• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 27 Наурыз, 2023

Келер күнге бір сәлем

530 рет
көрсетілді

Бұл күндері жеке басымның сүйкімді тамыры, сұңғыла тамыршысы – Герольд Бельгердің көп жыл бойы түзген күнделіктер жинағы. «Тень дней минувших». «Мерекенің баспалар үйінен» 2015 жылы әсем безендіріліп басылған шоң дүние.

Мұхтар Омарханұлы жайдан-жай еске түспесе керек. Классик жазушының мерейтойы аталған күнделіктен сырт қалмапты. Әсіресе онда мемлекеттің зия­лы қауымға көзқарасы түзу болуының қаншалықты маңызды екені етене аңғартылады. Жалпы, ғасыр соңын­дағы мемлекет саясатында жазушыларға, ғалымдарға, мәдениет қайраткерлеріне шетін қарау анық сезілген сияқтанады

 

«Астана ақшамы» газетінде қызмет еткен кезімізде елтұтқа саналатын көке­леріміздің күнделігін жариялауға ниет­теніп едік. Кейбірі «әлі ерте» екенін, «басылымның белі көтермейтінін» ескер­тіп, бас тартты. Обалымызды ойла­ған шығар, сірә. Жарық көргенінің өзі жиын-той, дастарқан басынан ұзай қой­ғаны шамалы. Ал Герольд Бельгердің қазақтың жанын ұғуға жастайынан жана­шырлығы, ақсақал кезіне дейінгі шынайылығы әр жазбасынан есіліп тұр. Тұрпаты бөлек, тағылымы мол. Сырт көз, сындарлы көзқарас. Түрлі қырынан тоқталуымызға лайық. Қайталай бір шолып шығуға тырысқанымыз содан. Әсіресе айтулы тұлғаның әлеуметтік пікірлерін қоғамымыз үшін бүгінгідей саяси сілкініс кезеңімен селбестіре қараған құнарлырақ, құндырақ көрінді. Күнделіктің негізгі тілі – орысша. 1961-2009 жылдар аралығын қамтиды. Автордың жеке ой-танымы. Бізге дәл қазір қызығы – еліміз егемендік алған­нан бергі тұсы. Себебі ол заман­да да жаңашыл бетбұрыстар жиі жарияланғаны белгілі. Ендеше, кей тұстардан параллель тауып, кейбір ыссылай қауып, опық жегендей тұстардан бәлкім сабақ алып қалармыз.

 * * *

1992 жылдың желтоқсан айында ел тарихында тұңғыш рет Мех­лис Сүлейменов, Дмитрий Снегин, Герольд Бельгерге «Бейбітшілік және рухани келісім үшін» мәртебелі марапаты тағайындалып, тапсыру салтанаты жоғары дәрежеде ұйымдастырылады. Кейін үкіметтік кешкі ас та әзір. Көп­теген құттықтау. Жанына жаққан осынау сәттерді Герольд Карлұлы тыңғылықты баяндай келе, бір сәт амалсыз кідіріпті: «Ужин прошел вольно и приятно. Пре­зидент фотографировался со многими, беседовал, даже пел в кругу артистов. И подхалимаж большой. И смотреть на это неловко. Президент – симпатичный, компанейский человек, но вокруг увиваются гадкие льстецы, и они его собьют с панталыку. «Самое страшное, когда человек поверит в то, что он лучший», – неожиданно изрек Дриллер». Әлгіндей әрекеттер адамның кейісін туғызатыны рас. Дегенмен жазушының «осы тақырыпта» тағы бір жазбасы күл­кіңді келтіреді: «Жандайшапов-жара­пазаншы, аллилуйщиков хватило с избытком и без нас». Жағымпаздықтың жарға жығуы оңай екенін ашық-жарықта сезе­тіндер аз емес. Сол туралы дер кезін­де хатқа түсіріп, ескерушілер де жет­кі­лікті. Айрықша мән берерлік, түсі­нік­ті де түсініксіз бір жайт бар: бақайы жағымпаздық пен шынайы қол­дам­паз­дықтың ара-жігін, алтын жі­бін ұстай алуға екі иммунитеттің бірі жете бер­мейді. Абзалында жете білгені – халық­қа олжа. Тегінде «қызыл сызық­тан» шықпай ойнау – ереже сақтаудың асқағы.

