VIII сайланған Парламенттің алғашқы сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі таңдағы білім сапасы туралы: «Білім сапасын, әсіресе орта білімнің деңгейін арттыру үшін батыл шешім қабылдау қажет. Білім беру саласында ұстаз – ең басты тұлға. Оның қоғамдағы абырой-беделін арттыра беруіміз керек. Алайда мұғалімдердің, директорлардың және педагогикалық оқу орындары түлектерінің көпшілігі Ұлттық біліктілік емтиханынан өте алмады», деді.
Бұл – шындық. Мұның себебін мектептегі және жоғары оқу орнындағы мұғалімдер мен оқытушылардың сапалық құрамының төмендеп кеуінен іздеу керек шығар. Өз басым ғылыми жұмыспен айналаса жүріп мектептен қол үзген емеспін. Жасыратыны жоқ, осыдан 20-25 жыл бұрынғы білім берудің сапа деңгейіне жете алмай отырмыз. Себебі қазір сапа емес, сан қуып, өтірік ақпарат беру белең алып кетті. Бұған қоса мектеп те, жоғары оқу орындары да қағазбастылықтан көз ашпай келеді. Әсіресе бастауыш білім беру жүйесі сын көтермейді. Біріншіден, жоғары оқу орындарында бастауыш сынып мұғалімдері сапасыз даярланады. Білімнің негізі – бастауыш сыныпта. Екіншіден, мектеп оқулықтарында олқылық көп. Өкініштісі, оқулықтарды жазушылар мектепте жұмыс істеп көрмеген, оқушылардың жас және психологиялық ерекшеліктерін біле бермейді. Үшіншіден, бүгінгі таңда көптеген мектепте оқу ордасының басшылары мен меңгерушілері өз пәндері бойынша сабақ бере алмайды. Ендеше, олар мұғалімдерден қалай білім сапасын талап ете алады?!
Мемлекет басшысының «Мұғалім тапшылығын желеу етіп, мектепке кез келген адамды жұмысқа ала беруге болмайды. Мұндай әрекет ұстаздардың біліктілік деңгейін күрт төмендетеді. Сол себепті мұғалім даярлау ісін жетілдіру үшін нақты іс-шаралар қабылдау қажет. Бұл – өскелең ұрпақтың болашағына байланысты өте маңызды міндет» деген пікірі де өте орынды. Ол үшін ең алдымен жоғары оқу орнына түсетін мамандарды өнер, журналистика саласындағы тәртіппен қабылдау қажет. Яғни мұғалімдік мамандықты таңдаған талапкердің тым құрығанда сол мамандыққа икемділігі, сауатты сөйлеу, сауатты жаза білу дағдысы болуы қажет.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаевтың мына бір пікірі аса құптарлық: «Бізде Президенттік жастар кадр резерві бар. Дәл сол сияқты білім саласына өзгеріс әкелетін 1 мың маман арнайы дайындықтан өтетін болады. Осыған орай тиісті бағдарлама қабылданады. Кадр мәселесі жоғары білім беру жүйесі үшін де өте өзекті». Қорыта айтқанда, Президент айтқан пікірлердің үдесінен шығу жас ұрпаққа білім беретін әрбір мұғалімнің жадында болуға тиісті тұщымды ойлар.
Нұрша ОРАЗАХЫНОВА,
педагогика ғылымдарының докторы, профессор