгі қоғам көрінісінің мәдени мозайкасын түзуге де табысты қызмет еткен. Осы мазмұнға сай актерлік құрамды іріктеген қойылым режиссері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Жұманиязов театрдың үлкен буынымен қатар жастар жағын да жарасымды үйлестіре білген. Әсіресе, бас­ты рөлдегі кейіпкерлер рөлін сомдаған театрдың сақа актерлері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Лейло Бекназар-Ханинга мен Мейрам Қайсанов, екінші құрамдағы Сая Тоқманғалиева мен Ерлан Малаев тандемі әдеттегіше өз бабында. Жеңгетай Мерек бейнесін табыс­ты кескіндеген Айнұр Жетпісбаевның ізденісі де айрықша атап өтуге тұрарлық. Бөлекті ойнаған театрдың жас буын актері Әнуарбек Бектас, Терек рөлінде көрінген Шах-Мұрат Ордабаевтың сахнада жасаған жұмыстары да жан жа­дыратады. Керісінше Зерек рөлін екі құрамда ойнаған қос актрисаның (Ди­нара Егубаева мен Айдана Әбенова) жұмысында әлі де жарқындық жетіс­пейтіндей. Сол секілді сахнада Желекке «жан бітірген» Алтынгүл Серкебаева мен Гауһар Исмайлқызының кейіпкері де солғын шықты. Табиғаты ерек­ше кейіпкерді комедиялық көркем­дікке көтеру үшін әлі де ізденістер қа­жеттілігі байқалды. Олай деп кесіп сөй­леуімізге себеп болып отырғаны – осыдан он жыл бұрын қойылған дәл осы спек­­такльде Желекті сомдап, актерлік табысты ізденістерімен жадымызда ай­рықша жатталған Қазақстан Жастар одағы «Серпер» сыйлығының лауреаты Сая Тоқманғалиеваның сомдауындағы кейіпкердің замана бейнесін жеткізуі мен комедиялық көңіл күй сыйлаудағы шеберлігі басым болған еді. Араға жылдар салып жанданған қойылымда сол өткірлік, сол ащы ақиқат пен сатиралық күлкінің салмағы мен көркемдік қуаты бәсең шықты. Неге екен, театр сахнасында қайта түрленген комедияның әлі де бір қайнауы ішінде кетіп, ойымызды оқтын-оқтын кері шегіндіріп, он жыл бұрын сахна көрген алғашқы нұсқаға оралта берді. Оның үстіне музыкалық спектакль мен оперетта жанрына жиі соғып, жарқын спектакль қоюда тәжірибесі мол режиссер Нұрлан Жұманиязовтың сахна безендіру мен комедия атмосферасын берудегі қолтаңбасы соңғы уақытта бір-біріне тым ұқсап кеткендей әсер қалдырғанын да жасырмаймыз. Бұл күдігімізді сахнаға шыққан ре­жиссердің таңдауы үнемі түсетін Гау­­һар Жүсіп, Жасұлан Ерболат, Шах-Мұ­рат Ордабаев, Дастан Әлім, Мейрам Қайсанов және тағы да басқа актерлер бастаған «Жұманиязовтың жұлдызды құрамы» тіпті күшейте түскендей. Әрине, музыкалық қойылымға вокалдық мүм­кіндігі жоғары мұндай актерлердің тар­тылғаны жөн-ақ, тек рөл сараптауға келгенде сол әртістердің түрлі бағытта із­деніп, мағыналы бейне тудырғандары да қажет-ақ. «Үйленуден» кейін көңілде сондай үмітке толы тілек қалды.

Жалпы, сахнаға шыққан қай жанр­дағы қойылымның да оңайы жоқ қой. Әйтсе де комедияның өзіндік қиындықтары, күлдіре отырып ойлантатын ұрымтал тұстары мол. Комедия көп жағдайда трагедия мен драмадан сонысымен ұтады. Демек мұнда әр сөз бен әрекеттің маңызы зор. Осы жағынан келгенде де актерлер сөзге есе жіберіп алды. Әртістердің көп сөзі құлаққа жетпей, соның салдарынан пьесадағы өткір әзілдер, әлеуметтік маңызы бар ащы шындықтар жүрекке де жетпей қалды. Арзан ұйқасқа құрылған тір­кестер де аздап мезі еткенін айта ке­тейік. Осы сынды мысалдардан-ақ ак­терлік құрамға комедиялық рөл сараптау жолында әлі де біраз соны ізденістер қажет екендігі байқалды. Әйтпесе, бір комедиядан екіншісіне оп-оңай ауысып, өңін өзгерткенімен мазмұны сол қалпы қалатын бейнелер жаңаша жарқын бояуларға сұранып тұрғандығын жаңа қойылым тағы бір мәрте айқындап берді.

Әйтсе де бұл тұтас қойылымды жоққа шығару деген сөз емес. Ұжым болып ұйысқаннан кейін ұтымды шешімдерге барған қадамдар да жетерлік. Соның бірі  театр ұжымының араға он жылдан аса уақыт салып «Үйленуге» һәм заманауи драматургтердің шығармашылық шеберханасына, ондағы айтылар өзекті қоғами, адами мәселелерге театр тілі арқылы үн қосуға, сол арқылы көрерменіне аз да болса ой салсақ деген ұмтылысы дер едік. Өйт­кені «Үйленудегі» айтылар, көтерілер мәсе­лелердің барлығы – бүгінгі сіз бен біз өмір сүріп жатқан қоғамның боямасыз көрінісі.