Соғыста ақиқат жоқ, тек амбиция ғана бар. Сондықтан жеңісте тірі қалғандар ғана тойлайды. Шындығы осы. Кейде үлкен ұрыстар жаңа өмірдің бастауы секілді көрінеді, кейде жансыз денелердің ақылға таласы секілді. Бірақ бәрібір соңғы шешім ол емес. Черчилль дұрыс айтады. Жазықсыз жандардың өзгенің мүддесі үшін өлім құшуы. Ең ауыры, соғыс гүлдері жұпар иіс төкпейді.
Әңгіме режиссер Чжан Имаудың «Соғыс гүлдері» кинокартинасы жайында. Шығарма 1937 жылы Қытайдың астанасы Нанкин қаласында болған жантүршігер оқиғаларға негізделген. Жапон әскері шаһарды басып алып, бейбіт тұрғындарға білгенін істейді. Жау алты апта бойы жазықсыз халықтың зәре-құтын қашырады. Бүгінде бұл қасіретті қырғын 500 мың адамның ғұмырымен өлшенуде. Оған тарих «Нанкин қырғыны» деп атау да берді. Күні бүгінге дейін қытайлықтардың жапондарды жек көруіне сол жылдардың жаңғырығы себеп.
Аталған фильм миссионер Минни Вотриннің күнделігінің негізінде жазылған сценарист Янь Гэлиннің «Нанкиннің 13 гүлі» романының экрандық нұсқасы. Жазушының жастық шағы Қытайдағы мәдени революция жылдарымен қатар өрбіді. Сондықтан оның бұл тақырыпқа баруы кездейсоқтық емес. Янь Қытай-Вьетнам майданына да барған ержүрек қаламгер.
Туындыда америкалық кәсіпкер Джон өзінің батылдығының арқасында қала храмының тәрбиеленуші жас қыздарын оттың ортасынан аман-есен алып шығады. Жапон сарбаздарына өзін шіркеудің монастрімін деп таныстырған ол, қалада емін-еркін жүруге мүмкіндік алады. Ол тұста «қасиетті әкейлер» соғыс қимылының жебеушісі саналатын. Мұны айлакер Джон жақсы пайдаланып, жертөледе жезөкше бикештерді де жасырып қалады.
Бірақ қатыгез жапон палковнигі жеңіс күніне орай жас қыздардың өнер көрсетуін талап етеді. Онда барса 13 жастағы балауыз арулардың тағдырының тасталқаны шығатыны белгілі. Осылайша он екіде бір гүлі ашылмаған балалардың орнына кәнігі жеңіл жүрісті бикештер аттанады. Ал Джон дінге қызмет еткен қаршадай қыздарды, әупірім деп жүріп құтқарып қалады. Ешкімге қажет емес адамдардың аман қалуына бар күшін салған кәсіпкердің ерлігі көңіл сүйіндіреді. Фильмдегі жанкештілік, ұлттық ұстын, шексіз қатыгездік, сұлулыққа құштарлық бәрі-бәрі біртұтас идеяның шеңберінде тоғысқан.
Мұнда режиссер Чжан Имау соғыс туралы сұмдықты каллиграфиялық дәлдікпен түсірген. Картинадағы қимыл-қозғалыстар өткір де анық, әр эпизод рухани мәлімдемеге толы, әрбір кадр бөлек өнер туындысы. Біздіңше бұл –қатыгездік пен мінсіз сұлулықтың симбиозы іспетті. Отан үшін өзін құрбандыққа шалған арулардың ерлігі мен адамзаттық ойлау өрісінің жемісі. Қандай сәтте де адам болып қалу, ең ұлы қасиет!
«Соғыс гүлдерін» ережеден тыс ерекшелікке толы деп түстеуге болмас. Жалпы, картина режиссердің фильмографиясына тамаша сәйкес келеді. Соғыс, Қытай мен Жапония арасындағы текетірес, жеңісті тарихи эпопея. Тіпті, актер Кристиан Бейлдің бейнесі өткен ғасырдың ортасындағы Нанкин қаласының шындығына органикалық түрде сәйкес келеді. Бұл тек ерлік пен батылдықты жырлау емес, әркімге өмірінде бір рет келетін таңдау. Қашу керек пе, жоқ әлде көмекке мұқтаж адамға қол созған жөн бе? Сенің еркіңде… сол сәтте оған жауап беру оңай емес, дегенмен, адамның ішіндегі мейірімді соғыс мансұқтай ала ма? Бұл ғаламда немқұрайдылықтан асқан пайдасыз, жойқын ештеңе жоқ. Осыған жауап береді.
Енді фильмнен тыс, көркемдеусіз, күлбілтелеусіз аталған оқиғаға таза күйінде назар салайықшы. Нанкиннің қорғансыз тұрғындары сол кезде қаладағы жалғыз-ақ неміс кәсіпкері Ион Рабеден көмек сұрай алды. Гитлер бастаған нацистер жапондардың одақтасы болғандықтан олар үшін қауіпсіздік аймағын құрды. Соның нәтижесінде мыңдаған қытайлық тұтқыннан тірі шықты. Өкінішке қарай, алапат майдан аяқталған соң Рабе қайыршының күйін кешеді. Тіпті, қараусыз қалады. Оны естіген нанкиндіктер жиылып ақша аударып, қаза тапса да қабірін қадір тұтыпты. Ал Еуропалықтар оны Қытайдың «Оскар Шиндлері» деп атаса, қытайлардың өзі «Будданың тірі бейнесіне» балайды.
Қанды қырғын кезінде америкалық пастор Джон Маги жапондардың қылмысын суретке түсіріп, кейін оны Джордж Фитч Қытайдан заңсыз алып шығуға мүмкіндік алады. Осы шежіренің арқасында әлемнің қалған бөлігі Нанкинде 6 апта ішінде шынымен не болғанын біле алды. 1938 жылы қаңтардың аяғында Нанкин қырғыны аяқталады. Наурызда қалада Ван Цзинвэй басқарған уақытша (колаборационистік) үкімет құрылып, қаланы 1945 жылға дейін басқарды.
Ең қызығы, бүгінде Жапон үкіметі құрбандардың санын тым асыра сілтеді деп айыптан жалтарып отыр. Ал кейбір жапон саясаткерлері Нанкин геноцидін теріске шығарып, барлық факті бұрмаланған деуден тайынбайды. Осы сәтте ойымызға журналист Владимир Соловьевтың сандырағы оралып отырғаны… Осы фильмдегі кейбір детальдар Украинадағы қырғынды көз алдыңызға әкеледі. Көріңіз, құрметті оқырман!