• RUB:
    5.41
  • USD:
    472.49
  • EUR:
    515.44
Басты сайтқа өту
Қаржы 27 Наурыз, 2023

Рубль құлдырауының бүгінгі бағамға әсері

233 рет
көрсетілді

2023 жылдың алғашқы екі айы рубль үшін аса жайлы болмады. Рубльдің құлдырауына бірнеше фактордың траекториясы әсер еткенін көріп отырмыз. Ресейде экспорт құлдырап, импорт кеміп, мұнай мен газ бағасы шектелді. Өткен жылдан бастап көршілеріміз мұнай мен газын дисконтпен, өзіндік құнына жақын бағамен сата бастады. Үшінші, ең қорқынышты фактор – РФ Орталық банкі бюджет тапшылығын жабу үшін еш қамтамасыз етілмеген рубльді триллиондап басуға кірісті.

2022 жылдың қаңтар-қараша айларында қазақстандық экспорттаушылар шетелге жалпы сомасы 66,9 млн долларға 4,2 тонна өңделген және өңделмеген алтын жөнелтіп, алтын экспортынан ректордтық пайда тапты. Демек теңгемізге дем беретін фактор тек мұнай ғана емес, алтынмен де толығайын деп тұрған сияқты

«Рубль өзіне мүлдем тән емес тұрақ­ты­лықты жарты жыл ғана ұстап тұрды. Қазір валюта нарығындағы бірнеше айға созылған тепе-теңдік бұзылды, рубль бірте-бірте әлсірей бастады. Ал қаңтар-ақ­панда құлдырау қарқыны күрт артып, ол соңғы жартыжылдықтағы максимум­ды жаңартты», деп жазады «Novaya Gazeta Europe».

Сарапшылар Ресей валютасы ең алдымен, Батыс елдерінің санкциясы, геосаяси жағдайдың шиеленісі шеңберінде құлдырап жатқанын айтады.

РФ Қолданыстағы бюджет заңына сәйкес, 2023 жылға арналған кірістер – 26,1 триллион рубль, шығыстар – 29 триллион рубль мөлшерінде жоспарланған, осылайша тапшылық 2,9 триллион деңгейінде немесе ІЖӨ-нің 2 пайызы деңгейінде деген болжам бар. Дүниежүзілік банк Ресейдегі қымбатшылық 22 пайызға дейін жететінін мәлімдеді. Ал мамандар егер санкциялардың келесі пакетінде Ресейлік экспортты толықтай шектеу туралы ереже қабылданса, экономика құлдырай түседі деп отыр.

«Freedom Finance Global» жетекші талдаушысы Наталья Милчакова өткен апта соңында журналистермен кездескен кезде наурыз рубльдің жағдайына көп өзгеріс әкеле алмайтынын, инфляция рубль үшін басты тәуекел болып қала беретінін, Ресей Банкінің негізгі пайыздық мөлшерлеме туралы шешімі наурыз айының бірінші онкүндігінің соңында белгілі болатынын айтыпты.

Сарапшының айтуынша, ЕО-ның ақпан айындағы №10 санкция­лар па­кетінің рубль динамикасына әсері аз. Геосаяси жағдай, мұнай бағасы және фис­кал­дық ереже рубль үшін маңыз­ды­рақ болып қала бермек. Сарапшының пікірінше, қазір Ұлттық әл-ауқат қорында 6 трлн рубль бар. Бұдан 1 жыл бұрын 12 трлн рубль болатын. РФ Қаржы министрлігінің деректерінде 2022 жылдағы мұнай-газдан түскен түсім 52,2 млрд рубль екені, Ресей Банкі жаңартылған бюджет ережесіне сәйкес Қытай валютасының сатылымын көбейткені айтылған. Мәскеуге доллар, еуро, фунт, иена, франк сияқты да­мы­ған елдердің валютасын пайдалануына санкциялармен тыйым салынған. Содан қаржылық реттеуші 13 қаңтардан бастап ақпан айының соңына дейін күн сайын нарықтан 3,2 млрд рубль сатып алып отырды. Бірақ бұл да рубль бағасын тұрақтандыра алмады.

