Көктем келіп, қызыл су жүргелі облыс орталығы тұрғындарының тарапынан ауыз судың сапасына өкпе-реніш білдіретіндердің қатары күрт көбейіп кетті. Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мамандары су сапасының сын көтермейтіні су тазалайтын қондырғылардың ескіруінен деп түсіндіреді.
Лай су ең алдымен түрлі жұқпалы аурулар таратуы мүмкін. Жағдайдың алдын алу үшін жыл сайын су желілері тазартылады. Әйтсе де, көктемде қызыл су жүрген кезде қаланың кейбір аймақтарында үлкенді-кішілі апаттың орын алуы үйреншікті жағдайға айналған. Басты себебі – құрылғылардың әбден тозып, істен шығуы. Департамент басшысының орынбасары Серік Омархановтың айтуына қарағанда, тазалау қондырғылары 1986 жылы іске жарамсыз деп танылған.
Көкшетау қаласы тәулігіне 20 мың текше метрден аса суды пайдаланады. Орасан мол суды 1970 жылы пайдалануға берген жалғыз станса тазартады. Бірақ көне стансаның қуаты жетпейді. С.Омархановтың айтқанындай, 1986 жылы арнайы комиссия жарамсыз деп қорытынды шығарған. Ұзын-ырғасы 343,93 шақырымды құрайтын су құбырларының 40 пайыздан астамы әбден ескіріп, қаусап тұр.
Мамандардың пікірінше, Шағалалы су қоймасының суын қызыл су жүрген кезде пайдалану мүмкін емес. Су мүлде лайланып кетеді. Көктемде ғана емес қара күзге дейін ауыз судың тазалығы күмән тудырады. Су қоймасының дәл жанында шомылып жүрген адамдар ала жаздай бір босамайды. Өздері ғана емес, иттерін шомылдыратындары не сән?! Жағалау қоқысқа толы. Үп еткен желмен бірге су қоймасына түсіп жатады. Көлік жуатындар да кездеседі. Бұл су қоймасына тіршілік нәрі Шағалалы өзені арқылы құйылады. Зеренді ауданын басып өтетін Шағалалы өзеніне сай-жылғалар арқылы лай су лықсып келіп жатыр. Міне, түпкі себеп – осы төңіректе.
Екінші су көзі Сергеев тоспа су қоймасы арқылы тартылған. Бұл суды да жоғарыда атап өткен іске жарамсыз, көнетоз станса тазалайды. 2011 жылы «Су желілерін тазарту қондырғыларын жаңғыртып кеңейту арқылы тәулігіне 60 мың текше метр су өткізуге жеткізу» жобасы бойынша жаңа су тазалау қондырғысының жұмысы басталған еді. Міне, содан бері бұл жұмыс аяқталған жоқ.
Бүгінгі таңда қала халқы лай су ішіп отыр. Арыдағы жұрт «ауру астан» деп айтты емес пе? Ендеше, көкшетаулықтар неге жиі ауырады деп таңдануға болмас, сірә?!
Көкшетау