Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа сайланған Парламент сессиясының ашылуында: «Елдің ішкі сұранысын өтеуге қатысты бір негізгі ұстаным болуға тиіс. Ең алдымен, ішкі нарыққа бағытталған өңдеу өнеркәсібін дамытуымыз қажет. Өңдеу өнеркәсібін инновация мен жоғары технология ғана жедел дамытады. Бұл айдан анық нәрсе. Сол себепті Қазақстан экономикасы ғылыми жетістіктерді негізге алуы керек. Зерттеу жүргізіп, патент алу жеткіліксіз. Ғылыми жаңалықтарды өндірісте пайдалану қажет», деп атап өтті.
Ел Президенті барлық баяндамалары мен мақалаларында, Жолдаулары мен үндеулерінде, сондай-ақ сайлауалды бағдарламасында да ғылыми-техникалық және инновациялық қызметті дамытуды үнемі назарда ұстап келеді. Ғылым саласындағы мемлекеттік саясатты және ұлттық ғылыми жүйені басқаруды жетілдіру мақсатында Қазақстан Президенті жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес құрылды.
Сонымен қатар жақында ел Үкіметі отандық ғылымның бәсекеге қабілеттілігін арттырып, ұлттық деңгейдегі өзекті проблемаларын шешу үшін жоғары білімді және ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекітті. Енді жоғары оқу орындары өз қызметінде осындай мақсатты бағдарламалар мен нормативті құжаттарды басшылыққа ала отырып, ізденістерін жалғастырады.
Қазіргі уақыт жаңа технологияларды ойлап тауып, өндіріске енгізуді, инновациялық үдерістер мен зертханаларды жандандыруды, университет ғылымын дамытып, ғылыми мамандар даярлауды талап етеді. Осы бағытта Үкімет қаулысымен зерттеу университеті мәртебесі берілген Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ел экономикасының өркендеуіне атсалысып, пайда әкелетін ғылыми-инновациялық жобаларды жүзеге асыру үшін алдына жаңа міндеттер қойып отыр. «QS WUR» халықаралық рейтингінде 150-орынға ие ҚазҰУ 2022-2026 жылдарға арналған Даму бағдарламасын әзірлеген болатын. Құжатта жоғары оқу орнының мүмкіндіктері, мемлекеттік саясат және еліміздің жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесіндегі заманауи трендтер ескерілді. Негізгі мақсат – әлемдік деңгейдегі зерттеу университетіне трансформациялану. Ал трансформация кезінде университет басты төрт стратегиялық міндетті орындайды.
Біріншіден, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің барлық деңгейінде ғылыми қызметті және білім беру үдерісін интеграциялау.
Екіншіден, университетте білім берудің перспективалы моделін қалыптастыру және академиялық көшбасшылықты қамтамасыз ету.
Үшіншіден, университет ғылымының елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосатын үлесін арттыру.
Төртіншіден, университеттің орнықты дамуын қамтамасыз ету үшін корпоративтік басқарудың тиімді моделін құру.
Аталған стратегиялық міндеттерді орындау үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. Атап айтқанда, осы күнге дейін жобаларын түрлі жағдайларға байланысты өндіріске жеткізе алмаған ғалымдар зерттеулерін жетілдіріп қана қоймай, әрі қарай коммерцияландыра алады.
Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің барлық деңгейінде ғылыми қызмет пен білім беру үдерісін интеграциялау міндеті үлкен маңызға ие. Бұл ретте ғылым, білім беру және өндіріс саласындағы интеграциялық үдерістер тоғысатын ортақ буын – университет. Сондықтан зерттеу бағдарламаларын іске асыру кезінде ең алдымен өндірістік саланың тапсырысы бойынша ғылыми-қолданбалы зерттеулер мен әзірлемелерді дамыту талап етіледі. Бұған қоса, білім беру, ғылым және өндіріс арасын байланыстыратын инновациялық инфрақұрылымды жетілдіріп, ғылыми-инновациялық орталықтар, технопарктер құру, жұмысты жандандыру іс-шаралары жүргізіледі. Сондай-ақ «Ғылым ордасы» мен ғылыми-зерттеу институттарының тығыз интеграциясы оқу орнының ынтымақтастық аясын кеңейте түспек.
