• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Сайлау 28 Наурыз, 2023

Сайлау қорытындысы: Мәжіліске алты партия өтті

514 рет
көрсетілді

Алғаш рет аралас жүйе арқылы өткен Парламент сайлауы халқымыздың ғана емес, шартараптың на­зарын аударғаны белгілі. Пар­тия­лар да, тұрғындар да сая­си доданың қоры­тын­ды нә­ти­жесін асыға күтті. Күн­і ке­ше еліміздің тағ­дыр­­шешті ке­зеңі санал­ған бәсе­кенің түп­кілікті қо­ры­­­тындысы жа­рия­лан­ды. Ор­тал­ық сай­лау комис­­сия­сы Мә­жі­ліс­ке қанша партия өтіп, қай­сы­сы­на қанша ман­дат бері­летінін хабарлады.

Ресми мәліметке сүйенсек, төмен­гі Палатаға 6 партия өтіп отыр. Кейінгі жылдары Парла­мент­ке мұншалықты көп партия ен­ген емес. Оның үстіне, өзін өзі ұсынған 6 үміткер де мандат иеленді. Демек ендігі жерде Мә­жіліс қабырғасында қызу пікір­талас болатыны бесенеден белгілі.

«Бүгін біз 2023 жылғы 19 наурызда өткен аумақтық сайлау комиссияларының хаттамалары негізінде Парламент Мәжілісінің депутаттарын кезектен тыс сайлаудың түпкілікті қорытындыларын шығарамыз. Осылайша, сайлаушылардың нақ­тыланған тізімдеріне сәйкес Қазақстан азаматтарының жалпы саны 12 млн 35 мың 578 адамды құрады. Парламент Мәжілісінің пропорционалды өкілдік жүйесі, яғни партиялық тізімдер бойынша сайланатын VIII сайланымының 69 депутатын сайлауда саяси партиялар үшін және «бәріне қарсы» 6 млн 366 мың 441 дауыс берілді», деді Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров.

Оның келтірген мәліметтеріне сүйенсек, «Amanat» партиясы 53,9 пайыз дауыс жинаған. Яғни 3 431 510 адам қолдады. Екінші орынды «Ауыл» ха­лық­тық-демократиялық партиясы иеленді. Оларға 10,9 пайыз бұйырды (693 938 адам).  «Respublica» партиясы 8,59 пайыз (547 154 адам) дауыспен үшінші орынға тұрақтаса, «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы 8,41 пайыз (535 139 адам) қолдауға ие болды. Қазақстан Халық партиясын таңдағандар электораттардың 6,8 пайызын құрады. Яғни 432 920 адам оларға дауыс берді. Мәжіліске алтыншы болып өткен Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясына сайлау бюллетеньдерінің 5,2 пайызы (331 058 адам) бұйырыпты. «Байтақ» жасылдар партиясы 2,3 пайыз (146 431 адам) дауыс жинады. Алайда Парламентке өту шегі 5 пайызды құрағандықтан, Мәжіліс құрамына енген жоқ. Тағы бір айта кетерлігі, «Бәріне қарсымын» бағанын электораттардың 3,9 пайызы таңдаған. Осылайша, 248 291 адам өз қарсылығын білдірді.

Нұрлан Әбдіровтің айтуынша, Мәжі­лістегі мандаттар саны межелі дауыс­ты жинаған партияларға бөлініп беріледі. Соған сәйкес «Amanat» партиясы 40 мандат иеленді, «Ауыл» халық­тық-демократиялық партиясына 8 мандат бұйырды. «Respublica» пар­тиясынан 6 депутат Мәжіліске ба­ра­ды. Қазақстан Халық партиясы 5 орын­ды қанжығасына байлады. «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партия­сы 6 мандаттың иегері атанса, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясына 4 мандат бұйырды.

Жиын барысында Н.Әбдіров сайлау барысындағы жағдайға тоқталды. Оның келтірген деректеріне сүйенсек, дауыс беру күні сайлауды 81 мың­нан аса ұлттық байқаушы бақыла­ған. Халықаралық ұйымдар саяси науқанның ұйымдастырылуын жоғары бағалаған.

«Халықаралық ұйымдардың баға­лауы бойынша сайлауалды жарысқа қатысу­шылар белсенді және еркін науқан жүргізді. Азаматтардың ерік білдіруі үшін кешенді жағдайлар жасалды. Мүгедектердің сайлау үдерісіне қол жет­кізуін жеңілдету бойынша бірнеше оң бас­тама іске асырылды. Учаскелерде мүге­дектігі бар азаматтардың дауыс бе­руі үшін қажетті жағдай жасалды. Кө­ру қабілеті нашар адамдар үшін сай­лау бюллетеньдеріне Брайль қар­пі­­мен трафареттер жасалып, барлық сайлау учаскелері олармен қамтамасыз етілді.

Дауыс беру күні 81 мыңнан аса ұлттық байқаушы келді. Оның ішінде кан­ди­­даттардың, саяси партиялардың 38 981 сенім білдірген адамы, саяси пар­тия­лардың 19 мың байқау­шысы, 252 аккредиттелген қоғам­дық бірлестіктің 23 383 байқаушысы және халықаралық ұйымдардың 793 байқаушысы қатысты», деді Н.Әбдіров.

