• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Жастар 28 Наурыз, 2023

Әлем және әлеуметтік желі: Қазақ жастары қай өреде?

653 рет
көрсетілді

Бүгінде жер жаһандағы жұртшылықтың 60 пайызға жуығы интернетті еркін қолданады. Әлемдік зерттеулерге сүйенсек, 5 миллиард пайдаланушының әрқайсысы күніне орта есеппен жеті сағатын интернетте өткізеді. Осылайша, кез келген азамат танымал әлеуметтік желілерге тіркеліп, жеке парақшаларын ашу құқығына қол жеткізген.

Қазір әлеуметтік желі адам­ның ішкі сұранысын ақпараттық тұрғыдан толық қамтамасыз етіп отыр. Ешкім әлемдік үрдістен тыс қалып жатқан жоқ. «Әлем желі» деп аталатын қуатты күш­ті кәдеге жаратып, қоғамды бі­­лім­ге, саналы болуға жетелеп жүрген қазақ жастары да же­тер­лік. Әлеуметтік желінің әлеуе­тін кеңінен пайдаланып жүр­ген көзі ашық жастың бірі – Нұр­қо­жа Ерсайын. Тарихшы, архео­лог Instagram-да «Derekkoz.kz» парақшасын ашып, жастарға жаңартылған форматта түркі елі­­нің тарихы мен мәдениетін на­­си­хаттап жүр. Бұған қоса You­Tube желісіне «Solai de» ай­да­­ры­мен подкастар жүктеп отырады.

– Мен ауылдың тыныс-тір­шілігін бойыма сіңіріп, ата-әженің қамқорлығында қой ба­ғып, жылқы баптаумен өскен қыр баласымын. Туған жерім – Ұлытау өңірі Жаңаарқа ауданы. Мамандығым – реставратор. Қарапайым тілмен айтқанда, тарихи құндылықтарды қалпына келтірушімін. 19 жасымнан бас­­­тап түрлі археологиялық қаз­­­ба жұмыстарына қатыстым. Көп­­теген ғылыми жобаның экс­­­­пе­­­­ди­циясына мүше болдым. Же­ке жобаларым да бар. Со­ның бірі толық қазақ тілін­дегі әлеу­меттік-қоғамдық жоба – «Derekkoz.kz». Бұл жобаға белсене кірісуімнің басты себебі – Tik Tok әлеуметтік желісін­де қазақ тарихына байланысты жалған, кереғар пікір тудыратын бейнежазбалар тарай бас­тады. Бұған төзбей, тарих­та нақ­ты қалай жазылған факті­лермен келтіріп, видео түсіріп, жүк­тедім. Әп-сәтте қаралым жи­­на­лып, оқырмандар арасында таны­­мал болдым. Менің мұн­да­ғы басты мақсатым – өзге бло­­гер­лер секілді ақша та­бу емес. Тек ата-бабамыздан қал­ған тарихи құндылықтарды сақ­тап қалу, оны жастар арасында на­си­хаттау. Өйткені қазір заман ағымымен кей салт-дәс­түр­ле­рі­міз, отбасындағы, мәде­ниеттегі құндылықтар жойылып барады. Немесе ұмыт қалып жа­тыр. Осы орайда тарихшы ре­тінде «Derekkoz.kz» арқылы та­рихи мұрамызды келесі ұрпақ­қа аманат етіп жеткізгім келді, – деді Нұрқожа Ерсайын.

Бүгінде жобаның Instagram парақшасында 19 мыңнан аса оқырманы бар. Ал YouTube же­лі­­сіне жүктелген әр бейнежаз­басы 6 мыңға жуық қаралым жи­наған. Автордың айтуынша, бұл коммерциялық жоба емес.

– Бұл жобаның қаржыландыру жағына келетін болсақ, ешқандай көмек жоқ. Маған ешқандай қа­ра­жат әкелмейді. Барлығын өз күшім­мен істеп жүрмін. Өзім кә­­сіпкермін. Медиа саласында жұмыс істеймін. Әлеуметтік же­­­лі арқылы қаражат табамын. Әртүрлі жобалардан түскен қар­жыны осы «Derekkoz.kz»-ге саламын. Қазір деректі фильмдер, сұхбат пен әлеуметтік желіге арналған қысқаметражды видео түсіреміз. Бұларды мектептегі кей мұғалімдер Қазақстан тарихын оқыту барысында пайдаланады. Ұстаздар мен оқушылардан ризашылығын білдіретін хаттар алып тұрамын. Қазір телефонға телміріп, бұрынғы­дай керексіз дүниелерді парақтайтын жастар азайды, – деді ол.

