• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Заң 16 Наурыз, 2023

Қылмыстық заңнаманы жетілдіру: Мақсат пен міндет межесі

270 рет
көрсетілді

Жақында «Қазақстан Республикасының Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстеріне қылмыстық сот төрелігі, жазаны орындау және азаптау мен қатыгез әрекеттердің алдын алу саласындағы адам құқықтары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына 45 түзету енгізілді. Мұндағы мақсат – аталған заңнамаларды жетілдіру.

Құжатқа енгізілген түзетулер Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауларындағы тапсырмаларды іске асыруға, Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қыл­мыс­тық-атқару кодекстерінің те­тік­терін жетілдіруге арналған. Жал­пы, заң жобасында азаптағаны үшін жауапкершілікті күшейтуге, қа­ты­гез, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетін қорлайтын қарым-қатынас үшін қылмыстық жауап­кер­шілікті енгізуге, отбасылық-тұр­мыс­тық зорлық-зомбылық саласына, сырқатқа шалдыққандардың, алғаш рет сотталғандардың құқықтарын қам­та­масыз ету және тағы басқа мәсе­ле­лер­ге қатысты нормалар бар.

Бұған қоса заң жобасында төтенше және толық қауіпсіз мекеме­лерде жазаны өтеу шарттары қайта қаралды. Осыған сәйкес енді сотталған әйел­дер­дің колонияда балаларымен бірге болуға құқықтары бар. Елімізде осындай «Бүлдіршін үйімен» бір колония ғана жабдықталған. Ол Алматы облысының Жауғашты кентінде орна­лас­қан. Онда әйелдер бос уақытында пер­зенттерінің қасында болып, бағып-қағады.

– Алайда үш жасқа толғаннан кейін балалар жақын туыстарына немесе балалар үйлеріне беріледі. Әлеуметтік байланыстарды сақтау мақсатында сотталған әйелдерге, егер аналардың босатылуына дейін бір жылдан аз уа­қыт қалса, 4 жасқа дейінгі балаларды қалдыруға мүмкіндік беретін норма көзделеді. Бірақ бір шарты бар. Олар сол уақытқа дейін жазадан боса­ту мерзімі бір жылдан аз болуы керек, – деді Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов.

Осыдан бірер күн бұрын өткізілген Сенат­тың жалпы отырысында Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев қыл­мыс­тық-атқару мекемелері мен поли­ция­ның қызметтік ғимараттарына міндет­ті түрде бейнебақылау орнату туралы ере­жені заңнамалық деңгейде бекітуді ұсынған еді.

– Қылмыстық кодекске азаптағаны үшін жазаны күшейтетін ережелерді енгіздік, бұл өте дұрыс. Құқық қор­ғау органдарының әрекеттеріне, кей­бір қызметкерлердің зорлық-зом­бы­лы­ғына қатысты көптеген ша­ғым түсе­ті­нін айта кету керек. Сенат­қа да ондай шағымдар келіп жатыр. Бірақ тәжірибе көр­сетіп отырғандай, мұндай істердің басым көпшілігі сотқа жетпейді. Өйт­кені зорлық-зомбылық, азаптау және басқа да фактілерді дәлелдеу, анықтау өте қиын. Осыған байланысты біз жа­қында ғана Бас прокуратурамен бір­лесіп құқық қорғау органдарының бар­лық қызметтік ғимараттарына бей­не­бақылау орнатуды талап ететін ереже қабылдағаныңызды білеміз, – деді М.Әшімбаев.

Оның айтуынша, бұл тәсіл белгілі бір адамдарға заңсыз әрекеттердің қол­данылғанын дәлелдеуге көмекте­седі. Әрі бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау ор­ган­дарында бейнебақылауда көрін­бей­тін жерлер болмауға тиіс екенін айтқан еді.

Сондай-ақ Президент қылмыстық заңнаманы БҰҰ-ның Азаптауға қарсы конвенциясына сәйкестендіруді тап­сырған болатын. «Бұған сәйкес құжат­та әлі де жетілдіру керек тұстары бар», дейді Парламентаризм институты заң­на­ма бөлімінің бастығы Болат Бейісов.