Сондай-ақ ОСК төрағасы сайлау күні тиісті құқықтық жауапкершілік шараларын сақтауға ерекше мән берілгеніне назар аударды. Осылайша, заңды бұзғаны үшін учаскелік комиссиялардың шешімімен олардың жұмысына қатысудан 19 мүше дереу шеттетілді. Н.Әбдіров әлеуметтік желілерде таралған видеолар мен сайлау комиссияларының өтініштеріне сүйеніп, Бас прокуратураға сайлау күнін тексеру және құқықтық бағалау жүргізу туралы өтініш жасағанын жеткізді.

«Бас прокуратураның ресми ақпараты бойынша дауыс беру күні 42 адам құқық бұзушылық жасап, олардың барлығы жауапқа тартылды. Олардың ішінде 7 учаскелік комиссия мүшесіне Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 108-бабы, ал 18 учаскелік комиссия мүшесіне 110-бап бойынша айыппұл салынды. Алайда осы әрекеттер азаматтардың ерік білдіру нәтижесіне әсер етпеді және сайлау округіндегі немесе тиісті әкімшілік аумақтық бірліктегі сайлау нәтижесін сенімді түрде анықтауға мүмкіндік берді. Өкінішке қарай, осы уақытқа де­йін отбасылық дауыс беру дәстүрі, яғни отбасы мүшелері мен басқа да жақындары үшін дауыс беру, дауыс беруге арналған кабинада бір мезгілде бір адамнан артық болу «дәстүрі» және тағы басқа кемшілік әлі де жо­йыл­ған жоқ», деді Н.Әбдіров.

Нұрлан Әбдіров мәслихат депутаттарын сайлаудың қорытынды­ларын анықтау және жариялау тиісті аумақтық сайлау комиссияларының құзыретіне жататынын хабарлады. Осыған байланысты аудандық, қалалық аумақтық сайлау комиссия­лары сайлау өткен күн­нен бастап екі күн мерзімде, яғни 21 нау­рыздан кешіктірмей, 37 қала­лық және 166 аудандық мәслихатқа сай­­лау­дың қорытындыларын шығару бо­­йын­­ша өз шешімдерін бұқаралық ақпа­рат құралдарында жариялады. Ал об­лыстық, Астана, Алматы және Шым­кент қалаларының аумақтық сайлау ко­мис­сиялары сайлау күнінен бас­тап бес күн мерзімде, яғни 24 наурыз­дан кешіктірмей 20 мәслихатқа сайлаудың қо­ры­тын­дыларын шығару және тиісті ақпаратты жариялау бо­йынша жұмыстарды жүргізді.

Сондай-ақ ОСК төрағасы барлық деңгейдегі мәслихаттарға сайлау қорытындылары туралы аумақтық сайлау комиссияларының шешімдері Ор­талық сайлау комиссиясының рес­ми интернет-ресурсында сілтеме түрінде орналастырылғанына назар аударды.

Сайлаушылардың нақтыланған тізімдеріне сәйкес Қазақстан Респуб­ли­­касы сайлаушыларының жалпы саны 12 миллион 035 мың 578 адамды құрады. VIII шақырылымның партиялық тізімдер бойынша сайланатын 69 депутатын сайлауда барлығы 6 миллион 366 мың 441 адам дауыс берді.

Нұрлан Әбдіровтің айтуынша, депутаттық мандаттарды бөлген кезде үш санат өкілдерінің: әйелдер, жас­тар және мүгедектігі бар адамдардың саны  жиынтығында жалпы санының кемінде отыз пайызын құрауға тиіс. Бұдан бөлек, сайлау қорытындылары анықталғаннан кейін күнтізбелік үш күннен кешіктірмей кандидат, саяси партия Орталық сайлау комиссиясына өз сайлау қорының қаражатын пайдаланғаны жөнінде есеп беруге міндетті екенін, онда ақшалай түсім көздері, сондай-ақ шығындар көр­сетілуге тиіс екенін хабарлады.

Отырысты қорытындылай келе, Нұрлан Әбдіров Мәжіліс пен мәсли­хаттарға сайлау жаңартылған сайлау заң­намасына сәйкес өткенін, сайлауды өткізудің жаңа форматы үлкен қоғамдық қызығу­шы­лық тудырғанын және саяси бәсе­келестікті жандандырғанын атап өтті. Сайлауалды жарысқа тіркелген барлық 7 саяси партия, оның ішінде 2 жаңа партия қатысты. Азаматтар­дың өзін-өзі ұсыну мүмкіндігі­нің арқасында жекелеген округтердегі бәсекелестік 1 мандатқа 63 адамға дейін құрады.

Сайлауды әзірлеу мен өткізуді ұйым­дастыру Қазақстан Республика­сының ұлттық заңнамасына және халықаралық міндеттемелеріне қатаң сәйкестікте, ашықтық пен айқындық қағидаттарында жүзеге асырылды.

Халықаралық байқаушылар сайлау органдарының сайлаушылар үшін ауқымды және инклюзивті ақпараттық науқан өткізуін, сайлауға тиімді дайындықты және дауыс беру күнін ұйымдастыруды жоғары бағалады.