Бүгінде университетте ғылыми жобалардың инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін нақты сектордың технологиялық міндеттерін жинақтау тетігі әзірленді. Осы мақсатта біз ғылыми-зерттеу зертханалары мен ұжымдық пайдалану орталықтарының базасын кеңейтеміз. Оқытушы-профессорлар құрамы мен білім алушылар ғылыми-зерттеу қызметіне және ғылыми жобаларды іске асыруға жан-жақты тартылады. Әлемдік ғылыми кеңістікке интеграцияны арттыру ҚазҰУ ғалымдарының әлемдік жетекші ғылыми және зертханалық кешендер базасындағы халықаралық ұжымдарға қатысуы арқылы жүзеге асырылатын болады. Сонымен қатар халықаралық коллаборацияны дамыту мақсатында ғалымдардың ғылыми тағылымдамаларының саны артады. Университет неғұрлым өзекті бағыттар бойынша ғылыми жобаларды орындау мақсатында қазақстандық және халықаралық жетекші жоғары оқу орындарымен және ғылыми-зерттеу ұйымдарымен ынтымақтастықты кеңейтеді.
Ал университеттің зерттеу әлеуеті плазма физикасы, жоғары молекулалық қосылыстар химиясы, математикалық және компьютерлік модельдеу, биотехнология, молекулалық биология және генетика, қоғамдық денсаулық сақтау, тарих және археология, психология сынды ғылыми мектептерді дамыту арқылы артады.
Университет ғылымының басым бағыттарын анықтауға бағытталған пәнаралық зерттеу топтары құрылады. Осы бағыттарға ғылыми әлеует пен ресурстарды шоғырландыра отырып, ғылыми зерттеулер нәтижелерінің инвестициялық тартымдылығын, технологиялар трансфертін және коммерцияландыруды қамтамасыз ете аламыз.
Оқытушылар мен білім алушылардың зерттеушілік құзыреттерін арттыру мақсатында қазақстандық және халықаралық ұйымдардың жетекші сарапшыларын тарта отырып, ғылыми зерттеулердің кешенді әдістерін пайдалану және ғылыми жарияланымдар мен гранттарға өтінімдер дайындау дағдыларына оқыту бойынша тренингтер ұйымдастырылатын болады.
Коммерциялық әлеуеті бар, ғылымды қажет ететін және инновациялық жобаларды орындау үшін университеттің бюджеттен тыс қаражаты есебінен гранттық қолдау жүйесі енгізіледі. Іргелі және қолданбалы зерттеулердің басым бағыттары бойынша ғылыми зертханалар мен орталықтарды түбегейлі жаңарту жүзеге асырылады. Озық жабдықтармен және цифрлық технологиялармен жабдықтау ҚазҰУ-дың ғылыми-зияткерлік ортасын құруға мүмкіндік береді.
Бұл бағыттарда жүйелі жұмыс істеу үшін қазіргі таңда ғылыми кадрлардың әлеуеті жеткілікті. Университетте ҰҒА, КҒА-ның 22 академигі, ҰҒА-ның 11 корреспондент-мүшесі, ғылым және техника саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың 14 лауреаты, 585 ғылым докторы, 489 PhD, 801 ғылым кандидаты еңбек етеді.
Былтырдан бері ғылыми институттармен және ұйымдармен өзара интеграция күшейтілді. Әлемдік тенденцияларды зерделей отырып, ҚазҰУ-да баламалы энергетика, гендік инженерия, «BigData», «DataScience», трансляциялық медицина, ультра дәлдіктегі нейрондық жүйелер, киберқорғаныс, нейробиология ғылыми бағыттары бойынша білім беру бағдарламаларын оқу үдерісіне енгіздік. Бұл мамандықтар Қазақстанның экономикалық тұрақтылығы үшін үлкен пайда әкеледі деген сенімдеміз.
