• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Сайлау 20 Наурыз, 2023

Шетелдегі сайлау учаскелері: 5071 отандасымыз дауыс берді

171 рет
көрсетілді

Еліміз үшін тағдыршешті сайлауға шетелде жүрген отандастарымыз да белсене қатысып жатыр. Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, шартарапты шарлап жүрген ел азаматтары 62 мемлекеттегі 77 сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауын жасады.

Ең бірінші болып қазақстан­дықтар Корея мен Жапонияда дауыс беруге мүмкіндік алды. Осылайша, Сеулде №258 және Токиода 261 сайлау учаскелері жергілікті уақыт бойынша сағат 07.00-де ашылды. Сеул қаласында білім алып жүрген курсант Елнұр Асанов өз таңдауын ең алғашқы болып жасады.

«Бұл сайлау еліміз үшін эконо­­микалық дамудың жаңа мүм­кіндіктерін ашады деп күте­мін. Трансформация біздің мемле­кетіміз үшін қажет, ол елдің дұрыс бағытта дамуына қуатты серпін береді деп сенемін. Мен Қазақ­стан Республикасының азама­ты ретінде азаматтық боры­шым­ды орындап, өз үлесімді қо­сқым келеді! Елімізге ны­ғайып, өркендеу тілеймін», деді Е.Асанов.

Бұдан кейін Бейжің, Шан­хай, Гонконг, Сингапур, Куала-Лумпур, Ұлан-Батыр қала­ла­рында дауыс беру учаскелері өз жұмысын бастады. Сондай-ақ Джакарта, Бангкок пен Ханой қалаларында сайлау учаскелері ашылды. Осылайша, бірінен кейін бірі уақыт белдеуіне сәй­кес ірі қалаларда орналасқан сайлау учаскелері жұмысқа кірісті. Елшіліктер таратқан мәліметтерге сүйенсек, азамат­тарымыз сайлауға белсенді қаты­сып жатыр.

Қытай еліндегі сайлау учас­­келері Астана уақыты бойын­­ша сағат 18.00-де жабылды. Естеріңізге сала кетейік, Қы­тай Халық республикасын­да отандастарымыз 3 сайлау учаскесінде дауыс берді. Келу­шілер орташа есеппен 98 пайыз­ды құра­ды. Студенттер, дип­ломат­тар және олардың отбасы мүшелері, сондай-ақ осы елде жұмыс істейтін ел азаматтары өз таңдауларын жасады. Дауыс берушілер санының өсуіне Қытайдағы коронавирусқа байланысты шектеулер алынып, шекараның ашылуы ықпал етті.

Мәселен, Мәскеудегі сайлау учаскесінде бірінші болып Ресей Сыртқы істер министрлігі Дипломатиялық академиясының 2-курс студенті Даяна Көшімова дауыс берді. «Мен өмірімде бірінші рет дауыс беріп отырмын. Ең алдымен, өз таңдауымды еліміздің игілігі үшін жасадым. Қазақстандықтар бақытты өмір сүруді үйренуі керек, өйткені біз оған лайықпыз», деп өз ойымен бөлісті Д.Көшімова.

Ал Ресей Қорғаныс ми­нис­­трлігінің Князь Александр Нев­ский атындағы Әскери уни­верситетінің 2-курс курсанты Елеухан Шадыман сайлауға ал­ғаш­қылардың бірі болып келді. «Елімнен жырақта жүрсем де, өзімнің азаматтық борышымды өтеу – мен үшін жауапты іс. Бүгінгі сайлау біз үшін мереке, Мәскеудегі қазақтар болып жиналып, дауыс беруге келдік», дейді Елеухан Шадыман.

Ресейдегі Қазақстанның ел­шілігі жанындағы сайлау учаскесіне Мәскеу облысының Дубна қаласындағы Біріккен ядролық зерттеулер институтында жұмыс істейтін қазақстандық ғалымдар барған екен. Институт ұжымы сайлауда дауыс беру үшін автобуспен 100 шақырым жол жүріп өткен.

