Елге тұтқа болатын тәуекелшіл ерді уақыттың өзі тудырады! Бүгінгі мақаламызға арқау болған қайраткер тұлға Гейдар Әлиевке дәл сондай тағдыр бұйырды. Әзербайжан халқының арда ұлы тәуелсіздіктің елең-алаңындағы қиын-қыстау кезеңнен елінің туын жықпай алып шығып, өңірлік жаңғыру мен өркениеттің, мәдени, тарихи синтездің орталығына айналдырды. Биыл айтулы тұлғаның туғанына 100 жыл толып отыр.
Статистикаға сүйенсек, кеңестік Әзербайжанды Әлиев басқарған жылдарда 1 155 кітапхана, 1 316 клуб, 849 мектеп, 44 музей пайдалануға берілді. 1971 жылы ол әскери бейімделген мектеп-интернатты құруға бастамашылық танытқан
Балалық жыры
1923 жылғы көктемнің жазға бергісіз жылы күндерінің бірінде дүние есігін ашқан нәресте Әлирза мырза мен Іззет ханым Әлиевтердің отбасына бақыт әкелді. Ол Нахчыванда мектепте жүргенде-ақ алғырлығымен көзге түсті. Міндетті оқу пәндерін де игеріп, шығармашылықпен де айналысуға уақыт табатын. Гейдар суретті жақсы салды. Ежелгі өркениеттен қалған сәулет үйінділері, археологиялық ескерткіштер, Атропаттың бай мұрасы оны шабыттандыратын. Шығыстың классикалық өлеңдері, әзербайжан эпосы, орыс поэзиясы көркемсөзге құмартқан болашақ ұлт көшбасшысын бейжай қалдырмады. Ол театрды да жан-тәнімен жақсы көрді. Көрермен ретінде ғана тамашаламай, халық эпостарының, әзербайжан, орыс, Еуропа классикалық туындылардың кейіпкерлерін сомдады. Бұған қоса әсершіл өрен ХХ ғасырдың ермегіне айналған кино мен спортқа да жақын болды.
Гейдар Әлиев Нахчыван педагогикалық техникумында оқып жүргенде алғырлық һәм көшбасшылық қасиетімен көзге түсті. Әскери-спорттық дайындығы мығым бозбалаға сыныптастары «генерал» деген лақап ат та берген еді. Аға буын әскери жетекшілерінің бірі де оған: «Сенің болашағың зор. Түбінде генерал боласың», деп бірнеше мәрте айтқан екен.
Сонымен 1939 жылы Гейдар сол уақытта училище мәртебесін алып үлгерген Нахчыван педагогикалық техникумын үздік бітірді. Құрмет грамотасы мен мектеп мұғалімі аттестатына ие болған ол ендігі уақытта жартылай орта және орта мектептердің 1-4 сыныптарына және бастауыш мектептерде сабақ беру құқығына ие болды. Дарынды түлектен тамаша педагог шығатыны да сөзсіз еді. Әйтсе де он алты жастағы жігітке мұғалімдік жұмыстың аясы тар көрінді. Романтизм мен іскерлік, идеализм мен прагматика үлкен өмірге алғашқы қадамын жасаған Гейдардың өмірлік ұстанымдарын қалыптастырды.
Қалыптасу кезеңі
Арманның жалынан ұстаған кейіпкеріміз ел астанасы – Бакуды бетке алады. М.Азизбеков атындағы Әзербайжан индустриалды институтына түсуге жол ашылып, сәулет өнеріне етене араласудың мүмкіндігі туды. Екі семестрді сәтті бітірген соң Гейдар Әлиев Бакуды тастап, 1940 жылы Нахчыванға қайтып келді. Дәл осы жерде ол Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанын, 1941 жылы Иранға кеңес әскерінің кіргізілгенін естіді. Бұдан кейін Әзербайжанның болашақ көшбасшысының өмірін өзгерткен кезең келді. Табиғи дарыны, жадының мықтылығы, ғылымға икемділігі жас Гейдар Әлиевтің мемлекеттік қауіпсіздік қызметіне сеніммен қадам басуына негіз болды. Бірнеше жыл құқық қорғау органдарының, атап айтқанда, кеңес одағы КГБ-сының ұңғыл-шұңғылын меңгерген маман көптеген лауазымды қызметті атқарды. 1967 жылы Әзербайжан КСР Министрлер кеңесінің жанындағы МҚК төрағасы лауазымына тағайындалды. Сол жылдың қазан айында генерал-майор шені берілді. Кейіпкеріміз 1966 жылы Орталық комитеттің мүшелігіне өтті.
1969 жылдың маусымында Әзербайжан Коммунистік партиясы Орталық комитетінің пленумында Гейдар Әлиев республика Орталық комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды.
Көшбасшы жолы
Кейіпкеріміз билік құрған тұста Хазар теңізінің батыс бетіндегі халықтың әл-ауқаты жақсарды. Әзербайжан дамудың даңғыл жолына түсті. Мысалы, 1970-1980 жылдары жүзім өндіру он есеге артып, жылына екі жүз мың тоннадан екі миллион тоннаға көтерілді. Осының есебінен Әзербайжанның дәулеті артты.