TeleTrade талдаушысы Владимир Ко­валев наурызда рубль бір-біріне қара­ма-қайшы факторлардың қысымында қалатынын айтыпты. Олардың қатарына валюталық түсімдердің қысқаруы, экс­порт­тық түсімдердің салыстырмалы түрде азайғаны айтылған. Басқа сыртқы факторлар геосаяси және санкциялық тәуе­келдерге байланып тұр. РФ Қаржы ми­нистрлігінің хабарлауынша, ресейлік басты экспорттық сорт Urals мұнайының бір бөшкесінің орташа құны 49,52 дол­лар­ға дейін құлады. 2022 жылғы қаңтар-ақпанда оның әр баррелі 88,89 доллардан сатылған. РФ сарапшылары доллар бағамы 100 рубльден асып түссе, онда бұл ресейлік экономика үшін қауіп-қатер туғызатынын ашып айтып отыр.

Сондай-ақ сарапшы мұнай-газ кіріс­те­рінің жылдам төмендеуі және федералды бюджеттің жоғары тапшылығы Ресей үкіметін бюджет жыртығын толтыру үшін әлсіз рубль саясатына итермелеп жатқанына назар аударды. Бұл жағдай неғұрлым ұзаққа созылса, рубль әлсірей береді. Экономикаға дем салу үшін рубльді бір түнде девальвациялай алмайды, себебі оның тетігі жоқ. Сол себепті, рубль тәуелсіз сарапшылар айтып жүргендей сұраныс пен ұсыныс теңгеріміне қарай, девальвацияның «жұм­сақ» түріне басымдық бере бастады. Бұған импорттың біртіндеп жандана бас­тауы әсер етті.

Ресей валютасы ең маңызды деңгей­де­гі екінші сынаққа дайындалып жатыр. Наурыз айының соңына қарай доллар 90-95 рубльге дейін қымбаттап, 30-35 па­йызға дейін әлсіреп қалуы мүмкін. Әдетте сарапшылар рубльдің әлсіреуі қазақ теңгесі үшін де маңызды сынақ деп жататын. Бірақ теңге бағамындағы біз күтпеген тұрақтылық сарапшылардың болжамын сан-саққа жүгіртіп жатыр. Олардың пайымына ден қойсақ, биылдан бастап теңгенің өз өмірі бар, рубльдің өз өмірі бар. Наурыз айының бас кезінде Премьер-министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев АҚШ долларының теңгеге қатысты бағамының төмендеуіне орай импорт арқылы келетін тауарлар арзандайтынын айтып, елді қуантып қойды.

«Ұлттық банк қаңтар мен ақпанда интервенция жүргізбесе де, теңге 0,5 пайызға нығайды. Қысқа мерзімді перспективада теңге динамикасы геосаяси жағдайдың өзгеруіне, ішкі қатысушылардың болжамдарына және әлемдік нарықтардағы жағдайға байланысты болады», делінген ресми хабарламада.

Наурыз айында республикалық бюджетке арналған трансферттер үшін 750-850 млн доллар көлемінде валюта сатылады деген жоспар бар. Ал БЖЗҚ-ға 200-240 млн доллар сатып алынуы мүмкін.

Дегенмен күшті теңгеге себеп болған фак­торлар көзге көрініп тұрғанын айтуға тиіспіз. Finprom.kz порталының мәлі­ме­тінше, 2022 жылдың қаңтар-қараша айларында қазақстандық экспорттаушылар шетелге жалпы сомасы 66,9 млн долларға 4,2 тонна өңделген және өңделмеген алтын жөнелтіп, алтын экспортынан ректордтық пайда тапты. Демек теңгемізге дем беретін фактор тек мұнай ғана емес, алтынмен де толығайын деп тұрған сияқты.

Тәуелсіз сарапшы Айбар Олжаев 2023 жыл – рубльдің тұ­рақ­­тылығының соңғы жылы болуы тиіс екенін айтады. Ресей ақшасының бола­ша­ғын модельдеу оның 2024-2025 жылы девальвацияға ұшырайтынын көрсетіп отыр.

