(Астанаға философтың көзімен қарағанда)
Әлемге әйгілі Айтматовтың «Қызыл алма» атты әңгімесі бар. Шығарма жазушының досы Зейнолла Қабдоловқа арналған. Әңгіме «Жұлдыз» журналына алғаш жарияланғанда (1964, N 3) қысқа ғана алғысөз берілген еді. Онда жазушы, сол туынды досының өтініші бойынша жазылғанын «Бул жаны аңгемемди Зейнулла Кабдоловго арнаганым тегинден эмес. Биринчиден, Зейнулла менин эң көңүлдөш досторумдун бири, экинчиден, «Кызыл алманы» жазууга Зейнулла себепкер болду, бул аңгимени бойго жеткирген анын «көз акысы» бар» деп айта келіп, былай дейді: «китеп окуучулар чыгарманын түйүну кандайча басталат, чыгарма кандайча туулат деп көп сурашат. Анын жолу өтө көп, өтө татаал. Кээде болсо, мына ушул сыяктуу, достуңдун тилектиштиги аркылуу чыгарма жаралат экен. Буга менин өзүмдүн да таңым бар...». Сол айтқандай, журналистиканың жолы да қиыр-шиыр. Газет материалының қолға қалай түсетінін кейде біліп болмайды. Кей-кейде мақала деген редакция қоржынына өзіңнің қай жиынға шақырылуыңа, онда қандай әңгіме тыңдауыңа, тіпті сол жиында қай жерде отыруыңа байланысты түсуі де әбден мүмкін екен. Бұған менің де таңым бар... 19 мамырда Түркі академиясы елордада Түркі жазуының күніне байланысты алқалы жиын өткізді. Сол жиында Қырғызстан Ұлттық академиясының корреспондент-мүшесі Осмонақын Ибрайымов тамаша сөз сөйледі. Қырғыз елінің бірқатар мемлекеттердегі Төтенше және өкілетті елшісі, Қырғызстанның Мемлекеттік хатшысы қызметтерін атқарған бауырымыз өз сөзінде түркі дүниесін зерттеудің көкейкесті мәселелерін қозғаумен қатар біздің елордамыз – Астана туралы да көркем тілмен төгілдіре айтты, ордалы ойларын ортаға салды. Маған, әсіресе, қонағымыздың Астана архитектурасынан болашақтың бейнесі көрінеді, ұлттың келер күндерге ұмтылысы танылады деген толғамы өте ұнады. Екеуіміздің орнымыз қатар екен. Сөйлеп болысымен сөзіне разылығымды білдіріп, «Осы айтқаныңызды қағазға түсіріп, шағын мақалаға айналдырып берсеңіз, газетке ықыласпен жариялар едік, бұл біздің Алатаудың арғы жағындағы ағайынымыздың Астана туралы ақтарылған ақ тілегі болып шығар еді», дедім. Электронды пошта адресін жазып бердім. Осмонақын бауырымыз ол өтінішімді аз күннің аясында-ақ әдемілеп орындап, мақаласын салып жіберді. Осыдан қырық күндей бұрын қолға тиген сол материалды сары майдай сақтап келіп, Елорда күнінде тұтас бетке, безендіре жариялауды жөн көріп отырмыз. Бәз біреулерге артық болмас деп, мақаланың тақырыбындағы «супрематизм» латынның «supremus», яғни ең жоғары деген сөзінен шыққанын, ХХ ғасырдың басында осы стильдің негізін салушы Казимир Малевич геометриялық фигуралардың астасқан комбинациясын өнердің ең жоғары түрі деп танығанын, бағыттың аты содан шыққанын қоса айта кетейік. Автордың «Астана – кеңестік идеялық-саяси дәстүршілдікті еңсеру, тарихтың өн бойында біздің бәріміздің еңсемізді езіп келген көптеген отаршылдық ұғымдарының дағдыға айнала бастаған ауыр балластынан босану, ертедегі және таяудағы өткен күнімізбен ат құйрығын кесіспей тұрып-ақ рухани, мемлекеттік, тілдік басымдықтардың жаңа алаңына аяқ басу» деген терең мағыналы сөздері мақалаға «Астанаға философтың көзімен қарағанда» деп тақырыпша қосып жазуға мүмкіндік беріп тұр. Мақалаға «Мемлекет мерейі» айдары қойылды. Иә, осыдан дәл 20 жыл бұрын Елбасының ел үшін еткен ерен ерлігінің бірі де бірегейі – елорда эпопеясы басталған еді. Бүгінде алысты да, жақынды да тамсандырып, Шығысты да, Батысты да таңдандырып тұрған ару қала Астана шын мәнінде мемлекетіміздің мерейі. Ұлттық мақтанышымыз. Сауытбек АБДРАХМАНОВ. Астанаға еш жолым түспей жүрген еді. Мемлекеттік қайраткер және тәуелсіз Қырғызстан дипломатиясының алғашқы буынының өкілі ретінде дүниені көп