Қолымыз негізгі қызметтен бір сәт қалт ете қалса, ой қуып, ой қаузайтын кезіміз аз болмайды. Тірі пенде ойдан бір ажыраған ба? Не үшін адам болып мына жарық дүниеге келдің? Не іс атқардың? Артыңа қандай із қалдырып барасың?
Бірде әлеуметтік желіден мынадай жазба көзіме шалынды. Токио қаласының орталық көшелеріндегі құлақтандыру ілінетін тақтасына мынадай жарнама ілініпті: «Әкеміз бен анамызды сенімді қолға сатамыз. Әкеміз – 70 жаста, шешеміз – 65 жаста. Бағасы 1 мың иен. Одан бір иен кем емес, артық емес. Толық мәлімет алғысы келгендер мына телефонға қоңырау шалыңыздар...» деп ірі жазумен жазылыпты. Ары өткен, бері өткен көпшілік әлгі хабарламаны көріп таңғалысын білдіреді. «Ойпырмай, мына заман не болып барады?! Дүние қуғандар, барлығын қойып, енді әкесі мен анасын сатпақшы ма?», «Ой, тәңірім-ау, балаларына өмір сыйлаған анасы мен әкесін сатуға шығарғаны несі? Қандай қаныпезер, мейірімсіз тас жүректер», «Анасы мен әкесін сатқан не сұмдық, қандай қаныпезерлер...» деп жағаларын ұстап, көпшілік гу-гу етіп, күйіп-пісіп ой бөлісіп жатыпты.
Сол маңнан өтіп бара жатқан жас жігіт пен жұбайы көптің әңгімесі құлақтарына шалынып, әлгі жарнамаға көңіл аударады. Жас жігіттің жанарына еріксіз мөлтілдеп ыстық жас келеді. Қасындағы келіншегі: «Саған не болды, жанарларың боталап кетті ғой?», деп сөзге тартады. «Мына хабарламаны оқып, жүрегіме пышақ тигендей сезімде болдым. Есіме әкем мен шешем түсті. Телефон нөмірін жазып алшы. Маған бір тың ой туды», дейді дауысы діріл қағып.
Жігіттің әкесі мен шешесі жол апатына ұшырап, содан көз жұмыпты. Тіпті әлі қабір топырақтары кеуіп үлгермеген. Әкесі мен шешесі жігіттің түсіне күн құрғатпай енеді екен. Үйіне келгеннен кейін жұбайына: «Жаңағы телефон нөміріне қоңырау шалайық. Мекенжайын анықтап, іздеп барайық. Біздің әкеміз бен шешеміздің орнын сол қариялар жоқтатпас, көңілімізге демеу болар, бізді қайғымыздан жұбатар», деп ой тастайды. Келіншегі күйеуінің ұсынысын қолдап, қоңырау шалып, қарттар сатылатын үйдің қай көшеде, қандай үйде екенін анықтайды. Айтылған мекенжайға келсе, үлкен, әсем, жан-жағы көкжелек пен гүлге оранған екі қабатты еңселі үй болып шығады. «Шатасып, басқа үйге тап болдық па екен?» деген ойға келген екі жас сенімсіздікпен үй қоңырауын басады. Ауладағы шәуілдеген иттің дауысына жарысып қарт кісінің «Қазір, қазір...» деген қарлыққан үні естіледі. Қақпа ашылып, жетпісті алқымдаған қария сыртқа шығады. «Кешіріңіз, біз хабарлама бойынша келіп едік. Қателесіп, басқа үйге келген жоқпыз ба? Егер олай болса, кешірім сұраймыз». «Жоқ, қателескен жоқсыздар. Келіңіздер, үйге кіріңіздер». Үйден жылы жүзді отанасы да шығып, ол да бұларға күлімдей қарап, ішке шақырды.
– Біз хабарламада көрсетілген қарттарды өзімізге сатып алмақ ниетпен келіп едік. Оларды қалай көре аламыз?
– Асықпаңдар. Үйге кіріңіздер. Барлығын қазір айтып беремін. Кемпір, шай қой қонақтарға, – деп кемпіріне нұсқау береді.
Үйге енген жұп жан-жақтарына таңғала қарайды. Жағдайлары жақсы, үлде мен бүлдеге оранған отбасы екені көрініп тұр.
– Иә, сөйтіп, хабарлама бойынша келдік деңіздер. Жақсы, жақсы. Жүздеріңнен мейірім төгіліп тұрған жастар екенсіздер. Қарт кісілерді сатып алмақ ниеттерің неден туды? Оған не себеп?, – деп үй иесі суыртпақтап қонақтарды сөзге тартты.
– Біз осы қаланың тұрғындарымыз. Әке-шешеміз, өкінішке қарай, таяуда жол апатынан көз жұмды. Олардың жоқтығы біздің жанымызға қатты батты. Сөйтіп жүргенімізде әлгі хабарламаға кезіктік. Содан сол «саудаға түскен» қарттарды сатып алып, өз әке-шешеміздей бағайық, оларға барынша бақытты қарттық сыйлайық деген оймен келіп едік.
