Қазақстанда газ тапшылығы 2024 жылы басталады деп болжанған еді. Бірақ тапшылық одан ертерек, биылғы күзгі-қысқы кезеңде сезілуі мүмкін. Ішкі қажеттілікті қамтамасыз ету үшін табиғи газ экспортын тоқтатуға тура келеді.
Дегенмен отандық сарапшылар Ресеймен ынтымақтастықтан жоғары тәуекелдерді күтуге болмайды деп санайды. Олардың пікірінше, біз онсыз да тәуекелге барамыз. Қазір Қазақстан газдың бір бөлігін Ресейден, бір бөлігін Түрікменстаннан сатып алады. Бірақ Түрікменстан да газ экспортын шектеп отыр. Ол өзінің газ-химиялық зауыттарын салып, ішкі нарықты толықтырумен қатар Қытай алдындағы міндеттемелерін өтеуге мүдделі. Оның үстіне бүкіл Қазақстан бойынша оңтүстіктен солтүстікке газ құбырын тарту өте қымбатқа түседі.
Елімізде алынатын газ қоры 3,8 трлн текше метрге бағаланады. Газдың негізгі қорлары шоғырланған Қарашығанақ, Теңіз, Қашаған және Жаңажол ірі кен орындарында оның жалпы көлемі – 2,7 трлн текше метр. «QazaqGaz» ұлттық компаниясы былтыр республика бойынша 160-қа жуық елді мекенді газға қосқан. Шамамен 11,6 млн адам немесе ел халқының 59 пайызы газға қол жеткізген. Газға қосылу рәсімі жеңілдетіліп, техникалық құжаттаманың тізбесі 1,5 есе, талап етілетін құжаттардың тізбесі 2 есе қысқартылған. Ұлттық компания қалалар мен ауылдарды көгілдір отынмен қамтуға жауапты болса, тұтынушыларды газға қосуды жекеменшік компаниялар бәсекелестік негізде жүзеге асырады. Олардың саны 500-ге жуық, қызмет көрсету құны 125 мың теңгеден басталады.
Былтыр республика бойынша ішкі нарықта тауарлық газды тұтыну 19,3 млрд текше метрге жетіп, 2020 жылға қарағанда 2 млрд текше метрден аса айтарлықтай өскен. Ішкі нарыққа сұйытылған мұнай-газын өндіру көлемі 2,8 млн тоннаны немесе 2022 жылғы жоспарға сәйкес 98%-ды құрады. Павлодар мұнай-газ-химия, Атырау мұнай өңдеу және CNPC ‒ Ақтөбемұнайгаз зауыттарында жөндеу жүргізіліп, оның өндіріс көлеміне әсер еткені мәлім. Тауарлық газ өндірісі 27,8 млрд текше метр немесе 2022 жылғы жоспарға 94%-ды құрады. Орынбор газ өңдеу зауытында Қарашығанақ газын қабылдаудың шектеулерімен, сондай-ақ Теңіз және Қашаған кен орындарындағы жоспардан тыс жөндеу жұмыстарына байланысты белгіленген межеге толық қол жеткізілмеді.
Жалпы, елде жылына шамамен 53-55 млрд текше метр газ өндіріледі. Бірақ бұл көлемнің үштен бір бөлігі мұнай құбырларының болуына байланысты республиканың негізгі экспорттық тауары саналатын мұнайды өндіруге қажетті қысымын ұстап тұру үшін қайтадан қабатқа айдалады. Кері айдаудан қалған газ көлемінің бір бөлігі негізінен «Қазақстан ‒ Қытай» газ құбыры арқылы көршілес Қытайға экспортталып, қалғаны ішкі нарықта қалады. Былтыр экспорт 5 млрд текше метр шамасында болды. Ал ішкі тұтыну белсенді түрде өсіп келеді. Осы жылы өндіру 28 млрд текше метрді құрайды деп болжанса, 2029 жылға қарай жаңа газ өңдеу зауыттарын салу, кен орындарын өнеркәсіптік өндіріске қосу есебінен 30 млрд текше метрге жетпек.
