АСТАНА. 30 маусым. Ақтөбе өңірінің басшысы Архимед Мұхамбетовтің бұйрығымен облыс әкімінің екі орынбасары бекітілді. Бұл туралы «ҚазАқпарат» хабарлады.
Сонымен, Ақтөбе облысы әкімінің бірінші орынбасары болып Роза Кемалова тағайындалды.
Роза Кемалова 1959 жылы туған. Алматыдағы халық шаруашылығы институтын экономист мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1980 жылы Торғай облысында мемлекеттік банк кеңсесінің экономисі болып бастаған. Әр жылдары Ақтөбе өнеркәсіптік сауда экономисі, мемлекеттік мүлік пен жекешелендіру бойынша Ақтөбе аумақтық комитеті төрағасының бірінші орынбасары, «Кәсіпорындарды тарату және қайта құру бойынша агенттігі» акционерлік қоғамы Ақтөбе филиалы директорының бірінші орынбасары болып істеген.
1998 жылы Қарғалы ауданы әкімінің орынбасары, 2002 жылы Хромтау ауданы әкімінің орынбасары болып тағайындалған. Сондай-ақ, Атырау облыстық мұнай-газ кешені, сыртқы экономикалық байланыс және инвестициялық саясат басқармасы бастығының орынбасары, ішкі саясат департаменті директорының орынбасары, кәсіпкерлік және өндіріс басқармасының басшысы болды. Ал 2008 жылдың қарашасынан осы тағайындауға дейін Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған.
Сол сияқты, Ақтөбе өңірінің басшысы Архимед Мұхамбетовтің бұйрығымен облыс әкімінің орынбасары болып Ғали Исқалиев тағайындалды.
Ғали Исқалиев 1970 жылы туған. Батыс Қазақстан аграрлық университетін «агроөндірістік кешен экономикасы», Халықаралық бизнес академиясын (Астана қ.) «корпоративті менеджмент» мамандықтары бойынша бітірген.
Әр жылдары кәсіпкерлікті дамыту және қолдау департаментінің директоры, Батыс Қазақстан облысында «Градиент» акционерлік қоғамы аймақтық инвестициялық қорының басқарма төрағасы қызметін атқарды. Кейін басқарма төрағасының, басқарушы директордың, вице-президенттің, «Қазақстан даму банкі» акционерлік қоғамы басқарма төрағасының кеңесшісі болды.
Ал 2012 жылдың наурызынан осы тағайындауға дейін Жамбыл облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарып келді.
Жолдыбай Базар.
Дереккөз: «ҚазАқпарат».
Фото: Vyborg-press.ru.