• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Сенат 28 Наурыз, 2023

Сенатта діни экстремизмнің таралуын болдырмау мәселесі талқыланды

225 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты сенаторлардың депутаттық сауалдарында айтылған мәселелерді шешу үшін мемлекеттік органдар қабылдаған шаралар туралы министрліктер мен мекемелер өкілдерінің есептерін тыңдауды бастады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Кездесу барысында Андрей Лукиннің депутаттық сауалында айтылған ұсыныстарды іске асыру барысы туралы мемлекеттік органдардың есебі тыңдалды. Депутат бас бостандығынан айыру орындарында діни экстремизмнің таралу проблемаларын көтерді.

«Экстремистік идеологияның таралуы үшін бас бостандығынан айыру орындары құнарлы жер болып саналады. Қоғамнан оқшауланған сотталғандар сол жердегі тұтқындардың сенімді сөздері мен уағызына оңай көнеді. Кейбіреулер дін арқылы өмірдің мәнін түсінуге тырысады. Өкінішке қарай, олар радикалды діни ағымдардың ықпалына түсуі мүмкін», деп атап өтті сенатор Андрей Лукин.

Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитеті депутаттарымен кездесу барысында ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің өкілі депутаттық сауалда көрсетілген ұсынымдарды орындау жөнінде атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады. ҰҚК Академиясында қайта даярлаудан өтіп жатқан теологтар үшін ҚАЖ құрылымына лауазым енгізілді, ал ІІМ Қостанай академиясында сотталғандармен теологиялық және оңалту жұмыстарын ұйымдастыру жөніндегі пенитенциарлық жүйе қызметкерлерін даярлау орталығы құрылды.

Бас прокуратураның өкілі 2022 жылдың қорытындысы бойынша радикалды көзқарастарды ұстанатын адамдардың саны 4%-ға төмендегенін, сол арқылы 94 сотталушы деструктивті идеядан бас тартқанын хабарлады.

Депутаттар кездесу барысында сотталғандарды радикалдық көзқарастан арылту бойынша олардың әлеуметтік байланыстарын дамытуға ықпал ететін, сол арқылы деструктивті діни ағымдарды жақтаушы адамдарға жағымды әсер ететін арнайы бағдарламалар жасау қажеттігін атап өтті.