Тоқсаныншы жылдардың басында тұрмыстық-әлеуметтік көңіл күйдің мүшкіл болғаны көпшілікке аян. Мұндайда жазылған күнделіктің көңілді бола қалуы да неғайбыл. Жұрттың хал-ахуалына қатысты алаң көп. «Жоқтан» өзге ұғым жоқ. Ел үшін сондайын сүреңсіз күндердің бірінде, 1993 жылғы 28 қыркүйекте, автор үкіметтік демалыс кешіне қатысыпты. Үйіне оралғаннан кейінгі өзінің әрі-сәрі әлегін түсіндіргені ғой: «Пышность, благополучие сногсшибательные. Глядя на все это великолепие, роскошь, я сказал К.С.: «Нет, оказывается, народ не так уж и плохо живет». Странное общество: все блага – исключительно начальству». «Әй, қап!» деп қаласың... Айтпақшы, қазіргі Президентімізге үлкен ілтипатпен қара­ғаны сезіледі. 1994 жылғы 12 қазанда Үкімет басшысын таңдау жиналысы жөніндегі бір ауыз сөзінің өзі біраз картинаны аңғартқандай: «Лучше всех прошёл Касымжомарт».

Биыл елімізде Мәжіліс сайлауына мажоритарлық таңдау қайтарылғаны айтарлық оқиға болғаны сөзсіз. Жұрт­шылық шын «сағынысқан» екен. «Қырылып» қала жаздадық қой. Шама-шарыққа қарамастан, «сүңгіп кеткендер» де – қылаң-қылаң. Не керек, әдеттегіден әжептәуір көңілдірек. Ақыры – қайыр. Бұдан отыз шақты жыл бұрын да бірмандатты жүйе қолданылғанын білеміз. Сол науқанға тікелей қатысқан адамның сөзіне назар салсақ: «Не решился подвести Президента. Теперь окончательно зашьюсь. Суматоха. Самое тяжкое – поездка в Павлодарскую область. Физически (да еще в зимнее время) мне это вряд ли по силу... И все это не по мне, не по воли». О кезде Жоғарғы Кеңеске Президент өз кандидаттарын ұсына алатын тәртібі қарастырылған екен. Аталған сенім иелерінің санатында Герольд Бельгер де кейін Парламентке сайланады. Жазуынша, қаламгер адам үшін өзінің заң шығарушы органға баруын қабылдауы қиын. Есесіне артылған сенімнен айнала қашу да жосықсыз. Әйтеуір не керек, Павлодар облысынан айтарлықтай басымдықпен озып шығады. Қазіргі тақырыбымызға қарай біз де оның Жоғарғы Кеңес жылдарындағы жазбаларына басымдық беріп отырмыз.

Егемендіктің алғашқы жылдарын­дағы депутаттар қандай еді? Ішкі мәде­ниеті, саяси мәдениеті, Парламент­тің өзіндік келбеті? Жазушы-депутаттың 1994 жылғы 23 сәуірдегі жазуында тартымды көрініс бар: «До обеда отсидел в Парламенте. Большинство депу­та­тов меня знает и относится весьма уважительно, почтительно. И я уже многих узнал. Ну, а при обсуждении ведут себя не лучшим образом. Шумят, противоречат друг другу, орут с места, нудно и тягомотно убивают время. И вообще – чую – объединить их в единый коллектив будет трудно. Скорее, невозможно. Много подводных течений. Формирование комитетов пройдет крайне сложно». Бұл – алғашқы жылдар болғанда да, Қазақстан Республикасы тұңғыш Парла­ментінің бастапқы күндері. Екі күн өткеннен кейінгі көріністі елестету тіптен қызық. Әрине, өтіп кеткеннен кейін бәрі қызық. Былай дейді: «Весь рабочий день отсидел в Парламенте. Абиш был в хорошем настрое, легко и весело вёл заседание. Но депутаты шумели всласть. Еле-еле добили временный регламент и начали обсуждать проект об обеспечении депутата». Қалаулылардың шуласып отырғандағы шешкен мәселесі – Парламентте жиналыс өткізудің тәртібі ғана екен. Нағыз қызық содан кейін басталады. Депутаттардың еңбекақысы мен үстемеақысына қатысты әңгімеге келгенде көпшілік шындап «батпақтайды». Ортақ байлам-бәтуа жоқ. Негізінде, Бельгердің ойынша, «реніште қалмайтынымыз белгілі болды. Айлық қомақты. Ондайды өмірімде алып көрген жоқпын. Яғни шуласып, тағы бірдеңе талап етудің мүлдем жөні жоқ еді. Депутаттардың өздеріне болмашы дивидендтер сұрап, саудаласып отыруы – сырт қарағанда ұят әрі жабайылық. Көштен қалмай тұрмыс құруға болатын, ал қисапсыз байып кету қаупі ешкімге төніп тұрған жоқ еді».

