Павлодарлық ақ желеңділер жаңа туған сәбидің өмірін сақтап қалды. Шақалақтың асқорыту және ішек мүшелері анасының құрсағында жатқанда толыққанды жетілмей, туған сәтте денсаулығынан ауытқулар байқалған.
Өңірлік денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, нәресте дүниеге келгенде оның өңешінің дұрыс дамымағаны, айналшық саңылауының болмауы және тік ішегінің әдеттегіден өсіп кеткені байқалған. Дәрігерлер баланы бірден перинаталдық орталықтан облыстық балалар ауруханасына жеткізіп, жедел түрде операция жасады.
– Дәрігерлер операция барысында сәби өңешінің төменгі жағын асқазанмен байланыстырып, тік ішек арқылы айналшық саңылауын жасады. Қазіргі күні ағзаның өмірлік маңызды қызметтері қалпына келіп, сәби өзін жақсы сезініп жатыр. Баланың өміріне төнген қауіп жоқ, – дейді басқарманың баспасөз хатшысы Мақпал Қаржаубай.
Медицина қызметкерлерінің айтуынша, педиатриядағы өңештің бітеулігі туабітті аурулардың ішіндегі ең ауыр түрлеріне жатады. Хирургиялық операция жедел түрде жасалмаса, ағзаның өміршеңдігін сақтап қалуға мүмкіндік бола бермейді. Мұндай ауытқулар медициналық көмек дер кезінде көрсетілмесе, сәбилердің өліміне алып келеді. Яғни операция алғашқы 36 сағат ішінде жүргізілуі керек. Өңеш бітеулігі жаңа туған балалардың 0,1-0,4 пайызында кездеседі екен. Ал айналшық ауытқуы 5 мың сәбидің біреуінен табылуы мүмкін. 2021 жылы облыстық балалар ауруханасында өңеш бітеулігі бойынша – 1, ал былтыр 5 жағдай тіркеліпті.
Жалпы, баланың түрлі ауытқумен дүниеге келуі көбіне анасының денсаулығына және жағымсыз экологиялық жағдайға байланысты екенін айтады ақ желеңділер. Мәселен, Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған ресми статистикаға сүйенсек, Павлодар облысында теміртапшылықты анемия диагнозы қойылған жүкті әйелдердің үлесі 48,4 пайызды құраған. Бұл көрсеткіш бойынша өңіріміз республикада екінші орында тұр. Дәрігерлер жүктілік кезінде дұрыс күтінбеу, жеткілікті тамақтанбау, зиянды әдеттерге жол беру баланың туабітті ауытқушылығына апарып соғатынын ескертеді.
Павлодар облысы