• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Халық 11 Сәуір, 2023

Жылқының жалында өскен жұрт едік

388 рет
көрсетілді

Алаш баласына желден жүйрік жылқы туралы таңды таңға ұрып айтуға болар еді. Ат жалына жармаспай өскендіктен бүгінгі ұрпақтың әлжуаздау, боркеміктеу болуы таңғалдырмайды.

Жылқының қадір-қасиеті, орасан зор пайдасы тіпті талас тудырмайды да. Мә­селен, ауық-ауық атқа міну ас қорытуды жақ­сартады екен. Күнделікті тіршіліктегі жұқарған жүйкені де қалыпқа келті­ре­ді. Ал еркін тыныс алуға тигізер септігі тіпті орасан. Оның үстіне эндокриндік жүйеге жағымды әсер етері бар. Аяңы алшы бастырған салт жүріс кезінде көп қозғалмағандықтан, тұтаса құрысып қал­ған арқаны жазбақ. Аяқтың, бел мен жам­бастың бұлшықеттері іске қосылып, тұтас денедегі тонусты жақсартады.

Тіпті көнекөз қариялар арыдағы айбынды қазақтың ұрпағының көп болуы осы жылқының арқасы дейді. Салт жүрген кезде адамға ешбір массаж арқылы беріле қоймайтын шарапат та – осы мыңболғыр жылқының жақсылығы. Асылында, бұл тараптағы жылқының қадір-қасиетін тарата дәлелдеп, уақыт оздырудың қажеті жоқ. Бүгінгі ұрпақтың жетесіне жете бермегенімен, күні кеше күпі киген қа­зақ­тың бар баласы біледі. Бүгінде елі­міз­де аутизм дертіне шалдыққан бала көп. Көптігі сондай көңілге қорқыныш ұялатады. Кейінгі ұрпақтың денсаулығы не болмақ?! Ал ұлт денсаулығы – әрқашан мемлекет байлығы санатында. Біздіңше, осы бір ұлт денсаулығына шырмауықтай жабысқан дертпен ата малының қадір-қасиеті арқасында пышақпен сылған­дай етіп құтылуға болатын сыңайлы. Ол үшін балаларды иппотерапиямен, яғни жылқыға мінгізіп емдеу керек. Жанға жағымды мұндай жаңалық Астана мен Ақтөбеде бар екен. Арнайы манежді орта­лықтардың сұранысқа ие болып жат­қа­нын естіп отырмыз. Бұл тараптағы маман­дар­дың пікірінше, иппотерапия адам­ның ор­талық миындағы қан айналы­мын көп-көрім қалыпқа келтіреді. Бір ғажабы, пси­хикалық және физикалық жеті­луінде әл­дебір тежелу бар балалар да осы иппо­те­рапия арқылы біршама жақ­са­рып, тіп­ті, дертіне дауа тауып, тай-құлын­дай құл­дырай шауып кетеді де­седі. Бұдан артық жаратқан иеден не тілер­сең. Тағы да ма­мандар пікірін сыналай келті­ре­тұ­ғын бол­сақ, иппотерапиямен емделген ба­ла­лар­дың есте сақтау қабілеті де дами түс­­пек. Оқу бағдарламасын қапысыз игеру­ге де септігі тимек. Науқас балалардың ин­тел­­лектісінің дамуына тәп-тәуір ықпал етеді.

Әнебір жылдары көкшетаулық атты полиция қызметкерлері сал ауруына шал­дыққан балаларды оңалту бағытында игі бір істі қолға алып еді. Негізінде иппотерапия емдеу тәсілі әлмисақтан белгілі. Тіпті ғы­лыми тұрғыда жан-жақты дәлелденген деп айтуға да әбден болады. Мұндай шара­лар шетелдерде табысты қолданылуда. Асы­лында, атқа мінген адамның омыртқа сүйек­терінің арасы ашылып, барлық бұл­шықеттері үздіксіз қозғалысқа түсіп, ағ­заға жағымды әсер ететіндігі даусыз. По­ли­ция қызметкерлерінің айтуына қа­рағанда, «Черкез» және «Ричард» атты жыл­қылар балалардың ең сүйікті көлік­теріне айналған. Алғашқы бетте қала балалары қарадай үркіп, жолағылары келмегенімен, бірте-бірте атқа мінудің қызығын ұғына бастаған. Бұрынғылар «жылқы үстінде желік бар» деп тегін айтты дейсіз бе?!

