Күллі әлемді әбігерге салған коронавирус пандемиясы кезінде Тарбағатайдың ұйымшыл азаматтары жедел біріге қойып, қор ашқан-ды. Қайырымдылық қазанына түскен қаржыны науқастардың ем-домына жұмсап, тығырықтан шыға білген жомарт жандардың жасаған әр жақсылығы ел есінде сақтаулы. Сол кезде құрылған «Тарбағатайдың жомарт жандары» қоры күні бүгінге дейін мұқтаж адамдарға қолғабыс етіп келе жатқаны қуантады.
Қарап отырсақ, айналдырған екі-үш жыл ішінде жасаған жақсылықтары аз емес екен. Мұқтаж жандарды азық-түлікпен қамтып, ұсақ-түйек әлеуметтік көмек көрсетіп отырғандары былай тұрсын, көптеп-көмектеп, тұрғын үйге дейін тұрғызып берген. Бірақ қайырымдылықтарын жарнамалап, кеуде соғу олар үшін жат. Әйтпесе, бес литр сұйық май апарып, әлеуметтік желіге бес бет пост жазып жүрген мекемелерді де білеміз. Олардың қасында Тарбағатайдың қамқор азаматтары қарапайым. Есеп үшін емес, ел үшін еңбек қылуды жөн көреді. Үндемей-ақ үлкен іс тындырып, ағайындардың алғысына бөленіп жүр.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деп, атқарып жатқан игі шаруалары жөнінде баспасөз бетінде жариялауға ниеттеніп, «Тарбағатайдың жомарт жандары» қоры мүшелерін әңгімеге тартқанбыз. Әуелде тартыншақтады, қажеті жоқ десті. Дұрыс ғой, «оң қолың бергенді сол қолың көрмесін» деген бар. Десе де, біреуге болмаса, біреуге ой салып, үлгі болары анық.
– «Тарбағатайдың жомарт жандары» қоры құрыла сала қаржы құйып, мақсатты түрде аудан халқына көмек көрсете бастадық. Әрине, аяқ-қолы балғадай, еңбекке жарамды азаматтарға емес, көмекке шынайы зәру адамдарға қолұшын созып жүрміз, дейді жомарт жандардың бірі, кәсіпкер Абзал Тоқтарғазин.
Әр салада жұмыс істеп жүріп, кейін кәсіпке кеткен Абзал аз қамтылған отбасыларға үнемі жәрдемдеседі. Бірде азық-түліктей берсе, енді бірде ақшалай көмек көрсетеді. Керек-жарақтарын жеткізіп береді, үй-жайларын жөндейді. «Тарбағатайдың жомарт жандары» қоры бірлесіп, ауылдағы жалғызбасты азаматқа үй де көтеріп берген. Алдын ала қор мүшелері үйінің тұруға жарамайтынын анықтаған, ақылдасқан. Сонымен қатар азаматтың көмекке шынайы мұқтаж екеніне де көз жеткізген. Жалғызбасты, оның үстіне қандай да бір дертке шалдыққан. Алайда мемлекеттен көмек ала алмайды. Оның себебі ешқандай санатқа жатпайды екен. Сөйтіп, Абзал Тоқтарғазин қор мүшесі ретінде жанашырлық танытып, мұқтаж азаматқа лайықтап, шағын үй салып береді. Тұрмысына ыңғайлы болсын деп суына дейін тартқызады. Бір анығы, ол жарияға жар салмай-ақ көмек жасады. Бүгінгі күнге дейін Абзалдың мәрттігін ауылдастары болмаса, сырт көз онша біле бермейді.
– Біз көмек көрсеткеннен, тиын-тебеніміз кеміп қалмайды. Керісінше, құдай екі еселеп береді. Екіншіден, кішіге қамқорлық, үлкенге құрмет көрсету – әу баста әке-шешенің берген тәрбиесі. Аз қамтылғандар көп ғой. Көмектесеміз. Бірақ айта бермейміз, дейді Абзал Алмазұлы.
Абзалдың айтуынша, биыл Тарбағатай ауданы, Асусай ауылына күмбезін көк тіретіп, мешіт салуды жоспарлап отыр. Шекара бойында жатқан ауылдың қазіргі мешіті ескірген екен.
– Биыл Асусайға жаңа мешіт салып беруді ойластырып отырмыз. Ауылда бес уақыт азан шақырылып жатса, менмұндалап мешіт тұрса, халықтың рухы көтерілер еді. Онсыз да халық көшіп, шекара маңы бос қалып жатыр. Сондықтан жоба-жоспарын жасап, мешіттің құрылысына кірісіп кететін шығармыз, деген де ойын айтты.
Одан бөлек, «Тарбағатайдың жомарт жандары» қоры ауданның өнерпаздарына, спортшыларына да үнемі қолдау көрсетіп, қолпаштап отырады. Ал баспанамен қамту секілді демеушілік көмектер бір ғана азаматпен шектеліп қалмаған. Айта берсек, аз емес. Оның бәрін тізіп шығуды қорға қаржы құйып жүрген азаматтар ашып айтуды жөн көрмеді. Ең бастысы, ауданның жанашырлары бар. Осындай ауызбіршілік, береке әр ауылда, әр ауданда болса, қазақ бай болады.
Шығыс Қазақстан облысы,
Тарбағатай ауданы