Әрине, ең бастысы инфрақұрылым мен өндіріс технологиясын жаңарту, оның ішінде негізгісі – мұнай саласы назарға алынды. Жаңадан мұнай мен газ өндіретін жабдықтар іске қосылып, мұнай айыру зауыттары жаңғыртылды. Газ өңдеу зауыты толық қуатында жұмыс істей бастады. Бұл – республикадағы осы бағыттағы жалғыз кәсіпорын болатын. 1986 жылдағы қайта құру жұмыстарынан кейін кәсіпорынның өндірістік қуаты 6,5 млрд текше метр газ өндіруді қамтыды.
Мәдениет саласына да ерекше мән берді. Статистикаға сүйенсек, кеңестік Әзербайжанды Әлиев басқарған жылдарда 1 155 кітапхана, 1 316 клуб, 849 мектеп, 44 музей пайдалануға берілді. 1971 жылы ол әскери бейімделген мектеп-интернатты құруға бастамашылық танытқан. Бұл мектеп республикада осындай бағыттағы бірінші оқу орны еді. Қазіргі кезде осы әскери лицей Әзербайжанда Азаматтық соғыс кезінде белгілі әскербасы, дивизия командирі болған Джамшид Нахчыванскийдің атында.
Араға көп уақыт салмай, Мәскеуде Гейдар Әлирзаұлы Әлиев КСРО Министрлер кеңесі төрағасының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалды. КОКП ОК Пленумында кандидаттан КОКП ОК Саяси бюро мүшелігіне ауыстырылды. Ол бұдан былай құрлықтың алтыдан бір бөлігін алып жатқан және әлемдік саяси әлеуметтік-экономикалық жүйелердің жарысында алдыңғы қатарлы рөлге ұмтылған мемлекеттің жоғары билігіне қатысушылар қатарынан табылды. Г.Әлиев 1982-1987 жылдары ең жауапты қызметтерде табысты әрі жасампаз жұмысын жалғастыра берді. Дегенмен 1987 жылы сол кездегі Орталық комитеттің бас хатшысы Михаил Горбачевтің жүргізген саясатына қарсылық ретінде отставкаға кетті.
Мемлекетшілдік миссиясы
Бәлкім, Әзербайжан халқының арда ұлы үлкен саясаттағы қызметін осымен тоқтатуы мүмкін еді. Алайда талай жыл «қара қазан, сары бала» қамы үшін тер төккен азамат елінің басына күн туғанда қарап отыра алмады. 1980-жылдардың аяғында Таулы Қарабақта шиеленіс өршіп, 1990 жылғы қаңтарда Бакуде наразылық болды. Кеңес үкіметі шаһарға әскер кіргізіп, көшеге шыққандарды аяусыз басып-жаншыды. Бейбіт тұрғындардың оққа ұшқаны, қаңтардың 19-ынан 20-на қараған түндегі оқиғаларда көптеген адамның қаза болғаны туралы Гейдар Әлирзаұлы 20 қаңтар күні таңертең естіді. Сол уақытта ол «Барвиха» шипажайында демалып жатқан еді. Мұны естіген Г.Әлиев бірден Мәскеуге жиналды. «Сол қиын-қыстау күндері біз бір-ақ нәрсені армандадық, халқымызбен бірге болуды, оларға қолдау көрсетуді ойладық», деп еске алады сол сәтті Әзербайжанның қазіргі президенті Ильхам Әлиев.
Осылайша, Гейдар Әлиев үлкен саясатқа қайта араласты. 1991 жылдың 4 қыркүйегінде Нахчыван меджлисінің сессиясында оны Автономия Парламентінің төрағалығына сайлады. Әлиевтің бұл лауазымнан бас тартуына қарамастан, Меджлис оны өлкенің заң шығарушы билігінің басшысы етіп бекітті. Нахчыванның демократиялық бастамалары бүкіл Әзербайжан үшін үлгі болды: 1991 жылдың 5 ақпанында Жоғарғы кеңестің шешімімен республика атауы қайтарылып, Әзербайжан Демократиялық Республикасының үш түсті туы мемлекеттік байраққа айналды.
1991 жылдың 18 қазанында Әзербайжанның Жоғарғы кеңесі мемлекеттік тәуелсіздік туралы конституциялық актіні қабылдады. Сол жылдың 29 желтоқсанында референдум өтіп, оған республика халқының 95 пайызы қатысты. Осылайша, Әзербайжанның егемендігін қалпына келтіру туралы шешімі қуатталды.
Дегенмен тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Каспий теңізінің жағасында орналасқан мемлекет үшін оңайға соқпады. Елде көптеген саяси қақтығыстар болды. Билік үшін талас жүріп жатты. Бейбіт халықтың қаны төгілді. Оған қоса, Қарабақтағы ахуал да жағдайды шиеленістіре түсті. Мардакерті құлап, Агдамынан айырылған әзербайжан халқы елді бастайтын көшбасшы іздеді. Сол кезеңде көпшіліктің аузында Гейдар Әлиевтің есімі атала бастаған-ды.
