• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
01 Шілде, 2014

Алтын діңгек

549 рет
көрсетілді

Үйдің берекесі қабырғасының қиюымен емес, теңінің жиюымен, отбасындағы сыйластықпен, татулықпен кіреді.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Еліміздің 14 облысы мен Астана, Алматы қалаларын қамтыған «Мерейлі отбасы» байқауының

Қарағанды облысы бойынша жеңімпаздары

Сәпиевтер әулеті байқаудың бірінші жүлдесіне ие болды

Ел мақтанышы шыққан шаңырақ

Иә, өз ортасының ғана емес, одан да асып аймағының, қала берді бүкіл елдің мақтанышы болған отбасылар болса, солар­­­­дың бірі де бірегейі – Сәпиевтер әулеті алдымен аталатыны анық. Осы ұядан ұшқан әйгілі боксшымыз Серік Сәпиевті бүгінде еңбектеген баладан, ең­кейген қартқа дейін біледі. «Ұлы жол үйдің табалдырығынан басталады» деген осы шығар. Ал, бұл табалдырықтың тіре­гі мен берекесі – Жұманғали Дәуітұлы мен Ирина Фоминична Сәпиевтер балаларын еңбекке ерте баулып, тәлімді тәрбиені жастайынан жандарына сіңіре білген қарапайым жұмыскерлер екенін атап айтпасқа болмайды. Жұмағали аға құрметті демалысқа шыққанға дейін Абай қаласындағы «Абай» шахтасында табан аудармастан жұмыс істесе, Ирина апай да осынау өндірістің бел ортасынан табылған, жұмыстан қол үзбей перзент тәрбиелеу қан­шалықты қиын екенін бастан өткерген ана. Ол балаларына үнемі әкелерінің еңбегін, абырой-беде­лін үлгі етті. Жүректері үндесіп, тілектері тоғысқан күннен бастап ынтымақты өмірді жарастырған жандар бүгінде үш ұл мен бір қыздан өрбіген немерелерінің тәтті қылығы мен шаттығына бөленген бақытты ата-әже. Жас шақтарында қиындықты көп көрген әке-шешеге ұрпақ қуа­нышынан артық не бар. Төрт баланың екеуі әулет дәстүрін жал­ғас­тырушы кеншілер сапынан сана­лады. Жұмекеңше әке кәсібіне адал­дықтан айнымауды қалайды. Қанша айтқанмен, 30 жылдан астам маңдайтері төгіліп, ыстық пен суыққа төзген көңілге ерекше ыстық орта емес пе, ақсақалдың да шахтаға ара-тұра барып, ізбасар­ларының ісін тамашалайтын сәттері бар. Сондайда бірі инженер, бірі сле­сарь болып еңбек ететін тетелес ұлда­ры туралы жылы лебіздер естіп, марқайып қалады. Бас қосқан сәтте­рінде шахта жұмысын талқыға са­­лып, тәжірибесімен бөлісіп отырады. Айтпақшы, кенжесі Серік те әуелде ағаларының қасынан табылсам деген. Бірақ бокспен шұ­ғылдануы барысында оның бойынан екінің біріне дари бермейтін бейімділік пен батылдықты бай­қаған жаттықтырушылары қоярда қоймай үгіттеген соң солар­­­дың тауын шақпауға көніпті. Әрине, ол уақытта Олимпиада чемпионы болады деп ойлап па, әйтеуір қа­лауына қарсы тұрмағанын Серік­тің ұзақ жылдан бергі сенімді бас­ бапкері, Қазақстанның еңбек сіңір­ген жаттықтырушысы Алек­сандр Стрельников ұдайы сүйсіне айтады. «Әке – балаға сыншы» деген осы шығар. Бәлки, өзі де бұл­қын­ған жас жүрек ұшқынын сезген болар. Баласының Бейжің Олим­пиадасында көздеген мақса­тына жете алмай, бокстан қол үзуге ­дей­ін­­ барған қиналған шағында оны әкесінің қайраттылыққа қайрауын біреу біліп, біреу білмеген сыр. – Бізді ата-анамыз бір-бірімізге мейірімді болуға, адамдардың бар­лығымен сыйластыққа, тату­лық­қа, мейірбандыққа, әдепті­лік­ке тәрбиеледі. Отбасы ошағын жар­қырата білуге баулыды. Осы өне­гені әрқайсымыз берік ұста­намыз, дейді ел даңқын Лондонда асырған сайыпқыран боксшы. Үлкен шаңырақтан ұялаған үлгілі береке-бірлік Серіктің өз отбасына да тән. Ауылдан қанат­танған, қазақы тәрбиелі, ата-енеге ина­батты, кайнаға-жеңгеге кішіпейіл­ді қосағы Мөлдір әулет­тің сүйік­­тісі. Бүлдіршіндері Аққу мен Алуа ата-әжесінің құша­ғынан ажырамаса, таяуда дүние есігін ашқан Айсұлу өз бауырларында. «Дүние­де бал тәтті, балдан бала тәтті» де­ген ғой, Серік те мен сияқты балалы бола түсуді жақсы көреді. Арманымыз ортақ», деп келіншегі өмір қызығы балада екенін айтады. Жапырағы жайылған мәуелі бәйтеректей Жұманғали мен Ирина Сәпиевтердің өнегесі ұрпа­ғына осылайша жұғысты болып келеді. Әулеттік әдемі сабақ­тас­тықты жалғастырушы Серік пен Мөл­дірдің де мерейлі отбасы шу­ақ­­­­­ты шаңырақ іргесін қалап отыр. «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңінде бірінші жүлдегер атанған Сәпи­ев­тер аймақ намысын Аста­нада қорғамақ. Қандайлық та мәртебеге лайықтығын білетін абайлықтар жеңіспен оралуларына үміттенеді. Абай қаласы.

