Қостанай өңіріне белгілі ақын, білім беру саласының үздігі Александра Суслованың «Екі дос, Боран және скрипка» деп аталатын повесі бар. Кішкентай Данияр мен Данилдің басынан өткен қызықты оқиғаларға құрылған ұзақ әңгімеде екі баланың арасындағы шынайы достық тарихы баяндалады. Туынды былтыр Ыбырай Алтынсарин атындағы республикалық байқаудың ең үздік шығармасы деген бағаға ие болды.
– Әке-шешем Тың игеру науқаны қызып тұрған 1955 жылдың мамыр айында Ленинград облысынан Меңдіқара ауданына көшіп келді. Ол кезде мен екі жарым, інім бір жарым жаста екен. Жетінші желтоқсанға дейін палаткада тұрдық деп айтып отыратын әкем. Кейін жылы үйге кірдік. Әлі есімде, анам албардағы үлкен пешке нан пісіретін. Қазір сол пештен шыққан ыстық нанның иісін сағынамын. Қолы ашық адам еді. Ол кісі нан пісіріп жатқанда иісі бүкіл көшені алып кететін де, сол маңда ойнап жүрген бала біткеннің бәрі біздің үйдің маңына жинала бастайтын. Бәріміз – орыс, қазақ, беларусь, украин, молдован балалары – есіктің алдындағы ұзын дастарқанға жағалай жайғасып алып, анамның буы бұрқыраған ыстық нанын күтіп, ойнап-күліп отыратынбыз. Ол кездегі балалар сен орыссың, мен қазақпын, ол молдаван деп бөлінуді білмейтін. Бәріміз де ұлтына қарап бөлуді білмей өстік. Менің балақайларға арналған шығармаларымның дені кішкентай оқырмандарымды достық пен бауырмалдыққа, туған жерге деген сүйіспеншілік пен адал еңбекке, адамгершілікке үндейтіні де содан шығар. Жалпы, бала жаны таза болады ғой, сол кіршіксіз дүниеге кірбің түсірмей, өскелең ұрпақты мемлекетшіл рухта тәрбиелеу маңызды, – дейді қаламгер.
Александра Ильинична – Жазушылар одағының мүшесі, балаларға арналған көптеген ертегінің, шағын әңгімелер мен жеңіл жыр жинақтарының авторы. Қаламгер-ұстаздың шығармалары Ресей, Германия елдерінде де жиі жарияланып тұрады. Көпшілік оқырманның ыстық ықыласына бөленген автор 2017 жылы «Алтын қалам» әдеби байқауының жеңімпазы, 2018 жылы ел жүрегі – Астанаға арналған әдеби конкурстың дипломанты атанды. 2019 жылы Керчте өткен «Нимфей үні» фестивалінің де бас жүлдесін еншіледі. Мұның сыртында, әр жылдары Дюссельдорф, Прага, Мәскеу, Симферополь, Нижний Новгород қалаларында өткен халықаралық әдеби байқауларға қатысып, Қостанай топырағының қадір-қасиетін, қазақ халқының кеңпейіл болмысын, Тобыл төңірегіндегі тамылжыған табиғат көріністерін әлем жұртшылығына өлеңмен жеткізіп жүр.
– Соңғы өткен халық санағының қорытындысына сенсек, Қазақстан халқының 34 пайызын 17 жасқа дейінгі балалар құрайды екен, ал 18 жас пен 28 жасқа дейінгі жастардың үлесі 20 пайыз болады. Еліміз бойынша былтырдың өзінде 450 мың 652 сәби дүниеге келіпті. Демек қаулап өсіп келе жатқан кейінгі ұрпаққа дұрыс тәрбие беру, уақыт өткізіп алмай әр жастың кеудесіне ұлы Абай айтқан адамшылық пен елшілдік дәнегін егу міндет. Менің шығармаларымның да алтын арқауы осы мәселелерге арналады. Өзім орыс тілінде жазамын. Енді туындыларымды қазақ тіліне аударуды армандап жүрмін. Таяуда Жазушылар одағының облыстық филиалынан менің бірсыпыра әңгіме-ертегілерімді қазақ тіліне аудару туралы ұсыныс түсті. Оған қуана-қуана келістім. Егер кітабым қазақ тілінде жарық көріп жатса, ол менің өмірімдегі ерекше оқиға болатыны анық, – дейді ақын.
