Оқырман назарына «Егемен Қазақстан» газетінің 1991 жылғы 22 наурыздағы санында жарияланған мақаланы ұсынамыз.
Па шіркін, баяғы балғын шақтар-ай! «Бір, екі, үш, төрт, бес, шүметайымның басын кес!» деп бестен артық сан білмейтін сағал кезімізде наурыз көжеге тойып алысымен қиқулап қырға барып аунаушы едік-ау. Сонда наурызға дейін найқалып өскен сан алуан гүлдерді санай алмай «Сан жетпес сарғалдақ, қыз жетпес қызғалдақ» деп айтатынбыз, Шүкір, қаз-қаз басып қаздаңдағанша яғни, жетіге келгенше жерден таяқ жеп өстік қой. Ес біліп, етек жауып, ержеткесін байқасақ, жеті деген сан шығыс дәстүрінде үкілі, киелі сан екен. Жеті атамызды білуге тырыстық. Бірдеңеге қуансақ «Немене, жерден жеті қоян тапқандай мәз боласың!!» деп ата-аналарымыз аң-таң болатын. Тіпті, сезгіш те, сезімтал, сұңғыла кісілерді көпшік қойып көтергенде «О-о, оның тәрізі бөлек, жеті қат жердің астындағыны білетін мүттәйім!» деп кәдімгідей дәріптейтін. Апаларымыз тәуір түс көрсе де «жеті нан құдайы» беріп, имандылық танытып жататын, Тезек қалап, қазанға қайнатқан наурыз көжені де ең кемі жеті түрлі астың қоспасынан пісіріп, кісінің сілекейін шұбыртатын еді-ау.
Мінеки, біз де бүгін оспақ сүйгіш оқырмандарға күлкінің «Наурыз көжесін» беріп отырмыз. Қалжыңның қара қазанында қайнаған әзіл, сықақ, мысал, шымшыма, бірқағар, эпиграмма, сайқымазақ секілді сатираның жеті түрлі дәмінен дайындалған көңілді көжеден дәм татыңыздар,
- «Алдыңызға ас қойдық, екі қолыңызды бос қойдық». Жерік қылған жеңсік астан ауыз тиіңіздер!
ШЫМШЫМАЛАР
Жәдігөй
Бастықтың маңына…жан жуытпай…
Мақтайды үстіне шаң жуытпай.
«Сырқат»
«Сырқат, - дейді, - ауыры, асқазаны»…
Екі күннің бірінде ас жазады.
«Асылдың сынығы»
Көпіріп, өзін-өзі дәріптейді,
Басқаларды: «Сүмелек», «Ғаріп» дейді.
Түйсіксіз
Өз үйінде жарытып тамақ бермейді,
Кісі үйінде: «Оу, маған арақ бер?»,- дейді.
Кейінгі келін
- Привет, ата!.
- Қай баласың, шырақ?
- А ну, пока!… Зачем тебе… сұрап?
Ауыз
-Сиырларымыз - ағып тұрған бұлақ. Өйткені, асыл тұқымды мал ғой!…
- Сүт жоспары неге орындалмады, шырақ?
- Ойбай-ау, біздерде де ауыз бар ғой…
Жұман Құрманғалиев
СЫҚАҚ
Кім күшті?
Ерегіспесе жүре алмайтын, Онсыз өмір сүре алмайтын Қортықбай деген албасты:
- Әлемде атом күшті! - деді. Тыртықбай жата қалып жармасты.
Жоқ, керісінше, қатын күшті! деді. Содан екеуі дауласты.
Атомның күштілігі сондай Жер-дүниені ластайды?
- Қатынның күштілігі сондай Оны сенің Бекбикең-ақ растайды!
- Атом күшті, түскен жерін ойып жібереді!
- Қатын шындаса көзіңді жойып жібереді!
- Атом жер бетіндегі нәрсені жоқ қылады!
- Қатын қалтаңды қағып, өзіңді доп қылады! Өзіңді қаңғыртып, бала мен үйге ие боп, «Алимент бер» деп доқ қылады.