Осындай оң шешім қабылдап, «Мейі­рім» балаларды дамыту орталығы және №4 арнайы мектеп-интернатының бас­шы­лығымен өзара келісімге келген болатын. Сырқат балалар аптасына екі мәрте атқа мініп, серуендеді. Игілігі елге ортақ болды.

Осы істі барынша дамытуға болар еді. Мәселен, облыс орталығындағы «Құла­гер» атшабары негізінде арнайы манеж ашу мәселесін ұлтжанды азамат Марат Қойшин ондаған жыл бойы көтеріп келеді. Әйтсе де өкінішке қарай, ұлт саулығы, балалардың денсаулығына шарапаты мол шаруа жүзеге асар емес.

– Біздің өңірде қыс ұзақ. Атшабар қыс бойы бос тұрады десе де болады, – дейді Марат Қойшин, – жылына екі-үш шара ғана өтеді. Бар дүниені іске жаратып, игілігін ел көрсе несі айып?! Қазіргі балалар атқа мінуден қалып барады. Жалғыз қалада емес, ауылдың өзінде де осындай жағдай. Атшабарда арнайы манеж салатын ыңғайлы жер телімі де бар. Білікті жаттықтырушылар да табылып қалады. Іргедегі балалардың ұлттық спорт мектебінде ат жетерлік. Енді қандай қиындық бар? Менің ойымша, ұзындығы 80, ені 30 метрлік манеж салса, жетіп жатыр. Манеж үш бөлікке бөлінсе. Бірінші бөлігінде күнделікті жаттығулар жасалады. Екінші бөлігінде науқас балалармен иппотерапиялық жаттығулар өткізсе, ал үшіншісінде ниет еткен адамдар жуас, мініс аттарын жалға алып мініп жүруіне болады. Балалар киім ауыстыратын, мал дәрігерлері отыратын арнайы орын жабдықтаса, жетіп жатыр. Менің есебім бойынша, осы шаруаға шамамен 20 млн теңге жеткілікті. Неге десеңіз, жылқыға жылы қораның қажеті жоқ, жел соқпайтын, қар түспейтін пана болса жеткілікті.

Аутизм және ДЦП дертімен ауыратын балалар үшін мұндай жобаның қажет екенін мамандар да растайды. Пандемияға дейін №1 арнайы мектеп-интернаттың оқушылары балалар ұлттық спорт мектебіне үзбей барып тұрған. Бұл мектепте аутизм дертіне шалдыққан жүзге жуық бала тәлім-тәрбие алуда. Мектептегі мұғалімдердің айтуына қарағанда, атқа мініп бой жазған балалардың көңілі көп-көрім көтеріліп, жағдайлары бұрынғымен салыстырғанда тәп-тәуір жақсарып қалатын болған. Үзбей жаттығуға күн райының қолайсыздығы мүмкіндік бермейді. Егер жабық манеж салынса, бұл түйткілді түбегейлі шешуге болады.

Бүгінгі таңда өңірде әрқилы спорт кешендері салынып, пайдалануға беріліп жатыр. Бұл тарапта тамаша жетістік бар. Әйтсе де, осы бір іске ден қойылмай келе жатқаны өкінішті. Жас ұрпаққа жаны ашитын ел ағаларының айтуына қарағанда, «Құлагер» атшабары Краснояр селосының іргесінде, қашықтау, сондықтан қала балаларының барып-қайтуына сәл қолайсыздау. Мүмкін қаланың ішінен орын табылып қалар. Қалай болған күнде де түйткілді мәселенің түйіні шешілсе, жүздеген баланың денсаулығы жақсарып, аутизмнен арылып, жүздерінде бақыт шуағы ойнар еді.