– Е, оларың жөн екен, жөн. Әке-шешенің қадірін білетін саналы, пейілі оң, көрегенді азаматтар екенсіңдер. Рақмет. Мына қазіргі аласапыран, ию-қиюы мол заманда адамдарда мейірім, бауырмалдық деген қасиетті дүниелер көмескіленіп барады. Адамдар баюдың жолын іздеп, күні-түні дүние қуып, қатігездікке ұрынды, бірін-бірі алдап-арбауды, тонауды ар санамайды. Обал, ысырап, ұят деген атадан келе жатқан дана сөздердің қасиеті кетті. Базбір жандар Құдайын мүлде ұмытып, аш қасқырдай кез келгенді талап, тірсегінен қағып, жоқ етіп жіберуге дайын жүр. Соны көріп кейде түңілесің, ой қуып, іштей қапа боласың? – деді көңілдегі ренішін жеткізіп болып. – Пейілдеріңе, келгендеріңе рақмет. Біз, мына жаман кемпіріміз екеуміз, тату-тәтті өмір сүріп, өмір бойы таза еңбек еттік, біреудің ала жібін аттамадық. Соның арқасында беделге, абыройға бөленіп, біраз дүниеге ие болдық. Барлығы маңдай термен адал келген дүние. Өкініштісі, тіпті қасіретіміз десек те болады, бала сүйе алмадық, артымызға ілескен ұрпақ жоқ бізде. Өмір бір орында тұрмайтыны белгілі, қарттық кеумелеп келіп, ертелі-кеш мына жарық дүниеден кетеріміз хақ. Өмір бойы еңбекпен тірнектеп жинаған мына байлығымыз кімге бұйырады, кімге қалдырамыз? Осы бір ой соңғы кезде жиі мазалай бастады. Содан ойласа келе әлгі хабарламаны беріп едік. Құдайы бар, пейілі түзу, жөнді біреулерге мына дүниелерімізді қалдырсақ деген ой-арман ғой бізде. Көріп, біліп отырмыз. Өздерің біздің ойда жүргендегідей жан екенсіңдер. Біздің бұл ұсынысымызды қабылдасаңдар, сендер бізге сүйеніш артатын ұл-қыз болыңдар. Ал біз сіздерге сенімді ана-әке болайық, – деп ой тастайды хабарлама берген қарттар.
Сөйтіп, әкесі мен шешесін кездейсоқ жол апатынан жоғалтып алған жас отбасы өздеріне әке мен шеше тауыпты. Тек ол емес, қарттардың бүкіл өмір бойы жиған байлығы, үй-жайы жас отбасының еншісіне қосылыпты.
Ел арасында «Адамдардың пейілі тарылып барады», «Кей жастар жамандыққа әуес», «Ниетімізге не болған?» деген сөздерді жиі естиміз. Күн сайын теледидар түрлі сұмдықты хабарласа, әлеуметтік желіде де алдау-арбау, кісі өлтіру, тонау секілді ақпараттар желдей еседі. Пәтер алып берем деп ақшасын алып, хабарсыз кету де бұл күнде жаңалық емес. Мұндай келеңсіздікті көріп жүрегің ауырады, бұлыңғыр болашақты ойлап мазасызданасың.
Қолында билігі бар адамның кейбірі мүмкін болғанның бәрін алдымен өзі үшін жасап, қармап, ұрлап, тығып, жинап қалуға құмар. Ондай басшылар әруақытта бірінші кезекте елдің емес, өзінің және өзіне ең сенімді «төңірегінің» жеке шаруасын қолға алады. Ел тағдырын, қара халықтың жайын соңғы кезекке қояды. Бұны адамдар пейілінің бұзылғаны демеске шараң жоқ. «Мешкейдің өзі тойса да, көзі тоймайдының» кері келіп, қанша тойымсыз, құныққан жан темір торға түсіп, басына, отбасына қасірет бұлтын қоюлатып жатыр. Әрине, бәрі емес.
Осындайда көрнекті ақын Есенғали Раушановтың мына жыр жолдарына ойымызға оралады:
«О дүние бір керуен жол кешкен әрі,
Бірі ерте, енді бірі кеш барады.
Кетесің не қалдырып артыңа сен,
Ел ертең кім еді деп еске алады?
Қой баққан, тауық баққан,
шошқа баққан,
Зәулімдеп сарай салған қос қабаттан.
Қарасаң не мықтылар өтіп кетті,
Бұл дүние ақ сағым-дүр
босқа лаққан».
Иә, «Кетесің не қалдырып артыңа сен, Ел ертең кім еді деп еске алады?» деп ақын бізге орынды сұрақ қояды. Бұл – әркімді міндетті түрде ертелі-кеш ойландыратын, толғандыратын сұрақ. Қамшының сабындай қысқа ғұмырда тек жеке бастың қамын ойламай, өзге жандарға жәрдемдесуге, жақсылық жасауға тырысайық.
Байлық деген адамның пейілінде деген сөз, сірә, рас болуы керек.
Сағындық ОРДАБЕКОВ,
дәрігер-хирург, медицина профессоры,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Тараз