Мәжіліс депутаттарының VIII шақырылымына сайланған құрамы да белгілі болды. Бұл – осы күнге дейінгі аралас мажоритарлық пропорционалды принцип бойынша сайланған бәсекеге ең қабілетті және плюралистік Парламенттердің бірі.
Біріншіден, Мәжіліс құрамына алты партия кірді. Заң шығарушы органға алғаш рет «Ауыл» партиясының және «ескі мектеп» оппозициясы өкілдерінің атынан Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы келді. Сондай-ақ парламенттік жарысқа жаңадан келген «Respublica» кәсіпкерлер партиясы үздік үштікке еніп кетті. Жалпы, мұны парламенттік науқанның басты сенсацияларының бірі деп атауға болады.
Екіншіден, «Amanat» партиясы кандидаттарының бір мандатты округтер бойынша дауыс берудегі айқын басымдығына қарамастан, жеті округте өзін-өзі ұсынушылар жеңіске жетті. Оның ішінде көрнекті қоғам қайраткері, «ДАТ» оппозициялық басылымының редакторы Ермұрат Бапи бар.
Үшіншіден, дәстүрлі парламенттік партиялар азаматтық белсенділер қатарына өте сыни риторикамен қосылды. Мысалы, «Amanat» партиясынан Мәжіліске қоғам қайраткері, айтыскер Ринат Зайытов сайланды. Атап өтерлігі, «Amanat» партиясы партиялық тізім бойынша дауыс беруде сайлаушылардың дауысын жоғалтқанымен (53,9%), ол өзінің бұл «шығынын» бір мандатты округтердегі 22 кандидаттың сенімді жеңісімен өтеп алды.
Әйелдер, жастар және ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін квотаның 30 пайызына келетін болсақ, партиялар оны түрлі пропорцияда сақтады. Мәселен, «Amanat»-тан партиялық тізім бойынша Мәжіліске 8 әйел (20%), төрт жас буын өкілі (10%) қатысты. Депутат Ерлан Әбдиев мүмкіндігі шектеулі жандардың мүддесін қорғамақ. Ал ең инклюзивті тізім ұсынған Қазақстан Халықтық партиясы болды. Партия өкілдерінің қатарында екі әйел (Ирина Смирнова және Гаухар Танашева), жас белсенді Ислам Сұңқар және паралимпиадашы Кенжеғұл Сейтжан бар. «Ақ жол» партиясының 6 депутатының біреуі әйел (16%), «Ауыл» партиясынан 8-дің бірі (12%), ЖСДП-дан 4-тің бірі (25%), «Respublica»-дан 6-ның (50%) үшеуі әйел депутат. Сонымен қатар бірмандатты 29 округтен тек екі әйел жеңіске жетті – Айна Мусралимова (Ақмола облысы) және Гүлдара Нұрымова (Жамбыл облысы). Осылайша, VIII шақырылымдағы Мәжіліске 18 әйел (18%) өтті, ал өткен шақырылымда 28 әйел (26%) болған еді.
Осыған қарамастан, Парламент Мәжілісінің жаңа құрамы түрлі пікірдегі және ұстанымдары бөлек тұлғалардан құралған, нонконформистік болары сөзсіз. Бұл құрам Үкімет үшін ыңғайсыз әрине, бірақ қоғамның түрлі әлеуметтік тобының мүдделері ескерілетіні анық.
Жанна ТӨЛЕНДИНОВА,
саясаттанушы