«Біріккен ядролық зерттеулер институтындағы диаспорада жүзге жуық адам бар. Олар жас ғалымдар, орташа жасы 28-де. Парламент – биліктің бас­ты тармақтарының бірі. Біздің мүдделерімізді қорғайтын заң шығарушы орган. Сондықтан аза­маттық ұстанымымызды біл­ді­ріп, дауыс беруге келдік», деді Біріккен ядролық зерттеулер институтындағы ұлттық топтың жетек­шісі, Алматы қаласы Ядро­лық физика институтының аға ғылыми қызметкері Ержан Мұхамеджанов.

Молдовада теміржол инфра­құрылымын жаңғырту жобасына тартылған «Теміржол жөн­деу» компаниясының қызмет­керлері Кишиневте дауыс берді. Түс қайта Солтүстік Америкада Вашингтон, Нью-Йорк және Оттавада сайлау учаскелері жұмыс істей бастады. Сан-Францискода шетелдегі соңғы сайлау учаскесі ашылды.

Бішкекте №264 сайлау учас­кесінде жергілікті уақыт бойын­ша сағат 20.00-де дауыс беру аяқталды. Учаске төрағасы Нұр­лан Ғылмановтың айтуынша, дауыс берушілердің қатысуы 39,6 пайызды құраған. Жалпы, Қырғызстандағы елшілікте 300 адам тіркелген.

«Бішкектегі №264 сайлау учаскесіне жергілікті уақыт бойын­­ша сағат 20.00-де тіркел­ген сайлаушылардан 119 қазақ­стан­дық дауыс беруге келді, бұл 39,6 пайызды құрады. Дауыс­тар сана­лып, бюллетеньдер ресім­деліп болғаннан кейін соңғы қоры­тынды шығарылады», деді Н.Ғылманов.

Қырғызстандағы Қазақстан Республикасы Парламенті Мә­жі­лісі депутаттарын кезек­тен тыс сайлауында ТМД Парла­ментаралық Ассам­блея­сының халықаралық байқау­шылары мен «Бостандық қанаты» қоғамдық қорының тәуелсіз байқаушысы бақылады.

Өз таңдауын жасағандар қатарында қазақстандық дипломаттар мен олардың отбасы мүшелері, халықаралық және жеке компаниялардың өкілдері, сонымен қатар аталған елде білім алып жатқан студенттер бар.

Қазақстанның Тәжікстандағы Елшілігі жанынан ашылған №272 сайлау учаскесінде атал­ған ел аумағында уақытша және тұрақты тұрып жатқан 100-ден астам Қазақстан азамат енгізілген. Отанындағы саяси өзгеріске үн қосуға ұмтылған қазақстандықтар Тәжікстанның түкпір-түкпірінен Душанбеге келіп дауыс берді. Елшілік қызметкерлері сайлаудың ашық әрі әділ өтуіне, учаскенің үздіксіз жұмыс істеуіне бар күшін салып жатқанын айтып отыр.

«Отандастарымыз сайлауға белсенді қатысып жатыр. Таңғы сағат 7.00-ден сайлау учаскесіне қазақстандықтар келе бастады. Тізімге Тәжікстан аумағында уақытша және тұрақты тұрып жатқан қазақстандықтар енгі­зілген. Оның негізгі бөлігі – бірлескен кәсіпорындардың қызметшілері, дипломаттардың отбасы, студенттер мен турис­тер», дейді сайлау учаскесінің төрағасы Дархан Көшербаев.

Айта кетерлігі, шетелдегі барлық сайлау учаскелері Қа­зақ­станның дипломатиялық өкілдіктерінің аумақтарында ұйымдастырылған. 12 016 адам дауыс беруге құқылы. Орта­лық сайлау комиссиясының мәліме­тіне сәйкес, Астана уақы­тымен кешкі 19.00-де шетел­дегі 11 учас­келік сайлау комиссиясының (Сеул, Токио, Пекин, Сингапур, Куала-Лум­пур, Ұлан-Батор, Гон­конг, Шан­хай, Бангкок, Джакарта және Ханой) жұмысын аяқтады.

Жалпы алғанда 5 071-ге жуық Қазақстан азаматы дауыс берді, яғни қатысу көрсеткіші 41,8 па­йызды құрады. Ал қалған 66 учас­ке жұмысын жалғастырып жатыр.