Бүгінге дейін ел ішін бүлдіретіндей, бүтіндігімізге сына қағатындай бірлі-жарым қитұрқы, қиямпұрыс әрекет оқтын-оқтын көрініс тауып келді. Бірақ кейінгі күндері мемлекет құраушы ұлттың шамына тиетін, жүйкесіне ши жүгіртетін жағдайдың жиілеп кеткені әжептәуір алаңдатады.
Қоғамды жікке бөлетін, халықты алалайтын жағдай – кез келген елде әртүрлі формада кездесіп тұратын фактор. Мұндай қолайсыз құбылыс біздің қоғамда көбінесе тіл мәселесінен туындап отырады. Яғни тіліне қарай кемсітуге тап болатын топтың қатары аз емес. Өкініштісі, мұндай кемсітушілікке ұшырайтындар негізінен мемлекет құраушы ұлттың өкілдері екендігі. Бұл, бір жағынан, сырт көзге парадокс болып көрінер. Өйткені парадокстың анықтамасы қабылданған қалыпты көрініске сәйкес келмейтін өзгеше құбылыс қой. Сол сияқты өз елімізде өз тілімізде сөйлейтіндердің кей сәттерде, тіпті көп сәттерде айналасынан өгейлік көруін қалай түсінуге болады?
Әлеуметтануда көпшілік және азшылық деген ұғымдар бар. Бұл жерде қалыптасқан түсінік бойынша көпшілік тарапынан кемсітуге ұшырайтын, қорланатын әдетте, азшылық қой. Алайда бізде коммуникация тұрғысынан қарағанда, керісінше көпшілік азшылықтан кемсітушілік көріп жатады. Расында, біздің қоғамда қазақтілділер мен қазақ тілінде сөйлей алатындар көпшілікті құрайды. Бұған дәлел ретінде бұрнағы жылы өткен халық санағынан дерек келтірсек, 5 жастан асқан азаматтардың 80%-ы мемлекеттік тілді біледі, 20%-ы білмейді. Мемлекеттік тілді білетіндердің ұлттық құрамына келсек, өзбек пен ұйғыр этносының өкілдерінің – 72%-ы, орыс этносының өкілдерінің 25%-ы біледі. Осынау көрсеткіштен де басым көпшілік қазақтілділер екені көрініп тұрғанымен, ресми тілде шүлдірлейтін азшылықтың көресіні көрсететін жайттары аз емес.
Алысқа ұзамай-ақ жақында болған кейбір оқиғалар қоғамды әжептәуір дүрліктіріп, содан туған ашу-ыза әлі де тарқай қоймады. Қайдан тарқасын, көңілге дық түсірген жайттардың бірі ұмытылмай жатып, тағы жалғасып жатса? «Қазақ тілінде қызмет көрсетуді сұрау – мәдениеттің төмендігі» деп санайтынын ашық айтқан Мухоряпов оқиғасы «тыныш жатқан жыланның құйрығын басқан» іспеттес болды. Осы мәлімдемесінен кейін толассыз сынның астында қалған ол бейбақ бірден кешірім сұрап, сабасына түсті. Әрі көрсететін қызметін дереу қазақшалап тастады. Осылайша, көпшілікті құрайтын ауқымды аудиториямен санасуына тура келді. Сондай-ақ көпшілік жиналатын бір пабтың қазақша куиз өткізуден үзілді-кесілді бас тартып, тек орысша болса ғана рұқсат бергені қалай қынжылтпасын? «Пинта» дейтін сондай орынның да қазақша әндерді шырқауға тыйым салған алалаушығы да – қоғамды жікке бөлудің бір көрінісі. «Бойкот» деп өре түрегелген жұрттың екпінінен ыққан бұлар да бірден қазақша сайрап, қазақша шырқап шыға келді.
Бақсақ, мемлекеттік тілді білетіндер кәдімгідей күш екен. Тек осыны қай уақытта да құнттап, қаперде ұстап, өз хақын алға тарта білу керек-ақ. Бұл үшін мемлекеттік тілдің мәртебесіне шәк келтіретін әлгіндей жайттардың болғанын күтудің қажеті жоқ. Ондай жағдайға жеткізбей-ақ ың-шыңсыз, дау-дамайсыз өз құқығымызды талап етуге, солай мемлекеттік тілдің қажеттілігін арттыруға болады. Бүгінде осындай бағытта алаулатып-жалаулатпай, аттандамай біраз жұмыс атқарып жүрген қозғалыстар, ұйымдар бар. Мұндай қозғалыстар агрессиясыз, сауатты түрде қазақтілділердің құқығын құрметтеуді талап етудің жақсы үлгісін көрсетіп жүр. Мысалы, #qazaqcabarma қозғалысының мүшелері дәмханалар мәзірінің қазақша түзілуіне мүдделі болып, әжептәуір күш салып келеді. Былтыр осы қозғалыс Алматыда 100 дәмханаға шолу жасап, соның тек 19-ында ғана қазақша мәзір бар екеніне көз жеткізіпті. Сондай-ақ «Qazaqsha jaz» қозғалысы да қазақтілді тұтынушылардың құқығын қорғап жүр. Бұлар тіпті фильмдердің қазақша дубляждалуын, мобильді қосымшалардың сауатты аударылуын басшылыққа алады. Міне, осындай «жұмсақ күш» қозғалыстардың қарқын алуымен мемлекеттік тілдің өз мәртебесіне лайық қадірі де арта түсері анық. Мобильді қосымша демекші, қайбір жылы көпшіліктің қоймай жүріп талап етуімен Каспий банк қосымшасының қазақшалануын да бетбұрыс деп бағалауға болады. Өйткені қолданыс аясы тым кең бұл қосымша қазақ тілінің нығаюына ықпал етеді.
Мұндай мысалдармен қазақ тілінің тұрмыстық тіл ретінде орнығуы маңызды екенін аңғарамыз. «Сананы тұрмыс билейді» дегендей, тұрмыстық тіл ретінде әбден нығайған тілдің жалпы халықтың санасын да билейтін және биліктің де тіліне айналар күн келер. Сонда ғана жоғарыдағыдай немкеттілік жойылып, мемлекеттік тілге деген құрмет салтанат құратыны сөзсіз.