- Атомды ел болып қолға алып жатыр, Сонда да баяғы Әсері мол болып жатыр…
- Құдай біледі, тап қазір, Қатының үйіңде долданып жатыр.
- Атоммен ойнама, өліп кетесің,
- Қатынмен ойнама, айтқанына көніп кетесің, Қалай түсіндірем сендей маубасқа.
- Атом күшті, құр бекерге дауласпа!
Ақыры дау бітпестен қалып кетті,
Себебі, екеуінің де әйелі кеп,
Бір шыбықпен айдап, алып кетті.
МЫСАЛ
Пора-пора…
«Организмді қалай асыраймын?» деп,
Бастың басы қатты.
Уәде бергенмен
«Боласыңдар қарық» деп,
Тарықтырып қойды нарық кеп,
Тағам да, киім, дәрі де.
Қымбаттап барады бәрі де.
Тірлік ету қиындады,
Аши бастады миымдағы.
Алаяқтар ұраны белгілі болды:
«Дүние жинап қал онда».
Он екі мүше түгелдей,
Қарап қалды талонға.
«Уақытша шыдаңдар» десем
Басқа мүшелер көнгенімен
Асқазан шұрылдап қоймай қойды.
Қалған-құтқан сухариге тоймай койды.
…Ойланып, толғанып ақыры
Амал жоқ асқазан жөнінде
Бас шығарды басқа заң:
«Нан орнына талонды
Қорытатын болсын асқазан.
Пора-пора талон жесе,
Болар мүмкін тоқшылық …
Ақылды да алжастырған
Не істетпейді жоқшылық.
Орынбасар Әлжіков
ЭПИГРАММА
Жекеменшік Кожа
Сықақшы Сайымжан Еркебаевқа
Біреу маған келді де
- Сайымжан сақал қойды, Маладес! деді. Менің Қожанасырым келді де:
- Сақал қойса несі бар, Бала емес деді.
Жекеменшік Қожасы Мініп алған есекке.
Жаза берсе сыймайды,
Бір емес-ау, бес бетке,
Әбдірәйім Айтбаев
ҚАҒЫТПА
Өкпе
Ауылдың кілең өркештілерін өкпелетіп нем бар десеңші! Бишараның асындай, жоғары жақтан келген азын-аулақ зәру заттарды дүкендерге халық санына қарай қылдай бөліп, жөнелтіп жібердім. Сол сол-ақ екен, алдымдағы телефондар бірімен-бірі жарысып безілдеп сала берді.
- Маған келіп кет!- деді әмірлі дауыс. - Тез жет!
- «Ойбай, не бүлдірдім!»- деп, зәрем зәр түбіне кетті. Дауыс иесін танығандықтан әрі бір жағынан туысым болғандықтан, біреу сыртымнан арыз айтты ма деген күдікпен екі өкпемді қолыма алып, ауылдағы еңселі үйге көзді ашып-жұмғанша жетіп келдім.
- Сен бала, не істеп жүрсің осы?!- деді, табалдырықтан аттай бергенімде. Онсыз да тулап жүрген жүрек, кеудемнен торғай сияқты пырылдап ұша жөнелетіндей, жұлқынып, жұлқынып, қойды. Жан алғыш әзірейілдей ағам барлық пәлені үйіп-төгіп:
- Құрисың сен, бүйте берсең!- деп ақырды. Қайтсін енді байғұс, жаны ашыған соң айтып тұр ғой. Тұманданып тұрған санама қай-қайдағы мақал-мәтелдер тізіліп келе берді:
«Ағасы бардың жағасы бар», «Қанына тартпағанның қары сынсын», «Дос жылатып айтады»… Ағам болса «қызып» алған, жуық арада қоятын түрі жоқ, столдың арғы жағында шошаң-шошаң етіп, қолдарын сермеп-сермеп қояды.