«Ингосстрах-Инвестмент» 2024 жыл­ға қарай бір доллардың құны 100 рубль­ден асады, ал 2025 жылы доллар 200 рубль тұратын болады деп болжайды. Ресейде осы «Ингосстрах» валюталық моделі басқаларға қарағанда анағұрлым дәлірек жұмыс істейді деп айтар едім, себебі олар 2014 жылдың аяғындағы рубльдің құнсыздануын да, 2022 жылғы оның кенеттен күшеюін де алдын ала білген болатын», дейді Айбар Олжаев.

Оның пайымынша, рубльдің құл­дырауы мен Ресей экономикасының айтар­лықтай әлсірейтінін нақты фактор­лар­ға қарап бағамдауға болады. 2022 жылдың қорытындысы бойынша Ре­сей бюджетінің табысы 35 пайызға тө­мен­де­ген, ал шығыны керісінше 59 пайызға артқан. Биылғы бір айдағы бюджет тапшылығы 2 триллион рубльді құрап отыр. Бұл – қазіргі курспен 11,5 триллион теңге. Сонда Ресейдің бір айдағы тапшылығы біздің бір жылдық бюджет тапшылығынан 3 есе көп.

«Біздің жылдық жетіспеушілік 4 триллион теңге немесе 692 миллиард рубль деп бағаланады. Ресей осы тап­шы­лықты жабуды ірі бизнестің мойнына ілмек. Кәсіпорындар салықтан бөлек қомақты соманы бюджетке беру­ге міндеттелетін болады. Бұл биз­нес­тің болашақ инвестицияға деген қар­жы­сының жоғалып, өндірістің және іс­керлік белсенділіктің біржолата құл­ды­­райтынын білдіреді», дейді Айбар Олжаев.

Халыққа рубльдің барлығынан құ­тылу қажет деген пікірдің айтылып келе жатқанына біраз уақыт болды. Себебі рубль-теңге ставкасының экономикаға әсерінің өсуі үш канал арқылы – сауда балансы, валюта нарығы және инфля­ция­лық үдерістер арқылы жүзеге асқаны белгілі.

Белгілі қаржыгер Олжас Төлеуовтің сөзімен айтқанда, «мұндай құрылымдық өзгерістер – «рубль тұзағы» деп атауға болатын жаңа жағдайлар мен шектеулерді қалыптастыру арқылы экономикалық сая­сатқа тікелей әсер етті. Таратып айт­сақ, 2000-2009 жылдары KASE-де рубль-теңге жұбымен сауда-саттықтың орташа айлық көлемі – 31 млн рубль, ал халықтың Ресей валютасын айырбастау пункттерінде сатып алуы – 1,5 млрд рубльге тең болса, 2010-2020 жылдары бұл көрсеткіштер тиісінше 903 млн рубльге дейін (29 есе) және 9,4 млрд рубльге дейін (6 есе) ұлғайды.

А.Олжаевтың айтуынша, «Рубльдің барлығынан құтылу керек» деген тапсырманы халық әлдеқашан орындап қойған. Бірақ екінші деңгейлі банктерде қанша млрд рубль жатқаны туралы мәліметтер айтылмайды. Соған қарамастан қаңтар айының бас кезінде Қазақстан рубль мен теңгенің өзара конвертациялануы туралы келісімнен шығуға ниетті екені айтылды.

Банк мәліметі бойынша өткен қаңтар айында адамдар валюта айырбастау орындарында рубльді көбірек сатқан. Ал рубльді сатып алу мүлдем тоқтаған. Сарапшының бағамдауынша, рубль құлдыраса және Ресейден азық-түлік импорты арзандап, бізге келетін легі көбейсе, онда бізде инфляцияны жеңуге мүмкіндік бар.

«Ресейдің азық-түліктік импортына еш шектеу қоймау керек және өмір бойы жылай беретін, субсидия, масылдыққа үйреніп қалған кейбір отандық аграрий­лер­дің «Ресей тағамдарына тыйым са­ла­йық» деген жалаң ұрандарына құлақ асудың қажеті жоқ. Рубль құлаған уақыт­тан бастап түрлі қауымдастық, одақтар им­портты шектеу бойынша Үкіметке шантаж жасай бастайтын болады. Үкімет те, Ұлттық банк те соған дайын болуы керек», дейді А.Олжаев.

 

АЛМАТЫ