Бүгінгі таңда университетіміз бірегей ғылыми-инновациялық инфрақұрылымы бар ірі зияткерлік корпорацияға айналды. 16 факультеттен, 8 ғылыми-зерттеу институтынан, физика-химиялық зерттеу және талдау әдістері орталығынан, ғылыми-технологиялық парктен, ашық үлгідегі ұлттық нанотехнологиялық зертханадан, 6 институт пен 12 әлеуметтік-гуманитарлық бейіндегі ғылыми-зерттеу орталығынан, 3 ғылыми-зерттеу орталығынан, зертханалар және жаратылыстану бейінді институтынан, 97 өндірістік филиалдан құралады. Жыл сайын ғалымдар тарапынан жалпы саны 8 млрд теңгеден асатын 300 ғылыми-техникалық жоба мен түрлі бағдарлама дайындалады.
ҚазҰУ ғалымдарының ғылыми инновация саласы бойынша да қоғамға айтар жаңалығы бар. Мәселен, университеттің биотехнология кафедрасының доценті Людмила Игнатова бактериялардың көмегімен экологиялық таза, суда ерігіштік және ыдырау қасиеттері бар биологиялық пластик ойлап тапты. Биопластиканы шығару үшін биореактор, өсіру ортасы және штамм жеткілікті. Материалдың өзін өнеркәсіптік ауқымда өндіруге болады. Биопластик мұнайдан алынған пластикті алмастыра алады. Осылайша, жақын болашақта пластмасса дәуірі өткенге айналуы мүмкін. Жаһандану дәуірінде адамзат үшін экология мен адамдардың денсаулығын қолдайтын пайдалы заттар жасау қажет. Осы тұрғыдан ҚазҰУ ғалымдарының жаңалығы қазіргі заманның ең үлкен жетістігі болуы мүмкін.
Сондай-ақ ҚазҰУ технологияларды коммерцияландыруға арналған 2 млрд теңгеден астам гранттық қаражатты игерді. 1400-ке жуық өнертабыс патенттелді. Университетте 10-нан астам инновациялық өндіріс жұмыс істейді. Атап айтқанда, шунгит концентраты, полиэфирлі шайыр, газразрядты шамдар, дәрілік заттар мен көміртекті наноқұрылымдарды және тағы басқа инновациялық өнім шығаратын шағын цехтар іске қосылған. Жалпы, университет бойынша ғалымдарымыз әзірлеген 100-ден астам ғылыми-зерттеу жобасы бар. Студенттік бизнес-инкубатор шеңберінде 70-тен астам студенттік инновациялық жоба жүзеге асырылуда.
ҚазҰУ-дың ғылыми-технологиялық паркі «ТрансНефть» Орталық Азия ғылыми-зерттеу және жобалау институтымен бірлесіп «Ұлутас плиткаларына жағуға арналған сұйық түрдегі кальций карбонатынан алынған поликристалды сынғыш ұнтақты тау жыныстарының бірлескен өндірісін құру» инновациялық жобасының жұмыс барысын бақылайды.
Тағы да бір инновациялық жоба – «Мұнай ұңғымаларын асфальт-шайыр-парафинді және гидратты шөгінділерден тазарту технологиясы». Ғалымдар әзірлеген мұнай шөгінділерін тазарту автоматты қондырғысы мұнай қағын циклдік және күнделікті өндіріс кезінде тазартады. Мұндай үрдіс мұнайды үздіксіз өндіруге мүмкіндік береді. Бұл құрылғы оңайлықпен тозбайды, оның тозуға төзімділігі өте жоғары. Құрылғыны пайдалану қолданыстағы тазалауға арналған операциялық шығындарды 80 пайызға дейін оңтайландырып, тазалау кезінде мұнайдың жоғалуынан сақтайды. Сондай-ақ оның төгілу қаупін азайтуға мүмкіндік беріп, жұмыс кезінде адамға теріс әсерін азайтады.
