Көкке иық тіреген Хан Тәңірі баурайындағы Райымбек пен Кеген аудандарының өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен осы жылға атқарылар іс-шаралар тізбегі баяндалған есептік жиынға Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, облыстық, аудандық мемлекеттік басқарма, бөлім және мекемелердің, сондай-ақ құқық қорғау органдарының басшылары қатысты.
Алдымен Кеген ауданының Мәдениет үйінде өткен жиында өңір басшысы облыстың жеткен жеткістіктері мен ілкімді жобаларын тарқатты. Атап айтқанда, өнеркәсіп өнімінің көлемі 8,9 пайызға, құрылыс жұмыстары 28,4 пайызға, сауда 8,4 пайызға артқанын атап өтті. Облыс аумағына тартылған инвестициялардың өсімі 14,1 пайызды құрап, 609 млрд теңгеге жеткен. Өткен жылы облыс бойынша 26,3 мың тұрақты жұмыс орны құрылған. Табиғаты көз тартарлық көркем өңір – Кеген ауданы болашақта отандық туризмнің қайнар көзіне айналып, кірістің көбейе түсетіндігін тілге тиек етті. Сондай-ақ облыс әкімі жаңадан қабылданған «Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған» тұжырымдамасының ауыл экономикасын дамытуға, әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталғанын, облыс халқының 84 пайызы ауылдық жерде тұратынын атап айтты. Олардың дені ауыл шаруашылығымен айналысады.
Бүгінде облыстағы егістік жерлердің көлемі 462 мың гектарға жетсе, оның 7 пайызы немесе 30,9 мың гектары Кеген ауданына тиесілі. Оның 65 пайызын жемшөп, 26 пайызын дәнді дақылдар, 8,1 пайызын картоп алқабы құрайды. Соған қарамастан ауданда сыйымдылығы 800 тонна болатын бір ғана көкөніс қоймасы жұмыс істеуде. Мұнда жиналған өнімнің 1,5 пайызын ғана сақтаудың мүмкіндігі бар. Сол себепті, келешекте кө- көніс қоймасын көбейту кезек күттірмес мәселенің бірі саналады.
Негізінен төрт түлік өсірумен айналысатын аудан жұртшылығы үшін жайылымдық жердің тапшылығы тарқатылмас түйінге айналған. Мониторинг барысында 12 мың гектар пайдаланылмай отырған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің бары анықталса, оның 10 мыңнан астамы мемлекетке қайтарылған.
Кеген ауданында мал басы жылдан жылға көбеюде. Оған жылқының саны бойынша облыста 3-орынға, ал ұсақ мал саны бойынша 5-орынға тұрақтауы дәлел. Соған қарамастан малды өңірде өткен жылы ет өндіру 6,2 пайызға, сүт өндіру 0,6 пайызға кеміген. Биылғы жылы бұл кемшіліктерді жою мәселесі тапсырылды.
Алматы облысының әкімі биыл Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде «Ауыл аманаты» жобасы басталғанын, оның басты мақсаты – ауылдық жердегі халықтың табысын арттыру екенін айта келе, аталған жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен 8,3 млрд теңге қарастырып, оның ішінде Кеген ауданына 3,8 млрд теңгеге 418 өтінім қанағаттандырылатынын хабардар етті. Яғни фермерлерге мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Осыған сай ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін өндірістер ашуды, заманауи технологияға негізделген көкөніс қоймаларын салуды, пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді қайтару мен ұтымды пайдалануды тапсырды.
Кеген ауданында 3 мыңға жуық шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс істейді. Биыл 2 жобаны субсидиялау жоспарланған. Сонымен қатар 74 азамат жалпы көлемі 102,2 млн теңгенің грантына қол жеткізбек. Десе де бұл аз көрсеткіш екендігі ашып айтқан облыс басшысы халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету басты міндеттердің бірі екендігіне тоқталды.
Бұл мақсатта биыл облыста 811 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Осы күні облыс бойынша тұрғын үйдің кезегінде 37,1 мың адам тұрса, Кеген ауданында 533 адам үй кезегіне тіркелген. Былтырғы жылы әлеуметтік осал әрі көпбалалы 11 отбасы үйлі болған.
Облыс әкімі таулы өлке тұрғындарын көгілдір отынмен қамтамасыз ету үшін Кеген және Райымбек аудандарын қамтитын ұзындығы 229 шақырым «Шелек – Кеген – Нарынқол» магистральдық газ құбырын салуға жобалық-сметалық құжаттардың әзірленіп жатқанын, ол алғашқы жартыжылдықта аяқталатынын айтып қуантты. Нәтижесінде 47,4 мың тұрғыны бар 23 елді мекен көгілдір отынмен қамтылатын болады.