 

Кошевецтер екінші жүлдеге лайық деп танылған отбасы болды

Өнерпаздар ұясы

Қай уақытта да шаңырағы шаттыққа толы осы бір үйге қызығып, сүйсінбеген жан жоқ. Облыстың Осакаров кен­тін­дегі Владимир Ни­ко­ла­евич пен Татьяна Петровна Кошевецтер отбасын думанды орта деуге болады. Үш баладан өрбіген ұя әрдайым бүлдіршіндер күлкісімен сыңғырлап жатса, сондай-ақ, үлкендердің әрқайсысы гитара шертіп, баян тартып, күйсандықта ойнап, әдемі әуендерді әуелетуімен қызғылықты. Отағасы тоғыз жол торабы бойындағы кенттің байырғы тұрғыны. Оның отбасы Тың игеру кезінде Украинадан келген еді. Сонда Владимир әкесі мен шешесінің жете­гіндегі балдырған болатын. Ағаш ұстасы болып ең­бекке араласқаннан-ақ көр­кемөнерпаздар үйір­месінің белсенді мүшесіне айналып, әншілігімен танылды. Қарағанды мәдени-ағарту училищесін бітіріп, туған топыраққа оралысымен білім беру, мәдениет саласындағы үлгілі қызме­тімен жерлестерінің құрме­тіне бөленіп, ауданға, қала берді облысқа танымал болды. Ауыл еңбеккерлері үшін концерттік сапарлармен аймақта бармаған жері аз. Жеке есебі бойынша 2 мыңға тарта концертке қатысыпты. Талай айтулы байқауларда көзге түспей келген кездері де сирек. Үйінің төргі бөлме­сінің қабырғасын алып тұрған түрлі медальдар мен марапаттау белгілері соның айғағы. Владимир Николаевич­тің әншілік дарыны ұлдары­на да дарыған. Оларға келін­дері қосылып, отбасылық өнер ансамблі ретінде алыс-жақындағы мәдени шаралардан қалыспайды. Екі ұлы Дмитрий мен Александр – ұстаз. Биология және ағыл­шын тілі пәндерінен сабақ бере­тін ағайындылар «Үздік ұстаз» мәртебесіне ие болды. Ұстаз демек­ші, бұл әкелерінің жолы. Алғаш­қы әскери дайындық пәні­нен сабақ бере жүріп, шәкірттері «Алау», «Ұлан», «Қалқан» әскери-патриоттық ойын-жатты­ғулар байқауларында бірнеше мәрте жеңімпаз болды. Кенжесі Петр мұнай бұрғылауды меңгерген. Ұзақ жыл бойы аудан­­дық ауруханада медбике болып еңбек еткен Татья­на Петровнаны жұрт сырқат­­тану­шыларға мейірін себе білген мейірімді жан ретін­­де біле­ді. Өзі мәдени шаралар­дан бас ала алмай жүргенде ұлда­рын тамаша тәрбие­леудегі еңбегіне ерінің ризалығы – өзара сыйластықтың сыры. – Біздің құт қонған өңір көп ұлтқа қасиетті мекен. Тұрғылықты халықтың кең құшағы, бауырмалдығы тартып, бірлікке ұйыстырған шуағы бәрімізді татулық пен тұтастыққа бөледі. Бірлік бар жерде берекенің де берік қаланатынына тікелей көз жеткізіп жүрміз. Аудан еліміздегі ең ірі астықты ай­мақ саналады. Күш-әлеуеті күннен-күнге өсіп келеді. Негізгі өнім – бидай экспорт­қа шығарыла бастады. Өтім­ді дәнді-дақылдар түрлерін егу ұлғайды. Германия кәсіп­керлерімен бірлесіп қы­мыз өндіру қолға алынды. Мұның бәрі ауданымыздың эко­номикасының келешегі кемелдігін көрсетеді. Сон­дықтан балаларым мен не­ме­ре­лерімнің болашағына еш алаңдамаймын. Олардың бойында қазақстандық пат­риотизмнің барын байқап, көңілім өсіп қалады. Бәрі де Қазақстанды өз Отаным деп сүйеді, – дейді Владимир Ни­колаевич. Қарапайым және ақпейілмен айтылған сөзінен ел өміріне риза­лық­ты сезіндік. Ол әлі күнге қоғам­дық шаралардың бел ортасында. Қашанғыдай ор­таны думандатып, жұрт кө­ңілін өсіріп жібереді. Қазақстандықтар шат тұрмысының, береке-бір­лігінің тамаша бір көрінісіне осы Кошевецтер отбасы куә. Олар Елбасының ынтымақты ұйытқан саясатына мың алғыс айтады. Осакаров ауданы.