Университет ғылымының нәтижесі ел экономикасы мен тұтас қоғамға пайда әкелуі тиіс. Осы мақсаттағы ҚазҰУ-дың Дәрілік өсімдіктердің ғылыми-зерттеу орталығы базасында өсімдік шикізаты негізінде инновациялық өнімдердің аз тоннажды өндірісі іске қосылды. ҚазҰУ профессоры Жанар Жеңіс жетекшілік ететін бұл жобаға Қытай Халық Республикасы тарапынан арнайы грант бөлінді. Қазіргі сәтте үздіксіз жұмыс істеп, асқынған респираторлық-вирустық инфекциялардың таралуына қарсы мульти-табиғи қоспалар шығарылып жатыр.
Ал 12 сәуірде, яғни бүгін «Астана» халықаралық қаржы орталығында өтетін Технологияларды коммерцияландыру реакторына ҚазҰУ-дың үш ғылыми жобасы іріктеліп алынды. Ірі бизнес өкілдері қатысатын ауқымды жиында «NANOQUQIRT» жаңа препаратын өндіру және Қазақстан нарығына шығару жобасының жетекшісі, ҚазҰУ профессоры Мұхамбетқали Бүркітбаев, «Жақсартылған сипаттамалары бар полиэфирлі шайырларға негізделген бояу материалдарын алудың жаңа технологиясы» жобасының жетекшісі, қауымдастырылған профессорымыз Ғалия Ирмұхаметова, «Жеміс-жидек дақылдарын терең өңдеу үшін мұздату, кептіру үдерісін пайдалану» жобасының жетекшісі, физика-химиялық талдау әдістері орталығының аға ғылыми қызметкері, PhD Ербол Ихсанов өз жобаларын таныстырады. Бұл ғалымдарға коммерцияландыруға дайын жобаларын бизнес-әріптестік арқылы одан әрі дамытуға және өндіріске кеңінен енгізуге мүмкіндік береді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғылыми инновациялық жобалары мен олардың зияткерлік меншіктері ғалымдар үшін де, бизнес өкілдері үшін де аса құнды актив.
Зерттеу университеті мәртебесі бізден ғылыми бағыттарды тереңдетуді талап етеді. Осы орайда университетте студенттер мен жас ғалымдардың кәсіби бағытын арттыру мақсатында және олардың болашақ мамандықтары бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүзеге асыруға мүмкіндіктер беретін бірқатар нақты шаралар қолға алынып жатыр. Бүгінде әр кафедра мен факультеттің ғылыми жобаларына талдау жасау арқылы экономикалық әсерін анықтап отырмыз. Жобаларды қалалар мен жалпы елдегі белгілі бір мәселелерді шешуге тікелей байланысты өзекті тақырыптар бойынша бөлу маңызды. Коммерцияландыруға әлеуетті ғылыми жобалар экономиканың нақты секторына жұмыс істеуі керек. Жобалардың тақырыбын мемлекеттік бағдарламаларға назар аудара отырып, өндірістік сектормен байланыс орнату арқылы таңдауға басымдық берілді.
Университеттегі барлық ғылыми жобаны саралап, өндіріске қажеттілерін іріктеп, коммерцияландыру тетіктерін жетілдіру үшін ҚазҰУ жанынан «Ғылымды дамыту кеңесі» жасақталып жатыр. Бұған қоса, алдағы уақытта ғалымдарымызға қолдау көрсету, университет ғылымын ілгерілету және дамыту мақсатында «Ғылыми инновациялық белдеу» құруды көздеп отырмыз.
Жас ғалымдардың, талантты студенттердің шығармашылық, ғылыми әлеуетін дамытуда университет барлық қажетті жағдайды жасап отыр. Олармен еркін форматта кездесіп, ғылымдағы өзекті мәселелерді талқылап, жаңа ұсыныс-идеяларды саралап отыру үшін «Жас ғалымдар клубы» мен ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізуге жол ашатын «Жас ғалымдар қоры» құрылмақ.
Қорыта айтқанда, жаңа Қазақстанның қалыптасуы елдегі ғылым және ғылымды қажет ететін технологиялардың дамуына тікелей байланысты. Ал ғылымның ілгерілеуі ғалымдардың еңбектерімен және олардың жаңалықтарының құндылығымен анықталады. Сондықтан бүгінгі таңда университет ғылымын дамыту – бәрімізге ортақ міндет.
Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ басқарма төрағасы-ректор