Аудан жұртшылығының наразылығын тудырған республикалық маңызға ие «Көкпек – Кеген – Түп» күрежолын жөндеуден өткізу үшін өткен жылдың маусым айында аталған нысанның конкурс қорытындылары шығып, жаңа мердігер жұмыс бастаған. Олар өздеріне жүктелген міндеттерді биылғы жылдың қазан айына дейін аяқтап шығуға тиіс.
Өңірдің түйінді мәселелері мұнымен бітпейді. Елді мекендерде білім саласын жетілдіруге, мектептерді күрделі жөндеуден өткізуге, ауызсу, жол, денсаулық сақтау салаларына қатысты көптеген проблемалардың бары ащы да болса ақиқат.
Осыдан бес жыл бұрын өз алдына бөлініп шыққан Райымбек ауданы 2022 жылдың қорытындысы бойынша негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерден біршама оң нәтижеге қол жеткізгендігі жөнінде Райымбек ауданының әкімі Берік Дүйсенбаев мәлімдеді.
Қазақстан Республикасы Президентінің «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес аудан халқымен кездесулері кезінде көтерілген 152 проблемалық мәселенің бүгінгі күнге 78-і орындалып, 22-сі орындалу үстінде екендігін, 52-сіне түсініктеме берілгендігімен, жол, жер, ауыз су, газ, көше жарықтары, тағы басқаларының біртіндеп шешім табатындығын тілге тиек етті.
Нарынқол ауылынан әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға коммуналдық 30 тұрғын үй салу көзделген. Өткен жылы аталған ауданда 2530 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Алайда бұл меженің 38,5 пайызға ғана орындалғанын көрсетеді.
Бұл күнде аудан бойынша тұрғын үй алу кезегіне 582 адам тіркелген. Оның ішінде әлеуметтік осал топтағы 398 адам бар. Тұрғын үй кезегін азайту мақсатында несиелік 30 тұрғын үйдің және 4 пәтерлі 10 үйдің жобалау-сметалық құжаттамасын дайындауға қаржы бөлінген. 2023-2024 жылдар аралығында 70 тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарлануда. Соған сәйкес бюджет есебінен 10 үй сатып алуды жоспарлап, тиісті басқармаға өтінім жолданғандығы жұртшылықтың көңіліне үміт отын тұтатты.
– Алдымызда көктемгі дала жұмыстарын сапалы жүргізу міндеті тұр. Ауданда егістік жердің көлемі 38 мың гектарды құрайды. 2022 жылы 38 мың гектарына ауыл шаруашылығы дақылдары себіліп, одан 148 мың тонна өнім алынды. Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік көлемін 500 гектарға ұлғайтып, 11 мың гектарға себу жоспарлануда. Былтырғы жылмен салыстырғанда өнім көлемін 540 тоннаға артық алу күтілуде. Ауданда барлығы 32 мың га суармалы жер тіркелген, бүгінгі таңда тек 23 мың гектар суармалы жер пайдаланылады. Қалған 8 мың гектар суармалы жерді айналымға енгізу үшін суару жүйелерін жөндеу жұмыстары қолға алынды. Қазіргі уақытта өзекті мәселе – су қоймалары мен магистральдық арналарды толық қалпына келтіру. Осы бағытта ауданның 6 су қоймасын, 8 магистральдық каналдары мен 12 ішкі шаруашылық каналдарын қалпына келтіру бойынша құны 8,4 млрд теңгені құрайтын жоба әзірленіп, жөндеу жұмыстары басталды, – деген Райымбек ауданының әкімі Б.Дүйсенбаев таулы өңірдің әлеуметтік-экономикалық тыныс-тіршілігін толыққанды тарқатып, алдағы атқарылар міндеттер ауқымының зор екендігін баяндады.
Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге жеңілдетілген бағамен 800 тоннаға жанар-жағармай бөлінген (202тг/литр). Бұл аудандағы ірі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің егін егу жұмыстарын жүргізуге толығымен жетеді деп болжануда.
Алматы қаласының агломерациясын қалыптастыру бойынша ҚР Президентінің тапсырмасына сәйкес ауданның шаруа қожалықтары картоп өнімін арттыруда бірқатар нәтижелі жұмыстарға қол жеткізгендігін айрықша атау орынды. Бүгінде картоп өндірумен айналысатын 4 сервистік дайындау орталықтары қалыпты жұмыс істеуде.
Алматы облысы