Кез келген сала бойынша қыз­­ғылықты ақпарат атаулы депутатқа қолжетімді болса керек. Қоғамды қа­шанда елең еткізетін мәліметтің бірі қазына қаражатына қатысты. Мә­селен, 1994 жылдың өзінде мемлекет бюджетінен 1,5 миллиард доллар қар­жы қайда кеткені белгісіз болған екен. Ол туралы сол жылғы 8 шілдеде депутаттың күнделігінде былай жазылыпты: «Пле­нарное заседание. Страсти по бюджету. Доходная часть неопределённа. Мародёрство высоких чиновников привело к тому, что 1,5 млрд американских долларов гуляет по свету. И вооб­ще Казахстан разворован на 200 лет вперёд». Қайталап қарауға көзіңді, қайталап айтуға өзіңді қимайсың. Нет­кен тоғышарлық? Заманында Мұх­тар Әуезов кейін кең танылған әңгі­месін «Қорғансыздың күні» деп атаған еді. Біздікілердің жаңағы тірлігін «Көр­генсіздің күні» демеске лажың қане?

Мұхтар Омарханұлы жайдан-жай еске түспесе керек. Классик жазушының мерейтойы аталған күнделіктен сырт қалмапты. Әсіресе онда мемлекеттің зия­лы қауымға көзқарасы түзу болуының қаншалықты маңызды екені етене аңғартылады. Жалпы, ғасыр соңындағы мемлекет саясатында жазушыларға, ғалымдарға, мәдениет қайраткерлеріне шетін қарау анық сезілген сияқтанады. Күнделік беттері көбіне солай дейді. Сондай-ақ 1997 жылғы 27 қыркүйектегі сол жазбада ел бірлігіне деген алаңдаушылық айқын: «Иә, қоғамда өзара алшақтық тереңдей түсті. Халық пен билік баррикаданың екі бетінде тұр. Бұл жағынан қарағанда, бірлік дегеніміз күн санап әлсіреп барады».

Сол күзде «Liberation» үшін сұхбат жазып алғысы келетінін айтып, Таня есімді әлдекім хабарласыпты. Герольд ағайдың мүлдем құлқы болмайды. Алайда тақырыптың не туралы екенін ұққандағы сөзі қаламгерге деген сүйкіміңді шақырады: «Әлде де болса әңгіме қазақ тілінің жайына қатысты секілді, ал ол туралы үнсіз қалмау – менің борышым ғой».

Күнделік жарты ғасырға жуық жа­зыл­­ған. Яғни қалауыңа қарай тақырып аясын табасың. Автор өзіңмен сырласып отырғандай күйге түсіретін сәттері аз емес. Біз Әділетті Қазақстанның жаңа қалаулылары іске кірісер сәтте ізашар дәуірдегі әріптестері жайындағы бірер әңгімені ғана қағазға сыйдыра алдық.

 * * *

Герольд Бельгер 1992 жылғы 9 тамызда Әбдіжәміл Нұрпейісовке ауруханаға барғанын жазады. Он беске тарта жазушы емделіп жатыр екен. Арасында Төлен Әбдікұлының бар болғанын және ол кісінің қырғыз фольклорынан ғаламат үлгі оқып бергеніне бас иеді:

«Қапілет басып түс көрсем,

Ағарған көл көрінер,

Ағарған көлдің үстінен

Қарайған үйрек бөлінер.

Ағарған көл – көз жасым,

Қарайған үйрек – өз басым».

«Какое мировидение!

Какая образность!».

Арадан отыз жыл өтсе де, халқымыз үшін мәнін жоймаған тілек қалпында қабылдадық.

 

Ерболат ҚАМЕН,

журналист