Үшінші жүлде берілген отбасы тірегі Қапқаев

Балаларына дейін кенші

«Шахтинск» шахтасында еңбек ететін Мансұр, Михаил, Алексей Қапқаевтардың есімдері кеншілер арасында үлкен құрметпен аталады. Отағасы Мансұр Мұхамеджанұлы көп жылдан осы ұжымның белді мүшесі, көлік учаскесінің басшысы ретінде танымал болса, ұлы Михайл­дың да шахтерлер қатарына қосылғанына 15 жылдан асыпты. Ол тау-кен ісінің білгір маманы, ал кіші ұлы Алексей қазба жұмыстарын жүргізудің шебер комбайншысы. Қапқаевтың кенжесі Валентина да көмір өндірісі саласынан алыс емес маман, ата-анасына үш немере сүйдірген ана. Шаңырақтың берекесін кіргізіп отырған отанасы Зоя Леонидовнаның ері мен балаларының еңбектеріне шүкіршілік етіп отырған жайы бар. Бойжеткен ша­ғында жүрегіне шоқ түсірген Мансұрды алыстағы оқуын бітіріп оралғанша күтуі тегін болмағанын өмірдің өзі дәлелдеді. Айта кету керек, отба­сындағы шахтерлік кәсіп әріден басталады. Кезінде бүкілодақтық сый­лықтың лауреаты атанған, ширек­ ғасыр бойы көмір өн­діру­ден жалықпаған Мұха­мед­­жан ақсақал осынау кәсіп­ті қалаған-ды. Ол кісі­нің сталиндік саяси қуғын-сүр­гінге ұшырап, Қара­ғандыдан арып-ашып кел­генінде ерен еңбегі арқылы қатарға қо­сылып қана қой­май, оза көзге түсуі осынау әулет бақытын ашқандай еді. Мансұр да әке жолын қуып шахтаға жұмысқа тұрды. Мұнысы көпшілікке тосын көрінгені де есінде. Әуелде Астрахандағы балық өндірісі институтын аяқтап келген жоғары білімді жастың ауыр еңбекті қалауы көпшілікті таңдандырғанын ұмытқан жоқ. Бірақ жүрекке әмір жүре ме? Сол бір шешіміне өкінбейді де. Шахтаның қиын да қауіпті жұмысын көтере жүріп, сырттай оқуға да уақыт тапты. Шахта құ­рылысының инженері ма­мандығын меңгеріп, оның инфрақұрылымын жетіл­дірудің жауапты буын­дарының басында болды. Перзенттерінің әкелерін­дей өз міндетіне адал, ал­ға қойған мақсатына бе­рік, қиындыққа төзімді, адамдармен тіл табыса еңбек ете білу қасиеттерін үйренуіне аналарының тәрбиесі мен ықпалы аз болмады. Әр уақытта осыны бойларына сіңіріп отырды. Бүгінде Қапқаевтар отбасынан тараған ұл-қыздардың әрқайсысының жеке отауы бар. Мансұр Мұхамеджанұлы мен Зоя Леонидовнаның алты немересінің алды Владтың келешекте қандай мамандықты қалайтындығы әзірге белгісіз. Дегенмен, ата-әжесі шахтер болуын құлағына құя беруден жалықпайды. Көріп жүргені, көз үйретіп жүргені бар кім біледі, ертең Қапқаевтар тағы бір шахтерға толығып жатса, әлбетте таңданыс болмайды. Әулет үлкені әлі де қашан­ғы қалпынша қайнаған ең­бектің бел ортасында. Былтыр шахта басшылығы қиын да күрделі буын – ауыр рельсті учаске жұмысын үйлестіруді сеніп тапсырған болатын. Биыл мұнда тәртіп орнағаны да, іс қиюласуы да байқалып отыр. Мансұр Қапқаев білікті инженер және қабілетті ұйымдастырушы екенін тағы да таныта білді. Шаңырақ ынтымағы биіктігімен де, өз орта­ларын­дағы еңбек үлгісімен де жарасты Қапқаевтар әулетінде ұрпақтар сабақтастығы жал­ғасын таба бермек. Шахтинск қаласы.

Мақалалар топтамасын әзірлеген «Егемен Қазақстан» газетінің

Қарағанды облысындағы меншікті тілшісі Айқын Несіпбай.

Суреттерді түсірген Дмитрий Кузьмичев.