- Ақылдасу деген бола ма өзі сенде! Сылп-сылп еткен жайын аузы ашылып-жабылып, тыным табар емес. Менің үнсіз тұрға ным оның «жынын» онан сайын қоздыра түсті.
- Әй, сен! -деп құтыра ай-қайлады,- Неге үндемейсің?! Тіліңді жұтып қойғаннан сау- мысың! Күзгі жапырақтай қалтырап, аузым жуыспай, міңгірлеп ақталғандай болдым:
- Нені бүлдіріппін?… Менің бұл жауабым Оған қалай әсер еткенін білмеймін, тек қана байқағаным, зымырап келе жатқан асауға құрық тастағанда, долылықтан алас ұрып, қанталаған көзі ұясынан шығып кете жаздайды ғой, тап сол сияқты ағамның аузынан ақ көбігі шашырап, онсыз да қылдырықтай мойны онан сайын жіңішкеріп, тамырлары білеулене көгеріп шыға келді.
- Ақымақ! -Жан дауысы шыға қылғына бажылдады, - Келген затты неге маған айтпай бөлесің! Сүмелек! Енді түсіндім, ағамның неге ашуланып тұрғанын.
Әбділбай Жүсіпов
ШОЛАҚ МЫЛТЫҚ
Бұл менің өз пікірім
- Бірдемеңді жоғалтсаң да, бірдемеңді ұмытсаң да біреуден көретін, біреуге ұрынатын сенің осы не жының бар, Сәке?
- Біреуден көрмей, біреуге ұрынбай енді өзімнен көрем бе, өзіме ұрынам ба?
- Неге өзіңнен көрмейсің, неге өзіңе ұрынбайсың?
- Өзімнен көрсем, өзіме ұрынсам онда оның не қызығы бар. Қызығының өзі сол - біреуден көргенде, біреуге ұрынғанда емес пе? Қосыласың ба, қосылмайсың ба, өзің біл, бұл менің өз пікірім.
- Өз пікірің болса, енді мынаған жауап берші. Игрек қосу ноль (У+0) тең болады неге?
- Игрек дегеніміз - «У», ал ноль дегеніміз «О» әрпі. Екеуін қосқанда «УО» болмай ма? Бұл менің өз пікірім.
- Кетші, немене-немене қып жібердің. Жарайды, бұны жылмаңдаттың. Енді алдыңғы сұраққа қайырылып соқ.
- Ол сұрақтың беталысы қалай еді?
- Бірдемеңді жоғалтсаң да, бірдемеңді ұмытсаң да кілең біреуден көріп, біреуге ұрынатын не сайтаның бар?
- Оның мәнісі мынадай: жоғалтқан, ұмытқан нәрсеңді өзіңнен көрген біреуден көргендей болмайды, қанша дегенмен, Содан соң мына жоғалт-қан, ұмытқан нәрсеңді біреуден көргенде бойың жеңілдеп, тынысың ашылып, айызың қанады, Сен мені, бауырым, дұрыс түсін. Бұл менің өз пікірім…
Үмбетбай Уайдин
ӘЗІЛ ӘН
Ақ күшік
Әнін жазған: Сейдолла Бәйтереков.
Сөзін жазған: Көпен Әмірбек
Ақ күшігім мойнағым ,
Асыр салып ойнадым
Құлдыраңдап құлында
Қызығыңа тоймадым
Екеумізде тыным жоқ
Сенің менсіз күнің жоқ
Еркелетіп ойнайтын
Әттең, үйде інім жоқ.
Қайырмасы:
Бар жұмсақты мен жедім,
Мен жегенді сен жедің
Ағам да жоқ алдымда,
Ерке-тотай кенжемін,
Папам сипап мұртын-ай
Мамама айтты бір күні-ай
-Бір күшікті тағы да
Тауып берсең, шіркін-ай
Ақ мамамның дауы ба
Айғайласып жауығар.
Керек болса бір күшік - деді,
өзің тауып ал!
Қайырмасы:
мамам салды ойбайды
Кімдер қалай ойлайды:
Папам күшік әкелсе
Кім онымен ойнайды?