– Қылмыстық кодекстің 146-бабы қосымша 2 тармақпен толықтырылған. Онда құқық қорғау және арнайы орган­дардың қызметкерлері мен мұ­ға­лімдер мен дәрігерлер азаптау субъек­ті­ле­рі­не теңестірілген. Бұл тергеу мен азаптаудың заңсыз әдістерінің жолын кесуге бағытталған Азаптауға қарсы конвенцияға қайшы келеді. Президент қыл­мыстық заңнаманы БҰҰ-ның Азап­­тауға қарсы конвенциясына сәй­кес­­­­тендіруді тапсырды. Дегенмен кон­­вен­цияның қолданыс аясы негізсіз кеңей­тілген. Яғни білім беру және ден­­саулық сақтау саласындағы әлеу­мет­тік мәселелерді заң шығарушы орган қылмыстық заңнаманы қатайту ар­қылы шешуге тырысуда, – деген пікірін ортаға салды Б.Бейісов.

Заң жобасын жасақтауға атсалыс­қан маман­ның бірі – профессор Айдархан Сқақов. Спикердің пікі­рін­­ше, құжатта ауырлығы орташа және ауыр қыл­мыстарды жасағаны үшін қылмыстық құқық теориясын­да белгіленген жауапкершілік дең­гей­ле­рін әлі де талқылау керек.

– Заңның маңыздылығы – оның қылмыстық сот ісін жүргізу саласында азаптауды және басқа да заңсыз қаты­гез­дік әдістерін пайдаланған адам­дар­ды жауапкершілікке тартудың құқық­тық тетігінің егжей-тегжей баяндалуында. Күдіктінің қылмыс жасауға қа­тысы бар екенін фактілермен дәлел­дей алмаған біліксіз тергеушілер мен күштік құрылымдардың жедел қыз­мет­кер­лері азаптауды қолданады. Заң дәл осы заңсыз әрекеттердің алдын алуға бағытталған. Бұған дейін Қазақстанның Қылмыстық кодексіне азаптауды қол­дан­ғаны үшін жазаны көздейтін норма енгізілген еді, тіпті қылмыстық сот ісін жүргізуде сотталғандар да бар. Алай­да заңнамадағы қайшылықтар мен олқылықтардың салдарынан бұл нор­маны қолдану қиынға соқты. Енді сот аталған іс-әрекетті неғұрлым нақ­ты­рақ саралайды. Сонымен қатар заң жобасында кемшіліктер бар. Ашық айтсақ, қылмыстық құқық тео­риясында бекітілген ауырлығы орта­ша және ауыр қылмыстарды жа­са­ғаны үшін жауапкершілік дең­гейі бұзылған. Мәселен, орташа ауыр­лықтағы қыл­мыс­тар үшін жаза 3 жылдан 7 жылға дейін, ал ауыр қыл­мыс жасағаны үшін 5 жылдан 7 жылға дейін. Яғни олар бірдей жаза­ла­на­ды, бұл дұрыс емес. Негізінде ауыр­лығы орташа қылмыс жасағаны үшін 3 жылдан 5 жылға дейін, ал ауыр қылмыстар үшін 5 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айы­ру түріндегі жаза қажет. Сондықтан бұл сұрақтарды әлі де қарау керек. Осы саладағы заңнаманы одан әрі жетіл­дірудің жолдары да бар. Қалай бол­ған­да да бұл заңның азаптаулардың алдын алудағы маңыздылығын бағалау қиын, – деді А.Сқақов.

Заң жобасындағы жекелеген түзе­ту­лердің бірі сотталғандардың ден­сау­лығын сақтау құқығын іске асыруға және ауыр сырқаттар болған кезде адам­гершілікпен қарауға қатысты. Енді сот жаза тағайындау кезінде сот­тал­ған адамда ауыр сырқат болған жағ­дайда бас бостандығынан айыру тү­рінде кейінге қалдыруды қолдана ала­ды. Осылайша сотталғандар азамат­тық медициналық мекемелерде жедел ем алу мүмкіндігіне ие болады.

Түзетулер негізінен алты ба­ғыт­ты қам­тиды, сол арқылы қыл­мыс­тық сот төрелігі саласында адам құ­қықтарын іске асыру тетік­те­рін кеңейту жоспарла­нып отыр. Не­гізінде қылмыстық заң­на­маны жетіл­діру жөніндегі заң жобасы адам құ­қықтары және заң үстем­ді­гі бо­йынша қабылдануы қажет шараларды айқындап берді. Енді құжатқа Президент қол қойса, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктері жаңар­­тылады.