• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Басылым 02 Сәуір, 2023

Басқа басылымдардан: Қазақстанда жаңа премьер-министр

177 рет
көрсетілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кеңсесі хабарлағандай, Қазақстандағы жетекші партия «Amanat» өткен аптада Әлихан Смайыловты Премьер-министр лауазымына ұсынды.

Ол 2022 жылғы қаңтардан бері осы лауазымды атқарып келген, енді бұрынғы орнына қайта жайғасты. Елу жастағы Смайылов және министрлер кабинетінің басқа да мүшелері кезектен тыс парламенттік сайлаудан кейін автоматты түрде жұмысын тоқтатқан еді. Президент Тоқаев енді жаңа Үкімет жасақтауға тиіс.

 

«Amanat» сайлауда жеңіске жетті

Қазақстанның ең қуатты саяси пар­тиясы «Amanat» 19 наурызда өткен сайлауда партиялық тізім­­дер мен бір мандатты округ­тер бо­йынша да­уыс беру нәтижесіне сәйкес Мәжілістегі 98 орынның 62-сін жеңіп алды. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясы төра­ғасының орынбасары Константин Петров мә­лімдеді.

Бір мандатты округтер бойынша бәсекеге түс­кен үміткерлер арасынан «Amanat» партиясы атынан қа­тыс­қан 22 кандидат жеңіске жетті. Бұған дейін ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров «Amanat» партиялық тізім бойынша Мә­жілістегі 69 орынның 40-ын алға­нын мәлім­деген еді. Осылайша, «Amanat» пар­ла­мент­тің тө­менгі палатасында жалпы саны 62 орынға ие бо­лады.

Парламенттің төменгі палатасын кезектен тыс сайлау аралас жүйе бойынша өтті. Депутаттардың 70 пайызы (69 адам) партиялық тізім бо­йынша 30 пайызы (29 адам) бір мандатты округтер бойынша сайланды.

«Amanat» – 53,9%, Қазақстан халықтық партиясы – 6,8% (5 мандат), «Ақ жол» демократиялық партиясы – 8,41% (6 мандат), «Ауыл» халықтық-патриоттық партиясы 10,9% дауыс жинады (8 мандат). «Respublica» партиясы – 8,59% (6 мандат) және оппозициялық Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы 5,2% (4 мандат) иеленді.

Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы 2,3% дауыс жинап, межелі шектен асқан жоқ. Сайлаушылардың 3,9%-ы барлық кандидатқа қарсы дауыс берді. Саяси бәсекеге электораттың 54,21 пайызы қатысты.

 

Мәжіліске алты партия өтті

Қазақстан Парла­мен­тінің төменгі Палатасы – Мәжіліске алты партия өтті. Орталық сайлау комиссиясы мәліметіне сай, 19 наурызда өткен сайлауға 7 партия қатысқан.

Алайда алты партия ғана межелі 5 пайызды бағындырып Парламентте мандатын иеленді. «Amanat» партиясы көпшілік орынға ие болып, 53,9 пайыз дауыс жинады. Яғни, 3,4 миллион адам қолдау білдірген. «Ауыл» партиясы 10,9 пайыз, «Respublica» партиясы – 8,59 пайыз, «Ақ жол» партиясы – 8,41 пайыз, Халық партиясы – 6,8 пайыз, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы 5,2 пайыз дауыс жинады.

«Байтақ» партиясы тек 2,3 пайыз қолдауға ие болды. Ал электораттардың 3,9 пайызы немесе 248 291 адам «бәріне қарсы» бағанын таң­даған. Осы нәтижеге байланысты, «Amanat» партиясы Мәжілісте 40 мандат иеленді. «Ауыл» партиясы – 8, «Respublica» партиясы – 6, «Ақ жол» партиясы – 6, Халық партиясы – 5, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы 5 орын иеленді.

Елдегі 12 миллионнан астам электораттың 6,3 миллионға жуығы Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауына қатысты. 19 наурызда өткен саяси бәсеке былтыр қабылданған Конституциялық реформалар аясында жүргізілді.

 

Жасыл энергияға басымдық бермек

Қазақстанда 19 наурызда Парламенттің төменгі Палатасы – Мәжіліс сайлауы өтті. Саяси бәсеке – елдегі ауқымды конституциялық реформалар жалғасы. Көптеген сарапшы бұл сайлауды «Орталық Азиядағы елдің саяси мәдениетін демократияландыруға жасалған қадам» деп есептейді.

2022 жылы қаңтарда саяси құрылымды дүр сілкіндірген жантүршігерлік шерулерден кейін Қазақстан негізгі реформаларды жүзеге асырды. Соның ішінде Конституцияға өзгерістер енгізіліп, саяси партияларды тіркеу ережелері мен сайлау заңнамасы өзгерді. Мәжіліске өту межесі де 5 пайызға дейін төмендетіліп, әйелдер, жас­тар және ерекше қажеттіліктері барлар үшін 30 пайыздық квота қарастырылған.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының байқаушылары парламенттік сайлау Қазақстанды халықаралық стандарттарға сай дауыс беруге жақындататынын мәлімдеді. Ұйым сайлау туралы заңдарға қатысты өзгерістерді құптады, бірақ азаматтардың негізгі бостандықтарын қорғауға әлі де көңіл бөлу қажет екеніне назар аударды.

Экология және табиғи ресурстар министрі Зульфия Сүлейменова «NE Global» агенттігіне берген сұхбатында Қазақстан декарбонизация, энергетиканы әртараптандыру және жасыл сутегіне көңіл бөлетінін мәлімдеді.