Иә, тарихшы сөзінің жаны бар. Өйткені жастар бүгінде Instagram, YouTube, TikTok-тағы мәнсіз-мағынасыз бейнежазбалардан гөрі, танымдық бағыттағы жазбалар мен видео­ларды көргенді құп көреді. Оған әлеуметтік желілердегі парақ­шадағы оқырман мен қа­ра­лым саны дәлел. Мәселен «Unknown­kazak» парақшасын жас­тар қызығып оқиды. Онда 157 мыңнан аса оқырман, бейнежаз­баларында 700 мыңнан аса қара­лым бар. Бұл – қазақтың тарихы мен мәдениетін, әдемі, көр­кем табиғатын таныстыратын жоба. Тарихты танытып, трендте жүр­ген авторлар ерлі-зайыпты – Диас және Әйге­рім Камеридановтар.

– 2018 жылы осы блогті құру идеясы келді. Әуелгіде Telegram каналынан бастағанбыз. Адам­дардың қызығушылығын көрген соң Instagram-да парақша ашуды жөн көрдік. Жалпы, бізде «қандай да бір медиа болу», «атақты болу» деген мақсат болмады. Біз бұл жобамен әу бас­та хобби ретінде айналыстық. Тарих, мәдениет, мифологияға бұрыннан қызығатындықтан, оқыған, түйген, жинаған ақпара­тымызды басқа адамдармен бөліс­кіміз келді. Бастапқыда оқыр­­­мандарымыз тек айнала­мыз­­­да­ғы достарымыз бен та­ныста­­ры­мыз ғана еді. Ал қазір ұсы­­нып отырған контентіміздің кең ау­қым­ды өзін­дік аудитория­сы бар. Оқырман саны күнде көбейіп келеді. Біздің парақша оқыр­мандарының 50 пайызы Алматыдан, 35-40 пайызы Астанадан және 10-15 пайызы өзге өңірлерден. Ал жас ерек­шеліктеріне байланысты айтар болсам, бізді көбіне 23 пен 36 жас аралығындағы жастар оқиды, – дейді Диас Камериданов.

Жоба авторлары оқыр­ман­­да­ры­мен жиі кездесу ұйым­дастырып тұрады. Зияткерлік клуб құрып та үлгерді. Жақында ғана Астанада екі рет басқосу өткізген. Сон­дай-ақ блогерлер travel кон­тентті де дамытуда. Былтыр Қазақ­станның Торғай өңірінен бастап, Қарқаралы, Оңтүстік, Солтүстік, Шығыс өңірлеріне дейін саяхат жасапты. Енді олар батыс аймақтың табиғаты мен тарихи жерлерін араламақшы.

Өткенді де, өзектіні де тал­қы­лап, жастардың рухани қажет­ті­лігін өтеп жүрген тағы бір па­­рақ­­ша «Dopesoz» деп атала­ды. Бұл арна қоғамдағы ең өзекті мәселелерді талқылайтын ақпараттық-таным­дық алаң ретін­­де құрылған. Мұн­­да екі подк­аст жүргізушісі қан­­дайда бір тақырыпқа қонақ шақырып, диалог өткізеді. Мы­салы, соң­ғы шығарылымында гуманизм мен әлеуметтік теориялар зерттеушісі Ғалым Жүсіпбекті шақырған. Онда дәстүршілдік, мәдениет теңдігі мен потенциалы, сондай-ақ Ресейдің әлі де отарлаушы ел екені туралы әңгімелеседі. Бұған қоса спикер неліктен барлық мәдениетте әмбебап адам құндылықтары бар екені, ашаршылықтың геноцид болғаны немесе болмағаны жөнінде айтып береді. Қазір бұл парақшаға 18 мыңға жуық адам тіркелген. YouTube желісінде 50 мың оқырманы, жүктеген бейнежазбаларын ең көбі 400 мыңдай азамат көрген.

Түйін. Жаңа Қазақстан елі өз қарым-қабілетіне қарай адал әрі шынайы қызмет ететін, мамандығын жетік меңгерген, ұлттық және жалпыадамзаттық мәдени құндылықтарды сыйлайтын, қатталған тарихын бойына сіңірген, коммуникативті және жоғары мәдениетті азаматтармен өркендейді. Өйткені сондай жастар ғана бәсекеге қабілетті болып, заман мен қоғамның жо­ғары талаптарына жауап бе­ріп, уақыттың кез келген сыны­­на қарсы тұра алады.