Александра Ильиничнаның ақындығы мен ұстаздығын айтпағанда, өзекті деген қоғамдық-әлеуметтік мәселелер қозғалған алқалы жиындарда ағытыла кетіп, көсіле сөйлейтін шешендігінің өзі бір төбе. Мұндай сәттерде сөз басын Ыбырайдың, Абайдың сөзімен тұздықтап алып, Ахметтің немесе Жұмекеннің қанатты сөздерімен түйіндейтін әдеті.
Қазақтың салт-дәстүрін, ұлттық ас мәзірін бір адамдай білетін Александра Ильинична желтоқсанның басында жылқының бір аяғын арнайы сатып алып, сүрлеп қояды.
– Біздегі орыс ұлты өкілдерінің өзге елдерде тұрып жатқан орыстардан біршама айырмашылығы бар. Біздің бойымызға, қанша дегенмен, қазақы салт-дәстүр мен осы жергілікті жерде тұрып жатқан сан алуан ұлттың мәдениеті сіңіп қалған. Сөз орайы келгенде айта кетейін, осыдан біраз жыл бұрын қазақ құрбыларым тарту еткен бірнеше қамзолым бар. Шет мемлекеттер халықаралық әдеби конкурстарға шақырса, сол қамзолдарымды киіп барам, қайда барсам да үстімнен тастамаймын. Жұрттың бәрі қызықтап сұрап жатады, маған керегі сол, қазақтың ұлттық таным-түсінігі мен киім кию, ас әзірлеу мәдениетін майын тамызып тұрып айтып беремін. Үйге қонақ шақырсам, міндетті түрде жылқының сүр етін асамын, оған кейде қойдың жас етін араластырып жіберемін. Қонақтарыңның құрт қосқан сорпадан тамсана ұрттап қойып, алдына тосқан асыңа, таза пейіліңе алғыс жаудырып отырғаны қандай тамаша?! Осындай сәттерде көңілім тоғайып, өзім де бір жасап қалам. Қазақтың арасында жүрген соң шұжық жасап, оған қанша май қосу керегіне дейін жақсы білем. Алғаш рет қазы айналдырып, ет асып, шақырған қонақтарымның ризашылығына бөленгенімде, өзімді құдды бір этно кулинария ғылымының профессоры сияқты сезінгенім де рас. Бұл аз десеңіз, қойды 24 мүшеге бөлу керек екенін де білемін. 25 қонақ шақырсаң, екі қой союға тура келеді. Қазақтың қонағына табақ тартуының өзі де бір бөлек әңгіме, үлкен мәдениет қой. Бас табаққа нендей мүше салу керек, екінші, үшінші табақтарға не кететінін де жақсы білемін. Сенбесеңіз, қонаққа шақырайын, көрсетейін, – деп күлді кейіпкеріміз.
Александра Ильинична – тек шығармаларында ғана емес, шынайы өмірде де үнемі ел ішіндегі бірлік пен татулықты дәріптеп жүретін қаламгер. Ғұмырының 35 жылын білім беру саласына арнаған тәжірибелі ұстаз бүгінде құрметті зейнет демалысында. Соған қарамастан ауық-ауық өңірдегі аудан-қалаларда орналасқан түрлі кәсіпорын мен білім ордасын аралап, Қазақстан халқы Ассамблеясының жобасы аясындағы ұлтаралық және конфессияаралық татулық мәселесіне арналған дәрістер оқып, тренингтер өткізіп жүр.
Қостанай облысы