Астанадағы «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымында «Биомедицина, инженерия және технологиялар» атты XII Наурыз кездесулері өтті.
Мазмұнды іс-шараға денсаулық сақтау саласында жасанды интеллект, роботтехника, машиналық ойлау және үлкен деректерді енгізу жобаларымен табысты жұмыс істеп жүрген зияткерлік мектептердің жас ғалымдары қатысты. Осымен он екінші рет өткен кездесу мектеп оқушыларының ғылыми-зерттеу жұмыстары 3D-биопринтингке, ақылды протездер мен биоинтерфейстерді жасауға және заманауи медицинаның басқа да өзекті басымдықтарына арналды.
Наурыз кездесуінің ашылуында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев алдымен қатысушыларды өтіп кеткен Амал мерекесімен құттықтап, жас ғалымдарға жылы лебізін жеткізді.
– 2011 жылы алғашқы тұсауын кескен іс-шараның тарихи да, ғылыми да маңызы үлкен. Себебі талапты жастардың алған ғылыми зерттеулерінің тақырыптары өте қызықты. Маған ұнағаны – олардың жасаған жобалары шынайылығымен ғана емес, кәдімгі өмірде қажеттілігі бар екенін айқындап тұр. Барлық ғылымның негізі мектепте қаланады. Осыған қарап бүгінгі шараның тақырыбына айналған биология ғылымының негізін қалап жатқандарыңызды көріп отырмын. Бұл бағыттағы іргелі жобаларды одан әрі жалғастыра беру керек. Армандай білген, қиялдай білген баланың болашағы зор. Әлемде атағынан ат үркетін ғалымдардың бәрі көктен түскен жоқ. Сіздер секілді мектепте оқып, өз армандарына қол жеткізіп, ғылымда ғажайып жаңалықтар ашты. Мен де сіздерден сондай үміт күтемін, – деді министр.
Содан кейін сөз алған Назарбаев зияткерлік мектептері басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин биылғы іс-шараның маңызына тоқталды.
– Бұған елімізден 150-ден аса оқушы қатысса, олардың 50-і ауыл мектебінен келді. Бұл Білім беру тұрақты дамыту қорымен бірлескен жоба аясында іске асты. Ауылдағы тірек мектептерден келген оқушыларда ғылыми жұмыстарын қорғайды. Жалпы, қорғауға елуден аса ғылыми жоба ұсынылып отыр. Әр жобаға 3-4 баладан қатысады. Қазылар алқасының шешімімен жоғары нәтиже көрсеткен оқушыларға қомақты сыйлығымыз бар. Мәселен, қатарластарынан үздік шыққан алты өрен еліміздегі алдыңғы қатарлы университеттердің грантына ие болады, – деді ол.
Одан соң кездесу пленарлық отырысқа жалғасып, онда Назарбаев университеті Медицина мектебінің деканы Массимо Пиньтелли, «Ана мен бала» ұлттық ғылыми орталығының балалар хирургия бөлімінің жетекшісі Дастан Рүстемов және Назарбаев университетінің профессоры Атакан Варол, Назарбаев унтверситеті Медицина мектебінің профессоры Әбдіжаппар Гаипов секілді ғалымдар баяндама жасап, ғылым жолындағы өз тәжірибелерімен бөлісті.
Сонымен бірге «Биомедицина, инженерия және технологиялар» тақырыбында Назарбаев зияткерлік мектептері мен ауылдағы тірек мектептері оқушыларының ғылыми жобалар көрмесі өтті.
Үш күнге жобаланған кездесу аясында қатысушылар елордадағы физика-математика бағытындағы зияткерлік мектептің «NIS Engineering» техноториясында роботтехника және дизайндық ойлау бойынша шеберлік сыныбы мен «Құрманғазының әйгілі бес күйі» мен «100 ән» атты шығармашылық сағатына қатысады. Сондай-ақ «Наурыз тартуы» атты концерттік бағдарламаны тамашалап, елордадағы Ұлттық музей мен «Астана Опера» театрына экскурсия жасайды.