Талдау көрсеткендей, елдің жылы аймақтары орташа температурасы әлдеқайда төмен аймақтармен бірдей деңгейде газ тұтынады екен. Сонымен бірге Алматы ЖЭО мен кейбір ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың көмірден газға ауысуымен, газ-химия кешендерін іске қосумен және тұтастай алғанда елді газдандырумен байланысты тұтыну жыл сайын 7%-ға өсіп отырады. Осы үдерістер аясында 2030 жылға қарай ел ішінде газ тұтыну көлемі 40 млрд текше метрге дейін өседі деп болжануда. Ішкі нарықтың қажеттілігін қанағаттандыру үшін Қазақстан газ экспортын шектеуге мәжбүр. Яғни алдымен республикамыздың газбен қамтылуына басымдық беріліп, тауар содан кейін ғана экспортқа шығарылады.
Елді газбен толық жабдықтау, газ химиясын дамыту үшін жаңа, тиімді бағыттарды қарастыру қажет болатыны белгілі. Айта кету керек, қаншама жылдар бойы мұнай өндіруді алдыңғы орынға қоя отырып, отандық газды болашақтың энергия көзі ретінде қарастыра алмадық. Оған қоса негізгі көмірсутегі кен орындарында өндірумен айналысатын батыстық компаниялар үшін мұнай өндіру пайдалы болды. Кеңес дәуірінде игеріле бастаған кен орындары сарқыла бастады. Ал газды өндіру мен тасымалдау үшін барлық газ инфрақұрылымдарын жаңғырту қажет. Бұл ретте солтүстік-шығыс аймақтарды газдандыруды тездету үшін жасаған талпыныстарымыз әлі толымды нәтиже бермей келеді. Экономистердің айтуынша, кезінде салада геологиялық барлауға, инфрақұрылымды дамытуға тиісті қаражат салынғанда, газ тапшылығы мәселесі қазіргідей өткір тұрмас еді.
Энергетика министрлігінің, QazaqGaz және «ҚазМұнайГаз» компанияларының ресурстық базаны ұлғайту жөніндегі бірқатар шараларына назар аударсақ, басымдық беріліп отырған жобалар қатарында Қашағанда газ өндеу зауытын (ГӨЗ) салу бар. Былтыр жоба қайта қолға алынып, қазір онда құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2025 жылы қолданысқа берілетін зауыттың қуаты жылына 1 млрд текше метр шикі күкірт газын құрамақ. Ол ГӨЗ-де өңделіп, тазартылған, сатуға дайын газ, сұйытылған газ, күкірт және газ конденсатына айналады. «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбырының қуатын ұлғайтқаннан кейін оңтүстік, орталық және солтүстік өңірлерге батыс кен орындарынан өндірілген газды жеткізуге мүмкіндік туады. «Сарыарқа» газ құбыры құрылысының 2 және 3-ші кезеңдерін аяқтау арқылы солтүстік өңірлерді газбен қамтамасыз етуге болады. «КС-14-Рудный» газ құбыры Қостанай облысының қажеттілігін өтейді.
Ал шығыс өңірлерді газдандыру үшін ведомство екі нұсқаны қарастыруда. Біріншісі және әзірге негізгісі ‒ «Қостанай – Астана – Павлодар – Семей – Өскемен» бағыты бойынша газ құбырын салу болса, екіншісі – Қазақстан мен Ресей арасындағы газ саласындағы ынтымақтастық жөніндегі жол картасы шеңберінде Ресей Федерациясынан газ импорттау. Әрине, экспорттаушыдан тәуелсіз болу тұрғысынан алғанда біз үшін бірінші нұсқа маңызды. Алайда сала өкілдері бұл қомақты қаражат салуды, құйылған инвестициялардың қайтарымдылығын қамтамасыз ету үшін тұтынушыларға газ тарифтерін ұлғайтуды, сондай-ақ газ-кен орындарының жаңа ресурстарын игеруге тартуды талап ететінін айтады. Бұл ретте барлаудан бастап іске қосуға дейін орта есеппен 7-10 жыл уақыт кететін көрінеді. Ал екінші жоба – Павлодар, Абай және Шығыс Қазақстан секілді өнеркәсіптік аймақтар үшін Ресей газын алу көмірді экологиялық таза отынмен алмастырудың жалғыз мүмкіндігі делінуде.
Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың айтуына қарағанда, Түрікменстан Қазақстанның солтүстігі мен шығысына газ жеткізуші ретінде әлі қарастырылмаған, өйткені елдің бұл бөлігінде газ құбыры жоқ. Сондықтан бүгінде Ресейден құбыр тартып, одан кейін оны біздің энергетикалық жүйеге қосу оңайырақ. Бұл жоба транзиттік міндеттердің орындалуын да, ішкі нарықты газдандыруды да қамтамасыз ететін Қазақстан мен Қытай арасындағы Азиялық газ құбырының қолданыстағы Шығыс жобасының баламасы болып саналады. Нәтижесінде газдың тұрақты көзі пайда болып, транзиттік бөлікте пайдалану шығындарының бір бөлігі магистралдық газ құбырын жобалау бойынша тауарлық-көліктік жұмысқа ауыстырылады деп күтілуде. Осылайша, қазір «QazaqGaz» «Газпроммен» бірлесіп «Ресей Федерациясы – Қазақстан Республикасы – Қытай Халық Республикасы» халықаралық газ құбырын салу мәселелерін зерделеу үшін алдын-ала техникалық-экономикалық негіздемені (ТЭН) пысықтауда. «Qazaq Gaz» бұл жобаны перспективалы деп санап отыр. Сөйтіп Ресей Қазақстанның шығыс бөлігін газбен қамтып, әрі қарай Қытайға көгілдір отын жеткізеді. Бұл жағдайда РФ жеткізілім бағытын шығысқа өзгертіп, экспортты арттыра алады. Әрине, Еуропаға сатылымы күрт төмендеген Ресей жаңа ынталандыру мүмкіндігін иеленумен қатар, Өзбекстандағы апаттан кейін блэкаутта болған Қазақстанға сенімді қуат көзін бере алатындығын алға тартары хақ.
Бұл газ құбыры Барнаул – Рубцовск – Семей (Павлодар мен Өскеменге тармақтары бар) – Алашанькоу – Қорғас бағыты бойынша жоспарланған. Құбырды қазіргі «Қазақстан ‒ Қытай» газ құбыры шығатын Қорғасқа әкелу жүйені басқа газ операцияларына қосуға мүмкіндік береді, ал Барнаул – Қазақстанның шығысынан Қытайға ең жақын шығатын жер болады делінуде. «QazaqGaz» мәліметінше, РФ-ның Барнаулынан Семей арқылы Қытайға өтетін газ құбырының өткізу қабілеті – 40 млрд текше метр, бұл ретте Қазақстанның солтүстік-шығысындағы тұтынушылардың сұранысын қанағаттандыру үшін жылына шамамен 10 млрд текше метрге дейін газ қажет болуы мүмкін. Жоба аясында энергетикалық кешендерді, халықты және басқа да тұтынушыларды газға көшіру жоспарлануда. Дегенмен көмірді тұтынуды сақтау қажет, өйткені елдің газ ресурстарын есепке алмай, газдандыру қарқынына шамадан тыс асығу оның бағасының қымбаттауына әкелуі мүмкін.
Украинадағы соғыс салдарынан «Газпром» Еуропа нарығын жоғалтып жатыр. Халықаралық және ресейлік БАҚ 2022 жылы «Газпромның» алыс шетелдерге, соның ішінде Түркия мен Қытайға экспорты 45 пайыздан астам қысқарғанын жазды. Экспорттың құлдырауынан кейін 2022 жылы «Газпром» өндірісі 20 пайызға азайып, 412,6 млрд текше метрді құрады. Жыл басынан бері компания газ өндіру және экспорттау статистикасын жариялауды тоқтатты. «Компанияның бас директоры Алексей Миллер «Газпром» өткен жылы негізгі нарықтарға шамамен 101 млрд текше метр газ экспорттағанын айтты. Бұл кем дегенде 2000-жылдан бергі ең төменгі көрсеткіш», деп жазады Reuters агенттігі.
Батыста сату нарықтары тарылып жатқандықтан, «Газпром» жаңа сатып алушыларды іздейтіні анық. Компания инфрақұрылымға салатын инвестицияны ішкі нарықтағы жағдайларға байланыстыруға мүдделі. Сөйтіп ол инвестициясын қайтарғысы келіп, жоғары баға сұрауы мүмкін. Тағы бір ықтимал тактикасы ‒ жеткізуден қосымша пайда алу үшін газ құбырларының бір бөлігінде акционер болу. Сонда «Газпром» құйылған қаражатты қайтаруға мүмкіндік беретін айдау тарифін талап етеді және оның мөлшері қазірдің өзінде ішкі нарықтағы газды сату тарифіне қосылады.