Ол 2003 жылғы 31 қазанға дейін мемлекетті басқарды. Осы кезең аралығында Әзербайжан қиын-қыстау кезеңнен өтіп, қарыштап дамыды, халықтың әл-ауқаты көтерілді. Мәселен, 1994 жылы елдің ішкі жалпы өнім көлемі 1,8 трлн манатқа әрең жетсе, 1999 жылы 16,4 триллион манатты құрады. Инфляция көлемі күрт төмендеді, бюджет түсімі көбейіп, шығыны азайды. 1995-2011 жылдары Әзербайжан экономикасына салынған шетелдік инвестицияның көлемі алпыс үш миллиард доллардан асады. Бұған қоса, ел инвестиция экспортеріне де айналып, Түркия, Ресей, Балқан елдері, Украина және басқа да мемлекеттердің экономикасына көптеген миллиард инвестиция құйды.
Достықтың алтынкөпірі
Қазіргі таңда Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы қарым-қатынас жоғары деңгейге ие. Халықтарымыздың достығы бауырластық қана емес, тарихи тамырластықта да жатыр. Қазақстандағы әзербайжан диаспорасы бүгінде еліміздің дамуына жан-жақты үлесін қосып отыр. Сол секілді Каспийдің арғы бетінде халқымыздың ізі қалған. Мәселен, Әзербайжанда Қазақ деген үлкен аймақ бар.
Гейдар Әлиевтің Қазақстан-Әзербайжан қарым-қатынасының нығаюына сіңірген еңбегі өлшеусіз. Мемлекеттер басшыларының екіжақты сапары кезінде көптеген маңызды құжатқа қол қойылды. Соның ішінде Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін анықтауға қатысты келісім бар. Бүгінде сабақтастық жалғасып, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев қос елдің ынтымақтастығын одан әрі нығайтып, стратегиялық серіктестікті жаңа деңгейге көтерді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылдың тамызында Әзербайжанға ресми сапары барысында «Стратегиялық қарым-қатынастарды нығайту және одақтастық ынтымақтастықты тереңдету туралы декларацияға» қол қойылды. Осылайша, одақтастық қарым-қатынастарымыз тағы да жоғары деңгейде бекітілді. Басқа салаларда, соның ішінде мәдениет саласындағы байланыс та жоғары деңгейде.
Соңғы жылдары Әзербайжан көлік инфрақұрылымын дамытуға қомақты қаржы құйды. Соның нәтижесінде жүк тасымалдауға керек қажетті инфрақұрылым бар. 2005 жылы Баку-Тбилиси-Джейхан мұнай құбыры іске қосылды. Бұл Қазақстан мұнайын шетелге тасымалдаудағы келешегі жарқын бағыттың бірі саналады. Жылына 15 миллион тонна жүк тасымалдайтын Баку халықаралық теңіз сауда портының өткізу қабілеті 25 миллион тоннаға дейін артады. Ал Баку-Тбилиси-Карс темір жолының өткізу қабілеті қазіргі бір миллионнан бес миллион тоннаға дейін ұлғайтылады.
Әзербайжан және қазақ халқы тарихи, мәдени тұрғыдан бір-біріне өте жақын. Тәуелсіздік алғаннан кейін мәдениет саласындағы ынтымақтастық одан сайын өрістей түсті. Мәселен, 1980-жылдары Олжас Сүлейменовтің «Аз и Я» кітабы Каспийдің арғы бетіне кең таралғаны мәлім. Ал 2006 жылы Жамбыл облысында «Насими» әзербайжан мәдени орталығы ашылды. Сонымен қатар 2007 жылдан бері «Ветен» (Отан) газеті әзербайжан тілінде жарық көріп келеді.
Ғылыми мекемелер арасындағы ынтымақтастық та белсенді даму үстінде. Екі елдің студенттері Әзербайжан мен Қазақстан білім ордаларында ғылыми тағылымдамадан өтіп тұрады. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Әзербайжанның Ұлттық көшбасшысы Гейдар Әлиев атындағы орталық, ал Баку мемлекеттік университетінде Абай Құнанбайұлы атындағы қазақ тілі, тарихы және мәдениеті орталығы бар.
Бакуде Абай Құнанбайұлы атына, Сумгаит қаласында Ахмет Байтұрсынұлы атына көше берілген. Қазақстанда Әзербайжанмен байланысты көшелер жетерлік. Мәселен, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевтің Қазақстанға сапары барысында Астанада Гейдар Әлиев көшесі ашылды. Алматыда Физули көшесі бар.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы тамызда Бакуге сапары барысында Әзербайжанның Физули қаласында Құрманғазы атындағы балаларға арналған шығармашылық даму орталығы жобасының тұсаукесері өтті. Жақында «Qazaqstan» телеарнасында түркі дүниесінің мемлекетшіл тұлғасы Гейдар Әлиевтің 100 жылдығына арналған «Ғазиз ғұмыр» атты деректі фильм көрсетілді. Халықаралық Түркі академиясы осы қайраткер мен қаһарман Әзербайжанның бүгінгі келбеті туралы бірнеше жинақ жариялады.