Қытаймен шекарадағы өткізу пункттерінің тауар айналымы мен өткізу қабілетін арттыру жөніндегі жұмыс жалғасып жатыр. Қабылданған шаралардың нәтижесінде соңғы аптада «Нұр жолы» бекетінің өткізу қабілеті едәуір артты.
Белгілі болғандай, еліміздегі тасымалдаушылар мен жүргізушілердің көпшілігінің ҚХР-ға кіретін визасы жоқ. Мұны шекара маңындағы ауданда визасы бар жүргізушілердің белгілі бір тобы пайдаланып, қызметіне жоғары ақы сұрайды.
Жуырда Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев шекарада жүк көліктерінің қаңтарылуы көптеген сұрақтар тудыратынын айтты. Тіпті Қытайдың өзі режімді бейтараптандырып, жеңілдеткеніне қарамастан, проблеманың ұзаққа созылуына, шекарадағы қиындықтардың болуына мүдделі тұлғалар бар сияқты көрінеді. Ендеше шекарадағы бүкіл үдерістерді цифрландырып, автоматтандыруды дұрыс жолға қоятын, кеден және өзге құрылымдар тарапынан жасанды жолмен қойылып отырған тосқауылдарды алып тастайтын кез келді. Өйткені Қытаймен шекарадағы жағдай елдегі бағаға тікелей әсер етеді.
Жоғары палатаның төрағасы Қытай пандемияға байланысты саясатын өзгерткенін, алайда шекарадағы кезек әлі тарқамай отырғанын ортақ талқыға шығарып, кейінгі кезде кәсіпкерлерден шағым жиі түсіп жатқанын айтты.
«Инфляция қысымын бәсеңдетудің бір факторы – Қазақстан ‒ Қытай шекарасындағы логистика. Бізге Қытайдан үлкен көлемде тауар келеді. Шекарада кептеліс, кезек қалыптасып, қиындық туындаған сайын, делдалдар, ақша жинайтындар көбейеді, жемқорлық белең алады. Мұндай «алымдар» елдегі тұтынушының қалтасына салмақ түсіреді. Сондықтан шекарадағы ахуалды тазарту арқылы тосқауылдар мен делдалдарды, қандай да бір жемқорлық схемаларды жоя отырып, бағаның барынша төмен болуына ықпал етуіміз керек», деді ол.
Белгілі болғандай, еліміздегі тасымалдаушылар мен жүргізушілердің көпшілігінің ҚХР-ға кіретін визасы жоқ. Мұны шекара маңындағы ауданда визасы бар жүргізушілердің белгілі бір тобы пайдаланып, қызметіне жоғары ақы сұрайды. Мәселені шешу үшін мемлекеттік органдар Қытай тарапымен тасымалдаушыларға берілетін визаны көбейту жайын пысықтауда.
Туындаған проблеманың тағы бір қыры ‒ тасымалдаушылардың жартысынан көбінде шетел рұқсат бланкілерін алу үшін қажет халықаралық тасымалдарды жүзеге асыруға рұқсат карточкалары жоқ. 14 наурызда мемлекеттік органдар Қытайға шығу үшін 500 автофура дайын тұр деп жариялады, бірақ іс жүзінде тек 183-і ғана кетті. Қалған көліктер өткізу пунктінің алдында рұқсат құжаттарын күтіп, кірмеді. Мемлекеттік кірістер комитеті «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп кезекті сақтау үшін халықаралық тасымалдауды жүзеге асыруға рұқсат құжатын ресімдеу қажет екенін хабарлады. Мұндай құжатсыз автокөлікті кезектен шығару жоспарлануда.
Сондай-ақ Қаржы министрлігінің «Ақпараттық-есеп орталығы» АҚ qoldau.kz платформасында Сargoruqsat электрондық кезек жүйесін енгізу бойынша кезекті жұмыс жүргізуде. Ол шекара арқылы өту үдерісінің ашықтығын қамтамасыз етеді және басқа мемлекеттік органдардың жүйелерімен 15 интеграцияға ие. Кезекті «толтыру» және басқа да әртүрлі манипуляциялардың көптеген фактілері жойылды. Туындаған мәселелерді жедел қарау үшін cargoruqsat телеграмм арнасы бар.
«Атамекен» ҰКП тасымалдаушылар мен сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға ҚХР-ға кіру, кезекті брондау және шекараға кіру үшін қажетті құжаттарды уақытылы ресімдеуді ұсынады. Өткізу қабілетін арттыру, шекарадағы проблемалық мәселелерді реттеу және түсіндіру жұмыстарын жүргізу бойынша мемлекеттік органдар мен палата өкілдерінің арасынан мониторингтік топ құрылды.
Қазақстан ‒ Қытай шекарасындағы бақылау-өткізу бекеттерінің тиімділігін арттыру жайын қарау барысында Премьер-министр Әлихан Смайылов Сыртқы істер министрлігінің көмегімен бұл үдерісті жеделдету, сондай-ақ қазақстандық компанияларды халықаралық тасымалдарға шығуын оңайлату жөніндегі шараларды қабылдау қажеттігіне назар аударды. Шекаралық бақылау-өткізу бекеттеріндегі электрондық кезекті қалыптастыру тәсілдерін қайта қарауды тапсырып, оңтайландыру үдерісін ашық әрі тиімді жүргізу үшін «Атамекен» ҰКП-ны тарту керектігін айтты.
Осылайша, Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың Қытаймен шекарада кептеліс туындайтын «тар мойын» мәселесін шешу, шекара арқылы тауар көлемін ұлғайту жөніндегі тапсырмасына сәйкес электрондық кезек жүйесін жетілдіру жүзеге асырылды; «Нұр жолы» бақылау-өткізу бекетінің жұмыс уақыты ұзартылды; Кеден бекетінің штаты қосымша кеңейтілді.
Сонымен қатар рәсімделетін жүктердің көлемін ұлғайту және шекарадағы бақылау операцияларын жеделдету үшін Қытайдың кеден, шекара және басқа қызметтерімен келіссөздер жүргізілді. Қазақстандық жүк тасымалдаушыларға Қытайға еркін кіруі үшін аталған елдің визасын алуға жәрдем көрсетіліп жатыр. Бұл ретте Көлік комитеті халықаралық тасымалдарды жүзеге асыру үшін құжаттарды беру рәсімдері мен мерзімдерін қайта қарауда.
Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, 19 наурызда ҚХР-дан елімізге 680-нен астам жүк көлігі (13 наурызда шамамен 150 көлік), ал Қазақстаннан ҚХР-ға 140-қа жуық көлік өткен. Шекарадағы кезек алғашқы күндері нақты 300 көліктен 20 наурыздағы жағдай бойынша шамамен 70 көлікке дейін азайды. Қазақстан жағында көбіне Қытай визаларын алуды күтіп отырған тасымалдаушылар басым.