Қазірде ішкі нарықта газ бекітілген бағамен сатылады, ал бұл әлемдік нарықтағы газ бағасынан айтарлықтай төмен. Осы ретте Ресеймен келіссөздердегі шектеуші фактор – ресурстық база мәселесі мен импорттық газдың құны. Ресейлік сарапшылар бұл елде, тіпті, ішкі тарифтер Қазақстанға қарағанда екі-үш есе жоғары екендігін салыстырмалы түрде мысалға келтіреді. Қазақстанда реттелетін бағалар төмен күйінде қалып отыр және Үкіметтің газдандырылған өңірлерде оларды күрт көтеруге дайын болуы екіталай. Мысалы, Қазақстанның көптеген аймақтарындағы коммерциялық тұтынушылар үшін көтерме газ бағасы 1000 текше метрге 50-55 долларды құраса, бұл Омбы облысындағы тұтынушылар бағасынан 25%-ға төмен. Ал «Газпромның» 1000 текше метрді 120-150 доллардан төмен бағамен жеткізуге келіспеуі мүмкін. Бұл жерде тараптар тек отын импортымен шектелмейтін жеткізілім бағасы, ұзақмерзімді келісімшарттағы баға, жеткізілімдердің газ тасымалдау жүйесіне инвестициялармен қалай және қаншалықты байланысты болатыны төңірегіндегі мәселелерді шешуі қажет болады. Қазақстанның ескеретін тұсы ‒ тым жоғары баға қоғамның наразылығын тудырады. Сонымен қатар бұл жағдайда отынды тұтыну Астананың қалағанынан баяу дамиды. Жалпы, экономикалық өсу осыған байланысты.
Дегенмен отандық сарапшылар Ресеймен ынтымақтастықтан жоғары тәуекелдерді күтуге болмайды деп санайды. Олардың пікірінше, біз онсыз да тәуекелге барамыз. Қазір Қазақстан газдың бір бөлігін Ресейден, бір бөлігін Түрікменстаннан сатып алады. Бірақ Түрікменстан да газ экспортын шектеп отыр. Ол өзінің газ-химиялық зауыттарын салып, ішкі нарықты толықтырумен қатар Қытай алдындағы міндеттемелерін өтеуге мүдделі. Оның үстіне бүкіл Қазақстан бойынша оңтүстіктен солтүстікке газ құбырын тарту өте қымбатқа түседі. Ал Ресей жақын жерде. Сондай-ақ бірнеше жыл бойы Қазақстан, Өзбекстан және Ресей Газ одағының – бірлескен кәсіпорынның даму болашағын талқылап келеді. Ол бойынша Ресей газы Қазақстан аумағы арқылы оңтүстікке, Өзбекстанға, одан әрі сол жерден Пәкістан арқылы Үндістанға өте алады. Мұнай-газ саласының сарапшысы Олжас Байділдиновтің пікірінше, жылына 10-15 млрд текше метрді құрайтын Қазақстан мен Өзбекстанның көлемі «Газпромды» қызықтырмайды, оған Қытай нарығы қажет. «Сондықтан түрлі фобиялар мен антиресейлік ұрандардан бас тартып, осы бағытта жұмыс істеген жөн», дейді ол.
Қалай болғанда да елдің шығыс өңірлерін газдандыру нұсқасы туралы нақты нәтиже, оңтайлы шешім қабылдануы керек. Үкіметтің жуырдағы отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов тапсырғандай, Энергетика министрлігі «Самұрық-Қазынамен» бірлесіп осы жылдың 1 мамырына дейін бұл мәселе бойынша бір байламын ұсынуға және ол энергетикалық кеңесте қаралуға тиіс.
«Бұл өңірлердің тұрғындары газды көптен күтуде. Ал Энергетика министрлігі мен «QazaqGaz» қай нұсқаны ұстануымыз керек екені туралы әлі толық, түсінікті жауап бере алмай отыр. Түпкілікті шешім қабылдап, бұл мәселеге нүкте қоятын кез келді», деді Үкімет басшысы.