аралаған адаммын, бүкіл әлемді шарлап шықтым десем де болады, алайда, осынау таңғажайып, тіпті, символдық қаланы алғаш рет көріп отырмын. Иә, бұл қала жөнінде талай оқығанмын, соның ішінде айқыш-ұйқыш пікірлермен де танысқанмын, бірақ Астана дәл осы өзім көргендей қала деп ойлай қоймаппын. Мен Астананың атына мақтау сөзді үйіп-төгіп жатқым келмейді. Қала қандай мақтау сөзге де лайық болса да. Астаналықтардың өзі ондай пікірлерді көп естіп жүргеніне күмәнсізбін. Менің айтпағым басқа. Ең алдымен айтарым – мен бұл қаланың бойынан, оның сұлбасынан, оның супрематикалық силуэттерінен, көлденеңінен алысқа, тігінен биікке ұмтылысынан бейнебір беті ашық жатқан кітапты, Қазақстанның өзіндік бір жаңа символикасын көргендей боламын. Одан да өткізіп айтсам, Астанадан мен нақпа-нақ таңбаланған кодтар мен шифрларды, Қазақстанның жаңа мәдени-өркениеттік дизайнын, оның жаңа саяси философиясын, тіпті, мемлекеттік стратегиясының мағынасын танимын. Мұның бәрі елдің болашағын ойлаған батыл арманның арқасында жүзеге асырылған. Бішкекке жақын тұрғаннан кейін Алматыға жиі барамын, ол қаланы сондай жақсы көремін, әйтсе де Астананың өн бойында – мұны айрықша атап айтқым келеді – Қазақстанның жаңа мәртебесіне қол жеткізуге ерекше ерен ерік-жігер көрінеді, бұл елдің қуатты саяси түйсігінің сәулет түріне көшкен экспликациясы, оның армандары мен өр кеуделі жоспарлары, ой-қиялдар мен аңсарлардың күшті кернеуінің, Юнг психоаналитикасының тілімен айтқанда, «ұжымдық бейсаналылығы» танылады. Егер тарихтан балама іздеу керек болса, мен Астананы Петр дәуіріндегі Санкт-Петербургпен салыстырар едім. Петербургті сол кезде орыстардың бәрі бірдей қолдай да қоймаған, жақсы көре де қоймаған, қаланың тамаша түпкі ой-ниетін, Растрелли мен Ферраридің, Леблон мен Резановтың италиялық русистикасын жұрттың бәрі түсіне де қоймаған. Талай алматылықтардың қазіргі Астанаға қызғана қарайтынындай, Петербургті әсіресе мәскеуліктер ұната бермеген. Көкжиектен Мәскеудің жаңа бәсекелесі, болашағы мол қарсыласы көрініп келе жатқандықтан, көптеген кісілер тіпті жаңа астананы жамандап-ақ баққан. Алайда, жылдар өте келе орыстың озық ойлы адамдары қаланың түпкі ойластырылуынан және сәулеттік тілінен Ресейдің соны сөз саптауын ғана емес, жаңа мемлекеттік стратегиясын да көре алды. Орыстың көреген данышпаны Пушкиннің бұл жайында не дегені белгілі. Атақты «Мыс салт аттыны», «теріскей Аврорасы» туралы басқа да туындыларын жаза отырып, ол бұл қаланы жұрттың бәрінен де жақсы білді, жұрттың бәрінен терең түсінді, архитектураның тың тілін басқалардан бұрын оқи алды. Пушкин сонда «Неваның асқақ ағысын» да, жағалауындағы сфинкс бойынан жасырын нышанды да көріп, қалаға қарап: «Тұр осылай, дәл Ресейдей тапжылмай», деген болатын. Осындай параллельдер мен реминисценциялардан шығып айтар болсақ, Астана ең алдымен Еуропаға қарай өжет серпіліс. Алайда, ең бастысы, Астана – кеңестік идеялық-саяси дәстүршілдікті еңсеру, тарихтың өн бойында біздің бәріміздің еңсемізді езіп келген көптеген отаршылдық ұғымдарының дағдыға айнала бастаған ауыр балластынан босану, ертедегі және таяудағы өткен күнімізбен ат құйрығын кесіспей тұрып-ақ рухани, мемлекеттік, тілдік басымдықтардың жаңа алаңына аяқ басу. Сондықтан да, егер ықыласпен үңіле қарай білсек, Астана – жаңа әліппе, Астана – жаңа әліпби, Астана – құндылықтардың жаңа реті. Рас, осынау архитектуралық жаңа өрнек қазірше біздің саяси ойлау жүйемізде нақты бейнесін таба қоймаған болуы мүмкін, бірақ ол қазірдің өзінде Астананың архитектуралық-дизайндық түпкі ойына сіңірілген, оның пассионарлық рухында бейнеленген. Бұл арада хақ-тағаланың құдіреті әсер ете қалған шығар деп ойламаймын. Тегінде, бұл ұлттың өзін өзі сақтау