Ақтөбе қаласында Қарғалы өзені көтеріліп, 100-ге жуық адам эвакуацияланды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ақтөбе аумағында орналасқан Қарғалы, Күншуақ, Мұнайшы бау-бақша ұжымдарына үлкен қауіп төнді.
Қарғалы өзенінің су деңгейі көтеріліп, қала тұрғындары эвакуацияланып жатыр.
«Облыстық ТЖД қызметкерлері 95 адамды эвакуациялады. Оның 40-ы бала. Қазіргі кезде бұл жұмыс жалғасып жатыр. Эвакуация жұмыстарына 66/55 әскери бөлімінің сарбаздары да жұмылдырылды», деп хабарлады облыстық ТЖД баспасөз қызметі.Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Айгүл Байменованың айтуынша, қазіргі кезде саяжайда орналасқан үйлердің ауласын су басқан.
«Биыл екі есе көп қар жауды. Қазір Жаман Қарғалы өзені толып, күн жылығанда тысқын болып жатыр. Тұрғындарға айтарымыз, Қарғалы су қоймасы ашылған жоқ. Оның резерві бар», деді қала әкімі Мұрат Жөребеков.
Адамдар олимпиада резервтерін даярлау спорт мектебі мен колледж жатақханасына орналастырылды.
«66/55 әскери бөлімінің жедел батальонының жеке құрамы аталған аудандардағы төтенше жағдайлардың салдарын жоюға жұмылдырылды. Әскери қызметшілер көшелер мен аулаларды топырақ пен құммен күшейтті. Сонымен қатар су басқан тұрғын үйлердің ауласы мен жолдар тазартылды», деді 6655 әскери бөлімінің штаб бастығы Дәурен Жағыпаров.