түйсігінің көрінісі, саяси тұрғыдан өзін өзі танытуға берік ерік-жігерінің, замана желінің бағытын дәл ұстай білудің белгісі. Адалымнан ақтарылып айтар болсам, қалаға осыдан бір жыл бұрын келгенімде мұндағы кодтар мен шифрлардың тілін, Астананың жаңа символикасын түсінбес пе едім, оқи алмас па едім. Бәлкім, бұған соңғы айлардың ішінде аяқ астынан күрт өзгеріп шыға келген геосаяси кеңістік, Украинадағы оқиғалар, Қазақстан белсене араласып жатқан ықпалдастық үдерістері әсер еткен болар. Дәл осы оқиғалар бұл қаланы тану, түсіну үшін оған бұрынғыдан да ыждаһатты қарауға шақырады. Тарих таразысына тағы да талай дүние тартылып тұрған қазіргідей тұста оны түсіну де, тану да жеңілірек. Астананың Бразилияның жаңа астанасынан айырмашылығы Бразилияда ұлы сәулетші Оскар Нимейердің қолтаңбасы сақталса, қазақтың бас қаласында Назарбаевтың саяси тілегі мен Фостердің стилі сақталған, мұның өзі нышанды мәнге ие, көп жайды аңғартып тұр. Бұл қаланың мәдени-архитектуралық тілін таратып айту мына жайды да білдіреді. Мемлекеттік егемендік пен оны нақты жүзеге асыру өте күрделі үдеріс екенін танытады. Мемлекеттіліктің ұлттық өзін өзі бірдейлендірумен тікелей байланысты екенін, оған ұлттық, ұлттық-семиотикалық кеңістіктің, тілдер мен символдардың, жазудың кіретінін көрсетеді. Мұндайда кесіп-тіліп тастау қиын, тегінде, олай етудің керегі де жоқ. Алайда, қазіргі мына әлемге қарап отырып, біз жан-жағымызға көз салуға, бәрін таразыға тартуға, кімнің дос екенін, кімнің дос сияқтанып жүргенін анық білуге тиіспіз. Иә, өткен ширек ғасырға жуық уақыт ішінде біз, кешегі кеңестік елдер, көп нәрсеге қол жеткіздік. Шын мәнінде үлкен жолдан өттік. Сонымен бірге, қолдан жіберіп алған мүмкіндіктеріміз де баршылық. Солардың бірі – кеңестен кейінгі Орталық Азияның біртұтас сауда-экономикалық және мәдени-ақпараттық кеңістігін құру мүмкіндігі. Өкінішке орай, біздің бәріміз Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында армандаған жалпытүркілік бірлікті былай қойғанда, Орталық Азия республикаларының кәдімгі сауда-экономикалық ынтымақтастығының өзі күрделі шаруа болып шықты. Біздің өзімшілдігіміз, жекелеген лидерлердің саяси бонапартизмі, саяси экономия классигінің сөзін сәл өзгертіп айтқанда, «коммунизмді» жеке бір елде орнатуға болады деген алдамшы үміт кедергі келтірді бұған. Орталық Азия одағын құру келешегі де таяу болашақта тым-тым бұлдыр екенін қинала отырып айтуға тура келеді. Жалпы, ортақ мәдени-экономикалық кеңістік біздің ойлап тапқан нәрсеміз де, саясаткерлердің ұтысқа шығатын жобасы да емес, өмірдің өзінің өткір қажеттілігі. Бұл Алашорда заманында да, біздің бабаларымыз Тұран мұрасымен әуестенген кезеңде де талай оралып отырған ұлы идея. Астанада 19-20 мамыр күндері тамаша өткізілген Түркі жазуы күні, сондай-ақ, осы бағыттағы мәдени-интеграциялық іс-шаралар біздің бұрынғы саясаткерлеріміз жүзеге асыра алмаған, алайда, басым түрде жүзеге асыруға тиісті идеяларды алға жылжытуға мүмкіндік береді. Міне, жоғарыда айтылған жайларды ескере келгенде, мен Астананы жақсы көрмей тұра алмаймын. Қазақстанның жаңа бой көтеріп жатқан еуразиялық полисінде, патшалық-кеңестік өткен дәуірден, бізді шетте қалған шетқақпайлықтың қыспағынан соншалықты серпінмен суырып шығарған қалада мен осыны танып-білдім. Өз символикасының тілімен және таңғалдырарлық идеялық және рухани шоғырлану қуатымен алдағы келер күндерге ұмтылған ғажайып қала маған осындай әсер қалдырды. Осы ойымды қазақ бауырларымыздың бас газеті «Егемен Қазақстанның» оқырмандарымен бөлісуді жөн көрдім. Осмонақын ИБРАЙЫМОВ, Қырғызстан Ұлттық академиясының корреспондент-мүшесі, профессор.
•
05 Шілде, 2014
Супрематикалық силуэттер сөзі
520 рет
көрсетілді